ЖОҒАРҒЫ СОТТАР ЖАУАП ІЗДЕЙДІ

ЖОҒАРҒЫ СОТТАР ЖАУАП ІЗДЕЙДІ

ЖОҒАРҒЫ СОТТАР  ЖАУАП ІЗДЕЙДІ
ашық дереккөзі
203

Өткен аптада Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағалары кезекті кеңес өткізді. Осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған кеңестің тарихы сонау 2006 жылдан бастау алады. Сол жылы Қытай Халық Республикасы Бас судьясы, Жоғарғы Халық Сотының төрағасы Сяо Ян мырзаның бастамасымен алғашқы кеңес шақырылған болатын. Одан бері кеңес отырыстары Санкт-Петербург, Мәскеу, Бішкек, Душанбе, Ташкент, Пекин қалаларында өткізілген. Ал Астана осымен екінші рет осы кеңеске төрағалық етіп, төрін ұсынды.

Қазақстан Жоғарғы Сот төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен кеңеске мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков арнайы қатысып, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың құттықтау сөзін оқыды. Елбасы Шанхай Ынтымақтастық ұйымының аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде айтарлықтай ықпалы бар екенін айта келіп: «Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сот органдарының құқықтық ақпарат алмасу, адам құқықтарын қорғау және құқық үстемдігін нығайту саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне айрықша назар аударып келеді»,– деген.

Мемлекетаралық деңгейде жоғары мәртебелі судьялар тауар­лар­дың кедендік құнын анықтау, неке және отбасы, бала асырау мәселелері бойынша өзекті тақы­рып­тарды талдады. Мысалы, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Сот төрайымы Ф.Джамашева ханым өз баяндамасында Қытай азаматтарынан алимент өндіру мәселесінің қиындығын айтып, еларалық дау-дамайды қозғады. Төрайымның сөзіне жүгінсек, жыл сайын қытайлық азаматтар Қырғызстанға жұмыспен т.б. мақсатта сапарлатып келіп, жергілікті бойжеткендермен некеге тұрып, бала сүйіп, қызық көреді. Бірақ Отанына оралған кезде баласын қараусыз қалдырып кететін әкелер қатары артқан. Ал олардың соңынан қағаз жіберіп, алимент өндіріп алуға қырғыз соты қауқарсыз көрінеді. Себебі екі ел арасында мұндай мәселе жөнінде ортақ келісім жоқ. 

Осыған ұқсас жағдай ресей­лік­тердің басында да бар екен. Ресей мен Тәжікстан мемлекеттерінің Жоғарғы Сот төрағалары шетелдік азаматтармен некені бұзу, алимент өндіру мәселелерін бір ізге салу қажеттігі жөнінде айтып өтті. Мұндай мәселеге өзбек жағы ғана бас қатырмайтын секілді. Қалай дегенмен де, неке және отбасы тақырыбы бойынша ШЫҰ мүше мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағаларының түгел сөйлегенін жақсылықтың нышанына жатқызуға болар.

Бұдан бөлек Кеңесте сот шешім­дерін өзара тану, сот шешім­дерін орындау істері бойынша сот практикасынан тәжірибе алмасу, соттар қызметін жетілдіру және бағалау, соттарды теңгермелі басқару жүйесін құру, судьяларды іріктеу мен тағайындау жүйесі, сот төрелігінің ашықтығы, сот қызметінде ақпараттық-коммуника­ция­лық технологияларды енгізу тура­лы маңызды мәселелер талқы­ланды. Бұдан бөлек, терроризммен күрес жолындағы Жоғарғы сот судьяларының ролі арнайы семинар аясында сөз болды.

Жоғары лауазымды судьялар кеңес соңында бірлескен мәлім­демеге қол қойып, алда­ғы отырыстарға Шанхай Ынтымақ­тастық ұйымына бақы­лау­шы мемлекеттердің Жоғарғы сот төрағаларын шақыру жөнінде ұсынысты мақұлдады.

Гүлбиғаш ОМАР

Астана 

Серіктес жаңалықтары