Оймақтай ой! БІР ҒАСЫРЛЫҚ НАУҚАН
Оймақтай ой! БІР ҒАСЫРЛЫҚ НАУҚАН
Ғалым Боқаш
Алдағы қыркүйектің 22-сі қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін иеленгеніне 25 жыл толады. 1989 жылы ҚазССР Жоғарғы совет президиумының төрағасы марқұм Мақтай Сағдиев қол қойған тарихи құжаттың көшірмесін жаңа тауып алып тағы бір қарап шықтым. Сосын ақыры кітаптарымды ақтарып кеттім ғой деп архивімдегі қазақ тілін мемлекеттік органдарға ендіру мен оқытуға қатысты қағазға түскен барлық үкімет қаулылары мен заңдарды шолып өттім. “Қазақ тілін 25 жылда үйретіп һәм үйреніп болатын уақыт баяғыда жетті ғой” деп таусылып жүрген адамдарға қиын тиейін деп тұр. Өйткені қазақ тілін мемлекеттік мекемелерде қолдану мен қазақ еместерге үйрету атты науқан сонау 1921 жылдан басталып кеткен екен. Негізгілерін назарларыңызға ұсынайын:
1921 жылғы ақпанның 2-сі ҚАССР Халық комиссарларының кеңесі қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік мекемелерде қатар қолдану туралы декрет шығарады. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров сияқты қайраткерлерге қазақ тілінде мектеп оқулықтарын жазу тапсырылады. Сол жылғы мамырдың 6-сында қазақ тілі оқулығын жасаушыларға сыйақы тағайындайды. Екі жылдан соң халық ағарту комиссариатының академиялық орталығы Міржақып Дулатовпен қазақ және түркі елдері тарихы оқулығын жасау туралы келісім-шартқа қол қояды.
1923 жылғы шілденің 11-інде ҚАССР әділет комиссариаты соттар мен тергеушілерді қазақша іс-қағаз жүргізуге міндеттейтін циркуляр таратады.
1923 жылғы қарашаның 22-сінде ҚАССР орталық атқару комитеті ресми түрде “қазақ тілінде іс-қағаз жүргізу” туралы декрет қабылдайды.
1927 жылғы қаңтардың 12-сінде ҚАССР ХКК қазақ емес мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін үйрету ережесін бекітеді. Жеті жылдан соң бұл ереже ОАК-тің қаулысына айналады.
1930 жылғы қаңтардың 3-інде ҚАССР халық ағарту комиссариаты Қазақстандағы орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті пән ретінде бекіту туралы бұйрық шығарады.
1933 жылғы қыркүйектің 1-інде (аштықтың шырқау шегіне жеткен кезі ғой) ҚАССР-дің ОАК мен ХКК қазақша білетін мамандарға жеңілдік қарастыратын қаулы шығарады (неткен қорлау, ә). Екі жылдан соң халық ағарту комиссариатының аппаратын түгел қазақшаға көшіру туралы ОАК мен ХКК және бір қаулы бекітеді.
1938 жылғы сәуірдің 5-інде (Алаш Орда қайраткерлері түгел атылып, айдалып біткен соң) ҚАССР ОАК мен ХКК қазақ мектептерінде орыс тілін оқытуды міндеттейтін қаулы қабылдайды. Ары қарай негізінен орыс тілін оқытуды пысықтайтын қаулылар мен бұйрықтар көбейеді. 1941 жылы қазақша білетіндердің жеңілдіктері жойылады (соғыс кезінде қайдағы жеңілдік). Ал 1957 жылы (ел есін жия бастаған шақ) ҚазССР министрлер кеңесі орыс мектептерінде оқитын қазақтар қазақ тілін оқысын деген қаулы шығарады. Осымен қазақ тілінің шипасы бітті екен десеңіз, о ғажап,
1958 жылғы ақпанның 2-інде ҚазССР министрлер кеңесі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарда қазақ тілінде іс-қағаз жүргізуді жақсарту (!) туралы тағы бір қаулы шығарады. Одан кейін 1987 жылға дейін қазақ тілі ұмытыла тұрады да, керісінше Қазақстанда орыс, ұйғыр және дүнген тілдерін оқытуды жақсартуды көздейтін бірнеше қаулы қабылданады, арасында (1975 жылы) жалпы орта мектептерде тіпті араб тілін оқытуға рұқсат ететін үкімет қаулысы шығады.
1987 жылғы наурыздың 3-інде ҚазССР компартиясының орталық комитеті мен министрлер кеңесі “қазақ және орыс тілдерін оқытуды жақсарту” туралы қаулы бекітеді.
1989 жылғы қыркүйектің 22-інде қазақ тіліне Жоғарғы кеңес қаулысы бойынша мемлекеттік мәртебе беріледі.
Одан бергі заманда “мемлекеттік тілді (қазақ тілі деген атауы да ұмытылып барады) жақсарту, енгізу, оқыту” туралы қабылданған қисапсыз қаулы, өкім, бұйрық пен заңды айтпай-ақ қояйын – интернеттен-ақ өздеріңіз тауып аласыздар.
Менің айтпағым басқа – бір ғасырға жуық уақыт бойы, әсіресе қолымызды ешкім қақпаған соңғы 25 жылда “жақсарып болмаған, еніп бітпеген, оқытылып түгесілмеген” дүниедегі “ең қиын” тілді оп-оңай үйреніп алған қабілетіме қайран қалып отырмын:))) Бұл да бір Құдайдың ерекше бұйыртқан сыйы ма екен;)
Араб пен қытай тілін қиын деп жүргендерге мына науқанның шежіресін оқыта қойыңыздаршы, естерінен танып қалсын;) Қалай ойлайсыздар, “мемлекеттік тілді игеру” енді қанша ғасырға созылуы мүмкін?