АТОМ ЖАРЫЛЫСЫНАН ТІРІ ҚАЛҒАН 100 АДАМНЫҢ БІРІМІН

АТОМ ЖАРЫЛЫСЫНАН ТІРІ ҚАЛҒАН 100 АДАМНЫҢ БІРІМІН

АТОМ ЖАРЫЛЫСЫНАН ТІРІ ҚАЛҒАН 100 АДАМНЫҢ БІРІМІН
ашық дереккөзі
328

29 тамыз – БҰҰ-ның ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні. 1945 жылдың 6, 9 тамыз күндері Жапонияның Хирошима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталды. Кеңестер Одағындағы алғашқы ядролық қаруды сынау да 1949 жылдың 29 тамызында өтті. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен Семей полигоны жабылған болатын. Биыл тамыздың ортасында Қазақстанның бірнеше қаласында осы тақырыпта көрмелер өткізу үшін Күншығыс елінен арнайы делегация келді. «Хирошима мен Нагасакиді еске алу» деп аталатын көрменің ашылуында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың мәлімдемесі оқылды. «Қазақстанның ядролық сынақтар тарихы біздің сыртқы саяси басымдылығымыз үшін маңызды рөл атқарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз өз еркімізбен Кеңестер Одағынан қалған, әлемдегі көлемі бойынша төртінші орын алатын Семейдегі ядролық сынақты жаптық. Содан бері Қазақстан барлық мемлекеттерді ядролық қарусыз, бейбіт әлемді құруға қарқынды түрде қатысуға шақырып келеді. 2012 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен ядролық сынақтарды түбегейлі тоқтату мен әлемді ядролық қарудан арылтуға бағытталған «Атом жобасы» халықаралық кампаниясы ісін бастады» делінген министрдің арнау сөзінде. Осы орайда біз Нагасакидегі зұлматты көзбен көріп, басынан өткерген, бүгінде 87-ге келіп отырған қарт ұстаз Шйоухэй Цуики санмен әңгімелескен едік.

– Шйоухэй сан, сонау 1945 жылғы дүниені дүр сілкіндірген қасіретті оқиғаны еске алу, әрине, оңай емес. Өзіңіз бейбітшілікті насихаттау мақсатында әлемнің он мемлекетінде жастармен кездесулер өткізген екенсіз. Нагасакидегі Атом бомбасы мұражайы мен Хирошимадағы Мемориалды бейбітшілік мұражайына барғанда бүкіл фотосуреттер мен дәйекті деректерді көріп, зобалаңды көзімен көргендердің естеліктерімен танысқанбыз. Десек те, бүгін сол оқиға туралы өз аузыңыздан оқырмандарға әңгімелеп берсеңіз.

– Мен ол кезде он сегіз жасар бозбала едім. Нагасакидің педагогикалық училищесінде оқып жүргенмін. Училищенің 2-курс студенттерін аяқ астынан Акасакода (жарылыстан 1,8 км жердегі кент) орналасқан Мицубиши әскери зауытына жұмысқа алып кетті. 1945 жылдың 1 тамызында қаланың оңтүстік батысына тасталған бомбаның бірі Мицубиши зауытына бағытталыпты. Мен сол бомба жарықшақтарының зардабын тартып, зұлматты түгел басымнан өткізген адаммын. Және де сол жарылыс кезінде тірі қалған жүз адамның бірі де мен едім. Келоид күйіктерінен тартқан азабымды да, бастан көрген тозақ отын да ешқашан ұмыта алмаспын. 

Екінші дүниежүзілік соғыс нәтижесінде Жапония (Нагасаки, Нара сияқты бірен-саран шаһарлары болмаса) түп-түгел өрттен кейінгі алқап тәрізді түрге енген болатын. Сол бүтін Нагасаки шаһары әп-сәтте тып-типыл боп, орнында күл мен өртенген денелер қалады деп алдын-ала ешкім ойламаған еді. 

Училищеде дәрістер аса көп болмады. Қатарластарымның дені әскерге шақырылған. Ал қалғандарымыз әскери зауытта жұмыс істеуге міндеттелдік. Зауыттағы жұмыс 12 сағат, не күндіз немесе түнде істейсің. Демалыс, мейрам деген жоқ. Жылдың 365 күні түгел еңбек етуің керек. Біз ауыр жұмыстан қиналмадық. Басқа қалалар сияқты Нагасакиге қашан оқ жаудырар екен деген үрей ғана мазалады. Әрі күнделікті тіршілікке қажет заттар мен азық-түлік тапшы еді. Біз негізгі ас күрішті баяғыда-ақ ұмытқанбыз, асқабақтың титтей тілімі мен шалқан жапырағының қайнатпасын қанағат тұттық. 

