АШТЫҚТЫ АШЫНЫП ЖАЗҒАН

АШТЫҚТЫ АШЫНЫП ЖАЗҒАН

АШТЫҚТЫ АШЫНЫП ЖАЗҒАН
ашық дереккөзі
216

Халық ақындарының шығармаларын оқығанда бәріне тән ерекше құбылыс – өздері туралы да, өзгелер туралы да тек шындықты айтып жырлайтыны, қиялға, соны теңеулерге еркін құлаш сермейтіні. Бұл – жазба ақындарымызды ойлантып, үлгі боларлық қасиет.

 Қай заманда да жалған сөйлеу, жарамсақтық мінез таныту ешкімге абырой әпермейтін, қайта өзіне деген көпшіліктің құрмет-сенімін әлсірететін, тіпті біржола жоятын келеңсіз жәйт. Мұны кез келген талант иесі (егер ол шын талант иесі болса), терең түйсінуі тиіс. Осы талап тұрғысынан айтулы ақын Үмбетәлі Кәрібаевтың шығармаларына зер салып көрелік.

Ең алдымен ақынның «Өз өмірімнен» деген көлемді толғауын ауызға ілінеді. Онда ойын баласының қайғысыз, мұңсыз, аңғал да, асау мінезі, 12 жасынан маңғаз байдың қозысын, бұзауын баққаны, 13 жасынан бастап, оқу оқымай ісінің оңалмасын сезгені, молданың алдына барып, алты ай дегенде хат танығаны сипатталады. Бойындағы талант ақыры оны біліммен, өнермен достастырады. Ертелі-кеш қолынан домбыра түспейді. Онысын әкесі ұнатпай, домбырасының бірін отқа жақса, жас талант екіншісін тауып ала қояды. Есейе келе ақын талай той-жиында дүйім жұртты өнерімен тәнті етіп, Үмбетәлі ақын атанады. Оның осы «Өз өмірімнен» өлеңін оқып, талантқа ештеңе де тосқауыл бола алмайтынына көз жеткіземіз. Екіншіден, ақынның саяси, әлеуметтік теңсіздік тартысында шынығып, шыңдалып өскеніне, Жамбылды қомсынып, қорлағысы келген ояз Лихановпен ұстасқан Сәт Ниязбекұлының ерлігін келістіре жырлағанына риза боламыз.

– Бір жігіт қараторы және айқасты,

Бөрікті, орта бойлы, қара шашты.

Тым шешен, тілмар екен Сәттен де өткен,

Лиханов тұрды шұлғып, изеп басты, –дей келіп: 

Кенеттен Сәтке серік бола кеткен,

Өзі екен Бокинұлы Тоқаш деген, – деп орыс тіліне жетік қазақ оқығандарының биік парасатты, өр мінезді, күрескер бейнесімен таныстырып, кеудемізге ерліктің асқақ рухын ұялатады. Ақын суреткерлік шеберлігіне сүйсінгеніміз – ол өзінің де, кейіпкерлері Сәттің де, Тоқаштың да іс-әрекетін өмірдегідей шынайы, табиғи бейнелейді.

Автордың «1932 жылғы ашаршылық» деген өлеңінде отбасын құрып, ұл сүйген, елді шат тұрмысымен қуантқан жас ақын Ескелді жігіттің шаңырағының қалай қирағанын, орны толмас қайғыға қалай душар болғанын суреттегені де шындыққа сай. «Өлексе сасып кең дала, өліктер жатыр үйіліп» деген жолдар арқылы бүкіл халық басына түскен нәубетті көз алдымызға жанды елестетеді. Жары отбасына нәр іздеп кеткенде, опасыз ана қара басын аман сақтап қалу қамын күйттеп, басқа біреумен қол ұстасып кете барады. Ақын:

– Бекітіп мықтап есікті,

Басқадан іздеп нәсіпті.

Бір жасар ұлды, әйелі,

Көшеге тастап кетіпті, –

деген жолдармен 1932 жылғы ашаршылықтың бар болмыс-бітімін барынша жинақтай, тереңдете көрсеткен. Өлексе сасып, өліктер үйіліп жатқаны аздай, ақын бір отбасындағы қайғыны үстемелей суреттейді. 

Жылаған ұлды көрікті,

Иманды біреу көріпті.

Интернат үйі өлтірмес,

Деп сонда әкеп беріпті.

Онсыз да әлсіз жас сәби,

Сол жерде жатып өліпті.

Қандай аянышты?! Кім өз баласын дәл бұлай тәлкек ете алады? Бұлай ету мүмкін бе?

Үмбетәлі ақын ашаршылық жылындағы адамдар психологиясын Ескелді ақын отбасына түскен ауыр ахуал арқылы соншалықты терең, соншалықты естен кетпестей өреде бейнелеген. Біз бейбіт өмірде бауыр еті – баласы үшін өзін құрбан еткен қаншама аналарды, қаншама әкелерді білеміз. Бұл табиғи заңды құбылыс. Ал, енді ақын Үмбетәлі өлеңіндегі өз перзентіне қатыгездік танытқан анаға не айтуға болады? 

Бәлкім, біреулер: «Аузын арандай ашқан аштық-ажал қаһарынан қорқып, «бәрібір баламды құтқара алмаймын, сол себепті өзімді аман сақтап қалайын» деген жандалбаса үміт жетегіне ерген шығар. Оны кінәлау артық» деген ойға да берілер. Қайткен күнде де біз ол опасыз ананы ақтай алмаймыз. Оның әрекеті бізге аштық-ажалдан да жаман, аштық-ажалдан да қауіпті деген ой салады. Қауіпті болатыны – бір жасар панасыз баласын «өлсең, өле бер, мен тірі қалайын» деп көзі қиып, ажал алаңына жалғыз тастап кетуі.

Ақын өмірде сирек те болса кездесіп қалатын осы опасыз, өзімшіл ана бейнесін жасау арқылы ашаршылық ауыртпалығын жеріне жеткізе көрсете алған. Біздің па­йымдауымызша, әлгі ерік-жігері, ақыл-парасаты әлсіз ана төзімділік, сабыр­­лылық танытқанда жағдай мүлде басқаша болар ма еді, кім білсін? Оның нақты түйінін ешкім де айта алмасы анық. Дегенмен күйеуі Ескелді отбасына аман оралып, тірі қалды ғой. Жары күткенде баланың өлмеуі де мүмкін еді-ау деген өкінішті ой жанды қинайды. Қысқасы, ақынның «1932 жылғы ашаршылық» өлеңінде аштық қайғы-қасіреті бүкіл ақ ниет адамзат баласын өзегін өртеп, күрсіндірерлік өреде, шебер суреттелген. Өлең:

Туғанда басқа зар заман,

Қорқаулар ұлып қорлаған.

Ел басына күн туса,

Сатқындық қылған жар жаман, –деген терең философиялық түйінмен аяқталады. Мұнда ақын жалғыз опасыз жарды ғана кінәлап отырған жоқ, сонымен бірге опасыз жандардың бәрін де сын тезіне салып отыр. Сөйтіп оқырманын қандай жағдай кездеспесін сабырлы, парасатты, адал болуға үндейді. Өлеңнің тәрбиелік, тағлымдық мәні осы түйінінде деп білгеніміз жөн.

Шығарманы оқып отырып, бүкіл әлемде бұдан өткен қайғылы жағдай болуы мүмкін бе деген сұраққа жа­уап таба алмай қиналасың, күйзелесің. Ақын бар-жоғы үш-ақ адам тағдырын шығармасына өзек етіп, барша адамзат баласын ойлантарлық-толғантарлық деңгейге көтеріле алған. 

Жалпы өлеңді толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Бұл ненің құдыреті? Бұл ақындық ойшылдық, суреткерлік шеберліктің құдыреті. 

 Үмбетәлі ақынның «1932 жылғы ашаршылық» өлеңі несімен қымбат? Біріншіден, ол алапат аштық бейнесін ұмытылмастай етіп суреттей алуымен, екіншіден, бір отбасының қайғысы арқылы бүкіл адамзаттық қайғыны көз алдымызға жанды елестетіп, ойлантып-толғантуымен, үшіншіден, махаббат жоқ жерде сатқындық орын алатынына көз жеткізуімен қымбат.

Ақын қандай тақырыпты жырласа да, бос ұраншылдықтан, даңғазалықтан іргесін аулақ салады. Ол әрдайым тың ой айтуға, тың бейне жасауға құштар. Сол себепті оның шығармалары оқырманын ойшыл, сезімтал, қарапайым, кішіпейіл, кешірімді, көпшіл болуға баулиды.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін ақынның «Жамбылға» деген көлемді өлеңіне көңіл бөлелік. Өз басым алғаш «Жәкең бейнесін қалай жасай алды екен?» деген күдікті ойға берілгенім де бар. Өйткені бұл қиын да күрделі тақырыптың бірі екені, Жәкеңе арнау өлеңдердің көп жазылғаны мәлім. Ол өлеңдердің басым бөлігі жалаң мадақтаудан, дәлелсіз бағалаудан аспайтын. Алдын ала айтар болсақ, шәкірт ақын Үмбетәлі ешкімді қайталамай, өзіндік сүрлеу іздеп, Жәкеңнің бүкіл адамзатқа үлгі болар жиынтық бейнесін жасай алған. 

Бұл саладағы оның ең басты шеберлігі – 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Жәкеңнің күрең жорғаға мініп, Алатау баурайында сейіл құрып жүргендегі көңіл күйін бейнелеуі дер едік. Бұл ақынға не үшін керек болды? 

 Тайпалған күрең жорғаның

 Омыртқасы отаудай.

 Тұлпарға біткен тұяғы

 Құлағы тік қамыстай,

 Қаламның жонған қияғы.

 Тақымында ойнайды,

 Бұл жалғанның пырағы, – дей келіп, ақын Жәкеңді бүкіл ел болып алақанына сап аялап, құрметтегеніне оқырман назарын аудара отырып , тұрғыласынан оза шауып, тоқсанға толғанында орден алған теңдесі жоқ қарт ақынды пыраққа мінгізіп, Алатау баурайын аралатуы – суреткерлік тамаша тапқырлық. Мұны ойлап тапқан автор қиялы кім-кімді де тәнті етеді. 

 Тал бойында міні жоқ,

 Жануар деп мұны кім айтар?

 Сөйлеуге тек тілі жоқ.

 Танадай көзі жалтылдап,

 Жебелей басып, қарқындап,

 Тебінгісі сартылдап,

 Күмістей жүні жылтылдап,

 Ойынды еті бұлтылдап,

 Суға салған қайықтай, –деп суреттеген күрең жорғаны шәкірт ақын Жәкең талантымен шендестіре жырлайды. 

Талғам таразысына салып бағамдасақ, шәкірт ақынның күрең жорғаны өлең құрамына енгізуі жай емес, керісінше, Жәкең таланты. Жәкең заманы – күрең жорғадай сұлу да мінсіз деген ойды аңғартудан туған суреткерлік шешім болатын. Ақын осы тұспалын жүзеге асырғаннан кейін ғана:

 Дарынды Жамбыл сен едің,

 Өлеңге дарқан, кең едің.

 Қадіріңді білгенге,

 Асқар таумен тең едің.

 Айналаңда біз – қайық,

 Сен бір үлкен кеме едің, –деп өз бағасын береді. Өлеңде құрғақ, не дәлелсіз, асыра мадақтаудың көлеңкесі де жоқ. Онда тек суреттеу, орынды сүйсіну ғана бар.

 Жалпы Үмбетәлі ақынның өзіндік ерекшелігі деп ойшылдығы мен суреткерлігін бөле-жара айтар едік. Бұл пікірімізге көз жеткізу үшін «Кеше мен бүгін» деген өлеңін оқып көрелік.

Сай-сайдан бұлғаң қағып сулар ағып,

Сылдырап сәнді дауыс сыңғыр қағып,

Арқырап ағар өзен арнасымен,

Соқтығып тастан-тасқа киіп жарып.

Жұлқынса үйдей тасты жұлқып аққан,

Көпіршіп көбіктері аспанға атқан.

Қақтығып қазандай сең қаңбақтайын,

Көктемде көз ұшында құлдыраң қаққан.

Табиғат құбылысын бұдан артық суреттеу мүмкін бе?

Ақынның «Шынар» деген өлеңіндегі күрескер көсем бейнесін сомдауы да хас шеберліктің үлгісіндей. «Ел үшін биік, бітік шыққан шынар, көруге даңқын естіп әркім құмар» дей келіп:

Еш дұшпан бұған беттеп шықпақ емес,

Алысып алпауыттар жықпақ емес.

Босатпас, жықпақ түгіл, түбін ырғап,

Жығатын жан туған жоқ бұған теңдес, – деп нағыз күрескердің көсемнің қандай екенін, оның сұрапыл дауылдан да, қарлы жауыннан да ықпайтынын дәлелдеп, бағындыратын қаһарман күрескердің болмысын тамаша бейнелеген.

Айтыс өнерінде де Үмбетәлі ақын өзіндік суырып салма ерекшелігі­­мен халқын тәнті еткен­ін азулы ақындармен айтысқан кездерінен айқын байқаймыз. Әсіресе, жан-жақтан жиналған нағыз жыр дүлдүлдеріне бүкіл әлем мойындаған классик жазушы­мыз Мұхтар Әуезовтің: «Кәне, мынау алдарыңда ақ бас бурадай шөгіп жатқан Алатаудың қасиет-қадірін табан астында бір шумақ жырға сыйғызып, қайсың жырлап бере аласыңдар» деген кезде, топ ішінен Үмбетәлі ақын «мен» деп тайсалмай суырылып шығып, асқар Алатаудың жанға жайлы саялы табиғатын, қазына байлығын «Алатау басың биік, тасың алтын» деп жырлап, Мұхаңның ықыласына бөленуі оңай ма?

 Біз мектепте жүргенімізде әдебиет оқулығынан «Бекболат батыр» жырын оқып, «ойпырма-ай, қандай шебер жазылған дүние» деп таң қалып, батыр Бекболаттың өлімнен қорықпай теңдік, бостандық үшін қол бастап, жауыздармен шайқаста табандылық, ерлік танытқанына шексіз риза болатынбыз. Бұл тамаша жырдың авторы Үмбетәлі Кәрібев екенін жақында біліп, екі есе қуанышқа бөленгеніміз бар. 

Ақынның екі томдық кітабын оқып, оның сан қырлы талант иесі екеніне толық көз жеткіздік. Атап айтсақ, ол – айтыскер де, лирик те, эпик те, сатирик те. «Шалағай дәрігерге» деген өлеңінде:

Санитар бір кемпір бар бақырауық,

Уколды сала алмайды жөнін тауып, – немесе:

Қадала қарағанда екі көзі

Қос өкпеңнен өтеді айтқан сөзі» деген жолдармен жағымсыз кейіпкерін орнымен мінеп, шенейді.

Үмбетәлі ақын мақал-мәтел шығарумен де айналысқан. Тамаша талант иесінің мақал-мәтелдері, қанатты сөздері ойымызға ой қосқан асыл дүниелер. 

Жалқаудың жақыны болғанша,

Отанның батыры бол.

 * * *

Еріккеннің ермегі болғанша,

Еңбектің өрнегі бол.

 * * *

Қудың құрдасы болғанша,

Шындықтың сырласы бол. Бұл – Үмбетәлі тапқырлығының, ой тереңдігінің тағы бір дәлелі.

 Сан қырлы талант иесінің бұл секілді мақал-мәтелдері, қанатты сөздері баршылық. Тағы бір бөле-жара айтарымыз, Үмбетәлі ақын ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, ақындар айтысын есінде сақтап, бізге жеткізуші. Бұл да ақынның еңбекқорлығын, ізденгіштігін, келер ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең сезінгендігін танытса керек. 

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,

филология ғылымының 

кандидаты, доцент

Серіктес жаңалықтары