ПАРСЫ ЕЛІМЕН ПАРАСАТТЫ БАЙЛАНЫС

ПАРСЫ ЕЛІМЕН ПАРАСАТТЫ БАЙЛАНЫС

ПАРСЫ ЕЛІМЕН ПАРАСАТТЫ БАЙЛАНЫС
ашық дереккөзі
324

Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Роухани Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл – Иран басшысының Қазақстанға ғана емес, Орталық Азияға алғашқы сапары. Елімізге алғаш аяқ басқан қадірлі қонақты Астана әуежайынан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Индустрия және даму министрі Әсет Исекешов күтіп алды. 

Ақордада бас қосқан екі ел президенті жеке кездесті. Ең алдымен Елбасы Н.Назарбаев Иран Ислам Республикасының президентіне елімізге жасаған алғашқы сапары үшін ризашылығын білдірді. «Екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту үшін сіздің бұл сапарыңыздың маңы­зы өте зор. Иран – әлемдегі аса ірі және маңызды әріптесіміз әрі Каспий жағалауындағы тату көршіміз», – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. 

Кездесуде өңірлік қауіпсіздік мәсе­лесі, сауда-экономикалық бай­ланыс, инвестициялық ынтымақ­тас­тық, мұнай-газ, энергетика, инфра­құрылымдарды дамыту, ауыл шаруа­шы­лығы мәселелері сөз болды. Ауғанстан, Ирак, Сирия, Ливан, Палес­тина елдеріндегі жағдайдың ушығуы да қос ел басшысының назарынан тыс қалмады. Екі жақты кездесуде Қазақстан мен Иран ара­сын­дағы тауар айналымының төмен деңгейде екендігі айтылып, болашақта тауар айналымының көлемін 5 есеге дейін арттыруға шешім қабылдады. Айта кетейік, 2014 жылдың алғашқы жартысында екі ел арасындағы сауда көлемі 509,7 млн. АҚШ долларын құраған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,9 есеге артқан екен. 

Биыл іске қосылады деп жос­пар­ланып отырған «Солтүстік-Оңтүс­тік» жаңа халықаралық темір жолы Қазақстан мен Иран арасындағы өзара сауда байланысын арттыруға септігін тигізеді деп болжануда. Бұл темір жол Қазақстанның «Өзен» стансасынан басталып, Ирандағы Горганға дейін жетеді. Бұл темір жолдың жалпы ұзындығы – 928 шақырым. Оның Қазақстанда – 146, Түркіменстанда – 700, Иран Ислам Республикасында – 82 шақырымы төселіп жатыр. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс пен ынтымақтастықты арттыру мақсатында екі ел басшысы «Қазақстан-Иран сауда үйін» ашу туралы келісімге келді. 

Ақордадағы екі ел басшысының жеке кездесуі аяқталған соң, қос пре­зидент ақпарат құралдарына арнал­ған баспасөз мәслихатын өткізді. Ел­ба­сы жоғарыда аталған мәселелерді қам­титын екі ел арасындағы «Жол кар­тасы» болатынын мәлімдеді. Жол кар­тасына қатысты басымдықтар анықталып, тиісті тапсырмалар берілгендігі де айтылды. 

«Біз Иран кәсіпкерлерін Қазақ­стан­ның ауыл шаруашылығындағы жо­баларын жүзеге асыруға қатысуға шақырамыз. Олардың тарапынан қазірдің өзінде қызығушылық бар. Тағы бір маңызды мәселе – көлік-транзит саласын дамыту жайы. Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағытындағы теміржолдың ашылуына байланысты біздің еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаятын болады. Сондай-ақ бұл қатынас жолы 10 миллион тонна жүк жеткізуге мүмкіндік тудырады. Осы жол арқылы Иран – Ресей мен Қытай нарықтарына, ал біздің еліміз өз кезегінде Парсы шығанағындағы барлық мемлекет­тер­ге шығуға мүмкіндік алады. Биылғы қараша айының басында ашылуы жоспарланып отырған осы магистраль екі­жақты және өңірлік сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге зор серпін береді», – деді Қазақстан Президенті.

Алдағы уақытта Қызылордада әйнек зауыты, Қостанайда глинозем өн­діріс, Қарағандыда металлургия зауы­ты салынбақ. Мұндай инвести­ция­лық жобалардың іске асуына Иран тара­пы да қатысатын болады. 

Ақордадағы кездесуде SWAP-операциялары арқылы мұнайды айырбастау мәселесі де шешімін тапты. Енді Қазақстан мұнайды Иран арқылы әлемдік нарыққа шығаратын болады. Сондай-ақ, өңіраралық, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, ақпарат саласындағы өзара ықпалдастықты жандандыру істері де талқыланды. 

Иранның ядролық бағдарламасы мәсе­лесі бойынша мемлекеттер «алтылығы» мен Иран арасындағы келіссөздер үдерісі де сөз болды. Осыған байланысты Қазақстан Прези­денті Иранға қатысты санкциялардың алынып тасталуы Иран халқының әл-ауқатының артуына, осы елдің экономикасы ұлғаюына да оң әсерін тигізетініне сенетіндігін айтып өтті. 

Қазақстан мен Иранды Түркі­менс­тан арқылы байланыстыратын халықа­ра­лық темір жолмен қатар автокөлік жол­дарына қатысты келіссөздер де бекітілді. Қазақстан президенті Н.Назарбаев салынып бітуге таяу қалған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің артықшылығын да Иранның пайдалана алатындығын, оның бұл елге Қазақстан арқылы Қытай мен Ресей нарықтарына шығуға мүмкіндік беретінін де атап өтті. Сонымен қатар, бұл көлік дәлізі екі елдің тауар айналымын жақсартуға да ықпал етпек. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017-2018 жылдары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу үшін Иран қолдау көрсететінін айтып, ризашылығын білдірді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесінде Иран белсенді қатысушы болып саналады. Сол себепті Елбасы Иран Ислам Республикасын Аста­на­дағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қаты­суға шақырды. «Біз Иран Прези­дентімен бірге Душанбеде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің отырысына, сондай-ақ 29 қыркүйекте Астраханьда болатын Каспий маңы мемлекеттері басшыларының төртінші саммитіне қатысамыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Келелі кеңесте екі ел басшылары бірлес­кен мәлімдеме қабылдап, бірқа­тар үкіметаралық келісімдерге қол қойды: ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ИИР Сыртқы істер министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы бесжылдық бағдарлама, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Иран Ислам Республикасы Үкіметі арасындағы жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісім, Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жол картасы. 

Иран Ислам Республикасы пре­зиденті Хасан Роухани Қазақ­станға шақырғаны үшін Елбасына алғыс білдірді. «Бұл біздің пі­кір алмасуға мүмкіндіктер туғы­затын, Иранда жаңа Үкімет өз жұ­мысын бастағаннан кейінгі төр­тінші кездесуіміз. Бүгін екі ел министрлерінің қатысуымен тиянақты келіссөздер өтті. Біз экономика, мәдениет, ғылым, туризм, сондай-ақ экстремизммен күрес салаларындағы екіжақты қаты­настардың барлық мәселе­ле­рін қозғадық. Сондай-ақ, Кеден одағының Иранмен ынтымақ­тас­тығы мәселесін де қарадық. Бұған қоса, енді университеттер арасындағы қатынастар жолға қойылуы керек», – деді ИИР президенті Хасан Роухани.

Екі елдің басшылары да қос мемлекеттің тату көрші екендігін айтып, болашақта да бұл серіктестік жалғасын табады деген сенім білдірді.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары