КӨК БАЙРАҚПЕН ҚОҚЫС ТАСЫП...
КӨК БАЙРАҚПЕН ҚОҚЫС ТАСЫП...
Тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасында көлігіне тиелген
қоқыстың бетін Қазақстанның көк байрағымен көлегейлеген заң зұзушы сотқа
тартылды. ҚР Жоғарғы сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Алматы қаласы
ауданаралық әкімшілік соты 2014 жылдың 18 тамызында мемлекеттік туды жабу
ретінде қолданған көлік жүргізушісінің үстінен іс қозғапты. Алматы облысы,
Қарасай ауданының тұрғыны А.Есімбеков әкімшілік құқықты бұзды деп айыпталып,
200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Осылайша, көкте желбіреуге
лайықты көк байрақты қорлаған ол ҚР «Қазақстанның Мемлекеттік туын қолдану
тәртібін бұзу туралы» заңының 354-1 бабы, 1-тармағына сәйкес, айыпты деп
табылып, 370 400 теңге айыппұлмен құтылды.
«Бір компанияның қоқысын
тасып жүр едім. Қоқыстың бетін немен жабарымды білмедім. Сол маңнан туды тауып
алдым», – деп ақталған әлгі жігіт қор болған байрақты ауласының бір бұрышына
тастай салған. Елді, Жерді, Отанды сүю – мемлекеттік рәміздерді құттықтау.
Тапа-тал түсте күллі қазақтың, бүкіл Қазақстан азаматтарының ар-намысына тиетін
қылыққа шімірікпестен қалай барғаны түсініксіз. Сірә, патриоттық сезімнің
әлсіздігінен, ұлттық идеологияның ақсап қалғанынан болса керек. Өйткені
Мемлекеттік ту, Әнұран, Елтаңба сияқты мемлекеттік рәміздер – кез келген
азаматтың жанды жері. Өткенде Түркияның туын төмен түсіргені үшін күрд жастарын
өлім жазасына кесуді бұйырған, түрік қоғамында өте күшті наразылық танытқан оқиғалар соның айғағы.
Өкініштісі, Мемлекеттік туға
қатысты келеңсіз жайттар соңғы кездері жиі қайталанатын болды. Былтыр ғана көк
байрақты жерге сүйретіп, қоқыс тасығандар заң жүзінде жазаға тартылған еді.
Әкімшілік ғимараттардың төбесіне ілінген Тудың жырым-жырымы шыққаны тағы бар.
Жыртық тудың еңсені езіп, келешекке күмәнмен қарайтын ойларға жетелейтіні
белгілі. Ал болашағы жарқын Қазақстанның, Тәуелсіз мемлекеттің ұлттық мақтанышы
– Көк байрағы тек көкте желбіреуі тиіс! Ол үшін азаматтардың, әсіресе, өскелең
ұрпақтың санасына ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ сіңіруге күш салған абзал.