367
ОРЫС ТІЛІНІҢ ОРТАҚТАСУЫ — НЕНІҢ БЕЛГІСІ?
ОРЫС ТІЛІНІҢ ОРТАҚТАСУЫ — НЕНІҢ БЕЛГІСІ?
Министрлер үйінің кіреберісі келгендердің ең әуелі көзі түсер орын. Елдіктің белгісі. Мемлекеттің айбары! Бұған дейін Қазақстанда министрліктердің маңдайшасындағы атаулар мемлекеттік тілде ғана жазылатын. Ешкім да адасып кеткен жоқ немесе діттеген министрлігін таба алмай сарсаңға түскен емес. Бірақ… «Бұдан былай Елордадағы министрліктер ғимаратының маңдайшасындағы атаулары екі тілде жазылатын болды», – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Көршілес елдің сойылын соғатындар орыс тілінің мәртебесін асқақтатуға барын салып, қара сорпаға түсіп жүргені ежелден мәлім. Енді олар шаттанатыны сөзсіз. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізгі құрылымы саналатын Министрлер үйінің 15-подъезінде орналасқан, жаңадан қайта жасақталған Мәдениет және спорт министрлігінің кіреберісінде «Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі» және «Министерство культуры и спорта Республики Казахстан» деп екі тілде жазылып үлгерген көрінеді. Ол аз десек, көрші 14-подъездің маңдайшасындағы жазбаны да өзгертіп жатыр. Ал қалғандары әзірге бұрынғы қалпында тұр, яғни оларда мекеме атауы тек мемлекеттік тілде көрсетілген. Науқаншылық шарада көш бастап тұрған Мәдениет және спорт министрлігі осылай айды аспанға бірақ шығарып, тез арада мемлекеттік тілдің қасына орыс тілін қосақтап қоюды жөн санапты. Бұл өзгерістің астарында не жатқандығы әлі түсініксіз. Еуразиялық одаққа кірген Қазақстан мен Белоруссия ғана Ресейдің мемлекеттік тіліне біржолата мойынсұнып, оны өз мемлекеттік тілінен артық көрмесе, кем көрмейді. Ауылы аралас, қойы қоралас елдердің ешбірі біздегідей өзге елдің тіліне берілмегендігін ескерсек, неге Қазақстан мемлекетіндегі білдей бір министрліктердің маңдайшасында статусы күмәнді ресми тіл атойлап тұруы керек. Орыс тілінің елімізде іскерлік қарым-қатынаста қарқынын үдетіп отырғандығын келелі мәселе ретінде зиялы қауым жиі көтеріп жүр. Бұл мәселеде отқа май тамызып, орыс тілін министрліктердің төрінен бір-ақ шығару құлдық сананың қамытын әлі сыпырмағандығымыздың айқын белгісі сияқты. Елдің егемендігін айшықтайтын ұлттық рәуіш болмаса, туған тіл қолданыстық тіл ретінде мойындалмаса, бодандыққа бас ұрып, сырт көзге мазақ болуымыз әбден мүмкін.
Кейінгі уақытта өзгерістерге жиі ұшырап, қалтарыс-бұлтарыста жүрген министрліктер, сөйтіп жаңартудың басын кіреберістен бастады. Еске сала кетелік, 6 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордадағы кеңейтілген отырыста үкіметті қайтадан жасақтайтындығын мәлімдеген болатын. Кейбір министрлік пен агенттіктер біріктірілген еді. Үкіметтің жаңа құрамы 12 министрліктен, шамамен 30 комитеттен, 9 агенттіктен, 54 комитеттен және 272 департаменттен тұрады. Осындай аумалы-төкпелі кезеңде, кейбірі кірер есігіндегі қазақша атауды күрт өзгертуден бастады істі. Шын мәнісінде, министрлік тұрмақ, қала, облыс, аудандардағы мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларында орыс тіліндегі нұсқасын қою еш қисынға келмейді. Билік орыс тілін төрге шығарып жатқанда, көптеген қалалардағы жекеменшік мекемелер, керек десеңіз, мемлекеттік мекемелерде де жазбаларын тек орыс тілінде беріп жүр. Осы қарқынмен қазақ тілінің қолданыс аясы тек күйі қашқан қазақ ауылдарымен шектелуі ғана мүмкін. Бұл – қоғам болып аттандайтын күнге келіп жеткендігімізді білдіретін күйзелісті жағдай. Көшбасындағылардың дұрыс жол таңдамауынан қазақ тілінің бағы жанбай, көсегесі көгермей отыр дегендердің айтқаны келген сияқты.
Әшірбек Сығай, қоғам қайраткері, сыншы: «Тәуелсіздік алған жылдардың басында Еркеғали Рахмадиев ҚР Мәдениет министрі болып тұрған кезінде мен бірінші орынбасары қызметін атқарған едім. Біздің кезімізде атаулардан бастап толық қазақша өтіп, орыс тілін алып тастаған едік. Бұл әрекетке таяқ ала жүгірген қарсы қауым болмаса да, Козлов дейтін депутат «арамызда Е.Рахмадиев, Ә.Сығай дейтін ұлтшылдар пайда болды» деп өзінше сынаған еді. Бұл турасында біз жоғары деңгейде жауап берген болатынбыз. «Қазақ тіліне деген оң көзқарасты тиісінше ағарту министрлігі, идеологиялық министрліктер қолдамаса, басқа кім қолдайды?» – деп сөз сөйлеген едім кезінде. Қазіргі министрлердің ісін кім білсін?!. Орыс тілін қосақтау керек деп министрлікті ешкім зорлап жатпаған шығар. Бүтіндей бір елдің Астанасында, Елордамызда қазақ тілі қасқайып тұрса, оның несі айып? Қазақ тілінде жазулы тұрған сөзді түсінбей ме? Оған қазір қандай шара қолдану керектігін де білмеймін. Менің қолымнан келсе, қайта орыс тілін тұрған жерінен жұлып алып тастар-ақ едім. Жазудайын жазасың, айтудай-ақ айтасың, жүзеге аспаған соң күйінгеннен басқа не жасай аламыз? Түсінбейтінім сол, 20 жылдан кейін қайта орыс тілінде жазып қою қандай қажеттіліктен туындап отыр екен? Бұның басы сол жоғары жаққа тәуелді болып тұр ғой. Жалпы, қоғамда күйінетін жайттар көп. Оған ықпал етуге қолымыздың жетпей жатқан жайы бар.
Еркежан ЖҰМАТАЙ