ТЕНТЕКТЕРДІ ТІЗГІНДЕЙ БІЛЕТІН ЖАПОНДАР

ТЕНТЕКТЕРДІ ТІЗГІНДЕЙ БІЛЕТІН ЖАПОНДАР

ТЕНТЕКТЕРДІ ТІЗГІНДЕЙ  БІЛЕТІН ЖАПОНДАР
ашық дереккөзі
530

Жапонияның Сот жүйесі

Жапонияда барлық деңгейдегі Соттар Жоғары сот құзырындағы тұтас жүйенің бөліктері болып табылады. Сот жүйесі Жоғары соттан, 8 аппеляциялық аудандық соттан, 50 жергілікті соттан, 50 отбасылық соттан, 438 әкімшілік соттан тұрады. Парламент сот құрылымдарына өзгеріс енгізу құқына ие болғанмен, сот жүйесін басқару міндетін Ата заң Жоғары соттың мойнына жүктеген. Сот төрағасын Министрлер кабине­ті­нің ұсынысымен император тағайы­ндайды. Қалған 14 судьяны Министрлер кабинеті бекітеді. Аудандық аппеляциялық соттар арыз-шағымдарды қарайды. Мемлекетке қарсы бағытталған қылмыстық істерді қараумен айналысатын бірін­ші деңгейлі сот болып табылады. Отбасылық сот 1949 жылы құрылған. Ажырасу, мұрагерлікке қатысты келіс­пеушіліктер, кәмелетке толма­ған­дардың (20 жасқа дейін) ісін қарау отбасылық соттың құзырында. Әкімшілік соттар 900 000 иенге де­й­інгі айыппұл шағымдарын қараумен айналысады. 

Жоғары сот төрағасын сайлау жалпыхалықтық референдум ар­қылы жүзеге асады. Бұндай референдумдар 10 жыл сайын өтіп тұрады. Аппеляциялық сот төраға­ларын Министрлер кабинеті тағайын­дайды. Жергілікті Соттар Әкімшілік соттардың үстінен бақылай отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға қатысты қозғалған істерді қарастырады. Жапонияның Ата заңының 4-бабы, 76-тармағында «Барлық соттар Ата заң мен заңдарға бағына отырып, өз арына жүгініп әрекет етеді» деп жазылған. 

Жапон полициясы


Жапон полициясының тарихы өте бай және бүгінде әлемдегі ең жетілген құқық қорғау органы ретінде белгілі. Қазіргі полиция жүйесі Эдо дәуірінде (1600-1868) құрылған. Оған дейінгі самурайлар заманында ұлттық сипаттағы тәртіп сақшылары болған. Токугава шйогун заманында самурайлар сыртқы қорғаныс пен ішкі істер жүйесінде қызмет еткен. Әр ауылдағы тәртіп сақшыларын да самурай басқарған. Ел тыныштығын күзететін бұндай топқа әрбір бес отбасынан бір адамнан кірген. Бұндай жүйе Жапонияда 200 жыл бойы орнығып тұрды. Осы кезеңде тәртіп бұзушылық ісіне оның бүкіл ауылы жауапты болған. Әр ру өз тентегін тізгіндеп отыруға міндетті болды. Мэйдзи кезеңінде полиция жүйесі де реформаланды. 1873 жылы Ішкі істер министрі лауазымы пайда болды. Полиция бекеттері осы министрлікке қарайтын. 

Жапон полициясына бір орталыққа бағынған жүйе тән. Бүкіл қоғамдық жүйе, бұқаралық ақпарат құралдарына дейін полицияның бақылауында болды. Қоғамдық ұйымдарды бақылауды күшейту мақсатында 1911 жылы арнаулы Жоғары полиция жасақталды. Оның құрылымы 1928 жылы кеңейтіліп, құқық қорғау органдарын жетілдіру жұмыстары ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде де жүріп жатты. 1947 жылы «Полиция туралы заң» қабылданды. Осы құжат негізінде 1600 жергілікті тәуелсіз полиция басқармалары пайда болды. Бұндай органдар тұрғын саны 5 мыңнан асатын аймақтарда ашылды. Шағын ауылдар «Ұлттық ауыл полициясы» деген мекемеге қарайтын болды. 1951 жылы «Полиция туралы заңға» өзгеріс енгізіліп, полиция жүйесін орталықтандыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі полиция жүйесі 1954 жылы қабылданған «Полиция туралы заң» негізінде жасалған. Префектуралық принциппен бөлінген жапон полициясында 220 мың қызметкер бар. Префектуралық басқарма тұрғындарға патрульдік қызмет көрсетеді. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі де префектуралық полицияның міндеті. Ал Токио полиция басқармасының функцио­налдық аясы кең, құзырына көптеген міндеттерді атқару жүктелген. Токио Эдо деп аталған кезеңде өрт сөндіруші мен тәртіп сақшысы қызметінің басын біріктірген Тоби деп аталатын қызмет түрі болған. 

Полиция жүйесі толығымен Ұлт­тық полиция басқармасына бағы­нады. Префектуралар бойынша 1250 аудандық полиция бөлім­дері орналасқан. Қаладағы кобан, ауылдағы чюдзайшйо деп аталатын 15 мыңға жуық полиция бекеттері осындай бөлімдерге қарасты. Жапония полициясының 40 пайызын патрульды полиция құрайды. Патрульды полицияның міндетіне заң бұзушылықты жою, қылмысты сәтінде анықтау және арнайы орындарға хабарлау, күрделі оперативті іздестіру шараларын жүргізу жатады. 

Жапонияның полиция жүйесінде орталыққа бағынатын бірегей басқармалар бар. Кидотай отрядтары қоғам­дық тәртіпсіздіктермен күрес­се, Қауіпсіздік полициясы жоғары лауазымды тұлғалардың қауіп­сіздігіне жауап береді. Жапон поли­ция­сының қоғаммен байланысы өте жоғары деңгейде. 1977 жылдан бері қылмыстың алдын алуға қатысты жалпы ұлттық кампаниялар өтіп келеді. Қылмыс құрбандарына қатысты көмек шаралары туралы айтпаса да болады. Заңға сәйкес компенсация төлеу ісі қатты қадағаланады. 

Бүгінде Жапония дүниежүзіндегі қылмыс ең аз жасалатын ел. Полиция басқармасы, Әділет министрлігі, басқа да заңға қатысты мемлекеттік және муниципалды органдар заңды сақтау жөнінен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрады. Жыл сайын қылмыспен күрестің «Ақ кітабы» жарық көреді. Мемлекет қоғаммен қылмыспен күрестегі саясат, жетістіктер мен кемшіліктер туралы ашық диалог жүргізеді.

Жапонияда қылмыстық істер негізінен екі заңды бұзуға қатысты қозғалады. Біріншісі «Жол-көлік қозғалысы туралы заң», екіншісі «Наша және қоздырушы заттар туралы заң». Қылмыстың басым бөлігі жол-көлік оқиғасы кезіндегі пайда болған дене жарақаттарына қатысты болып отыр. Бұл елде автокөлікті белгіленбеген орында тоқтатушы және қоюшыға жоғары көлемде айыппұл салынады. Бас бостандығынан айыру осы жазаға лайық деп танылған жағдайда ғана қолданылады. 


Якудза – жапон мафиясы


Жапонияда көшеде шына­шағы кесілген кісі көрсе оның якудза тобынан екендігін бірден біледі. Қылмыстық топ мүшесінің өзінің шынашағын шауып тастауы ар жолындағы самурайдың ұста­ны­мымен байланысты екен. Мафиялық топтың адамы екендігін денесіндегі татуировка таңбасына қарап та біледі. Осындай ерекшеліктері болмаса жапон мафиясының Америка, Италия, Сингапур, Оңтүстік Кореядағы қылмыстық кландардан өзгешелігі жоқ. Қайсы топ болсын, кішісі үлкеніне бағынатын, мафиялық қағидаларды берік ұстанатын жүйе екені көрінеді. Басқа елдердің мафиялық топтары ел көзінен таса болса, Жапонияда керісінше көз алдыда. Якудза мүшелері қоғамнан жасырынбайды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, якудзаның жылдық табысы 1 трлн. иен болады екен. Кірістің тең жартысы наркобизнестен түседі. 

1951 жылы «Нашаға тыйым салу» жөніндегі заң қабылданды. Филопон өндіретін жүздеген химиялық лабораториялар жабылды. Соған қарамастан 1960 жылдары мафия героин саудасын күшейтті. 1964 жылы Токио олимпиа­дасы қарсаңында Үкімет нашаға қатысты қатаң шаралар қабылдады. Нашаның сауда торы жойылды. Табыс көзінен айрылғысы келмеген якудза Оңтүстік Кореямен байланыс­ты нығайтады. Елде нашақорлар саны өседі. 1985 жылы Жапония Үкіметі Оңтүстік Корея тарапымен нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарын жетілдіреді. Бұл кезде елде героин, кокаин, марихуанасыз күн көре алмайтындардың саны өсіп кеткен еді. «Бұл жөнінен Жапония 30 жыл бұрынғы Американы көз алдыға әкеледі» дейді мамандар. Жыл сайын жапон полициясы 25 мың наша сатушы мен тұтынушыны құрықтайды екен. 

Якудзаның мүмкіндігі нашамен шектелмесе керек. Ол порнография, адам саудасы, автомобиль саудасымен айналысады. Ресей мамандары Қиыр Шығысқа ескі жапон автомобильдерін тасу ісіне де якудза қатысты деп есептейді. Жапония терроризм қаупінен ада емес. «АУМ Шинрикйо» террористік сектасының әрекеттері алаңдаушылық туғызуда. Тарихтағы террорлық әрекеттердің бірі ретінде 1995 жылдың 20 наурызында Токио метросында орын алған оқиғаны айтуға болады. Улану нәтижесінде 13 кісі мерт болып, 6000-нан астам адам жараланған. Полиция бұл сектаның 200-ден астам мүшесін құрықтады. Сот 2004 жылы секта жетекшісі Шйоко Асахараны дарға асу түріндегі ең ауыр жазаға кесті. Бұл жаза осы ұйымның 12 мүшесіне қатысты да қабылданды. Үш мүшесіне халықаралық іздеу жарияланып, 5 миллион иен көлеміндегі сыйақы тағайындалды. 

Жапон полициясында 2330 қылмыстық топқа бөлінген 90 мың қылмыскер тіркеулі. Ойын бизнесі, қару-жарақ саудасы, наркобизнес, порнография мафияның қозғаушы күшіне айналған. 


Камикадзе қайдан шыққан?


Тарихи деректерде ХІІ ғасырда архипелагқа теңіз арқылы жеткен жау кемесін тайфун суға батырады. Жапон елін сақтап қалған дүлей теңіз дауылын камикадзе (Құдайдың жіберген желі) деп атаған. Жаугершілік заманда Отан үшін жанын қиятын азаматтардың жасағын камикадзе деп атаған. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде Окинаваны Америка әскерінен азат етуге камикадзе араласты. 1944 жылы адмирал Ониши Такидзироу Филлипинде камикадзені жасақтады. «Адам қайық» жау кемесіне қарсы бағытталса, «адам мина» су асты арқылы әрекет етті. Соғыс кезінде Жапония қарулы күштерінде камикадзе отрядтары болды. Тынық мұхиттағы соғыста Америка әскерінің 80 пайызын камикадзе жойған. Қақтығыстың сан түріне төтеп беретін Америка әскері камикадземен күресуге дайын емес еді. Камикадзе отрядтарының мақсаты Отан үшін, жапон елі үшін жан беру болды. Бұл ұғым бушидо самурай ерлік жолының қағидаларынан туған. Камикадзеге бел буғандар бушидо ережелеріне бағынады. ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде камикадзе жасақтарының қасиетті құралы самурай қылышы болған. Камикадзе жігіттері ежелгі самурайлар сияқты бастарына ақ кездеме байлайтын. Бұл ар жолында туған жер үшін күресуге деген ұмтылысты бейнелейді. 

Самурайлар үшін сэппуку (қарнын жару) өзінің ерлік жолынан тайғанын білгенде қолданатын әдіс болған. Сэппукуге ерікті түрде барған. Тарихта сэппуку жасаған атақтылардың қатарында жазушы Юкио Мишима да бар. Ол 1970 жылы әскери төңкеріс жоспары жүзеге аспаған соң, самурайлық әдіспен қылышына қол созды. 

Жапонияда құқық қорғаушылар ата-бабадан жеткен ерлік дәстүрлерін ұмытпайды. Көне заманның «Букэшйохатто» (Әскери істер заңы), «Будо шйошиншю» (Әскери өнер негіздері) сияқты еңбектер Жапониядағы құқықтанудың бастаулары болып табылады. Даңқты самурай Ямамото Цунэтомоның «Хагакурэ» деген еңбегі де ежелгі ерлік дәстүр, Отан қорғаудағы ұстанымдар жайлы мол мағлұмат беретін дүние. 

Бүгінде орталықтандырылған жапон полициясы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметімен де айналысады. Ал Ұлттық Полиция агенттігі полицейлердің жұмысын бақылайтын мемлекеттік қоғамдық қауіпсіздік комитетінің маңызды органы болып табылады. Агенттікке Жапония полиция академиясы мен полиция ғылыми институты қарайды.

Бүгінде Жапония қылмысты ашудың ең жоғары деңгейімен және қылмыс санының аздығымен белгілі. Жапония полициясы өте тиімді және жетілген құрылымдағы жүйе. Дүниежүзі бойынша ауыр қылмыстың ізін суытпай ашудан Жапония бірінші орында тұр. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, жоғары деңгейдегі жүйелілікпен бірге жапон санасындағы ар-ұждан қағидаларының берік сақталуы қылмыстың аз болуына басты негіз болып отыр. Тіріге қиянат жасамау, қанағатшыл болу, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, т.б. тәрбие нормалары қоғам өмірінен көрініс тапқан. 

Шарафат Жылқыбаева,

жапонтанушы

Серіктес жаңалықтары