КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН КҮНГЕЙ

КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН КҮНГЕЙ

КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚАНАТ БІТІРГЕН КҮНГЕЙ
ашық дереккөзі
189

Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлерге қолдау көрсету, үдемелі-индустриалдық бағдарламаны жүзеге асыру бойынша республикада алдыңғы орындарда келеді. Мәселен, биыл “Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы” 7439 кәсiпкерге көмек көрсетсе, “Максимум” АИО арқылы 2,4 млрд. теңгелік 776 жоба қаржыландырылып, 587 жұмыс орны ашылған.

Өңірге 147,4 млрд. теңге инвестиция тартылып, 117,2 пайызға артқан. Бұл туралы таяуда облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХХ сессиясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді. Алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар жөнiнде есеп берген ол Шымкент қаласы аумағының кеңейіп, халық санының көбеюіне байланысты шаһарда жаңадан төртінші аудан ашылатынын да айтты.

– Бүгiнде жаңа әкiмшiлiк-iскерлiк орталықтың құрылысы жүргiзiлуде. Онда көпқабатты тұрғын үйлер, облыс мәслихаты мен облыс әкiмi аппаратының, облыстық басқармалар ғимараттары бой көтеруде. Жаңа орталыққа қазақ драма театры да көшіп келеді. Жеке инвестициялар есебiнен жаңа 8000 орынды мешiттiң iргетасы қаланды. Жақында Шымкент агломерациясын дамытудың iс-шаралар жоспары қабылданды. Жоспарды Елбасы қолдады. Осыған сәйкес жақында Шымкентте жаңадан төртiншi аудан құрылады, – дедi Асқар Исабекұлы.

Облыс басшысы өзге салалардағы жетістіктерге де тоқталды. Жыл басынан берi өңiрде 276,3 миллиард теңгенiң өнеркәсiп өнiмi өндiрiліп, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20,3 миллиард теңгеге артқан. 7 айда өңдеу өнеркәсiбiнде өндiрiлген өнiм көлемi 183,2 миллиардқа жетіп, аталған көрсеткiштiң өсiмi бойынша Оңтүстiк Қазақстан республикада төртiншi орында тұр. Үдемелi индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында биыл облыста 41 жобаны iске қосып, 3,1 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, ол ойдағыдай атқарылуда. Бүгінде құны 5,4 миллиард теңгенi құрайтын 5 жоба iске қосылса, қалғандары жыл соңына дейiн толығымен жүзеге асырылмақ. Ал «Оңтүстiк» индустриалды аймағында 15 жобаны iске қосу бойынша жұмыстар кестеге сәйкес жүргiзiлуде. Жуырда Түркiстан қаласында индустриалды аймақ iске қосылса, Кентауда да осы бағытта жұмыс атқарылуда. Тағы 7 аудан, қалада индустриалды аймақтардың құрылысы басталған. «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 50,7 миллиард теңгенiң 93 жобасы мақұлданса, Малайзия, Индонезия, Оңтүстiк Корея елдерiнде инвесторлармен кездесу ұйымдастырылып, өңiр экономикасына жалпы 147,4 миллиард теңге инвестиция тартылған. 

Мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған бағдарламасын орындауға да баса мән берілген.

– Атакәсіпті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Мал бордақылау алаңдарын ашу және тауарлы-сүт фермаларын көбейту арқылы тек экономикалық қуатымызды арттырып қана қоймай, тұрғындарды жұмыспен қамтимыз. Жыл басынан берi бағдарлама аясында 1400 жобаға 3 миллиард 800 миллион теңге несие берiлдi. Демек, 1400 жанұя өздерiнiң отбасылық бизнесiн бастады, – дедi өңір басшысы.

Ағымдағы жылы өңiрде 71 балабақша мен шағын орталық ашылып, мектепке дейiнгi бiлiм беру мекемелерiнiң саны 1 327-ге жетiп отыр. Бүлдiршiндердiң балабақшамен қамтылу көрсеткiшi 68,4 пайызды құраған. Жалпы, облыста 112 бiлiм мекемесi ғимараттарының құрылысы жүргiзiлiп, біразы пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау саласына келсек, облыста 71 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның бірнешеуі ел игілігіне берілген. Ана өлiмiнiң көрсеткiшi 19 пайызға азайып, 13,1-дi құрады. Бала өлiмi 6,7 пайызға азайған. 

Ауыл шаруашылығында да ілгері басушылық бар. Жалпы өнiм көлемi 3,6 пайызға артып, 74,5 млрд. теңгені құраса, егiс дақылдары 794 мың гектарға егiлiп, 20 мың гектарға артты. Алты айда 1,2 млн. тонна көкөнiс пен бақша өнімдері жиналды. 4,2 мың азамат атаулы әлеуметтiк көмек алған. 

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша 15,5 мың адам еңбекке тартылып, 11833 жұмыс орны ашылды. Бұл республикалық көрсеткiштiң 1/3 бөлiгiн құрайды. 

Оңтүстік – қазақ мәдениетінің орталығына айналып келеді. Бүгінде Шымкентте облыстық драма театры, облыстық салтанат сарайы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, салт-дәстүр орталығы, этно-саяжайдың, көркемсурет галереясының жаңа көрме залы құрылысы аяқталып, iске қосылуға жақын тұр. 6 ауылда мәдениет үйiнiң құрылысы жүргiзiлуде. Спорттық нысандар саны да арту үстінде. Шымкент қаласында жоғары шеберлер мектебi, Түркiстанда жүзу бассейнi, Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен спорт кешенi жұмысын бастады. Қазір көркем гимнастика кешенiнiң, байдарка (ескек есу) және 6 спорттық комплекстiң құрылысы жүргiзiлуде. Міне, осындай қолдаудың нәтижесінде облыс спортшылары Азия чемпионаттарында 23 алтын, 19 күміс және 7 қола медальге қол жеткізсе, осы уақыт арасында өткен Әлем чемпионаттарында 3 алтын, 1 күміс және 5 қола медальға ие болды.

2014 жылы 29 ауызсу, 47 газбен жабдықтау нысанының құрылысы жүргiзiлiп, 65 елдi мекендегі 218,2 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады. 305,8 шақырым жол жөнделуде. Жалпы 186 нысанға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. «Қолжетiмдi тұрғын үй – 2020 жылы» бағдарламасы аясында 2014 жылы 84 тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiлiп, 30 тұрғын үй (1004 пәтер, 59,2 мың шаршы метр) пайдалануға берiледi.

Қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру бағытында да ауқымды жұмыстар бар. «Жасыл аймақ» iс-шарасына сәйкес 3532,9 га жерге 1,5 млн. түп ағаш көшеттерi отырғызылды. 13 тұрмыстық қалдық тастайтын полигонның құрылысы жүргiзiлуде. 

Түрлі салада өсімге қол жеткізіп отырған оңтүстікте әлі де шешімін таппаған түйткілдер баршылық. Бұл мәселелер бойынша облыс әкімдігі жүйелі жұмыстарын жалғастырады. Даму кепілі – тынымсыз еңбек. 

 Ғабит САПАРБЕКОВ 

Серіктес жаңалықтары