Түркіменстан жақындай түспек

Түркіменстан жақындай түспек

Түркіменстан  жақындай  түспек
ашық дереккөзі
372

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркіменстанға сапары күзге жоспарланған. Күн тәртібіндегі басты мәселе – Түркіменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына айқара есік ашатын теміржол құрылысының аяқталуы. Осы орайда Мемлекет басшысы Түркіменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары, Сыртқы істер министрі Рашид Мередовті қабылдап, айтулы жобаны тағы бір пысықтады.

Кездесуде екі ел арасындағы ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынас, отын-энергетика салалары, сондай-ақ қол қойылған келісімшарттарды жүзеге асыру мәселелері қаралды.  

«Біз әрдайым саяси-экономикалық жақсы қарым-қатынаста болдық және оны әрі қарай жалғастыруға дайынбыз. Қазір маңызды жоба – Түркіменстан мен Иран арқылы Қазақстаннан Парсы шығанағына апаратын теміржол құрылысын аяқтау күтіліп отыр. Ол аяқталысымен бүкіл өңірдегі сауда қатынастары мүлде жаңа деңгейге көтеріледі», – деді Елбасы. «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржол құрылысы егжей-тегжейлі талқыланып, іске қосудың алғашқы кезеңдері де белгіленді. «Қазір сіздің Түркіменстанға сапарыңызға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент Гурбангулы Бердымухамедов бұл сапарды жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Қазанның соңы, қарашаның басына қарай біз «Қазақстан – Түркіменстан – Иран» теміржолын толыққанды ашуға дайын боламыз», – деп атап көрсетті Р.Мередов мырза. Былтыр екі ел президенттерінің қатысуымен Болашақ станциясы (Қазақстан Республикасы) – Серхетяка станциясы (Түркіменстан) өткелі бойынша тікелей теміржол қатынасы ашылған болатын. Аталмыш дәліз мемлекеттер арасындағы жүктердің тікелей жеткізілімдерін қысқа жол арқылы жүзеге асыру, Қазақстан арқылы Түркіменстанға және кері бағытта транзиттік пойыздардың жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Өз кезегінде екі ел арасындағы көлік-коммуникациялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты іс-қимылдардың дамуын атап өткен Р.Мередов Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедовтің жылы лебізін жеткізді. Кездесуде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Түркіменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов 2015-2016 жылдарға арналған екі елдің сыртқы саяси ынтымақтастығы жөнінде бағдарламаға қол қойды. 

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары