Өңірлерде жол мәселесі шешілмеген

Өңірлерде жол мәселесі шешілмеген

Өңірлерде жол мәселесі шешілмеген
ашық дереккөзі
218

Депутаттардың жаз айларында өңірлерді аралап, қоғамдық қабылдау өткізетіні белгілі. Осындай басқосуларда халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, аймақтардың шешімін таппаған мәселелермен танысу мүмкіндігі туады. Осы орайда Мәжіліс депутаты Нұрлан Жазылбеков мырзаны әңгімеге тартқан едік. 

– Бүгінге дейін қай аймақтарда болдыңыз? Өңірлердің сәнін кетіріп, экономикасын кері тартып тұрған келеңсіздіктерді немесе басқа аймақтарға үлгі боларлық артықшылықтарын көре алдыңыздар ма?

– Төрт облысты аралап шықтық. Сапарымызды Қарағанды облысынан бастадық. Жезқазған, Сәтпаев қалаларында қоғамдық қабылдаулар өткіздік. Бұл өңірлердің ірі кеніш орындары екені баршаға мәлім, шахта жұмыстарымен кеңінен таныстық. Сондай-ақ өзіміз көздеген мәселе – кәсіпкерлік болғандықтан, Жезқазған қаласының кәсіпкерлерімен кездесу өткіздік. Ал ауыл тұрғындарымен кездесу барысында жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайлары айтылды. Мәселен, тұрғын үйге байланысты келеңсіздіктер өте көп. Осындай қоғамдық кездесулердің бірінде болған мәселені айтайын. Көпбалалы, жалғызбасты анаға кезінде әкімдік көмектесіп, үй алып берген. Ол үйді қожайыны тастап кеткен, санақтан шығарылып, бос тұрғандықтан көпбалалы анаға берілген. Алайда араға бес жыл салып, бұрынғы қожайыны келеді. «Бұл менің үйім, босатыңдар» деп жаңағы отбасын әуреге салады. Жалғызбасты ана алты баламен қайда барады? Күні кеше осы мәселенің бір шешімін тапқандай болдық. Бұрынғы қожайындардың ісі сотта жалғасатын болды. Міне, осындай әлеуметтік мәселелер өте көп. Баспана мәселесі әркімнің-ақ негізгі мұқтажына айналған. Жалпы, қоғамдық қабылдаулар барысында қордаланған мәселелерді күзде жұмысқа кіріскен соң тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз. 

– Қоғамдық кездесулер басталмай тұрып, жергілікті туризмді дамыту саласын көтерген едіңіздер…

– Иә, туризм саласының бүгінгі хал-ахуалы жайлы «Көзкөрген» бағдарламасында көтеріп, каникулда өз көзімізбен көріп қайтуды мақсат тұтқан едік. Осыған орай бір жарым мың шақырым жүріп отырып, Алматы облысының көрікті мекендерін Шарын каньоны, Көлсай көлдері жағалауындағы инфрақұрылыммен танысып шықтық. Сондай-ақ арасан сулар шығатын аймақтардың потенциалы, жұмыс жасауы мен қызмет көрсету деңгейін барладық. Шығыс Қазақстан облысына сапар шектік. Көңілден шықты деп айту қиын.Туризмді дамытуға мүмкіндік көп, бірақ істейтін жұмыстар шаш-етектен. Ең бірінші – жол мәселесі шешілмеген. Өңірлердегі қатынас жолдарының жағдайы ауыр. Қатынас жолдарын жақсарту үшін, демалыс аймақтарына жол ашу үшін маусымдық ұшу алаңдарын салу қажет. Жалпы, министрлер өздері осы жолмен жүріп көрсін, күзде осы мәселе бойынша Үкіметке ұсыныс берейік деп отырмыз. Сонымен қатар Алакөл жағасында керемет демалыс орындары бар. Осы демалыс орындары бұрынғы әкімнің, лауазымды тұлғаның меншігі. Бір сөзбен айтқанда, қолында билік болғанда, басып қалғандар. Енді осы учаскелердің қожайыны ретінде қарапайым шаруаларға жалға беріп қойып, содан пайда тауып отыр. Енді әкім болса да, кім болса да осы учаскені неге өзі игеріп, бірнеше учаскеге бөліп, ифрақұрылымды салып барып, жалға бермейді? Айналдырған екі айды пайдаланып, кім де болса нәпақа тапқысы келеді. Сөйтіп көріксіз қазақ үйлерді ретсіз қондыра салған. Оларды тағы Қырғызстаннан, Қытайдан арзанға сатып әкеліп, қалай болса солай орнатқан. Жағалауды жабайы демалыс орнына айналдырған. Өкінішке қарай, барын салып жұмыс жасап жатқандардың бір де біреуі кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Ешбір қожайыннан тіркеу көрген жоқпыз. Оны былай қойғанда, жерін жалға берген адам да салық төлемейді. Ал іс жүзінде жерін бергені үшін ол да кәсіпкер ретінде салық төлеуі тиіс. Осы орайда қожайынға да, жалға алушыға да кәсіпкерлік білім керек. Егер заңды тұрғыда түсіндіріп, тәптіштеп айтып берсе, туризмді жаңа деңгейге жеткізу кім-кімнің де қолынан келеді. 

– Кәсіпкерлер палатасы 30 мың кәсіпкерден мүшелік жарна жинадық деп жарияға жар салуда. Кәсіпкерлердің жұмысын жүргізуде палатаның қызметі қандай?