Бомба тасталатын аптада мен түні бойы жұмыс істедім. 8 тамыздың кешінде жатақханада өзіме тиесілі асқабақпен жүрек жалғап, зауытқа бардым. Түні бойы жонғыш білікте су асты минасына арналған бұрандалы шегелер жасаймыз. 9 тамыз күні таңертең жатақханаға келдім. Ол уақыта студенттердің барлығы жатақханада тұрады. Ал отбасылары ауылдарға көшірілген. 

Жаздың бір әдемі мамыражай таңы еді… 

Біз апаттың жапон жеріне жақындап қалғанын білмейміз. Әдеттегідей асқабағымызды жеп, ұйқыға жаттық. Студент деген атымыз болмаса, кітап, дәптер, қарындаш деген жоқ. Күн са­йын әуе дабылымен оянып, аштық пен ұйқысыздықтан жүдеген біздің жалғыз тілегіміз – ұйқымызды сәл ұзарта түсу. 

Күткеніміздей-ақ, ескерту дабылы естілді де, студенттер орнынан тұру керек болды. Жаспыз ғой, төсектен жылдам тұрып, бомбапанаға тығылудың қамын жасаудың орнына көрпемізге орана түсіп, аз да болса ұйықтай түссек дейміз. Мен киініп, білегіме сағатымды тақтым. Содан соң бас киімімді кидім, иыққа асатын сөмке мен аяқ киімімді төсекке жақындатып қойып, қайта жаттым. Бақытыма қарай қалың көрпені бас­тан-аяқ түгел бүркеніп алған екенмін. Сол көрпе мені бомба сынығы денеме тиіп, басқалар сияқты түп-түгел өртеніп кетуден сақтады ғой. Сәлден соң дабыл тоқтады. 

Қанша ұйықтағанымды білмеймін, әйтеуір түс көріп жатқанымда шошып ояндым. Кенет дүние астаң-кестең боп, айнала дүрсілдеген дыбыстарға толып кетті. Мені бір күш лақтырғандай, анадай жерге ұшып түстім. Бірдеңеге соғылғаным есімде. 11 сағат 2 минут болғанда біз жарылыстан солтүстікке қарай 1,8 шақырым жердегі ағаш үйшікте жаттық. Саваяма деген досым екеуміз бір бөлмеде едік. Маған сол жарылыс дәл біздің бөлмеде болғандай көрінді. Бомба тасталған сәтте «бомбапанаға қашуым керек» деп ойладым, бірақ бөлме іші айналаңды бажайлай алмайтындай қап-қараңғы еді. Қасымда жатқан досымның қанға бөккен денесін көргенде шошып кеттім. Артынан білдім, менің де денем жарақаттан сау емес екен. Сол жақ қолтығым өртеніп барады.

 Далаға шығатын есікті іздедік. Айнала жым-жырт, төңірек күлімсі иіске тола. Бетім мен оң қолымнан қан тоқтамады. Көзім аққан қаннан удай ашып барады. Сол қолым мен сол аяғым қатты жараланыпты. Алайда, жарақатты қарап, ауырған жеріңді сипайтындай дәрмен жоқ. Көп қан кеткенін білдім де, қайтсем де бомбапанаға жылдам жетіп, қанды тоқтатуды ойладым. Әйтеуір әупірімдеп сыртқа шықтық. Көк түтіннің арасынан қала ағараңдайды. Солтүстігіндегі ғимараттар қирап жатыр. Біз атом қаруы жарылғанын сол сәтте білмедік. Нагасакиге жүздеген бомба тасталды деп ойладық. Көрініс сондай еді. Төңіректе тірі жан жоқ. Біз бар күшімізді жинап, бомбапанаға қарай жүгіріп келеміз. Қирандылардың астында өліктер жатыр. Оған назар салып, ойлануға шама жоқ. 

Бомбапанаға жеткенде іші жаралыларға толы екенін көрдік. Негізінен әйелдер, қариялар мен бала-шаға. Жігіттерді әскерге алып кеткен. Барлық жараланғандардың денесі шала жанған ағаш тәрізді күйген. Мен сияқты қанға бөккен адамдар аз емес, бірақ барлығы күйік азабына шыдамай ыңырсып, шыңғыруда. Терісі күлдіреп кеткендер, көмір сияқты қап-қара боп күйгендер, көзі ағып, мұрны түсіп қалғандар, ерні мен құлақтары балқып кеткендер… Міне, бомбапана ішіндегі көрініс осындай еді. Тіпті біреулері саған бетін беріп тұр ма, әлде арқасын қаратқан ба, айыру қиын. Өйткені беті күлдіреп, аузы-мұрны жойылған, күйген шашты айтпағанда… Менің де шашым түсіп қалыпты. Тіпті әйел ме, еркек пе, ажырата алмайтындай көрініс. Анадай жерде өлі сәбиін құшақтаған аналар отыр. Расында ақырзаман көрінісі осындай-ақ болар, нағыз тозақ қой мынау! 

Сәлден соң өрт басталды. Қиран­дылар астындағы жаралылар үйінді ас­тынан шыға алмады. Әлгілер шыңғырып, өкіріп, тірідей өртеніп жатты. «Адамзат тарихында бұдан асқан қасірет болар ма?» деп ойладым, сол сәтте жүрегім қайғыдан айырылардай болып. 

Біраз уақыт өткенде бізге жақын жердегі бастауыш мектепте медици­на­лық пункт ашылғанын хабарлады. Ол жерге тірі қалғандарымыз өз аяғымызбен баруымыз керек екен. Алғашында жүре алмайтын шығармын деп ойладым. Көмек келер деп түйдім. Бірақ мынандай сұрапыл жағдайда басқа жақтан көмек күту пайдасыз екенін ұқтық та, ілби басып алға жылжыдық. 

– Қолыңыздағы фотосуреттер Нагасакиден бе?

– Тек Нагасаки емес, Хирошиманың Мемориалды бейбітшілік мұражайын­дағы суреттерді де ала келдік. Мына суретте жарылыстан мерт болған, мен шамалас бозбала түсіріліпті. Бүкіл тәні көмірдей қап-қара боп күйіп кеткен. Нагасакидегі атом бомбасы мұражайына барғанда осы суретке қараймын да, сырласамын онымен. Бұл жігіттің орнында мен жатуым да мүмкін еді деп ойлаймын. «Мен де он сегізде едім, сен де он сегізде. Қайран боздақ! Бейбітшіліктің қадірін мынау әлемге жеткізу үшін өмір сүрейін» деп күбірлеймін. Әйтеуір тірі қалып, бүгінге аман жеткеніме шүкіршілік етемін.

Мына бір суретте де қасіретті көрініс бар: атом бомбасы түскен орталықтағы пойыз жапырылып, ішіндегі жолаушылары түп-түгел өртеніп, сүйектері әр жерде шашылып жатыр. Бұл фотоға қараймын да, «жетер жеріне жете алмаған жолаушылардың арасында мен де болып, мынау күнді көре алмауым мүмкін еді-ау!» деп ойлаймын. 

– Жарылыстан соң тірі қалған­дарға қандай көмек көрсетіліп еді?

–  Әрине, атом бомбасы тасталғанын білмеген соң жарылыс эпицентрі қайда екенін ажырата алмадық алғашында. Біз эпицентрден 1,8 км жерде едік. Радиусы 1,8 км жерден жарылыс нәтижесінің куәгері болдық. Төңірек түгел өртке оранған. Біз жалын шарпыған жерден алыстау жүрсек те, өзім дәп бір отқа оранатындай сезіндім. Жол-жөнекей бүкіл үй-жайлардан тірі жан қалмай, түгел тып-типыл болыпты. Оңтүстіктен үрейлі дыбыстар естілді. Анадай жерде өлі аттар, басқа да өлекселер шашылып жатыр. 

Қираған үйлер бірте-бірте азайып, біз көрші ауылға жеткенде әр жерде жатқан үй жиһаздарының бөлшектерін көрдік. Шөлдедім білем. Тоқтай қалып, құдықтың суын шөлім қанғанша сімірдім. Сол құдық суының дәмін әлгі күнге ұмытпаймын. Бұл ауылда сау қалған үйлер бар екен. Бір кісі бізді үйіне кіргізіп, онигири (домалақталған күріш тағамы) берді. Біз медициналық орталыққа жеткенде қас қарайып қалған еді. Келесі күні эвакуацияланған туысқандарым мені алып кетті. Екі ай төсекте жаттым да, бір жылдан соң аяқ басып жүре алдым. Кейін естігенімдей, медициналық пункте жатқандардың көбісі мерт болыпты. Ол бір Медициналық орталық деген аты болмаса көрпе-жастығы жоқ, төрт қабырғасы ғана бар бір қора болатын. Сол қасіретке толы азапты орталықта қалмай, туыстарым алып кеткеніне де тәубе деймін. Кейін білдік, эпицентрден 1200 метр жердегі мен жұмыс істеген зауыттың да күл-талқаны шығыпты. 

– Сіздің «Адамзат пен ядролық қарудың қатар өмір сүруі мүмкін емес» деген сөзіңізді «Japan times» жариялады. Жапон бұқаралық ақпарат құралдарында сол оқиғаға қатысты өткір пікірлеріңізді жазып жүрсіз. Жалпы, Нагасаки мен Хирошимадағы жарылыстар өзінің тарихи-саяси бағасын алды ма?

– Өз бағасын алды деп айта алмаймын. Жарылыс болған уақытта қалада 200 мың адам тұрған екен. 9 тамызда жергілікті уақыт бойынша 11:02-де күші 21 килотонна болатын бомба тасталғанда жарылыс толқыны күшті жел тәрізді балаларды ұшырып әкеткен. Жарылыс эпицентрінен 1 шақырым қашықтық аумақтағы жан-жануарлар бірден өліп кеткен. 3 шақырым жердегі құрғақ заттар, қағаздарға дейін өртенген. Атом жарылысы Нагасакидің 110 шаршы шақырым аумағын қамтыған. Оның ішінде 22 шаршы шақырымы теңіз аймағы болып табылады. 1945 жылдың соңына дейін Нагасакидегі жарылыс салдарынан 60-80 мың адам көз жұмса, 1960 жылға дейін 140 мың адам мерт болған. 75 мың адам жараланған. Жарылыс нәтижесінде қала аспанында пайда болған қара бұлт – қасірет бұлты, ұзақ уақыт сейілмеді. 

Қазір әлемде халқын шыбын сияқты қырып тастаған Нагасакиге тасталған бомбадан жүз есе күшті қару жасалуда. Бұған қарап бейбіт әлемде өмір сүріп жатырмыз дей аламыз ба? Нақты жағдайға баға бере отырып, әр саналы азамат бейбітшілік үшін еңбек етіп, тыныштық үшін күресу керек. «Америка Нагасаки мен Хирошимаға бомба тастауға мәжбүр болып еді» деген еш негізі жоқ жай сөз. Иә, атом бомбасынсыз-ақ, бейбіт халықты қырмай, соғысты аяқтауға болар еді. Американың бұл оқиғаға байланысты ақталу сылтауларында негіз жоқ. 

Иә, Нагасаки мен Хирошима қала­лары атом жарылысынан кейін эко­ло­гиялық тұрғыдан да, аббаттандыру жағынан да 20 жылда қалпына келтіріліп, бүгінде сән-салтанаты келіскен әсем шаһарлар санатына енген. Бұған жету үшін, әрине, жапон халқы көп күш жұмсады. Ал жарылыс­тан қалған жан жарасы жазыла қояды деп айту қиын. 

– Нагасаки мен Хирошимадағы жарылыстар туралы естеліктер айту үшін Испания, Түркия, Бельгия, Малаизия, Ресей, т.б. он шақты елде жастармен кездескен екенсіз. Жалпы, өз өміріңіздің естеліктерін немерелеріңізге де айтып отыратын боларсыз?

– Менің екі балам болғанмен немере деген жоқ. Атом бомбасының зардабын көргендердің ұрпақсыз қалуы, көп жағдайда немеренің туылмау жағдайлары өте көп. Мен де сондайдың бірімін. Дегенмен, 87-ге келсем де әлі тыңмын. Зейнетке шыққанша орта мектепте математика пәнінен сабақ бердім. Жарылыстан зардап шеккендерге Үкімет медициналық көмекті тегін көрсетеді. Жарылыстан жарақат алғандар 7 категорияға бөлінеді. Мен соның 4-ші категориясына жатамын. Қолым мен аяғымда жарақаттың іздері бар. Денсаулығымды жылына екі рет тексертемін. Құзырлы орындар тарапынан басқа да көмек түрлері көрсетіліп тұрады. Жыл сайын осы тамыз айын­да түрлі мекемелер мені жастармен, балалармен кездесуге шақырады. Ешқайсынан қалмай барып тұрамын. Нагасакидің қақ ортасындағы кезінде жарылыс болған жерде қазір ескерткіш тұр, жанында бақ орналасқан. Сол жерде 9 тамыз күні қала халқымен кездесіп, көрген-білгендерімді айтып беремін. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен 

Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары