КӨКБАСТАУДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

КӨКБАСТАУДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА

КӨКБАСТАУДАҒЫ ДҮБІРЛІ ДОДА
ашық дереккөзі
406

ҚР Конституция күніне Алматы облысы, Жамбыл ауданының «Көкбастау» ипподромында Президент Кубогы үшін республикалық ұлттық ат спорты түрлерінен жарыс өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл жарыс биыл 16-шы рет өткізіліп отыр. Аламан доданы Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырды. 

Жылқы баптап, ат жалын тартып мінгенде рухтанатын қазақтың ат жарысы дегенде қызығушылығы оянатыны анық. Сондықтан бұл ат жарысында еліміздің бірнеше облысынан ең мықты деген атбегілер бақ сынады. Халқымыздың төл спорты саналатын ат жарысына тұлпарының жеңіске жететініне сенетіндер ғана қатысады. 16-шы мәрте жалауы көтерілген сайыстың қонақтары үшін тігілген ақбоз үйлер дәстүрлі мерекенің шырайын келтірді. Концерттік бағдарламамен ашылған республикалық жарыс теңге ілу, қыз қуу, көкпар сынды ұлттық ойындармен жалғасты. 

Қазақтың рухы мен мәртебесін көтерген дүбірлі додаға қатысқан шабандоздардың да, олардың сәйгүліктерінің де ерекше дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Барлығы да сайыстың басталуын асыға күтті. Көптен күткен ат жарысы құнандар бәйгесінен басталды. 11 шақырымдық құнан бәйгеде Аттила атты сәйгүлік топ жарды. Одан кейінгі 9 шақырымдық жорға жарысы да тартысты болды. 16 шақырымдық топ бәйгеде Алматы облысы, Алакөл ауданының Алатау атты тұлпары топ ішінен оқ бойы озық шықты. Тұлпарлар жарысының ішінде көпшіліктің күткені аламан бәйге болатын. 25 шақырымдық аламан бәйгеге 49 тұлпар қатысты. Ат дүбіріне ерекше мән беретін, тұлпарларды жақсы тани білетін көрермендер жеңіске жететін сәйгүліктерді болжап та отырды. Мәреге бірінші болып жеткен тұлпар – Тасқын. Бұл сәйгүлік те Алматы облысы, Алакөл ауданынан келген. Аламан бәйгенің жеңімпазы Ербатыр Байбатыров бұл сайыста кубокқа төртінші мәрте қол жеткізгендерін айтады. 2006, 2007, 2008 жылдары қатарынан тұлпарлары бірінші келіп, үш рет бас бәйгені алған екен. 

Биылғы ат жарысына 7 темір тұлпар тігілді. Бас бәйгеге қолы жетпегендер де сыйлықтан тыс қалмады. Тұлпарлардың иелері ақшалай сыйлықтармен, ал үздік шабандоздар арнайы дипломдармен марапатталды. 

Көкбастаудың шалғынды белесіне жиналған ұлттық ат спортының жанкүйерлері бұл додадан нағыз қазақы қалыпты, ұлттық ойындарды тамашалап, ерекше әсерге бөленіп қайтты. Жеңімпаздардың жеңісі бұл жолы Ата заңымызға арналды. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары