ШЕКАРАДА ҚОЛҒА ТҮСКЕН ДЕСАНТШЫЛАР

ШЕКАРАДА ҚОЛҒА ТҮСКЕН ДЕСАНТШЫЛАР

ШЕКАРАДА  ҚОЛҒА ТҮСКЕН  ДЕСАНТШЫЛАР
ашық дереккөзі
182

Тамыздың 27 жұлдызы, бейсенбіде Ресей әскері Украина территориясына басып кіріп, Новоазовск қаласы мен Донецк облысын жаулап алғандығы туралы мәлімет ашық күнгі найзағайдай тез тараған. Бұл ақпар әлем елдерін тосылдырып, Минск кездесуінен күтілген нәтиже көзден бұлбұл ұшты деген пікір айтылуда. Дегенмен әліптің артын баққан батыс конфедерациясы соғысты болдырмау үшін барын салып, Порошенко мырзаны кикілжіңді бейбіт шешуге үгіттеуге көшкен. Ал Путин мырза… Путин мырзаның бұрынғы мысы басылып, Минск кездесуінде қырғиқабақ қатынасты бейбіт жолмен, келіссөз арқылы шешеміз деп келістік деуден танар емес. Десе де кеше екі ел президенттері телефон арқылы сөйлесіп, донбастағы қарулы қақтығысты тоқтату туралы мәмілеге келді. 

Украина президенті Петр Порошенко осы оқиғаға орай Түркияға жұмыс сапарын да кейінге қалдырды. «Мен Донецк облысы, нақтырақ айтсақ, Амвросиев пен Старобешевтағы ушыққан жағдайға байланысты Түрік Республикасына сапарымды кейінге қалдырдым. Себебі, Украинаға Ресей әскері кіргізіліп жатыр», – деп қысқаша түсініктеме берсе де, ашық соғыстың басталғанына жіті тоқталған жоқ. Есесіне, Еуропаға сапарында ағынан жарылып, алыптардан көмек қолын созуды өтінді. 

Бірақ мимырт қозғалатын көптеген Еуроодақ елдері әлі сенбеуде немесе сенбеу арқылы Путинді ақылға салмақ. Бүгінде НАТО бұл мәліметті дәлелдеу үшін фотодәйектер келтіріп әлек. Луганск облысының әскери комиссариаттарының алдында ұзынсонар кезек қалыптасып, өз еркімен әскерге жазылушылар саны артуда. Күні кеше Ресей әскерінің шекара асып, жоғарыда аталған аймақтарға өз әскерін топтастырып жатқаны туралы айтылған. Алайда Ресей президенті Владимир Путин мұны үнемі жоққа шығарумен болған. Бірақ көп ұзамай-ақ Ресейдің бір топ әуе десантшылары Украина территориясында қолға түсіп, телеарналардан мәлімдеме жасады. Путин мырза әскердің шекарадан өткенін әлі де мойындамай отыр. «Десантшылар шекарадан адасып кеткен ғой», – деп жуып-шайғансыды. Міне, орыс логикасы! Десантшылар шекарада неге жүр? Сонда Ресей шекарасын әскери десантшылар қорғай ма? Еуроодақ елдері мен АҚШ-ты, Украинаны жала жапты деп айыптауда. Ресейлік «Первый канал» телеарнасына берген сұхбатында Путин ушыққан мәселенің жай-жапсарын түсіндіріп, тігісін жатқызғандай болды. Әңгіме астарын Минскідегі Порошенкомен кездесуінен бастады. «Кездесу өте жақсы, ашық түрде өтті. Меніңше, Петр Алексеевич келіссөз жүргізуге лайық әріптес. Әсілі біз уағдаласқан мәселелер жүзеге асса деймін… Біз Донецк мен Луганскідегі ауыр жағдай туралы айттық. Әрине, Ресей қантөгістің неғұрлым жылдам тоқтатылғанын қалайды… Меніңше, бұл барлығымыз үшін сабақ, бұл трагедияны тезірек аяқтап, бейбіт жолмен, келіссөз арқылы шешуге сабақ болды, айтқандай Петр Алексеевич екеуміз осы турасында уағдаластық. Сонымен қатар, ешкім, ешқашан да мұндай қателікке бармауы керек, яғни Украинадағы билікті күшпен алу қайталанбауы тиіс. Себебі қазір қалыптасқан жағдай осыдан басталған еді», – деген еді. Десек те Путиннің сұхбаты ашық соғыстың болмайтынын айғақтағандай. 

 Бұл уақытта батыс елдері – Еуроодақ пен АҚШ ЕҚЫҰ кеңесін өткізді. ЕО Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен, Порошенко баяндамасы Брюссельде қаралды. 30 тамыздағы кездесулер барысында Германия мен Франция украиндықтарға әскери-техникалық көмек көрсете алмайтынын ашық айтты. Канцлер Ангела Меркель: «Бұл мәселенің соғыспен шешілетініне сенбеймін, сондықтан мұндай көмек көрсете алмаймыз. Біз жаңа санкциялар пакетін дайындаймыз», – деп жұбату айтты. Ал Еурокомиссия президенті Жозе Мануэль Баррозу егер Украинаға шынымен көмек қажет болса, 1 миллиард еуроны несие ретінде бере алатынын мәлімдеді. 

Әлемдік сарапшылар Ресейдің Қырымға дәліз салып жатқанын айтуда. Яғни, Украинаны бүтіндей жаулап алу федерация жоспарында жоқ. Десе де, елі талан-таражға түскен, онсыз да Қырымнан айдың күннің аманында айрылған Украина аталмыш облыстарды сақтап қалу үшін бар күшін жұмылдыруда. 

Әлемнің мұндай бетбұрысты күтпегені айқын. Жарты жылға созылған арпалысты бейбіт мақсатта шешу үшін түрлі тоқтамдар айтылды. Мәселен, күні кеше Беларусьте бейбіт кездесу өткізіліп, Украина лидері мен Ресей президенті қол алысқан еді. Бірақ бірнеше сағатқа созылған басқосуды тағатсыздана күткен журналистер біржақты бітімнің болмағанын анық сезді. Дегенмен тағы бірнеше кездесулер легі Қырым мәселесін түбегейлі шешеді деп үміттенген еді әлем елдері. Бұл кездесудің өз кезегінде Еурокомиссия өкілдерін тыныштандырғаны анық. Себебі, Порошенконың жанайқайына қарамастан, Еуроодақ Ресейдің басып кіргеніне әлі де сенімсіздік танытуда. Әзірге Украина айқайына үн қосқан Латвия ғана. Өз тәуелсіздігі мен шекарасының тыныштығына алаңдаған Латвия Ресейдің шабуылын растап, Қауіпсіздік кеңесіне жылдам басқосуды ұсынды. Латвия Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичс: «Ресейдің Украинаға басып кіруін агрессия ретінде БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде қарау керек. БҰҰ тиісті жауап беруі тиіс, себебі бұл – соғыс деген сөз», – деп жазады 27 тамызда Twitter желісіндегі парақшасына. 

Украина Ішкі істер министрі Арсен Аваковтың кеңесшісі Антон Геращенко соғыстың 27 тамызда емес, 24 тамызда басталып кеткенін айтты. Оның сөзіне құлақ ассақ, Донецк түбіндегі Иловайск елді мекенінде Ресей әскері шабуылға шығып, Украинаның «Донбасс» және «Миротворец» еріктілеріне қарсы соғысқан. Украин еріктілерінің көпшілігі тұтқынға түскен, кейбірі күш біріктіріп, қайта жасақталуда. «Біз Ресей Федерациясымен соғысып жатырмыз. Ресей Федерациясы Путиннің бастамасымен әскерін енгізді. Бұл ашық соғыс. Еуропа құрлығындағы Гитлердің бастаған соғысымен парапар. Ол Украинаның – еуропалық гүлденген, дамыған ел болғанына жол бергісі келмейді. Себебі, мұндай жағдай орын алса, РФ азаматтары Путиннен қыруар мұнай мен газдың үстінде отырып, неліктен кедей, бақытсыз өмір сүреміз деп сұрайды», – деді Геращенко мырза. 

Газетіміздің 27 тамыздағы №34 санында «Қырымнан басталған қырғиқабақ осымен тына ма?» атты мақала жазған едік. Онда әлем елдері Қырымның тәуелсіздігін мойындаса, Ресейдің Украинаны жайына қалдыратыны туралы да сөз еткеміз. Бірақ «Қырымның кімдікі» екенін енді қырғиқабақ келіссөздердің нәтижесі көрсетер…

Күні кеше өткен «Селигер – 2014» жастар форумында әлдебір ресейлік жас Украинадағы жағдайды әдейі ортаға салғандай болды. Ол «… Қазақстанда да Украинадағыдай жағдай қайталана ма?» деп сауал тастады…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары