ҚАЗАҚЫ ҚЫЗДЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?

ҚАЗАҚЫ ҚЫЗДЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?

ҚАЗАҚЫ ҚЫЗДЫ ҚАЙДАН ТАБАМЫЗ?
ашық дереккөзі
155

Біз ТВ-ның ың-жыңы таусылмайтын концерттерінен гөрі көбіне «Айтуға оңай», «Біз», «Алаң» сияқты хабарларды қараймыз. Қараймыз да, сондай хабарлардың ішіндегі кейбір пікірдің оң-солына зиялы қауымның біреуі болмаса біреуі ерте ме, кеш пе пікірлерін білдірер ме екен деп күтеміз. Бірақ ешкім ештеңе демейді, жазбайды. Неге, білмеймін. Меніңше, әр хабардың газеттердің бетінде пікір алысу орны болуы керек.

Өткен жылы «Айтуға оңай» бағдарла­ма­сында ұлт тағамы – қазақша ет, соның қала­дағы асханалардағы ас мәзірінде ай­тылуы, жазылуы жөнінде біраз әңгіме бол­ды. Әрине, бір отырыста бір пікірге келіп, мәселе шешілмейді. Десек те, сол отырыстағы пікірлерден кейін аз да болса, оң өзгеріс болар деп күткенбіз. Бірақ сол бағдарламаға қатысқан КТК телеарнасында болған «Бешбармақ-шоуды» ұйымдастырған қазақ қызы қызылордалық журналистің пікірлеріне менмендікпен қарағанынан жуық арада ол шоуға өзгеріс енбейтінін білген едік. 

Теріс жайттар елге тез тарайды. Соңғы кезде қонаққа «бешбармаққа келіңдер» деп шақыратындар көбейіпті. «Бешбармақ» сөзі жөнінде де әр жерде әңгіме болып жүр. Бұл сөзде бізге келіңкіремейтін бірнеше кемшілік бар. Тілімізді өзге тілдерден арылтайық деп жүргенде қазақтың санамағындағы «бесті» емес, қырғыздың «беш»-ін қостық. Ал бармақ адамда бесеу емес. Бұл қазақтан шыққан сөз емес. Сондықтан, басқалардың мазақ сөзін қасиетті қазақ етіне беруіміз қалай?

Қазақта ет аса алмайтын адамдар аз. Ал «Бешбармақ-шоудың» бағалауы көрерменге не берді? Соншалықты мол дастархан бағалау үшін керек пе? Бұл шоудың экраннан көрінуге тырысқан қонақтарға болмаса, елге, көрерменге көрсетер еш үлгісі жоқ. «Бешбармақ» жеуді білгенмен, оған баға беретін әртістердің қазақшылығы қаншалықты екен. 

Бұрын телеарналардан кейбір елдердің көпшілік біле бермейтін жеңіл тағамдарын әзірлеуді үйрететін. Көрермен жақсы қабылдайтын. Қазір тамақтан басқа шоу – шоу болмай қалды ма?

Енді міне, «Жигалма» деген жарнама шықты. Көпшілігіміз түсінбедік, енді біреулер «Әй, үйіңде «жигалма» бар ма, соға кетейін» деп жатады. Сондағы «жигалма» «сыра» деген сөз болса керек. «Кес­пе машан» деген де шықты. 

Кейбір хабарды ұйымдастыруда, сол тақырыпқа байланысты нақты түсінігі, білімі бар адамдарды іздестіру артық болмас еді. Қыздарымыздың бәрі шоуға кетсе, қазақы қызды қайдан табамыз?

Мұның орнына Қазақстанның әр облысынан, әр аудан-ауылынан қазақы етті қалай жасап, қонақтарды қалай күтетінін сол елдерге барып көріп, түсірсе, көрерменге әлдеқайда қызық, танымды үлгі болар еді. Еттің дәмі – баптап пісіруде, малдың қайда жайылғанына байланысты екенін білеміз.

«Айтуға оңайға» қатысқандардың түрлі пікірлері болды: кейбірі тұздық, картоп т.б. қосу бұрын қазақтарда болмаған деген пікірлер де айтылды. Бірақ заманға қарай сол қазақы етті жер жүзіне ұнайтындай етіп даярлау керектігін алға қоюымыз керек. Қазақы ет, аты бұрмаланбай барлық салаға енуі қажет.

Мұса Салықбек,

зейнеткер, дәрігер 

Серіктес жаңалықтары