БІР ҰЛТТЫҢ ТІЛІ — АДАМЗАТ БАЙЛЫҒЫНЫҢ БІРІ

БІР ҰЛТТЫҢ ТІЛІ — АДАМЗАТ БАЙЛЫҒЫНЫҢ БІРІ

БІР ҰЛТТЫҢ ТІЛІ — АДАМЗАТ БАЙЛЫҒЫНЫҢ БІРІ
ашық дереккөзі
920

 Қазақ тілі – Қазақстанның мемлекеттік тірегі, қазақ рухының қан тамыры, бүлкілдеп соғып тұрған жүрегі. Денеге қан жүрмесе, оның тіршілігі тоқтайтындығы сияқты, қазақ рухының бойына қазақ тілі арқылы ғана мүмкін қан жүрмесе, қазақ ұлты да, сол ұлт құрып отырған Қазақстан мемлекеті де түптің түбінде жойылуы ықтимал.

Мұхтар Әуезовтің «Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан-дүниесі. Ол жүректі соқтырып тұрған қан тамыры сияқты. Егерде қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?» – дегені кімді болса да ойландыруы керек. 

Қазақ тілі – қазақ жерін, қазақ елін, қазақтың мүддесін қорғап, болашағын қамтамасыз ететін отаншылдықтың, отансүйгіштіктің, ұлттық патриотизмнің қайнар көзі екені мәлім. Әрбір ұлттың, мемлекеттің ертеңі өзін-өзі қорғай білуіне тікелей байланысты. «Бөтен кісі қазаққа ешқандай жақсылық артып әкеліп бермейді. Өз күшіне, өз қуатына сенбеген адам да, халық та ғұмыр жүзінде бәйге алмайды» (Ә.Бөкейхан). Ал мұның өзі сол тіл арқылы ғасырлар бойы жасалынған ұлттық рухани құндылықтар бойына сіңген адамның ғана қолынан келетін ұлттық патриотизмге тікелей байланыс­ты екендігі тағы да аян. 

Демек, ұлттық патриотизм мен ұлттық намысты қалыптастыратын да, дамытатын да – ұлттық тіл. Ұлттық тілде ұлттық тәрбие алмаған ұлтына қызмет ете алмайды; қиын-қыстау кездерде ұлтына қорған болып, ол үшін отқа да, суға да түсетін патриот, ұлтшыл бола алмайды. Яғни, ұлт атаулының, мемлекет атаулының тағдыры ең алдымен, тіл мәселесінің қалай шешілгендігіне тікелей байланысты. 

Патриотизм жайлы Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов жақсы айтқан: «Қазақстандық патриотизм» деген әлі дүниеде жоқ ұғым, тумаған сиырдың «бұзауы». …Ал қазіргі қоғамда ешқандай идеология жоқ. Адамдардың бар мақсаты қандай жолмен болса да (адал, арам) ақша табуға ғана бағытталған… Патриот болудың негізгі төрт шарты бар. Олар: 1) Отанын, жерін қорғау; 2) өз ұлтының ана тілін ардақтау; 3) ұлттық дәстүрді сақтау; 4) ұлтаралық интернационализм идеясына адал болу.

… Ал жерді қорғау орнына сатайық деп жүргендерді, сатып үлгергендерді немесе ел аман, жұрт тынышта одан үзіп, көршілерге бөліп бергендерді қалай патриот деуге болады? Мемлекеттік мәртебесі бар өзінің асыл ана тілі тұрғанда, үлкен-кіші жиын-жиналыс­тарда, өзінің отбасында өзге тілде сөйлейтіндерді қалай патриот дерсің? Ұлттық дәстүрді ұстанбайтын ұл-қыздан қандай патриот шықпақ? Өзге ұлттың ұлын өзінен төмен санайтын санасыздан қандай салиқалы азамат өспек? 

…Патриотизм – қоғамдық сана­ның бөлінбейтін бір бөлігі. Шынайы патриотизм ұлтшылдықпен үйлеспейді, шовинизммен сыйыспайды, кос­мополиттікпен қабыспайды. 

Қазіргі «қазақстандық патриотизм» деп жүргеніміз, қызуы тез тарап кететін қымыз патриотизм, орысша айтқанда, «квасный патриотизм». Бізге елін, жерін, тілін, ұлтаралық ынтымақты қорғайтын, республиканың гүлденіп, алға басуы үшін шыбындай жанын аямайтын адамдар тәрбиелейтін патриотизм қажет. Әрине, ондай патриотизм бүгін болмағанмен, оған болашақта қол жетері хақ…

Өз басым Қазақстан тәуелсіз ел бо­л­ып аталғаннан кейін патриотизмнің асыл арқауынан айрылып қалды деп есептеймін. Тәуелсіздікті пайдаланып, үлкенді-кішілі азаматтарымыз коррупция қаһармандарына айналып кетті. Жемқорлық жайлаған елде патриотизм байыздай алмайды. 

 …халыққа тәуелсіздік қажет. Патрио­тизм – тәуелсіздік қорғаны. Патриоттар – Отан тірегі. Ел патриот болмай, еркіндікті сақтай алмайсың. 

Патриотизм – ақыл, ой, сананың сал­танаты, табанды тәрбиенің жемісі. Пат­риоттық тәрбие бойына сіңбеген, бала күнінен ерлер туралы ертегілер тыңдап, елдікті, ерлікті мадақтайтын тақпақтар жаттап, эпостық шығармаларды етене қабылдамаған адамдар бойында бес кісінің күші болса да патриот бола алмайды. 

…Идеологиясыз елде патриотизм болмайды, патриоттар бой көрсете алмайды. Идео­логиялық тәрбие ғана патриотизмді ұштап, қайрап, жетілдіріп отырады. Тәрбиенің күшімен шыңдалған патриотизм қынаптан суырылған қылыштай жарқ етіп, Отанды басқыншы жаудан қорғау сағатында өз қуатын көрсетеді. 

 …Отаншылдық – адамның туған ел мен өскен жерге деген шексіз сүйіс­пеншілігі. Сол үшін жан қиюға әзірлік. Отаншылдықтың екінші аты – патриотизм. Ал ұлттық намыс – жеке ұлттың өзіндік моральдық кодексі… 

Патриоттық тәрбие мәселесі мем­лекеттің түбегейлі жүргізіп отыратын ісі болуы керек…» (Әзілхан Нұршайықов. Пат­риоттық қанға сіңген қасиет пе? «Ақиқат», 2010, № 10). Патриотизм жай­­лы қазақ зиялыларының ортақ ойы ретінде халық жазушысының жүрек жарды пікірлерін ұзағырақ болса да келтіре кетуді жөн көрдік.

Патриотизмнің, қазақшалап айтқанда, халқын, туған жерін барынша сүйіп, соған адал қызмет ете білу, яғни ұлт­шылдық (мұны тек «менікі ғана болсын, қалғандары не болса, сол болсын» дейтін әсіреқызыл шовинизммен шатастырмау керек) қасиеттің ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып өмір сүруін­де қаншалықты маңызды екендігін кезінде алашшыл Аймауытов төмендегіше пайым­дапты: «Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнер­лі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. 

…бір халықтың ұлтшыл адамдары көбейсе, ұлты үшін жанын салып, сол ұлтты көркейтуге тырыспақ. Адамның өз басының көркеюімен ұлт көркеймейді, ұлты көркейсе, өзі көркейеді. Бір ұлт бақыт­ты болса, ол бақыт сол ұлттың ішіндегі адамдарға да ортақ» (Ж. Аймауытов. Шығармалары. 6 том, Алматы, 2013, 144-бет). 

Дос Көшім «патриотизм» мен «ұлтшыл­дықтың» арақатынасын «Патрио­тизм – жеке адамның өзі азамат бол­ып тұрған еліне деген қатынасы, байланысы жағынан бағаланатын мемлекеттік идеология болса, ұлтшылдық – сол ұлттың мемлекеті бол­­маса да өмір сүре береді» деген тұр­ғы­да ажыратып, ұлтшылдыққа «Қазақ ұлтшылдығы өмір бойы өзін қорғау, ұлттық құндылықтарын сақтап қалу бағытындағы ұлтшылдық болып келді. Қазіргі қазақ ұлтшылдығы да қарсыластарының жапқан жаласы мен ойдан шығарған өсектеріне қарамастан, осы бағытта қалдық. Бұл – қазақ ұлтшылдығының өзіндік ерекшелігі. Басқа ұлттарға үлгі боларлық ерекшелігі» деген тұрғыда айқындапты.

Демек, ұлттың ұлт болып, мемлекеттің мемлекет болып өмір сүруін қамтамасыз ететін «ұлтшылдықтың», «отаншылдықтың» (патриотизм) негізін тіл құрайды. Өзінің тілін қастерлеп, ұлтын, халқын сүймеген адамнан ешуақытта ұлтына адал қызмет ететін ұлтшыл, елін қасық қаны қалғанша қорғайтын патриот шықпайды. Сондықтан да, халқының бойына сол тілде жасалынған ұлттық құндылықтары тамырлап кеткен ұлттың өмірі ұзақ, мемлекеті мықты болады. 

Сонымен, осы уақытқа шейін түрлі обьек­­тивтік, субьективтік себептердің салдарынан Қазақстан мемлекетінің мемлекеттік тілі саналатын қазақ тілі өзіне жүктелген міндеттерді өз дәрежесінде орындап, өз тұғырына қона алмай келеді. Ауруды емдеу үшін алдымен, оның диагнозын дұрыс қою керек. Осындай мақсаттармен баспасөз беттерінде, басқа да түрлі ақпарат құралдарында түрлі мазмұндағы әрқилы пікірлер бой көрсетуде. 

Қазақ тілі мемлекеттік тіл болуға әлі жетілмеген, дамымаған, тек ауылда ғана қолдануға жарап, қалада, білім-ғылым, саясат, экономика, халықаралық қарым-қатынас сияқты салаларға шамасы келмейтін төмен­гі сатыдағы тіл деген мазмұндағы отарлық кездегі пікірлер күні бүгінге дейін қалмай келеді. Тіпті қазақ тілінің байлығын көрсететін синонимдерді, туыстыққа, мал шаруашылығына байланысты сөздердің көп болып, өндіріске қатысты атаулардың аздығын оның кемшілігі деп, көрсеткен пікірлер де айтылды. Синонимдерді, туыстықты білдіретін сөздердің барлығын қысқартып, олардың орнына бір-бір ғана атаудан қалдыруды да ұсынды. Мұның аржағында қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін, заңдылықтарын, болмысын жойып, еуроқалыпқа салу, халықаралық термин ретінде шет сөздерді көбірек енгізу арқылы ассимлияцияға ұшырату тұр. 

Әрине, мұның барлығы да ұлтына шын жаны ашитындардың сөзі емес. Бұл – жат жұрттың тәрбиесін алып, өз ұлтына мұрнын шүйіре қарайтын нигилистердің, іштен шыққан «шұбар жыландардың» айтатыны. Халқының саны жағынан әлемдегі 6-7 мың тілдің ішінде жетпісінші орында тұрған, тіл байлығы, тіл тазалығы жағынан да алдыңғы қатардағы, әлемнің жиырма миллионға жуық халқы сөйлейтін тіл туралы осылайша пікір білдіру сыпайылап айтқанда, ақылға сыймайды. 

Қазақ тілінің негізгі ауруы – бодан­дықтың салдарынан бойымызды әбден меңдеп алған құлдық сана мен қазіргі заманда әлемдік ауқымда жүріп жатқан жаһанданудың ақпараттық шабуылдары барысында әлсіреп жатқан ұлттық сана-сезіміміздің қайта оянып, қалпына келе алмай жатқандығы. 

 Тіл түзелмей, адам да, ұлт та, эко­номика да, қоғам да түзелмейді; мемлекет­тің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Өз елінде өз тілінде сөйлемеген, ұлттық дәстүрімен, ұлттық рухани құн­дылықтарымен өмір сүрмеген, ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, болашағы үшін күреспеген адамның мен қазақпын деп айтуға хұқы жоқ. Өйткені тіл – адамзат қоғамындағы әрбір адамның өмір сүруінің рухани өзегі, өмір сүру формасы. Тілі қандай болса, қоғамы да сондай. Ұлттық тілге, сол тілде жасалынған рухан­иятқа, рухани құндылықтарға, ұлттық патриотизмге арқа сүйеген ұлттың, мемлекеттің ғана мерейі үстем. 

 Сондықтан да еліміздің қоғамдық-рухани өмірінде ұлттық тіл саясатын барынша батыл қолға алып, қарқынды жүргізетін уақыт жетті. Бұл дегеніміз – қоғамдық өмірдің барлық саласында іс қағаздарын Қазақстандағы мемлекеттік тіл – қазақ тіліне көшіру деген сөз. Өйтпесек, қазақ тілі қазірдің өзінде-ақ аударма тілге, қоғамдағы тұрмыста ғана қолданылатын екінші тілге айналып бара жатыр. Мұның өзі сайып келгенде, қазақ ұлтының, қазақ ұлты құрған Қазақстан мемлекетінің болашағына қауіп төндіру мүмкін. Тәуелсіз мемлекет екеніміз рас болса, еліміздің ішкі-сыртқы тыныс-тіршілігінің, іс-әрекетінің барлығынан да қазақтығымыздың исі аңқып тұруы керек. Сонда ғана барып Қазақстанның рухани, экономикалық, саяси тәуелсіздігі басталады. 

Ұлттық идея ұлтпен бірге пайда болып, ұлттық сана-сезім негізінде осы біз кімбіз, бұрын кім болдық, тамырымыз қайда жатыр, немізбен ерекшеленеміз, мәден­иетіміз қандай, адамзат тарихында қандай орын алып келдік, қазіргі қоғамдағы орнымыз қандай, болашақта қандай жолмен жүруіміз керек деген сияқты сандаған сауалдарға жауап іздеу барысында ғасырлар бойы дамып, қалыптасады. 

Демек, ұлт бар жерде сол ұлттың өсіп-өнуін қамтамасыз етіп отыратын ұлттық идея да болады. Ұлт жоқ жерде ұлттық идея да жоқ. Екеуі – егіз. Бірінсіз бірі өмір сүре алмайды. Шын мәніндегі ұлттық идея бір ұлтқа қызмет еткенімен де еш уақытта басқа ұлттарға қарсы бағытталмайды; керісінше, көп ұлтты мемлекеттерде барлық халықтың ортақ мүддесін негізгі ұлттық идеялармен ұштастыра, үйлестіре отырып, олардың бір бағытта дамуын қамтамасыз етеді. Осы бір аса күрделі мәселеде мемлекеттік тілдің осы елде өмір сүріп отырған барлық этностар мен ұлыстарды біріктіруші функция атқаратындығы әрдәйім есте болғаны жөн. 

Ататүріктің «Қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге басымдық беруіміз керек. Халықаралық саясат, ел­аралық жағдай – мұның бәрі ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеден төмен тұруы керек» дегеніндей, Қазақстан мемлекетінде де оның тілінен бастау алған рухани құндылықтарына бет бұрып, барынша халықтық мүддеге қызмет ететін ұлттық саясат жүргізу – бүгінгі күннің өмір талап етіп отырған басты талабы. 

Ұлттық саясат жүргізу, ұлтқа қызмет ету, ұлтжандылық, ұлтшылдық – кейбіреулер ойлайтындай, тек өзімнің ұлтыма ғана болсын деп, басқаларды жау көру емес, керісінше өз ұлтына қызмет ету арқылы жал­пы жұртқа, басқа да ұлттарға қызмет ету деген сөз. Өйткені өз ұлтын сүймеген, өз ұлтының қадір-қасиетін білмеген басқа ұлт­тарды да сүйе алмайды, олардың да өзі сияқты, өз ұлты сияқты адамдар екенін түсініп, жақын араласып кете алмай­ды. Ұлтты ұлтқа, нәсілді нәсілге қарсы қоятын, өзін өзгелерден жоғары қоятын әсіре ұлтшылдық («шовинизм») пен нәсілшіл­діктің жөні бөлек.

Кеңес өкіметі жылдарында ұлтжанды азаматтар­ды «Дүниені ұлтшылдар бүлдіреді: бір ұлтты екінші ұлтқа дұшпан қылып өсі­р­е­ді. Ұлтшылдар құрыса, дүниедегі жалпы жұрт бір ауыл, бір бауыр болып кетер еді» деп, айыптап қуғындай бастағанда «Абай» журналы оған жауап ретінде «ұлтшылдықтың кісішілдікке ереуілдігі жоқ: әр ұлт тегіс мәдениетті болып теңелсе, кісішіл­дік өзі де өркендейді, ұлтшылдардың мақсаты басқа ұлттарға қастық ету емес, өз ұлтын қатарға қосу. Кісішілдердің өзі де мәдени жұрттан шықпақ. Ұлтшылдық намысын білмеген жұрттан кісішілдік қайдан шықсын!» (Мәнен Тұрғанбаев. Ұлтшыл­дық. «Алаштың тілдік мұрасы». Алматы, 2009, 179-бет) деп жауап берген екен. 

«Ұлттардың қалыптасуының, сақ­талуының, дамуының тірегі мен қоз­ғаушы күші ұлтшылдық болып табылады. Ұлтшылдық – саяси тілмен айтқанда, ұлттық идеология» (Т.Сайдулдин. Алты алаш туралы түсінік. «Қазақ әдебиеті» 30.08.2013). Бұл жердегі ұлтшылдықты кеңес өкіметі қалыптастырып кеткендей, басқалардың барлығына да жоқ, тек өзіме ғана болсын дейтін теріс мағынада емес, керісінше, ұлтжанды азаматтың жалпы адамзат баласын, оның ішінде өз ұлтын ерекше сүйіп, бүкіл ғұмырын оған адал қызмет етуге арнауы деп, ұғынған жөн. Ұлтшылдықтың ең алдымен, тілін, туған жерін, ұлтын сүюден басталатындығы белгілі. 

«Ұлтшылдық идеясы – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз бар болса, ол да өмір сүреді» (Мұстафа Шоқай).

Кеңес өкіметі жылдарында ұлтына адал қызмет еткен ұлтын сүйген азаматтарды «ұлт­шылдықпен» айыптап, қудалағаны белгілі. Міне, осы кездерде Мұстафа Шоқай ұлтшылдық пен шовинизмді шатастырмауға шақ­ырып, олардың аражігін тамаша ашып берді: «шовинизм деп, басқа ұлттардың өмір сүру құқықтарын өз ұлтының мүддесі үшін құрбан ету айтылады» (Алаш көсемсөзі. Алматы, 2010, 47-бет). 

«Ұлтшылдық арқылы ғана ұлт қалып­тасады, ұлтшылдық ұлт тудырады» (Эрнст Гелнер). Сон­дықтан да ұлттың өмір сүруінің бірден-бір шарты – ұлтшылдық. Ұлт­шылдық болмаған жерде ұлт та болмайды. Ұлтшылдық – ұлттың өмір сүруін қамтамасыз етіп отыратын басты қорғанышы. Ұлтшылдығы әлсіресе, ол елдің ұлттық иммунитеті де жойылып, жеке ұлт ретінде өмір сүру қабілетінен айрыла бастайды. Сондықтан да әрбір ұлт өзін сақтау үшін ұлтшылдыққа негізделген, ұлттық арман-аңсарлардан тұратын ұлттық идеологиясын жасап, оны жүзеге асыратын мемлекеттігін құрып, соның аясында ғана толыққанды өмір сүре алады. Демек, ұлттық идеологиясының болуы ертеңін ойлаған әрбір ұлттың өміршеңдігінің басты шарты екен. 

Гректің идея-ұғым және логос-білім сөз­дерінің бірігуінен тұратын идеология – белгілі бір әлеуметтік топтардың, ұлттардың мұраты мен мақсаты, мүддесі мен мұқтаждықтары, өзі өмір сүріп отырған өмір­ге, қоршаған ортаға, әлеуметтік оқиғаларға қатысты көзқарастары жайлы пікірлері мен идеяларының жүйеленген жиынтығы (Қараңыз: Политический словарь. Под редакцией В. П. Халифова. Москва, -1995, 58-бет; Философский энциклопедический словарь. Москва, -1989, 206-бет). 

Идеология дегеніміз – «Идеология – кез келген мемлекеттің рухани мәдениетінің жоғары формасы» (Д. Кшибеков. Нац­иональная идея. Алматы, 2007, 199-бет). Яғни, кез келген мемлекеттің қоғамдық даму деңгейін ол жүргізіп отырған ұлттық, мем­лекеттік идеологиясынан көруге болады. Ғылыми жағынан жан-жақты негізделген идеология мемлекеттік саясатта қоғамдық өмірдің сандаған проблемаларының ішінен ұлттың, мемлекеттің жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін басты мәселелерін ір­іктеп алып, шешіп отыруы арқылы даңғыл жолға бағыттап отырады. Ал қоғамдық дамудың бағытын айқындап, бағыт-бағдар бер­іп отыратын идеология болмаған жағдайда ұлттың, мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. 

«Бізге ұлттық идеология не үшін қа­­жет дейтін болсақ, біз қазір өтпелі кезеңді басымыздан өткеріп жатырмыз. Қазақ халқының алдында болашақта ұлттық тәуелсіздігімізді, болмысымызды, мүддемізді, құндылықтарымызды, тілімізді қалай сақтап қаламыз деген сауал тұр. Ұлттық идеология осы сұрақтарға теория жүзінде негізделген, ғылыми дәлелденген обьективті жауап беруі керек. Себебі қазақ халқының қазіргі жағдайы өте ауыр және болашағы өте бұлыңғыр. Сондықтан біз әуелі қазақ халқы мұндай жағдайға қалай және не себепті тап болды деген сұрақтарға жауап іздеуге тиіспіз» (Е.Мұханғалиев, «Мәңгілік ел» қазаққа ұлттық идеология бола ала ма? «Дат», 27.02.2014).

ХХ ғасырдың сұңғыла саясаткерлерінің бірі Уинстон Черчиль: «Ұлыбританияның жауы да жоқ, досы да жоқ, ұлттық мүддесі ғана бар» деген. Ұлттық мүддесі жоқ елдің ұлттық мемлекеті те жоқ деген сөз бұл.

Қазақта ұлттық идея бар ма? Бар, әрине. Оның ең біріншісі, ата-бабамыздың қаны мен терінің арқасында аман қалған ұлан-асыр ұлттық территориямыздың тұтас­тығын сақтау. Екіншісі, сол кеңістікте өмір сүріп жатқан өзіндік дәстүр-салты, әдет-ғұрпы бар жұртымызды жаһанданудан сақтап қалып, оның шын мәніндегі ұлт­тық тәуелсіздігін қамтамасыз ету.

 Қаза берсең, шыға береді. Бүгінгі таңда соның ең бастысы – ана тіліміз­дің мемлекеттік мәртебесін күшейтіп, бүкіл дүние жүзіндегі мәдени ұлттық экономикалық, әлеуметтік дамудағы озық үлгілерді өз бойымызға тер­ең сі­ң­ір­іп алу болып тұр. Рес­публикамызда ұлтаралық татулық бүгінде өз жемісін берді. Бұл да біздің ұлттық идеямыздың маңызды бір саласы еді. Ендігі мәселе ұлттық рухымызды тексіз космополитизмге айырбастап алмауымыз керек. Қазақ­тың ұлттық идеясын аспаннан іздеп керек жоқ. Бәрі де Абайда тұр. Қанағат. Еңбек. Талап. Ой. Рахым. Абай бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол деп тегін айтпаған. Біздің қазақ Абай айтқан бес нәрседен қашып, бес нәрсеге асығуы керек. Ұлттық идея, міне – осы!», – дейді ақын Серік Ақсұңқарұлы фейсбуктегі жеке парақшасында.

Ұлттық саясат жүргізу тікелей ұлт­тық идеологияға сүйенеді. Ал ұлттық идео­логия бір ұлттың басқа ұлттарға дик­татуралық жолмен өктемдігін жүргізу үшін емес, керісінше солардың да қамын жауапкершілікпен ойлай отырып, мемлекетті құрып отырған ұлттың мүддесін қорғау, барлық ұлттардың тату-тәтті қатар бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету, соңында барлық халықтармен бірге мемлекетті күшейту үшін қажет. 

«Әсіресе жас мемлекетке идеология керек. Себебі: біріншіден, біздің ұлттық мәд­ениетіміз, санамыз заман өзгерген сайын сырттың ықпалына түсті. Күлтегін мен Тоныкөктің сына жазуындағы ұлы идея – тәуелсіздік идеясы бүгінгі заманға сол қалпында жеткен жоқ. Өзгерістерге ұшырады (ЖұртбайТ. Біртұтас алаш идеясы. Алматы, 2014, 3-бет; Сүре сөз. Алматы, 2005, 134-бет).

Қазақстан жағдайында елімізде ұлттық идеология мемлекеттік идеология негізіне алынып, ең алдымен, көпшілік халықтың, содан кейін басқа да этностардың мүдделері қорғалғанда барып, қоғамымызда тыныштық орнап, қалыпты дамитын боламыз. Дәл қазір қазақ қоғамында осындай жағдай бар деп, айта алмаймыз. 

Талдаушылардың байқауынша, қазіргі қазақ қауымында ұлттық мемлекеттік идеология жоқ. Оның есесіне үш түрлі мемлекеттік идеологияның компоненттік белгілері көрініс береді. 

Оның біріншісі – «мемлекеттік-идеологиялық» бойынша, Қазақстанның саяси және экономикалық тәуелсіздігі табанды түрде қорғалады; территориялық тұтастығы сақталады; тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіледі; басқа да этникалық топтардың заңды мүдделері мен құқықтарын құрметтей отырып, мемлекеттік басқаруда ұлттық (қазақ) компоненттер арта береді; мемлекет дегеніміз, территория ғана емес, ортақ мәдениет, ал бүкіл Қазақстанның мәдениетінің ядросы қазақ мәдениеті болады; ал қазақ мәдениеті түркі мәдениетінің, түркі мәдениеті өз кезегінде әлемдік мәдениеттің құрамдас бөлігі. 

Ал екіншісі «девелопменталистік» нег­і­зінен, қоғамдық-экономикалық дамуды ғана көздейді. Негізгі мақсаты – Қазақстанды саяси, экономикалық тұрғыдан барынша дамыған елге айналдыру («Қазақстан 2030», «Қазақстан-2050 бағдарламалары), сөйтіп, даму деңгейін «азия барыстары» атанған Сингапур, Малайзия сияқты елдердің деңгейіне жеткізу; «алдымен, экономика, саясат соңынан». Бұл жердегі ұлттық компонент этникалық тегіне қарамастан, қазақ деп бөліп жармастан, барлық Қазақстан халықтарын осы биік экономикалық мақсаттарға жету жолында топтаса түсуге қызмет етеді. 

Үшіншісі – демократиялық. Дем­о­кра­тиялықта негізгі стратегиялық мақсат – Қазақстан халықтарының бір­лігі; жеке адамдар мен қоғамдық мүд­делердің үйлесім табуы; ұлтаралық тат­улық арқылы жан-жақты дамыған қоғам құру; әлемдік қоғамдық дамудың озық тәжірибелеріне сүйене отырып, өзгелерге ұқсамайтын, тек бізге ғана тән Қазақстандық даму моделін жасау (Қараңыз: Михаил Калишевский. Казахстан: Национальные особенности идеологического строительства. «Фергана.ру», 13.11.2013). 

Шындығында да қазіргі Қазақстанның қоғамдық дамуынан, идеологиялық бағытынан осы үш түрлі модельдің белгілері айқын көрінеді. Сөз жүзінде ұлттық мәселелер басым көрінгенімен де іс жүзінде екінші және екінші бағыттың мақсаттары жүзеге асырылуда. Кейде үш түрлі бағыт тоқайласып қалғанда, бір-бірімен үйлеспей, қайшылыққа ұшырап та жатады. КСРО-ның кезінде «Қазақ республикасы» аталып келген елдің тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттықты білдіретін «қазақ» сөзінің орнына территорияның атын білдіретін «Қазақстан» атауының қолданылып, «Қазақстан Республикасы» аталуын, сонымен бірге ресми іс қағаздарында «қазақ» сөзінің орнына көбіне «қазақстандық» атауының қолданылуын, конституция бойынша, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола тұра президенттік, парламенттік биліктің барлық сатыларында дерлік орыс тілінің қолданылуын осындай себептермен түсіндіруге болады. 

Қазақстан қазақ ұлтының атынан құрылған ұлттық мемлекет бола тұра күн бүгінге дейін ұлттық идеологиясыз өмір сүріп келді деуге болады. Оның басты себептері елімізде тұрып жатқан өзге де ұлттардың қамын жеу, басқа этностардың қазақтарға деген оң көзқарасын сақтау, ұлтаралық шиеленістердің алдын алу болатын. Ұлтқа, мемлекетке қызмет ететін ұлттық идеологияны жасап, оны іске қосу бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі болып күн тәртібінде тұр. Міне, ұлт үшін, Қазақстан мемлекетінің болашағы үшін аса маңызды осы бір толғағы әбден жеткен мәселе саяси тұрғыдан өз шешімін табар күн де туған сияқты. 

Орыстың ұлы жазушысы Ф.М. Дос­тоевскийдің «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деген болатын. Шын­дығында да үлкен жетістіктер алға үлкен мақсаттар қою арқылы ғана қол жеткізеді. Әр адам өмір бойы арман қуалап өмір сүріп, бақытына қол жеткізетін болса, ұлт та – осылай. Әрбір ұлттың қоғамдық даму жолын дұрыс айқындауы ұлттық идеялар арқылы ғана жүзеге асады. Осы уақытқа дейінгі Қазақстан жел қалай қарай соқса, солай қарай ығатын ескексіз қайықты көзге елестетсе, енді барар жері де, басар тауы да анық, оған қалай барудың жолдарын да, қандай қиындықтар кездессе де оны қалай жеңуді білетін демократиялық зайырлы мемлекетке айналары анық. 

«Ұлттық идея дегеніміз, халықтың басым бөлігі қабылдаған ұлттық құндылықтар жүйесі болып табылады. Ал ұлттық идеяның құндылықтарын ұлттық саясат, ұлттық мәдениет, ұлттық мүдде, ұлтқа қоғамдық бетбұрыс құрайды» (Ә. Қайдарова, Рухы күшті ел ғана мықты мемлекет бола алады. «Айқын», 05.02.2014). 

Сонымен, орынды пайдалана білсе, ұлттық идеялар, сол ұлттық идеялардан тұр­атын ұлттық идеология – қоғамның, оның ішінде ұлттар дамуының бағыт-бағдарын дұрыс көрсетіп тұрар бірден-бір шамшырағы. Ұлттық идеясыз бір де бір ұлт өмір сүре алмайды; одан бас тартқан ұлттың болашағы жоқ.

Тарихқа көз жіберсек, қоғамдық өмір­дің қарқынды даму жолына түсіп, аз ғана уақыттың ішінде тамаша табыс­тарға қол жеткізіп, бүгінгі күндері әлемдік өркениеттің көшін бастап отыр­ған елдердің барлығы да осы ұлт­тық идеологияны ту етіп, оның бар мүмкіндіктерін пайдалана білгендігін көреміз. 

Англияның, Германияның, Жапония­ның екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі қоғамдық-экономикалық дамуда жеткен қарышты қадамдары ұлттық идеялардың қозғаушы күштерін іске қоса білудің арқасында ғана мүмкін болды. Осы жолдың өміршеңдігін өткен ғасырдың соңында Сингапур, Оңтүстік Корея, Таиланд, Малайзия сияқты елдер тағы да дәлелдеді. 

Ұлттық идеология орынды қолдана білсе, сілтегенін кесіп түсер, пайдалана алмаса, өзіне де, өзгеге де зақым қылар алмас қылыш сияқты. Әсіре қызыл ұлттық идеялардың шовинизмге, нәсілшілдікке апарып ұрындыратыны да әрдәйім есте болғаны лазым. 

Дандай Ысқақұлы, 

С.Демирел атындағы 

университет 

 ректорының кеңесшісі, филология 

 ғылымдарының докторы, профессор 

Серіктес жаңалықтары