ПУТИН МӘЛІМДЕМЕСІНІҢ АСТАРЫ...

ПУТИН МӘЛІМДЕМЕСІНІҢ АСТАРЫ...

ПУТИН МӘЛІМДЕМЕСІНІҢ АСТАРЫ...
ашық дереккөзі
181

Қазақстан мен Ресей ақпарат құралдары екі ел
Президентінің Қазақстанның мемлекеттілігі және Еуразиялық одақ жайлы
мәлімдемелерін шендестіріп, бұдан үлкен саяси астар іздеуде.

Әрине, Путиннің «қазақ
мемлекеттігі ешқашан болмады» деуінің астарында үлкен мән бар. «Селигер – 2014»
жастар форумында әлдебір жастың көкейін өзге емес, Украинадағы жағдай тескен
екен. Ол «Назарбаев кеткеннен кейін, Қазақстанда да Украинадағыдай жағдай
қайталана ма?» деп аңқаусып, сауал тастаған. Ресей жастарын алаңдататындай,
Қазақстанда қазір «орыс мәселесі» бар ма еді. Жақында ғана Ұлытауда журналистерге
сұхбат берген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанда орыс тілінің мәртебесіне
ешқандай нұқсан келмейтіндігін қадап айтқан жоқ па? Жалпы, қоғамды кезген
империя елесі, Ресейде асқынбаса басылар емес. Дәл осы амбиция Ресейдің екі
шылбыр, бір тізгінін Путин алғаннан бері ушығып барады. Ол Грузияны өзін
тыңдамағаны үшін, Абхазия және Оңтүстік Осетия деп бөлшектеп, ол
республикаларды өз қарамағына алуға әрекет етті. Әзірбайжан мен Армения
арасында, Таулы Қарабах мәселесін де ушықтыра бастады, Молдавиядан
Приднестревьені бөліп алды. Пост кеңестік мемлекеттердің біразының құрамында
таласты территориялар әлі бар. Бұл Қырғызстан мен Тәжікстандағы Өзбекстан
анклавтар, Украина мен Ресей арасындағы Қырым, Донецк, Луганск мәселелері.
Бұрынғы Кеңес республикалары ішінде демаркациясын жасап, шекарасын тас-түйін
бекітіп алған Қазақстан ғана. Алайда, соған қарамастан Ресей ұлтшылдарының
Қазақстанға көз алартуы толастар емес. Бұған дейін Лимонов, Жириновский
сияқтылардың Қазақстанның мемлекеттігіне күмән келтірген мәлімдемелеріне орай, ҚР
Сыртқы істер министрлігі Ресейге арнайы нота да жолдаған. Бұған ресми түрде тіл
қатқан Ресей Сыртқы министрлігі «бұл ресми мәлімдеме емес, жекелеген азаматтардың
көзқарасы» деп қайырған еді. Қош делік. Ал Путиннің, елдегі №1 адамның
Қазақстанның бұған дейінгі жүріп өткен жолын сызып тастап, «Қазақстанның
мемлекеттігі болмаған» деуін неге саямыз. Ол: «Нұрсұлтан Назарбаев керемет іс
жасады – бұрын-соңды ешқандай мемлекет болмаған аумақта жаңа мемлекет жасады» дейді
ол.

Дәл осыдан кейін
бір күн өтпей, «Хабар» арнасына сұхбат берген Назарбаевтың «Қазақстан егер де
келісім шарттағы ережелер жүзеге аспайтын болса,  Еуразиялық одаққа мүшеліктен шығуы мүмкін.
Қазақстан оның тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін, қауіп төндіретін ұйым
құрамынан шығатын болады. Біздің тәуелсіздігіміз – біздің ата-балаларымыз осы
жолда қан төккен, осы жолда күресіп өткен – ең қымбат, ең киелі қазынамыз. Оны қорғау
үшін, біз неден болса да тайынбаймыз» деген мәлімдемесіне Путинге жауап ретінде
қабылдаған ақпарат құралдары өте көп. Ресейдің «Коммерсант» басылымы «Президент
Казахстана обозначил условия членства своей страны в Евразийском союзе» атты
мақала жариялады. Назарбаевтың жоғарыдағы мәлімдемесі, бұдан бұрын бірнеше
мәрте биік мінберлерден айтылса, ресейлік журналист Сергей Строкань оны бірінші
рет айтып тұрғандай қабылдайды және оның астарынан үлкен мән іздейді. «Сарапшылардың
бағалауынша, Қазақстанның ТМД-дағы басты интеграциялық жобадан шығуы туралы
әңгіме болмаса да, Астананың РФ-мен экономикалық интеграцияға енгенін
Қазақстанның Украина немесе басқа да әлемдік дағдарыста Мәскеудің сойылын
соғып, шоқпарын көтеруге дайын деп бағалауға болмайтындығын көрсетіп берді»
дейді ол. «Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл мәлімдемесі – Мемлекеттік Думаның
вице-спикері, ЛДПР лидері Владимир Жириновскийдің Қазақстанға қатысты жасаған
қатаң мәлімдемесімен тұспа-тұс келуі де біраз жайттан хабар береді» дейді ол. Арықарай
сарапшылардың пікіріне сүйенген ол Қазақстан көшбасшысының бұл мәлімдемені
жасауының астарында, Астананың геосаяси альянс құруға құлқы жоқтығы жатқандығын
тілге тиек етеді. Мақала соңында сарапшылар Жириновский сияқтылардың бұндай мәлімдемесі
екі ел арасындағы достыққа сызат түсіріп, Мәскеудің сыртқы саясаттағы имиджіне
нұқсан келтіреді, сол үшін Кремль әуелі Жириновскийлердің аузын жабуы тиіс,
әйтпесе, Астана Жириновскийдің бұл мәлімдемесін ресми мәлімдеме деп қабылдап,
іргесін аулақтата беруі мүмкін деген.

Дәл осы мәселені www.utro.ru сайты да қозғайды. «Казахстан готов порвать с
Москвой и Минском» атты Сергей Серебровтің
мақаласы жарияланды. Автор «Путин мәлімдемесінде Қазақстан халқы үшін және оның
президенті үшін анау айтарлықтай намысқа тиетін әңгіме болған жоқ. Қазіргі
Қазақ мемлекетінің қол жеткізген жетістіктері оның лидері Нұрсұлтан
Назарбаевтың арқасында жүзеге асқаны рас. Бұған дейін ол – КСРО құрамында
одақтас республикалардың бірі болды. Одан бірі Ресей империясының
құрамында-тұғын. Дегенмен, Жириновксийдің соңғы кездегі мәлімдемелері
Назарбаевтың жоғарыдағыдай мәлімдеме жасауына түрті болуы мүмкін. Соңғы кездері
Казақстан көшбасшысы Украина төңірегіндегі жағдайларға орай, дискомфорт сезініп
жүр. Оның Еуразиялық экономикалық одақтан шығу мүмкіндігі жайындағы мәлімдемесі
осыны дәлелдейді. Назарбаев бұл мәлімдемесін шындыққа айналдыра ма, жоқ па
білмеймін. Алайда, үлкен саясаттың білгірі Назарбаевтың еш нәрсені тектен-текке
айтпайтыны түсінікті. Сол себепті, Мәскеу бұл мәлімдеменің астарынан жақсылық
күтпеуі тиіс» деп түйіндейді ол мақаласын.  

Алайда, www.vestifinanse.ru сайтында «Поссорить Путина и Назарбаева, или как продать
ложь» атты мақала жарияланды. Мақалада ресейлік ақпарат құралдары шу
жасайтындай ешқандай сенсацияның болмағандығы айтылады. Өйткені, жоғарыдағы 2
оқиғаның бір-бірімен ешқандай байланысы жоқ. Назарбаевтың «Хабар» арнасындағы
сұхбаты осыдан он күн бұрын жасалған. Ал Путиннің Селигердегі мәлімдемесі күні
кеше ғана жарық көрді. Алайда көптеген ақпарат құралдары бұл сұхбатты
Назарбаевтың жауабы ретінде қабылдап, өтірік айғайға басып жатыр делінген онда. 

Серіктес жаңалықтары