– Мен тағы да қайталап айтам. Кәсіпкерлерді оқытып, дұрыс түсіндіру әлі де жүзеге аспай келеді. Кәсіпкерлер мәселесіне байланысты жұмыстарды мойнына алып отыр. Бұрын мен «Атамекен» холдингінде қызмет атқарғанымда кәсіпкерлер өз еркімен келіп, мүшелік жарнаны төлеп отырды. Берілген қаражаттан кәсіпкер пайда көруі керек, әрине. Ал кәсіпкердің құқығы бұзылса, Ұлттық палатаның заңгері оның көзқарастарын қорғауы тиіс. Осындай қызметтердің бәрі жүзеге асса, кәсіпкер жарнадан қашпайды. Кедендік одаққа байланысты, Салық кодекстеріне байланысты өзгерістер көп. Оның барлығы Ұлттық палата сарапшыларының қолынан өтеді. Жаңадан құрылған мекеме болғандықтан, ешкімнің қолы жетпейтін мемлекеттік құрылым емес, әрбір кәсіпкерге есігі ашық мекеме болуы шарт. 

– Күзде кәсіпкерлерге салықтық рақымшылық жасалатыны айтылды. Бұл қалай жүзеге асады, кәсіпкерге қаншалықты көмек болмақ?

– Қазір көптеген кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуына себеп осы салық. Әртүрлі жағдай бар. Мәселен, бір мекеменің айыппұлы болған, оның пениясы өсіп кеткен. Міне осындай айыппұлдарға рақымшылық жасау керек деп ойлаймын. Мұндай мысал көптеген елдерде бар тәжірибе. Әлбетте, қылмыстық немесе қасақана жасалған жұмыстардың айыппұлын жеке қарастыру керек. Кейбір жағдайда кәсіпкерлер өздерінің айыппұлы бар екенін де білмейді. Ісі сотқа тақағанда ғана мәлімдеме келеді, сонда ғана біліп жатады. Ал Ұлттық палата кәсіпкерлерді мұндай жағдайға жеткізбеуі керек. Әр ауданда, облыста палатаның өкілдері бар. Міне, осы өкілдер түсіндіріп, жұмыс істеуге тиіс. Осы типтес рақымшылық жиі жасала бермейді, сондықтан кәсіпті мәдениетті жүргізуге үйренуіміз керек. Отандық кәсіпкерлерді қорғайтын шаралар бар. Біз беларусь, орыс кәсіпкерлерімен бәсекеге түбі келеміз. Ал интеграция бүкіл дүниежүзінде бар. Ешқандай экономикалық аумаққа бірікпейміз, 17 миллион болып қана отырамыз делік. Біздің өнімді экспортта өткізе аламыз ба? Жоқ. Сондықтан кәсіпкерді қазірден дайындау керек, бұл да жарыс сияқты. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлермен бірге жұмыс істеп, бір-біріне қол үшін берсе, нәтижесін ертең-ақ көреміз. 

– Былтыр «Ақ жол» фракция­сы Энергетика министрлігінің жетіспейтіндігі туралы мәселе көтерген болатын. Бұл бастама тура бір жылда жүзеге асты. Енді аталмыш ведомство өкілеттігі қандай мәселелерді қамтуы тиіс?

– Былтыр осы мәселеге байланыс­ты екі депутаттық сауал жолдағанбыз. Біріншісі, Қазақстан бойынша электр энергиясын өндіретін ГЭС-тер инвесторлардың қолында. Шығарған энергиясының көлемі қанша, бағасы қанша? Оны ешкім білмейді. Инвестициялық жүктемелер бар. Инвесторлар осындай келісімшартқа қол қойған кезде қанша миллиард қаржы құюы керек еді, ол қай салаға құйылды? Жабдықтарын жаңартып, жөндеу жұмыстарын жасады ма? Ол да белгісіз. Бір айттық, екі айттық, жауап болмады. Экономика тынысы энергетикаға келіп тіреледі. Энергетиканың тарифіне байланысты ертең нарықта баға қалыптасады. Біздің ұсынысымызбен мемлекеттік комиссия құрылды. Оның аясында бір отырыс ұйымдастырылды. Сол кезде осы мәселені көтеріп, электр станциясында өндірілетін 1 киловатт энергияның бағасы қанша деген сұраққа ешкім жауап бере алмады. Сонымен қатар бұл комитет үшін өте ауқымды жұмыс, оны не агенттік, не министрлік атқаруы керек. Әр мемлекетте атом электр станциясы бар. Ал бізде шикізат бар. Дүниежүзіне таратып отырмыз. Сондай-ақ осы саланың мамандары керек. Осы мәселелердің барлығын қамтитын Энегретика министрлігі керек деп шырылдаған болатынбыз. Екібастұз ГРЭС-інің үшінші блогын салып жатыр. Барып көрдік. Инвесторлар оның бағасын бірнеше миллиардқа көтеріп жіберген. Неге көтереді? Ол тағы да жұмбақ. 50 пайызы Қазақстандікі, 50 пайызы Ресейдікі. Шығыс Қазақстанда Шүлбі ГРЭС-інде американдар жұмыс істеді, 6 айда 2 жарым миллиард теңгеден астам ақша тауып кетіп қалған. Қолдарында келісімшарт та, құжат та болмаған. Міне, осылардың барлығына ие болып, қадағалап отыратын орган қажет екенін айтқан едік. 

– Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен Ақниет ОСПАНБАЙ 

Серіктес жаңалықтары