СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАНША СОҚҚЫ ЖАСАДЫҚ?
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАНША СОҚҚЫ ЖАСАДЫҚ?
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық кең қанат жайғалы оған қарсы күрес жүргізуден бір сәт те тынған емеспіз. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деген анықтамамен акциялар ұйымдастырылып, түрлі бағдарламалар да дүниеге келуде. Дегенмен, бұл кеселдің жеңілер түрі көрінбейді. Жемқорлардың саны азаятын емес. Жемқорлықты жеңеміз деп жүрген еліміз жеңіліске әлдеқашан ұшыраған тәрізді.2008 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа он мәрте күйрете соққы» атты бағдарлама қабылданғаны көпшілікке аян. Жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің нақты шаралары белгіленген бұл бағдарлама сол кезде барша қазақстандықтардың жүрегінде үміт отын жаққан болатын. Жасыратыны жоқ, аталған бағдарлама жемқорлықпен күрес процесінің ілгерілеуіне өз септігін тигізген де еді. Алайда, бағдарлама соңы аяқсыз қалғандай болды. Қазір сол бағдарлама бойынша жасалған 10 соққыны атап беретін билік өкілдері табыла қояр ма екен?! Табыла қоймайды-ау, шамасы. Атап айтарлықтай нәтиже көрсете алмаған бағдарлама да өз жұмысын ерте тоқтатты. Бағдарламаның толық жүзеге аспай қалуы бүгінгі билік өкілдерін де ойландырмайтын секілді. «Сыбайлас жемқорлыққа 10 мәрте күйрете соққының» берілмеуі ешкімді де толғандырған жоқ. Есесіне, қоғам беруге тиісті 10 соққы жемқор азаматтардан еселеп тиді елімізге. Бастысы, бағдарлама қабылданды. Оның мақсаттары мен міндеттері қарастырылды. Ал нәтижесін ешкім де көре алған жоқ. Тіпті, ол нәтижені ешкім де іздей қоймаған. Ізін жалғап тағы бір жемқорлыққа қарсы бағдарламаның жобасын әзірлеп, билік өкілдері соның әуресіне түсті де кетті. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы» да кезекті жобалардың бірі ғана болып қалған сияқты. Бұл бағдарлама жоспарларының бекітілгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. 2011-2015 жылдар аралығында жүзеге асуы тиіс бағдарлама да жемқорлықпен күресуге өзінің нақты үлесін қоса алмағаны аян. Азаяр деп күткен жемқорлық фактілері керісінше артып кетті. Күткен нәтиже орындалмайтын болса, мұндай бағдарламаларды жасаудың кімге қажеті бар?
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының аяқсыз қалып жатқаны жалғыз бұл бағдарламалар ғана емес. Қабылданған бағдарламалардың жүзеге асуын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Еліміздің жемқорлықпен күресіп келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт болды. 1998 жылдың 2 шілдесінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданды. Осы заң жобасы қабылданғаннан бастап «сыбайлас жемқорлыққа қарсы» мемлекеттік бағдарламалар да дүниеге келе бастаған болатын. Алғашқы бағдарламалардың бірі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің 2006-2010 жылдарға арналған» бағдарламасы 2005 жылы қабылданды. Жемқорлықпен күрес мәселесі сол кездерден басталғанымен, әлі де соңына жете қойған жоқ. Егемендігімізді алған тұстан етегімізге жармасып келе жатқан бұл кеселден жуық арада арылмайтын сияқтымыз. Өйткені бұл дертпен күресетін құқық қорғау саласы мамандарының өзі жемқорлар қатарын арттырып тұр. Бұл жайында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлімдеген болатын. Вице-премьер жемқорлықтың сот жүйесі, тұрғын-үй құрылыс шаруашылығы және жер телімдерін тіркейтін мекемелерде көп тіркелетіндігін айтты. «Балық басынан шіріп жатқанда» әділдікті қайдан іздемекпіз?
Елбасы Н.Назарбаев: «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі», – деп көрсетті. Осыған байланысты заң жобасы да қабылданған. Аталған заңды құжат еліміздегі пәрменді заң жобасы болып табылады. Заңды белшеден басып жатқандар саны сонда да азаяр емес. Дәл қазір қандай бағдарлама қабылдасақ та, пара алатындар мен пара беретіндердің қылмысына түпкілікті тоқтау салу мүмкін болмай тұр. Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2013 жылдан бері 300-ге тарта басшылар пара алғаны үшін айыпталған. Республикалық деңгейдегі қылмыстар – 22, облыстық деңгейде – 83. Ал қалған бөлігі аудандық және қалалық деңгейде тіркелген жемқорлық фактілері. Бұл – тіркелген қылмыстар. Бұдан өзге күн сайын орын алып жатқан жемқорлық фактілерінің саны қаншама.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елімізде ешқашан тоқтаған емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүзеге асып келе жатқан күрес шаралары ары қарай да жалғасатын болады. Бірақ біздің бұл «жегі құртты» қашан жеңетініміз әлі де болса беймәлім. Бастаған істер аяқсыз қалып жатқан дәл қазіргі сәтте жемқорлықтың жойылар күнін, тіпті, болжап та айта алмаймыз. Ендігі үміт «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламада». Бұл бағдарлама аясында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға қадағалау күшейтілмек. Тағы да сыбайлас жемқорлыққа үстін-үстін соққы береміз құлшынып. Амал не, сыбайлас жемқорлық болса, «қыңқ» етпейді. Әлде… біздің соққыларымыздың бәрі құр ауаға жұмсалып жүр ме?