АЛМАТЫМ ЖҮРЕГІМДЕ
АЛМАТЫМ ЖҮРЕГІМДЕ
Алматы қаласының күнін тойлау дәстүрлі түрде қыркүйек айының алғашқы апталарынан-ақ басталады. Алып шаһардың жыл сайынғы мерекесіне орай ұйымдастырылатын мерекелік шаралардың бірі Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасында өтті. «2014 жыл – Алматы қаласы ТМД-ның мәдени астанасы» деген мәртебеге ие болуы мен қала күніне орай кітапхана ұжымы ұйымдастырған фотокөрме, жыр кеші және кітап көрмесі де Алматы қаласына арналды.
«Алматым жүрегімде» деп аталатын көрмеге Алматы қаласына белгілі Жеңіс Ысқабай, Самат Құсайынов, Мақсат Құсайынов сынды фотосуретшілердің Алатаудың баурайындағы ару қаланың күнделікті тыныс-тіршілігін, қаланың басты нысандарын көрсететін, тарихы мен мәдениетін бейнелейтін фотосуреттері қойылды. Фотокөрмені тамашалап болған қонақтар үшін Әлібек Шегебай, Саят Қамшыгер, Мұратхан Шоқан, Ырысбек Дәбей, Ерғали Бақаш, Серікбол Хасан секілді ақындар ару Алматыға арнаған жыр шумақтарын оқыды. Осы шараның аясында ұйымдастырылған кітап көрмесі де Алматы қаласына арналды. Кеңейтілген көрмеге алып шаһардың тарихын, архитектурасын, мәдениетін қамтитын кітаптар қойылды.