ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАЗАҚСТАН 113-ОРЫНДА

ЖЕМҚОРЛЫҚТАН ҚАЗАҚСТАН 113-ОРЫНДА

ЖЕМҚОРЛЫҚТАН   ҚАЗАҚСТАН 113-ОРЫНДА
ашық дереккөзі
317

Тойып, тоба қылмай секіргендердің қатарын жылдан-жылға жемқорлар арттырып отыр. Сыбайлас жемқорлық қоғамға кесапатын тигізсе, адам құқығы мен бостандығына балта шауып, қауіп төндіріп, мемлекеттің демократиялық негізін әлсірету арқылы еліміздің дамуына елеулі шығын әкелуде.«Сыбайлас жемқорлық» деген түсінік этимологиялық тұрғыдан қарсақ, «параға сатып алу», «пара» ретінде, «corruptio» деген латын сөзін алып, анықтауға мүмкіндік береді. Рим құқығында сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген мағынада жұмсалады. Пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипатталады. Көптің қаражатын қалтаға басатын бұл қылмыс күллі жаһанды жаулап, әр дамушы мемлекеттің аяғын тұсап отыр. 1998 жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңы қабылданып, онда сыбайлас жемқорлықпен күресу әрбір мемлекеттік органдар басшыларының, ел азаматтарының міндеті екендігі атап көрсетілді. Аталмыш заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамсыз етуге, жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Жемқорлықпен байланысты ашылған заң бұзушылық әрекеттер үкіметтік ақпарат құралдарында жедел әрі бүкпесіз жарияланады, ал БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар тарапынан оны жария түрде әшкерелеу, келеңсіз құбылысқа қоғамдық бақылауды күшейтті. Заң негізінде «Мемлекеттік міндеттерді орындайтын адамдар, тікелей өзі немесе делдал арқылы өздерінің лауазымды құзіреттерін және онымен байланысты мүмкіншілікті немесе өз құзіреттерін басқаша пайдаланып, мүліктік пайда алу үшін заңмен қарастырылмаған мүліктік жайлылықты және артықшылықты қабылдау, жеке және заңды тұлғалармен аталмыш жайлылықты және артықшылықты оларға заңсыз беруге осы адамдарды парамен сатып алу” деген ұғымда сыбайлас жемқорлыққа анықтама береді. Жалпы бұрынғы ТМД елдері арасында бірінші рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң біздің елімізде қабылданып, іс жүзінде жүзеге асып келеді. Біздің тараптан, коррупциямен күрес туралы БҰҰ конвенцияларына қол қойылды. Бұлар бірнеше елдің құқықтық мүддесі көзделген, мазмұны терең құжаттар екендігін ескерсек, сол арқылы өзге де елдермен құқықтық қарым-қатынаста жұмыс жүргізілу жоспарланған. Десе де, статистикалық мәліметтер еліміздегі жемқорлықтың қарқын алып тұрғандығын дәлелдейді. Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жоғарғы деңгейге шығып, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр. Бұл турсында, Алматыда, коррупцияның деңгейі жөнінен әлем елдерін бағалайтын жыл сайынғы дәстүрлі есептерін жариялаған «Транспаренси Интернешнл» Халықаралық Ұйымына кіретін «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры мәлімдеді. «Транспаренси Интернешнл» ұйымының жүргізген мәлімет­теріне қарағанда, Қазақстандағы сыбайлас жем­қорлық жылдан жылға өсіп келеді. Мысалы, Қазақстан 1999 жылы 84-ші, 2000 жылы 66-шы, 2001 жылы 71-ші, 2002 жылы 88-ші, 2004 жылы 122-ші, 2005 жылы 107-ші орындарды иеленіп келген. Ал 2006 жылы Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің көрсеткіші бойынша 163 елдің ішінен 113 орынға жайғасқан. «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Виталий Воронов: «Қазақстан 1999 жылы 2,6 балл алса, қазір де сол деңгейінен көтерілген жоқ. Бұл индекс сыбайлас жемқорлық пен қайыршылық арасында тығыз байланыстың бар екендігін де көрсетті. Қазақстан заңнамаларды жетілдіре түскенімен, жемқорлық механизмі тоқтаусыз жұмыс істеп келеді», дейді. Зерттеу жүргізілген 163 елдің ішінде алдыңғы орындарды дамыған Солтүстік Еуропа елдері алып отыр. Мысалы, Финляндия тізімде 1-ші орында тұрса, Исландия 2-ші, Дания 4-ші, Швеция 6-шы орынға табан тіреген. Ал соңғы орындарда экономикасы артта қалған Азия, Африка елдері тұр. Бұл тізімдегі соңғы орын Латын Америкасындағы Гаитиге бұйырғандығын «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сергей Злотников жеткізді. Ал Қазақстан сыбайласқан жемқорлық жөнінен дүниежүзі елдері ішінде 113-ші орында тұр. ТМД елдері ішіндегі көрсеткіш бойынша, Грузия мен Украинадан кейінгі орынға Қазақстан шығып отыр. «Транспаренси Қазақстан» қорының басшылары Қазақстандағы пара алушылықтың қазба байлықтардан түсетін пайданың көбеюіне қарамастан, өсіп отырғаны байқалатындығын да айтқан. Жемқорлықтың бүгінгі мазмұны кеңіп, қолданыс аясы артып отыр. Ол кез келген қоғамға аса қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыс. Оның сарқыншағы қалыпты демократиялық дәстүрлері мен экономикасы дамыған мемлекеттерде де бар. Аузымен орақ орып, тілімен масақ терген басшылардың қонышынан басуға қолдары жеткенде қызметті де, ұлтты да ұмытып кететіндігі жасырын емес. Сөзімнің дәлелі, Астана мен Алматы қалаларында орналасқан 55 құрылыс ұйымының 82 басшысына байланысты 2006 жылдан бері 59 қылмыстық іс қозғалды. Олардан келген 100,7 млрд. теңге шығынның орнын толтыру мақсатында кінәлі адамдардың 70,8 млрд. теңге тұратын мүліктеріне тоқтам салынды. Бұл істерді қараған сот 32 іс бойынша айыптау үкімін шығарып, соған байланысты 67 адам сотталды. Қолымен алғандарын мойнымен көтергендер жазасын өтеп болған соң, қайта мемлекеттік қызметке орналастырылмауы турасындағы пікірді кезінде Елбасы мақұлдаған болатын. Тиісінше, арнайы бағдарламалар жасалып, жемқорлықтың алдын алуға мемлекет оң көзқарас білдіріп келеді. Қоғамдық дерттің уыты кейінгі ұрпақтың санасына жайылмауы үшін күрестің қарқындылығы ауадай қажет.

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары