ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПӘНІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПӘНІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПӘНІ АУАДАЙ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
193

Алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы басталғалы бір айдай уақыт.  Бұл уақыттың оқушылар мен білімгерлер үшін қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті. Бұған дейін бірнеше мәрте баспасөз бетінде мәселе етіп көтергеніміздей, балабақша, мектеп, жоғары оқу орны қабыр­ғаларында «Ұлттық мәдениет» пәні оқытылуы тиіс-ақ. 

Ауылдан қалаға енді ғана келген албырт жастарды өздерінің арбауына түсіру үшін айт, ораза мерекелерінде жатақханаларда дастархан жайып, уағыз айтушы топтардың көбейіп кететіндігін талай көзіміз көрді. Ашқұрсақ студенттер қауымы аста-төк дастарханға мәз-мейрам болып отырып, руханиятқа су­сап жүрген жастар өздерінің қандай бағытта кеткендіктерін де аңғармай қалатын болса керек. Бұл уағыздарға оңайлықпен илікпейтін келесі бір топ «өз еркім өзіме тиді» деп қалалық өмірдегі «қаңғыруды» бас­тап кеп жібереді. Осы екеуінен де әлдеқайда оқ бойы озық тұрған жол бар екендігін айтатын ұстаздар қауымының да сирек кездесетіндігі көңілге кірбің ұялатады. Ол жол – ұлттық құндылықтарымызбен сусындап, ата-бабаларымыздың салып кеткен сара жолы негізінде рухани кемелдікке ұмтылу. Бұл тарапта, «Ұлттық мәдениет» пәнінің көмегі аса зор болмақ. Бұл пәнді қатардағы көп пәндерге қоса салмай, балабақшадан мектепке өтерде, сыныптан сыныпқа ауысқанда, мектептен жоғары оқу орнына тапсырарда, әсіресе, шетелге шығатын жастарға арнайы емтихан ретінде тапсыруды міндеттеу қажет. Осы күні ағылшын тіліне басымдық берілуде. Жөн-ақ. Оның әлемдік ғылыми әрі мәдени жетістіктерді иг­еру үшін аса маңызды қадам екенін жоққа шығарудан аулақпыз. Әйтсе де, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, рухани дамымаған жастар ілім-білімін қай тарапта жұмсайды? «Тәрбиесіз берілген білім адам­заттың қас-жауы» дегенді әл-Фараби бабамыздың өзі айтып кеткен жоқ па? Рухани және материалдық байлық құстың қос қанаты тәрізді. Осы екеуінің біреуі бірінен кем түссе, жас талаптың алысқа самғауға дәр­менсіздік танытары аян. Мысалы, елімізде қаншама ауқатты аза­маттар бар. Бірақ олардың кейбірі шетелге көшіп кетуге, өз ұлт­ының тағдырына немқұрайлы қарауға бейім. Неге? Өйткені оларда ұлттық сана-сезім кемшін. Кез келген мәселеге ұлт, мемлекет мүддесі тұр­ғысынан қарай алмайды. Ондайлар өз перзенттерінің қандай ұлт ретінде қалыптасатындықтарына да бас ауыртпайды. Мұстафа Шоқайдай азаматтар шетте жүрсе де, ел игілігі үшін ең соңына дейін күресіп кеткен жоқ па? Ал кезінде Алаш Орда үкі­метін қазақтың мықты байлары қаржыландырып тұрғандығын қазір жиі айтып жүрміз. Бір өкініштісі, қазір әртүрлі ұлттық ірі жобаларды, жас таланттарды қолдайтын Атымтай Жомарттарды шам алып іздесеңіз де таппайсыз. Қара бастың қамынан аспайтындарды Ұлы Абай «өзі үшін оттаған хайуанмен тең» дейді. Расында солай. 

«Ұлттық мәдениет» пәні қа­лай оқытылуы керек?» деген мә­с­­елеге аз-кем назар аударсақ. Әр жа­сқа тән баланың өзіндік қа­был­дау қабілеті ескерілуі тиіс. Мұн­да бізге халқымыздың бай педагогикалық тәжірибесі көмекке келеді. Жаңа туған сәби әуелі бесік жырымен әлдиленеді. Одан кейін нәресте құлағына әртүрлі ұлттық аспаптардың, әсіресе, домбырада орындалатын күйлердің дыбысы сіңірілуі тиіс. Сосын ертегі тыңдай алатын жасқа келгенде ертегілерді баланың жас ерекшелігіне орай ата-ана сұрыптап тыңдата білуі қажет. Бұл – балабақша мұғалімдері мен ата-аналардың бірлесіп атқаратын ал­ғашқы сатысы. Бұл кезде ата-анаға «Электронды қазақ үй» жо­басының көп көмегі тимек. Электронды ойыншық киіз үйдің ішінде бесік жырларынан бастап, қазақ күйлері, ұлттық классикалық әндеріміз, мазмұны терең ертегілер орын алған. «Өнер» баспасынан «Ұлттық мәдениет» деп аталатын 1-4 сыныптарға (бастауыш сыныптар) арналған оқу құралдары мен әдістемелер жарық көрген екен. Оқу құралдарында қазақы ұз­ындық өлшемдері (сүйем, қарыс, құлаш және тағы басқа), қазақы көлем өлшемдері (шымшым, шөкім, уыс және тағы басқа), жеті ата ұғымдары, дене мүшелерінің атаулары, төрт түліктің төлдерінің атаулары және тағы басқа құнды материалдар суреттерімен көрсетіліп, ұғынықты тілмен жазылған. Дұрыс қолданып, балаларды қызықтыра білсе, электронды киіз үйдің бастауыш сыныпта да пайдасы зор-ақ. Орта мектептің жоғары сыныптары мен университеттерде көшпелі қауымның адамзат өркениетіне қосқан үлесі, философиялық ойлау ерекшеліктері, ою-өрнектер мен таңбалардың семантикасы, түрік дүниесіндегі ұлы тұлғалар мен олардың еңбектері, көшпелі жұрттардың космогомиялық дүниетанымы, көне түрік жазуы, сан салалы этнографиялық дәстүрлердің мән-мазмұны және тағы басқа мәселелер оқытылса, жас толқынның өз ұлтына деген махаббаты арта түсері, патриоттық сезімі бойын кернері анық. 

«Ұлттық мәдениет» пәні –бала­бақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін жастардың бойындағы мемлекетшілдік әрі ұлтшылдық қасиеттерді арттыратын, ата-баба мұрасын танытып, болашағына бағдар жасайтын бірегей жоба.

Арман ӘУБӘКІР 

Серіктес жаңалықтары