«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТАБЫСТЫ БОЛМАҚ

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ТАБЫСТЫ БОЛМАҚ

«ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА  ҚАЗАҚСТАН ҮШІН  ТАБЫСТЫ БОЛМАҚ
ашық дереккөзі
192

Өткен аптада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов ҚР Президенті жанындағы «жасыл» экономикаға көшу туралы кеңестің бірінші отырысына қатысты. Кеңеске қатысқандар құрамында мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың басшылары да бар.

Кеңесте жұмыс топтарының құрамдары белгіленіп, биылғы жылы жасалатын іс-шаралардың қызмет жоспары мен кестесі бекітілді. Жаһандық климаттың өзгеруі және оған Қазақстанның бейімделуі отырыста талқыланған басты мәселе болды. Аталған мәселеге қатысты кеңеске қатысушылар дайындаған баяндамаларын назарға ұсынды. Потсдамдық климат әсерін зерттеу институтының профессоры Юрген Кропп, ресейлік Экономикалық жоғары мектептің қоршаған орта және табиғи ресурстар экономикасы орталығының директоры Георгий Сафонов, ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров өздерінің әзірлеген баяндамаларында жаһандық климаттың өзгеруі, оның себептері мен салдары турасында сөз қозғап, өз ұсыныстарын ортаға тастады. ҚР қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров климат өзгерісінің Қазақстан экономикасына және еліміздегі өңірлерге тигізер ықпалы жөнінде айта отырып, климаттың өзгеру процесін үнемі бақылауда ұстап отыру қажеттігін алға тартты.

Қазақстанның «жасыл» экономикаға көшуі туралы Концепцияға Елбасы Н.Назарбаев осыдан бір жыл бұрын мамыр айында қол қойған болатын. Жасыл экономика – Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттерге сәйкес және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін табиғи шикізат қорларын тиімді қолдану арқылы тұрғындардың әл-ауқатының артуына жеткізетін табысты экономика. Аталған концепция табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға, жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруге, қоршаған ортаны жақсарту арқылы ұлт денсаулығын сақтауға және өмір сүру ұзақтығын арттыруға, сонымен қатар, экономиканы жаңғырту мен аймақтық даму есебінен елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

«Жасыл» экономикаға көшу туралы кеңес отырысының соңында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов кеңесте жасалған ұсыныстарды қарастырып, қолданысқа енгізуді және еліміздің «жасыл» экономикаға көшуіне қатысты жасалатын іс-шаралардың жоспарын әзірлеу үшін нақты тапсырмалар берді.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары