«ҚАЗАҚСТАНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК ЖОҚ»,–

«ҚАЗАҚСТАНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК ЖОҚ»,–

«ҚАЗАҚСТАНДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЕРКІНДІК ЖОҚ»,–
ашық дереккөзі
230

Құрманғазы мен Пушкинді «сүйістірген» жарнама агенттігінің өкілдері қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өткен аптада ұлы күйшінің шөбересі Нұркен Халықберген Алмалы аудандық сотына қылмыстық іс қозғау туралы арызын өткізді. Атышулы оқиғаның соңы қалай аяқталатыны белгісіз, алайда халқының басым бөлігі мұсылмандар болып саналатын Қазақстанда бұндай жағдай қалай орын алды?

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛУЫ МҮМКІН

Егер намысы бар адамдар болмағанда, біз тіпті бұл суретті көрмей қалуымыз мүмкін еді. Бәзбіреулердің ұлы Құрманғазының әруағын қорлағаны қоғамды бейжай қалдырған жоқ. Жүздеп, мыңдап тараған ұятсыз сурет әлеуметтік желі пайдаланушыларын дүр сілкіндірді. Бұл масқара Құрманғазы Сағырбайұлы ұрпақтарының құлағына да жеткен. Алматы жастары бас көтеріп, қалалық ішкі істер департаментінен (ІІД) аталмыш факт бойынша шара қолдануларын сұрады. Санаулы сағаттар ішінде жарнамаға тапсырыс берушілер мен орындаушылар тергеуге шақырылып, олардан түсініктеме алынды. Күй өнерінің негізін қалаушы   бабамыздың әруағын қорлауы өнер иелерінің де шамына тиді. Сол күні-ақ өнер иелері Құрманғазы мен Пушкинді «сүйістіруге» тапсырыс берген гей клубтың алдына жиналып, әкім-қараларын жауап беруге шақырды. Тіпті, бұл іс Алматы қалалық ақпараттық саясат пен БАҚ-ты мониторингілеу бөлімінің де назарында екен. Мемлекеттік органдар жақында қоғам наразылығын тудырған постерге қатысты қорытындыларын шығармақ. 

Енді істі соңына дейін жеткізу үшін күйшінің туысы қылмыстық іс қозғау туралы шағымын берді. Заңгердің айтуынша, арсыздар азаматтық кодекстегі 145-бапты – «Өзге біреудің бейнесін оның рұқсатынсыз қолдануға болмайды» деген талапты бұзған. Сонымен бірге қылмыстық кодекстің 129-бабының 2-тармағы «Жала жабу» мен 130-баптың 2-тармағы «Қорлау» баптарын өрескел бұзған. Бұл баптар бойынша айыппұл мен екі жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделген. Біз арнайы хабарласқанымызда жарнама агенттігінің қызметкерлері бетпе-бет кездесуден тартынды, телефон арқылы ғана жауап беретіндерін мәлімдеді. Айтуларынша, екі аптадан бері мекемедегі және жеке телефондарына тыным жоқ. Күн сайын жан-жақтан адамдар хабарласып, қорқытып-үркітеді-мыс. Жеке бастары мен отбасы мүшелеріне алаңдаулы екен. Ал ұлт ұлдарын қорлау алдында қоғамдық пікірдің қандай болатынына алаңдамағаны қалай? Мемлекеттік, ұлттық құндылықтарға жеңіл қарағаны ма? Олар әлеуметтік желіде бірнеше сөйлемдермен жұрттан кешірім сұрағанымен, халық алдына шығып кешірім сұрамады. Бізбен сұхбат барысында, олар өздерінің «туындыларын» қорғаштап, қайткенмен де қазақстандықтардың бір­жынысты махаббатты қабыл алмайтын­да­рына өкінішпен қарайтындарын мәлім етті. «Егер біреудің намысына тиіп кетсек, кешірім сұраймыз. Бірақ бұл сурет шығармашылық жағынан өте жақсы орындалған. Мәселе, екеуін масқаралау емес. Егер клуб Фурманов пен Шевченко көшелерінің қиылысында орналасса, онда суретте осы екі адам бейнеленер еді. Өкінішке қарай, біздің елде шығармашылық қабілетіңді көрсетуде еркіндік жоқ. Сондықтан қоғам біздің суретті түсіне алмады», – деді агенттік директоры Дария Хамитжанова. Алайда, жарнамашыларды ең шыншыл деп кім айтты? Олардың еңбегін көпшілік құп көрмесе, онда кінәлі халық па, әлде сурет иелері ме?!

БІЛІМСІЗДЕН ШЫҚҚАН ЖАРНАМА


Жалпы, жарнамашылар суреттің тек шектеулі аудиторияға бағытталғанын айтады. Алайда Қырғызстанда өткен фестивальде бұл постер сыртқы жарнама номинациясы бойынша сыйлыққа ұсынылған. Демек, масқара бейне Алматы қаласының көшелерінде ілініп тұруға тиіс болған…. 

Жарнаманы жасаушылардың ішінде ук­раин азаматымен қоса, еліміздің азаматтары да бар. Жалпы, полиция бөлімінде дизайнерлердің біреуі «Пушкинді білсем де, Құрманғазы туралы естімеппін» деп ағынан жарылған. Құрманғазы мен Пушкинді білмейтіндер айтулы жарнама агенттігінде қалай жұмыс істеген? Егер тұрып жатқан еліңнің ұлы тұлғаларын, халқының тұрмысын, тарихын білмесең, онда қандай сапалы өнім ұсынуға болады? Сондықтан, білімсізден шыққан жарнама дарынсыздық пен кәсібисіздікті айқын байқатып отыр. Жалпы, жарнамада этиканың сақталуы аса маңызды. Адамдардың ұлттық байлығына, діни, қоғамдық құндылықтарына нұқсан келтіруге болмайтыны басты талаптардың бірі. Ал бұл қарапайым талаптарды білмейтін адамдар қалай жақсы маман атанып жүр деген сауал туындайды. Бірақ қазіргі таңда қай салада да өзін кемеңгер санап жүрген білімсіздер өте көп. 

Шындығын айтқанда, осы тұста қазақ жастары жарнама агенттігі мен дәстүрлі емес жыныс өкілдерінің арандатуына барынша сабырлылықпен, байыптылықпен қарап, мәселені бейбіт шешті. «Өлтіреміз, өртейміз, қиратамыз» деп ұрандатқандар болмады. Сондықтан да, бұл қарсылық, көп қолдау тапты.


ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҚОРЛАУ ӘДЕТТЕГІ ІСКЕ АЙНАЛДЫ


Жалпы, бұл мәселеде тапсырыс берушілер мен орындаушылардың қандай мақсатты көздегенінен, «көгілдірлердің» «жанайқайынан» да маңызды нәрсе бар. Ол осы тұста жалпы қоғамның, мемлекеттің аталмыш әрекеттерге жол беруі, рухани иммунитетін жоғалтып алуы. Бүгінгі таңда кез келген адам ұлттық құндылықтарға қол сұға алады, қорлай алады. Ұлы тұлғаларды гей еткендер түбінде жазасыз қалатындарын біледі, себебі әрі кеткенде жазбаға тыйым салғызады немесе айыппұл төленеді. Ал сәті түссе, үнсіз құтылып кетуге мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, қоғамымызда заң үстемдігінің жоқтығының салдары осындай жағдайларды туындатуда. Сонымен қоса, Құрманғазы мен Пушкин сияқты ұлы классиктер қазір ұлт мақтанышы, жастар үшін үлгі болудан қалғанын мойындау қажет. Олардың орнын біржынысты махаббатты, шексіз еркіндік сияқты принциптерді насихаттайтын заманауи азаматтар басты.

Оның бір дәлелі – мемлекеттік рәміз­дерді қорлау. Әсіресе, туымызға қа­тыс­ты атышулы оқиғалар басылмай тұр. Жуырда, құрылыс нысандарының бірінен мемлекеттік туды тауып алған Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғыны оны қоқыс төгуге пайдаланған. Енді ол 250 айлық есептік айыппұл төлеуге міндетті. Ең алдымен, мемлекеттік ту құрылыс алаңына неге тасталған? Екіншіден, оның мемлекеттік рәміз екенін біле тұра, қоқыс төгуге пайдаланған тұрғын да торғайдың миындай ми бар ма? 

Тағы бір жағдай Өскемен қаласындағы Абай мен Михаэлиске орнатылған карлик ескерткішке байланысты болды. Абайдай алып тұлғаны ергежейлі етіп бейнелеп, орыс ғалымы Михаэлиспен «селфи» жасап тұрғандай көрсеткен тас мүсіндерді қаланың орталық көшелерінің біріне орнатқаны да наразылық тудырғанын айтуға тиіспіз. Соңғы кездері мұндай жағдайлар неге жиі қайталануда? 

Немесе өзін саясаткер деп санайтын Владимир Жириновскийдің Қазақстанға қатысты айтқан сөздеріне неге тоқтау сала алмай келеміз? Биылғы жылдың 23 ақпанында митингте сөз сөйлеген кезінде Орталық Азия мемлекеттерін, соның ішінде Қазақстанды Ресей Федерациясының құрамына кіргізуге шақырды. Осыған орай, ҚР Сыртқы саясат ведомствосы РФ Сыртқы істер министрлігі атына ресми нота әзірледі. Алайда, Ресей тарапынан мардымды жауап болмады. Қазақстан жағы да Жириновскийге қатысты қатаң жаза қолдануға дәті жетпеді. Соның салдарынан өткен аптада сұхбаттарының бірінде ресейлік сайқымазақ «Украинадан кейін Қазақстанның жерлерін тартып алуды қолға алу керек» деген сыңайда мәселе көтерді. 

Тағы бір мысал. 22 жылдан бері елімізде тек бір заң, яғни, «Көші-қон туралы» құжат қазақша жазылған екен. Ал заң бойынша кез келген заң жобасы алдымен қазақ тілінде жазылуы тиіс. Алайда бұл талапты билік өкілдерінің өздері аяққа таптап отыр. Ендеше, кейбір лауазымды тұлғалардың өзінен басталған немқұрайдылық бүкіл мемлекетті дертке шалдықтырған сияқты. Осы себептен де кез келген келімсек ұлттық құндылықтарымызға тіл тигізіп, қорлауды жаман әдетке айналдырып алғанын мәртебе көретін секілді. 

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары