ӨШПЕС ӨНЕРДІ ОЗЫҚ САНА ЖАСАЙДЫ
ӨШПЕС ӨНЕРДІ ОЗЫҚ САНА ЖАСАЙДЫ
– Театрдың жаңа маусымына дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр? Репертуарларыңыз қандай қойылымдармен толығады?
– Театрымыздың 89-ші маусымын ашу қазан айына жоспарланып отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүруде. М.Әуезов театрының ұжымы көзі қарақты көрермен үшін әрбір жаңа маусымды жақсы жаңалықтармен бастауға дағдыланған. Театрдың табалдырғынан бастап, сахнасына дейін, барлық қойылымдар толықтай қайта пысықтаудан өтіп, топ ішінен суырылып шыққан торы аттай маусымның басталуын күтіп тұратын болады. Көрерменнің көңілі тоятындай репертуарымыздағы 30 қойылымды толықтай тексеріп, қажетті киім-кешектерін, декорациясын, тіпті кейбір рөлдердегі есейіп кеткен бейнелерді де қайта сұрыптаудан өткізіп жатырмыз. Жаңа маусымның сүйінші қойылымы – Дулат Исабековтің «Мағжаны» болмақ. Қазір пьеса «Сүй, жан сәулем» деген жұмыс атымен сахнаға дайындалып жатыр. Театрдың көркемдік кеңесінің шешімімен қойылымды режиссер Алма Кәкішева дайындауда. Бұдан бөлек, қазақ сахнасына классикалық дүниелердің де қажет екенін ескере отырып, испандық драматург Филиппа Дюмануара мен Адольфа д’Эннеридің тамаша пьесасын қоймақшымыз. Бұл қойылымды режиссер Әбубәкір Рахимов сахнаға әзірлеу үстінде. Ал, қараша айында Еуропаға танымал литвалық режиссер Йонас Вайткус драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыт Ата» драмасын қояды. Өздеріңізге белгілі, Йонас Вайткус осы жылдың көктемінде театрымызға келіп, актерлермен, автормен біраз жұмыс жасап кеткен. Бұл қойылым да Академиялық театрдың көрермендеріне ұсынатын қабырғалы спектакльдерінің бірі болады деген сенімдеміз. Сондай-ақ, театрдың спектакльден басқа, көрермен қабылдау, халыққа қызмет көрсету сынды маңызды жұмыстарына да айрықша назар аударып, жаңаша ұсыныстар қабылдау үстіндеміз. Қыркүйек айында бір жыл бойы ағылшын тілінде дайындалған «Бейбарыс сұлтан» қойылымы Белоруссияда өтетін халықаралық фестивальге қатысады. Фестивальден оралған соң алматылық көрермен қажет деп жатса, өз сахнамызда ағылшын тіліндегі нұсқасын да қоюды жоспарлап отырмыз. Сөз жоқ, біздің негізгі көрерменіміз қазақтілді көрермен, алайда бүгінгі жастардың назарын театрға аудару мақсатында ағылшын тілінде қойып көруге болатын шығар деген ойдамыз. Міне, жаңа маусымның басты жаңалықтары осы.
– Өткен жылы Үкіметте театр өнерін қолдауға бағытталған бірқатар бастамалар көтерілді. Шешімін тапқан мәселелер бар ма?
– Барлық ұсыныстар мен бастамалар бір-ақ күнде жүзеге асып, шешімін тауып кетеді деген алдамшы сезім бізде болған жоқ. Шын мәнінде, Қазақстан Республикасының Үкіметі театр ісі туралы үлкен мәселе көтеріп, тереңінен қарады. Әрине, бұның барлығы біздің мемлекетіміздің бюджетіне байланысты мәселелер болды. Бұл шаралардың мақсаты театр өнерінің алдағы даму бағыттары мен іске асыратын тетіктерін анықтау болатын. Соның барлығы үлкен мәселе ретінде көтерілді. Қазір біздің Мәдениет министрлігіне жаңа басшы – Арыстанбек Мұхамедиұлы келді. Ол кісіге өнерді жақсы білетін, өнер ортасынан шыққан, ғылыми тұрғыдан саралап түсіне білетін және кемшіліктерін түзеп, алға жылжыту жолдарын кешенді түрде зерделей алатын азамат ретінде үлкен сеніміміз бар. Мәдениет министрлігінен бөлек республикамыздың барлық басқару органдарының да жұмыла кірісіп істейтін шаруасы болғандықтан үмітіміз зор.
– Актерлерді баспанамен қамтамасыз ету талай жылдан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселе. Түйткіл оң шешіледі деген үміт бар ма?
– Сөз жоқ, бұның бәрі Үкіметіміздің заңдылықтарына байланысты дүниелер. Алматыда әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуде қала әкімі Ахметжан Есімов мырзаның нақты жауабы болды. Қаладағы пәтер салу мәселесінің қалыпты жүріп жатқанын атап өте келіп, оны баспанасыз азаматтарға беруде де ортақ заңдылықтар қалыптастырылғанын айтты. Әкімшілік қызметкерлері біздің жас актерлерге түрлі әлеуметтік бағдарламаларға құжаттарды жинау, қатысу, әртүрлі жүйемен берілетін баспаналар жайлы мағлұматтарды жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әрине, біз үшін барлық дүниенің бүгін бола қалғаны жақсы еді ғой. Алайда, әр жұмыстың өз реті, ыңғайы болады. Біз қай жерде жүрсек те театр төңірегіндегі шешімін табуға тиісті мәселелерді көтеріп, қатысты мекемелерге уақытында ескертіп жүрміз. Актерлердің жұмыс істеу кестесіне сай төленетін жалақы мөлшері пәтер сатып алуға жетпейтінін үнемі айтып келеміз. Әлеуметтік жағынан қорғалса деген үлкен тілегіміз бар. Шығармашылық адам болған соң, шынайы өнер жасау үшін, өзін сахнаға арнауы үшін – өнерге қолдау көрсетудің ешқандай да әбестігі жоқ деп есептеймін. Өмірін өнерге арнаған азматтарға қолдау көрсету, әлеуметтік қорғауға алу сынды мәселелер көрші Ресейде де бар үрдіс. Сондықтан, біз ғана мемлекеттің қолына қарап отыр деген түсінік орынсыз. Бұл туралы біздің министрлік те, тиісті орган басшылары да заңдылықтардың жүйесі мен ретінің қалай болатынын ойлану үстінде. Алдағы уақытта қолға алынып, шешімін табады деген сенімдемін.
– Жаңа маусымда қандай гастрольдік сапарларды жоспарлап отырсыздар?
– Ең әуелі сол қазан айында Беларусь еліндегі фестивальге барамыз. Онан кейін ірге көршіміз, туысқан қырғыз еліне барғалы отырмыз. Кеңес үкіметінен бері үзіліп қалған үрдісті қайта жалғастырмақшымыз. Өздеріңізге белгілі, қазір қырғыздар қазақ драматургтерінің шығармаларын қойып жүр. Біздің режиссерлеріміз да Қырғызстанға барып, спектакль қойып жүр. Өнер аралас, тілі аралас, дін аралас болғандықтан рух та аралас болады. Осы орайда, мәдени араластық солғын тартпау керек деген оймен қазан айының басында Бішкекке гастрольдік сапармен баруды ұйғардық. Әзірге барлық келісімдер жасалды. Енді тек ұйымдастыру шаралары мен іске асыру жұмыстары қалды.
– 30 тамыз – елімізде Ата Заң күні. Осы орайда егемендігіміздің кепілі болған конституция өнерге қаншалықты қорған болып келе жатқанын білгіміз келеді?
– Өнерді парасатты білім мен озық сана ғана жасай алады. Адами құндылық, саналы тәртіп болмаған жағдайда өнердің өркен жаюы мүмкін емес. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өзінің Ата Заңын қалыптастырды және оны уақыт талабына сай кемелдендіріп, қазақстандықтардың бүгіні мен болашағына толықтай кепіл бола алатын деңгейде құқықтық тұрғыдан қорғанысы мықты конституцияға айналдырды. Әйгілі данышпан Цицерон: «Әділ заң – бүкіл адамзатты ортақ парызды өтеуге міндеттейтін үндес, тұрақты әрі мәңгі парасатты құндылық», – дейді. Міне, біз өнер адамдары, театр актерлері өз саламызға қатысты, азаматтық құқық негізінде жүктелеген міндеттерді, халқымыз алдындағы парызымызды ойдағыдай орындап келе жатырмыз деген ойдамыз. Әрине, әр саланың өз заңнамасы бар. Біздің жұмысымыз Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңы аясында қоғамға қызмет етеді. Бұл заң мәдениеттi жасау, қайта түлету, сақтау, дамыту, тарату және пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi және мәдениет саласындағы мемлекеттiк саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды. Сол үшін де, Ата заң біздің өнеріміздің кең құлаш жайып дамуына, кемелденіп толысуына, өнер адамдарының еркін қызмет етуіне, мәдениетті қоғам құруымызға мүмкіндіктер жасап отыр. Елдігіміздің, егемендігіміздің, өміріміздің кепілі болған Ата Заң күні құтты болсын! Бейбіт ел, берекелі халқымыздың Тәуелсіздігі баянды бола берсін.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Жәнібек ҒАЛЫМ