ІЛГЕРІ БІР БАСПАҒАН ІС

ІЛГЕРІ БІР БАСПАҒАН ІС

ІЛГЕРІ БІР БАСПАҒАН ІС
ашық дереккөзі
282

Қазақ тілінің бүгінгі қолданысының дамуы жедел, келешегі кемел болмай тұрғандығын айта-айта айналадағы елдерден ұят болды. Мемлекеттік тілдің өз деңгейінде мәртебе ала алмай отырғандығын қоғамдағы болып жатқан әр істен аңғаруға болады. Бүтіндей бір мемлекет ретінде іркілген тұсымыз осы болып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілді өңірлердегі іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіруді тапсырғалы қашан. 

  «Қазір қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшу керек. Бізде қазақ тілін меңгерген халқы аз өңірлер бар, бұл жерлерде екі тілді саясат сақталуға тиіс, алайда қазақтілді халқы басым ауылдарда іс жүргізуді қазақ тілінде енгізе аламыз», – деген еді Елбасы біраз жыл бұрын. Қазақ тілінің қол­данысы ісқағаз жүзінде де толыққанды жүргізіліп отырмағандығын әркім біледі. За­манында Сәкен Сейфуллин: «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды», –  деп дабыл қаққан еді. Оны қолға алудың сәтін күткеннен басқа амал қалмағандай. Өйткені қазақ тіліндегі ісқағаздардың жүр­гізілуі мекемелердің (мемлекеттік, жекеменшік) ұятына байланысты болып отыр. Бір қайғысын қозғасаң, мың қайғысы шығатын ісқағаздардың қазақ тіліндегі қолданысы ең алдымен маман тапшылығының жоқтығы, одан қала берді ЖОО-да аталмыш салаға қатысты пәннің жаппай оқытылуына жағдайдың жасалмауында болып отыр. 

        Нұрғиса Төлепберген: 

 – ХҚКО-да мемлекеттік тілдің хәлі мүшкіл. Таяуда Астана қаласының Алматы ауданына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығына бардым. Сөйтіп мекен-жай анықтамасын беруін өтіндім. Бірақ қызметкерлер орыс тіліндегі нұсқасын ұсынды. “Мемлекеттік тілдегі нұсқасы жоқ. Тек орысша толтырасыз” деп қарап тұр. Қазақ тіліне қатысты осындай жағдайлар өзге де орталықтарда толып жатыр. Сонда бұл қалай болғаны? Бір парақ қағазды ана тілімізде толтыра алмаймыз. Сұрасақ бұлқан-талқан болады. Егер біздер өз елімізде жүріп, ана тілімізді керек етпесек оны кім керек етсін?!», – дейді. Яғни қазақ тілінде іс жүргізуші мамандардың жоқтығынан орыс тіліндегі көшірме нұсқалардың қолданысы іске жарап, одан басқа жол қарастырылмай отыр деген сөз. Көптеген мекемелердегі қазақ тілінің тілдік қолданысының (ауызша, жазбаша) сиқы осындай. Осыған қатысты жайттарды түбегейлі қайта қарастырып, қазақ тілінің қолданысын жүргізуге нақты шаралар қолданатын, іске асыратын мезгіл жетті. 

Шаһарман Гүлжихан, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:   – «Біз қатарынан екі жыл «Іскери қазақ тілі» пәнін енгізген болатынбыз. Оның алдында пән атауы «Мемлекеттік тілде іс-қағаздар жүргізу» деген атпен оқытылған болатын. Пән атауының өзгеруі біріншіден, мемлекеттік тілде ісқағаздарды жүргізу тек қағаздардың үлгісін толтырумен шектелетін болса, іскери қазақ тілінде ау­қымы кеңінен қарастырылады. Мысалы, ресми түрде жиналыстарды өткізу, адам­дарды қабылдау, қызметтік хаттарға жауап беру, олардың реттелуі, қазақ тілінің тілдік қолданысын ауызша, жазбаша түрде сауатты жүргізу сияқты бірнеше қыз­меттерді меңгеруге негіздейді. Аталмыш пән еліміздегі ЖОО-да мемлекеттік стан­дартқа енгізілмеген. Оның аясы тек оқытудың қосымша түрімен шектеледі. Соған қоса, бұл пән бар болғаны бір ғана кредит санын құрап отыр (соңғы оқытылған 2 жыл бойынша). Биылғы оқу жылында басшылықтан іскери қазақ тілі пәніне екі кредит бөлуін сұрап отырмыз. Осы ретте ректорға қызметтік хат жаздық. 2009 жылы 29 маусымда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 110 жарлығы бойынша ҚР-да тілдерді қолдану мен жетілдірудің мемлекеттік арнайы бағдарламасы қабылданған болатын. Соған сәйкес, қазақ тілін оқытумен қатар, меңгеру, қоғамның бар саласында бірдей қолданысқа енгізу, ісқағаздардың жүргізілуін қалыптастыру үшін іскери қазақ тілі сияқты пән қажет. Бүгінгі күні экономиканың, қоғамның дамуы негізінде іскер адамдардың саны артып келеді. Белгілі бір мемлекеттік мекемеде жұмысты басқару да іскерлік болып саналады. Сондықтан да, мемлекеттік тілдегі ісқағаздардың жүргізілуін жете меңгерудің ешқандай артықшылығы жоқ. Бұл салаға ең алдымен мемлекеттік қолдау керек. Сондай-ақ, министрлік бекіткен бағдарламаға міндетті пән ретінде кіруге тиісті. Бұл пәнді барлық мамандық иелері оқуға міндетті емес деген ойдан арылуға тиіспіз. Қандай саланы меңгеріп шыққан маман болса да, оның іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізе алмауы, білмеуі таза сауатсыздыққа әкеліп тірейді. Баршаңызға мәлім, мектеп қабырғасында ісқағаздардың жүргізілуі үйретілмейді. Ол турасында оқытуға тиіс ЖОО-да бұл пәннің толық ауқымды түрде ақпарат беруге дәрменсіздігін оның кредит санының аздығынан бағамдай беріңіз. Осыдан келіп, ісқағаздар жүргізетін білікті мамандардың жоқтығы білінеді. Бұл пәннің аясы кеңейсе, іс жүргізуші мамандарды даярлап, оның теориялық, практикалық курсын дайындап, жұмыс жүргізуге толығымен қабілеттіміз. Оған жетудің басы бұл пәнді жаппай оқытуға көшіп, сол арқылы осы салаға қызығушылық танытқан жастарды арнайы дайындасақ, ісқағаздардың қазақ тіліндегі қолданысына жасалған жақсылықтың басы болып, болашағына сеніммен қарайтындай күйде болар ма едік. Тіпті, іскери қазақ тілі пәнін жақсы меңгерген мамандарды арнайы сертификаттармен марапаттауды да ойластыруға тиіспіз. Жас­тарға осындай мүмкіндіктер беру арқылы бүгінгі қоғамда орын алған олқылықтардың орнын толтырып, өзгеріс алып келетін білікті, сауатты мамандар дайындауға көңіл бөлу керек. Ол үшін ең алдымен, ЖОО-на толыққанды жол ашып, жағдай жасалынса, ісқағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі, қолданысының ертеңі әлдеқайда оң жолға түседі. 

