Қазақтың келешегі – жастарда

Қазақтың келешегі – жастарда

Қазақтың келешегі – жастарда
ашық дереккөзі
298

Таяуда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды. Сапар барысында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қарағанды құю-машина жасау зауытының жұмысшыларымен кездесіп, облыстық жастар филиалының кезектен тыс ХІХ конференциясына қатысты. 

Қарағанды облысында тұрғындардың 20 пайыздан астамы өндірісте еңбек етеді. «Қазақмыстың» зауытында Индустриаландыру бағдарламасы шеңберіндегі ауқымды жоба саналатын «КазБелАЗ» техникасын құрастыру зауыты іске қосылған. 3 мыңнан астам өнім ұсынатын зауытта 740-тан астам адам еңбек етеді.

Сапар барысында Б.Байбек мырза зауыттың бастауыш партия ұйымының жұмысымен танысып, ұйым мүшелеріне жаңа үлгідегі партия билеттерін табыс етті. Қарағанды облысындағы жас­тар саясаты мен жастардың саяси көзқарасы, әлеуметтік жағдайы партия көлемінде шешімін тауып келеді. «Бүгінде мемлекет жастардың өзін-өзі танытуы үшін барлық жағдайды жасап отыр. Сондықтан жас­тар өз кезегінде өздерінің жасампаз белсенділігі мен сындарлы азаматтық ұстанымын Қазақстанды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатына жетуге арнауы қажет», – деді Б.Байбек мырза. 

«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХІХ облыстық конференциясында еліміздің саяси бағдарын ұтымды жүзеге асыру бойынша партия «жобалық-мақсаттық тәсілге» негізделген жаңа жұмыс форматына көшкені айтылды. Сондай-ақ партияның «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша Қарағанды облысында мүмкіндігі шектеулі 320-дан астам азамат жұмысқа орналастырылған. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Қарағанды облысында жастарға арналған үш партиялық жоба «Жастар – Отанға!», «Сәтті қадам» және «Жастар қадрлық резерві» жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Жыл басынан бері «Жас­тар кадрлық резерві» жобасына 46 қарағандылық қамтылған. Ал «Жастар – Отанға!» жобасы аясында 10 ұтқыр топ құрылып, нәтижесінде 41 ауылдық округті аралап қайтса керек. Ұтқыр топ мүшелері жастарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, жұмыс табу, баспана алу, денсаулық сақтау, білім беру бойынша кеңес берді. 

«Нұр Отан»  партиясының  2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасының жобасы да назардан тыс қалмады. Халықтық сипатқа айналған жобаға қазірдің өзінде 400-ге жуық ұсыныс түскен екен. «Бағдарлама азаматтардың жалпы жемқорлық туралы түсінігін түбегейлі өзгертуге бағытталған. Оны жүзеге асыру арқылы азаматтарға қызмет ететін тиімді мемлекет құруға, сондай-ақ жауапты азаматтық қоғам құруға, қуатты қазақстандық бизнесті дамытуға жол ашылады. Партия доктринасында белгіленгендей, жауапты өзара іс-қимыл және шынайы әріптестік Қазақстанның болашақтағы табыстылығын дәйектейді», – деп атап өтті Б.Байбек. 

Ақниет Бейімбетқызы

Серіктес жаңалықтары