Оймақтай ой: БҰЛАР ҚАЙ МАРИЯ МАГДАЛИНАНЫ ӘНГЕ ҚОСЫП ЖҮР?

Оймақтай ой: БҰЛАР ҚАЙ МАРИЯ МАГДАЛИНАНЫ ӘНГЕ ҚОСЫП ЖҮР?

Оймақтай ой: БҰЛАР ҚАЙ МАРИЯ МАГДАЛИНАНЫ ӘНГЕ ҚОСЫП ЖҮР?
ашық дереккөзі
280

Аптаның жеті күні тойсыз өтпейтін болды. Оны «қазақтың аптасы тойсыз өтпейтін болды» десе де жарасқандай. Бұған да шүкір. Кешегі кеңес өкіметінің «кемелденген» тұсында да мұндай «аста та төк» той-томалақ апта сайын болған жоқ.
Тойы көбейген соң қазақтың әншісі мен сазгері, ақыны мен асабасы да көбейді. Ол да заңды. Той сайын жаңа әнге тұщынып, жаңа биге сүйсініп қайтасың. Қырғыз ағайындардан ауыс-түйіс арқылы жеткен «Қызыл өрік» әні тойға жиналған тондылардың әлі күнге дейін «хитіне» айналып тұр. Міне, енді осы әннің ыстық-суығы басылмай жатып «Мария Магдалина» деген ән шықты. Екпіні мен ырғағы, дау жоқ, биге сұранып тұр. Осы ән басталған кезде иықтарын қисаңдатып, отырған орындарында-ақ билей жөнелетін жастарды былай қойғанда, кейбір көкелер мен жеңгелердің өздері ортаға атып шығып қалай тайраңдап кеткендерін байқамай да қалады. Мейлі ғой, тойдың сәні ән мен би болған соң қалағандарынша ойнасын, күлсін, билесін, оларын ешкім сөкет демейді. Бірақ сол той төрінде отырған естілер (есерін қойшы) әнші жігіттің «Мария Магдалина оһо-һоу» деп сонша тамсанып, соншама өліп-өшіп бара жатқаны кім болды екен?» деп бір-бірінен сұрамайды ғой. Бәрі де:

«Мария Магдалена, оһо-һоу,
Талайдың арманы едің, оһо-һоу.
Жүректің болған емі, оһо-һоу,
Өзіңсің жан-ы-ы-ым.
Жетелеп алға мені, оһо-һоу,
Тұратын жолдар еді, оһо-һоу.
Мен үшін ең әдемі, оһо-һоу,
Өзіңсің жан-ы-ы-ым.
Ай-ай-ай, чип-чип-чип,
Мария Магдалена – аруым»

деп саңқылдаған әнші үні мен музыкаға елтіп, мәтіннің басты қаһарманы «Марина Магдалинаның» (әншіміз, неге екенін кім білсін, «Магдалена» деп алыпты) кім екеніне мән бермейді. Әйтеуір, Мәриәм Жагорқызы емес екені анық. Ендеше кім? Ән мәтінін «тудырушы» да бұл кімнің есімі екенін, оны қай ғасырдың аруына телитінімізді айтпапты. Қазақы алаңсыздық дегеніміздің анықтамасына, сірә, бұдан артық мысал табылмас. 
Энциклопедияны парақтап қарасаңыз, «Мария Магдалина, біздің эрамызға дейінгі 1 ғасырдың соңы, Магдал қаласы, Израйль» деп басталатын анықтамаға кез боласыз. Одан ары қарай Марияның Иисус Христостың ізгі өсиеттерін жалғастыруға шын берілген ізбасарларының бірі екенін оқисың. Қысқаша айтқанда, Иса пайғамбар ғалейкім уәссәллам жын-шайтандар иектеген отбасында өскен Марияны емдеп, бойын билеген іблістерден арылтқан соң, ол Иисусқа адал пірәдарлардың бірі болған. «Евангелие» мәтіні бойынша имансыздар Иисусты дар ағашына тірідей шегелеп, азаптап өлтірген кездегі қасіретті сәтке куә болғандардың бірі де Мария Магдалина. Бірақ православ дінін ұстанғандар Мария Магдалинаны береке мен бірліктің жаршысы ретінде биікке көтеріп, әулие тұтқандарымен, католиктер оны түрлі лас іс-әрекеттерден арылу арқылы тәубесіне келген әйел ретінде қарастырады екен. Айта берсек, тарихи тағдыр талайы көп Марина Магдалина сонау ықылым замандардан бері көптеген жазушылардың, суретшілердің, мүсіншілердің, әншілердің, сазгердердің басты кейіпкеріне айналған. Берідегі авторлар да біраз шығармаларына арқау еткен. Атақты әнші Сандра, сондай-ақ Филипп Киркоров «Мария Магдалина» деп әуелетсе, «Жетінші аспан» деп аталатын топ оны өздерінше әуездетеді. Міне, енді солардың тізіміне қазақтың Асхат Тарғынов деген өнерпазы да қосылып, өзінің «Марина Магдалена» әнімен «жұлдызға» айналып отыр. 
Әншіні «даусы жоқ» дей алмайсыз, ән де ойнақы, көңілді, ырғақ екпіні де өзгеше, қысқасы, жастардың сұранысына дөп келіп тұр. Бірақ осы үндестікті Мария Магдалина есімінің қайта-қайта айтылуы, әсіре өліп-өшу оны бүгінгі күн сұлуларына ұқсатып тұрған сияқты. Автор көтеріңкі көңіл күймен шырқалатын әнге діни қаһарманды әкеп қосудан не ұтты? Әйтпесе не ұтпақ? Жұртқа қандай рухани байлық пен ләззат сыйламақ? «Жәй ғана Мария» дегендей, кәдуілгі Мариялардың біріне арнаған ән болса бір сәрі. Онда бұл мақаланы жазбас та едік. 
Айтпаса сөздің атасы өледі. Айтса «айтты» дейтіндер де бар. Бірақ соған қарамастан біз осы сөзді айттық. Қажетіне жарату, жаратпау тыңдарманның өз еркінде. Бәлкім, «отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегендей, осы ой-пікір әннің сөзін жазған автордың құлағына да жетіп, «кейіпкерінің» аты-жөнін түзетіп, қайта орындап жатса, «ештен кеш жақсы» деп, сәттілік тілегеннен басқа ниетіміз жоқ

Серіктес жаңалықтары