Сембаева Айгүл, филология ғылым­дарының кандидаты, доцент: 

– Кез келген мекемеге барсақ, көп жағдайда қолымызға ісқағаздардың орысша үлгісін ғана ұстатады. Қазақша үлгісін сұра­ған жағдайда оның жоқ екендігін алға тартады. Айтатын сылтаулары, бізде қазақ тілде ісқағаздарды жүргізетін мамандар жоқ, министрліктен осы күйінде келген я болмаса, аударатын маман тапшы деп шығарып салады. Көпке топырақ шашуға болмас, «Қазпочта», «Халық банкінде» ісқағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі көңіл көншітеді, жақсы жолға қойылған деп айтуға негіз бар. Сонымен қатар, әскери мекемелерде де ісқағаздардың қазақ тіліндегі нұсқасынан кінәрат таба алмаймыз. Негізі ісқағаздар стилі аяғынан енді ғана тұрып келе жатқан, жаңа бағытқа енді түскен жас сала. Осы салаға қатысты зерттелген ғылыми негіз болмай, ісқағаздардың бір­ден қазақ тілінде жүргізілуіне көше алмаймыз. Әсіресе, ісқағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі бойынша сабақ беретін мұғалімдер біржақты жүйеге келмеген мәселелермен күресіп әлек. Нақтырақ айтқанда, ісқағаздарға қатысты бірізділік қалыптаспай тұр. Бұл сала толықтыруды қажет етеді. Әуел баста ісқағаздардың мем­лекеттік тілде жүргізілуі үшін қазақ тілі қабілетсіз деген солақай пікірлер орын алғандығын білеміз. Қазір сол орын­сыз ойды жоққа шығаратындай іс жүзінде әрекет етіліп жатыр. Соның бірі елі­міздегі ЖОО-да ісқағаздар стиліне арналған сабақтар ашылып, жас мамандар оқытылуда. Десе де, аяққа тұсау түйткіл көп. Осы салаға қатысты авторлардың жекелей кітаптары әртүрлі нұсқалардың санының артуына себепкер болып отыр. Дәріс оқитын мамандар өздеріне қажетті мәліметтерді толық таппаған соң, әртүрлі нұсқалардың басын құрап, толықтырып, жеке қарастырады. Сөйтіп, альтернативті оқулықтар шығып жатыр. Ісқағаздар стилінің қалыпқа келуіне уақыт керек. Соған қоса, ресми түрде арнайы бекітілген құжат керек. Қазіргі ісқағаздарды жүргізіп отырған филология мамандары, оның ішінде қазақ тілін бітірген мамандар болғандықтан ісқағаздардың өзге салаларда жүргізілуін (мұнай, әскери) толық меңгермегендіктен, салаға нақты тереңдей алмай жатады. Айналып келгенде ісқағаздардың қазақ тіліндегі қолданысына мемлекет тарапынан талаптың жоқтығы басты себеп болып отыр. 

Кенжетай Күркебаев, филология ғылымдарының кандидаты, доцент: – Тәуелсіз әрбір мемлекеттің қызметтік сала­сының бір көрінісі құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуі арқылы анық­талады. Бұл саламен арнайы іс-қағаздар бөлімі айналысады. Негізінен құжаттану саласы ісқағаздың бірінші ақпараттық қажеттілігімен қатар құқықтық тұрғыдан ақпаратты дәйектей отырып, оның жарамдылығын, құқықтық сипатын нақтылайды. Ал лингвистикалық жағына келетін болсақ, стандартты нұсқамен ғана жүруіміз керек, оның жарыспалы нұсқалары болмауы тиіс. Сөздер тура, анық, айқын мағынасында қолданылуы лазым. Шартты белгілерінің барлығына түсініктеме берілуі керек. Қазақ тілінде ісқағаздардың жүргізілуінде түйткілдер аз емес. Әңгіменің басы мекемелердегі ісқағаздар ісін кімдердің жүргізіп отырғандығында болып отыр. Неге екені белгісіз, бұл қызметті белгілі мекеме қызметкері жүргізбейді. Негізінен қолға алуға тиіс ісжүргізуші мамандары еді. Көп меке­мелерде қызмет жүйесі елу де елу дейтін тіл саясатының шеңберінде қағаз жүзінде ғана жазып отыруымен шектелуде. Ал тиісті толтырылып жатқан келісімшарт қай тілде жазылып жатқандығына көңіл аударатындар жоқтың қасы. Оның ішінде әрине, қазақ тілінде құлық танытқандар саны аз болып келеді. Алдарына бер­іл­ген орысша үлгіні іске жарататындығы да шындық. Шынайы статистикалық ақпарат жүргізетін болсақ, ісқағаздардың көп бөлігі тек орыс тілінде екендігін көруге болады. Екінші, мәселенің дауын ушықтырып тұрған нәрсе, жекеменшік мекемелер мен мемлекеттік мекемелердің жұмыс жүргізу жүйесі ала-құлалықтарға толы. Арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Мемлекеттік мекемедегі іс­қағаздардың жүргізілуіне жоғары жақтан талап қойылғандықтан, тексерулердің нәтижесінде ғана екі тілде жазылып жүр. Ал жекеменшік компанияларға барып көретін болсақ, ол жерден ісқағаздардың қазақша үлгісін тіптен таба алмайсыз. Себебі оларда қазақ тіліндегі іс-қағаздар мүлде жүргізіліп отырған жоқ. Егер ісқағаздардың қолдану қызметіне мән беретін болсақ, оған ар­найы комиссия құру, я болмаса топтық жұмыс арқылы арнайы мекемелерге тексеру жүргізу негізінде амал қолдануға болады. Сонда ғана мекемелерде қазақ тілінде ісқағаздардың қанша пайызы жүргізіліп жатқандығына куә боламыз. Өзіміз үшін ондай статистика да жүргізген болатынбыз. Белгілі бір мемлекеттік мекемеге келген қызметтік хаттарды (сұраныс хат, өтініш хат, ресми хат, ақпараттық хат) 2011 жыл­дың қараша айында санаған уақытта барлығы 211 құжат түссе, соның тек қана 25-і қазақ тілінде ғана жүргізілген. Ал, орыс тілінде 183 құжатты құраса, қалғаны басқа тілдерде келген. Бүгінгі уақытта ісқағаздардың үлгісі біршама қалыпқа келген деп айтуға толық негіз бар. Оның үлгілері арнайы оқу құралдарында да ұсынылып жүр. Мысалы, менің автор­лығыммен шыққан «Ісқағаздарын жүргізу» кітабында да қызметтік хаттың он сегіз түрі көрсетілген. Осы сияқты үлгілерді авторлардың қарастыруымен жинастыра отырып, үлгі бойынша ситуациялық жағдайға негіздеп шығарып отырмыз. Қазақ тіліндегі ісқағаздардың дұрыс жүрмеуі көптеген мемлекеттік мекеме басшыларының назарына ілікпей отыр. Ең басты мәселе ісқағаздардың үлгісінің жоқтығында емес, оның тікелей қол­данысында болып отыр. Кез келген өтініштің, өмірбаянның, сенімхаттың, еңбек келісімінің, келісімшарттың кез келген мекемеде орысша және қазақ тіліндегі нұсқасы тұр. Қазақ тіліндегі нұсқасы тұрғандығымен оның пайдасы да шамалы. Себебі оны пайдаланушылар саны аз. Меніңше, әкімшілік тарапына осы мә­селені көбірек қою керек. Бұл түйткілдің шешімін тек бір ғана лингвистер таба алмайды. Меніңше, мекемені басқарып отырған әкімшілік тарапынан жасалуға тиісті іс. Ісқағаздар жүргізуде терминдердің варианттылығы бар болғандығымен оны көп деп айта алмаймыз. Ісқағаздардың үлгісін интернеттен қарай салу арқылы ең көп жазылатын құжаттың түрі түйіндеменің өзін әр адам әртүрлі жазады. Тіпті, ондағы негізгі мәліметтерді қалдырып кетеді. Бірін жазса, бірін жазбай, қосымша мәліметтерді қалдырып отырады. Ісқағаздардың қазақ тілінде жүргізілуі үшін, оның тілдік қолданыс аясын кеңейту үшін нақты шаралар қажет. 

Дайындаған

Еркежан ЖҰМАТАЙ

Серіктес жаңалықтары