ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ БАС ҚОСҚАН ТҮРКІЛЕР

ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ БАС ҚОСҚАН ТҮРКІЛЕР

ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ БАС ҚОСҚАН ТҮРКІЛЕР
ашық дереккөзі
273

9 қыркүйектен бері Қырғызстан­ның Шолпаната қаласында І Бүкіл­әлем­дік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Ойындар 14 қыркүйекте аяқталады. Іс-шараның басталар алдында алыс-жақын мемлекеттің басшылары, халықаралық және ұлттық бұқаралық спорт ұйымдарының жетекшілері ұйымдастыру комитетін, жалпы қырғыз халқын Көшпенділер ойын­дарының басталуымен құттық­та­ды. Мемлекет басшыларынан бірін­ші болып Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың құттықтау хаты келді.

Елбасының құттықтауында «Бүкіл­әлемдік көшпенділер ойындары – көшпенді халықтың рухани құндылықтарын сақтауға бағытталған бірден-бір ойын. Сіздер өз халықтарыңыздың тарихи-мәдени мұрасын сүйетін мәдениет саласының жарқын өкілдерісіздер. Осындай іс-шаралар түркі әлемі халықтарының басын біріктіреді, генетикалық жадтың жандануына сеп болып, жалпы тарихи сананы қалыптастырады», – делінген.

Бүкіләлемдік ойындардың мақсаты – аймақтағы қарым-қатынастарды, түркітілдес елдердің ауызбірлігін нығайту, көшпенді елдер мәдениетіне және салт-дәстүріне негізделген идеологияны дамытуға жаңа серпін беру.

 Көшпенділер ойындарына Қазақстанның ресми делегациясын Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы бастап келді. 

Көшпенділер ойындарының Қырғызстанда өтуінің қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдастырушылар бөлінген қаражатты талан-таражға салуда деген қауесет тараған. Бұл өлкенің ішкі және сыртқы дұшпандарының ойлап тапқан жаласы екені белгілі болып отыр. 8 қыркүйекте Шолпанатада, Ш. Айтматов атындағы «Рух Орда» мәдени орталығында баспасөз өкілдерімен өткізілген пікір алысуда Арыстанбек Мұхамедиұлы ойындардың ойдағыдай өтуіне ізгі тілегін білдіріп, «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалды тілге тиек етті: «Егер қырғыздардың өз адамдары сондай жалған сөздерді айтса, олар – «қояндар», ал енді сіздер, қырғыздар, намысқа тырысып, ерліктеріңізді көрсетіп, осы ойын­ды жақсы өткізіңіздер», – деген қалауын айтты.

Көшпенділер ойындары Ыстықкөл облысының үш жерінде өтуде. Шолпаната қаласындағы ат майданында, «Рух Ордада» және Қыршын жайлауында. Ашылу салтанаты Шолпан­ата қаласындағы ат майданында 9 қыркүйекте, кешкі сегізде басталды. Бұрынырақта белгіленгендей, таңертең басталмағанының себебі, ат майданын оңдап-түзеу жұмыстары сол күні кешке қарай әрең бітірілгенінің куәсі болдық. Дегенмен Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өте жоғары дәрежеде өткені бұл кемшілікті жуып кетті. Ойындар жаңа заманауи теледидар технологияларын (3D форматында) қолдану арқылы көрсетілді. Ойындарға қатысатын барлық мемлекеттердің (Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Ресей, Қытай ж.б.) делегациялары ел алдында шеру жасап, ең соңынан қырғыз командасын президент Алмазбек Атамбаев өзі бастап шықты. Одан соң Қырғыз президенті мінберге көтеріліп, құттықтау сөзін айтты. 

 Көшпенділер ойындарының ең сүбелісі Қыршын жайлауында өтіп жатқан түркі халықтарының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарының көрмелері және театрландырылған қойылымдары («Бесікке салу», «Шаш өру рәсімі», «Ерулік», «Киіз үй тігу», «Құда түсу», «Қыз ұзату», «Келін түсіру», «Ала киізге хан көтеру») болып отыр. Жайлауға алты қанат үш жүз үй тігілген және дала сахнасы тұрғызылған.

Ойындар бағдарламасында асық ату (ордо), тоғызқұмалақ (тогуз коргоол), қазақ күресі, қырғыз күресі, алыш (алысу-күрестің түрі), көкпар, аударыспақ, теңге алу (тыйын эңмей), аламан бәйге, құнан бәйге, ат жарыс­тары, салбурын (құс салу, тазы салу) ойындары қамтылған.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ, 

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі

Серіктес жаңалықтары