ЖАРАЛЫ ҚАСҚЫРДАЙ КҮН КЕШКЕН МӘСКЕУ

ЖАРАЛЫ ҚАСҚЫРДАЙ КҮН КЕШКЕН МӘСКЕУ

ЖАРАЛЫ ҚАСҚЫРДАЙ КҮН КЕШКЕН МӘСКЕУ
ашық дереккөзі
245

Ресей Батыстың дамыған елдерінің қарсылық шараларының астында қалды. Экономикалық қысым Ресейді Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдаудан бас тартқыза ма? Еуропа мен АҚШ-тың ықпал ету шараларының нәтижесі бола ма?

Осы аптада Украина билігі ресейлік капиталы 50 пайыздан асатын компаниялардың қызметіне шектеулер енгізбек. Бұндай санкцияларға мыңнан астам компаниялар ұшырауы мүмкін. Енді бұл ұйымдарға үш ай уақытында қарыз беруге тыйым салынған. Сондай-ақ, әскери тауарларды, мұнай-газ құрылғыларын Ресейге экспортқа шығару тоқтатылды. Ресейлік капиталы бар компаниялардың жекешелендіру мен мемлекеттік тендерлерге қатысуына, газ компанияларының Украина нарығында жұмыс істеуіне тыйым салынуы әбден мүмкін. Украиндықтар осыған дейін өз аумағында «Вести», «Россия 24», «Первый канал. Всемирная сеть», «РТР Планета» және «НТВ Мир» телеарналарының таратылуына тыйым салған. Әскери техника мен қаруды Ресейге саудалау тоқтатылды. Мемлекет ішінде Ресей азаматтары 90 күннен артық жүре алмайды. Путиншіл шенеуніктердің жүзден астамы кіретін қара тізім жарияланды… 

Ресейдің Қырымды аннексиялауынан кейін әлемдік қауымдастық санкция жасауды қолға мықтап алды. Арнайы саясаттанушы болмай-ақ, Украинаның «еркіне» кімнің күштеп айқасқаны айқын сияқты. АҚШ бастаған елдер әрекетінің нәтижесін сарапшылар әрқалай бағалайды. 


ТОҚТАТЫЛҒАН ӘСКЕРИ ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ «ҚАРА ТІЗІМДЕР»


Ресей Федерациясына қарсы бағытталған санкциялардың басым бөлігі әскери салаға қатысты. Халықаралық ұйымдардың ішінде Солтүстік атлантикалық одақ (НАТО) наурыз айында Ресеймен бірге жоспарланған бүкіл әскери миссияларды өткізуден бас тартып, Сириядағы химиялық қаруды жою процесіндегі әріптестікті тоқтатты. Еуропа кеңесі 25 мамырда Ресеймен өзара келіскен іс-шаралардан бас тартты. Сәуір айында парламенттік ассамблеясындағы барлық құқықтарынан айырды. Тіпті енді ресейлік саясаткерлер бақылаушы мәртебесіне де ие бола алмайды. 

1 тамыздан бастап Еуроодақтың (ЕО) шектеулері күшке енді. Еуропалық елдер әскери салаға қатысы бар ресейлік компа­ния­ларды қаржыландырмайды. Ресейлік әскери қа­руларды, машиналарды, жабдықтарды импорттау, сатып алу мен таратуға шектеу салынған. Болгария Ресеймен бірлескен «Оңтүстік ағын» газ құбыры желісі жобасын іске асыруды бұзды. Ұлыбритания корольдігі әскери әріптестікті тоқтату, алдын ала жоспарланған әскери жаттығуларды кейінге шегеру туралы шешім шығарды. Ресейге сатылатын барлық әскери қарулардың лицензиясы алынды. Жоғары деңгейдегі барлық іс-сапарлар, жиындар мен кездесулерді өткізуден, тіпті «Ресей мәдениеті жылы» жобасын қолдаудан бас тартты. 

Германия Еуропаның барлық санкция­ла­рына қосылып, өз тарапынан Ресеймен уағдаласқан құны 120 млн. еуролық әскери келісім-шартты және 700 млн. еуро тұратын спутниктік технологияны сату шартын бұзды. Ал өткен аптада неміс вице-канцлері мен экономика министрі Зигмар Габриэль «Rheinmetall» әскери концернінің Ресейге жобалық құны 140 миллион долларға тең әскери жаттығу лагерін салып беру туралы келісімінің күшін жойды. Канада болса, өз аумағындағы барлық ресейлік әскерилерді қуып шықты. Шекарадан асырмайтын шенеуніктер тізімін жариялады. Балтық теңізіндегі Латвия да атышулы санкцияларды енгізді. Украинадағы жағдай туралы «өзгеше» ақпараттар таратқаны үшін «Ресей» телеарнасының жұмысын тоқтатты. «Өз әрекеттерімен Украина аумағының тұтастығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіргені үшін» ресейлік артистер Иосиф Кобзон, Олег Газманов, Алла Перфилова мен Валерияға елге кіруге тыйым салынды. Бұл әншілер жақында өткен «Жаңа толқын» байқауына қатыса алмады. 

Франция Ресеймен бірге әскери кемелер жасау келісімін бұзатынын мәлімдесе, Швейцария мен Жаңа Зеландия Кеден одағымен еркін сауда аймағын құру бастамасынан бас тартты. Польша ресейліктермен біріккен «Аймақтар форумын» өткізбеу туралы шешім қабылдады. Австралия «Путиннің еліне» жоспарланған бірқатар үкіметтік кездесулердің болмайтынын хабарлады. «Украинаның егемендігі мен территориялық тұтастығына тигізетін ресейлік қауіпте маңызды орын алатын» Ресей мен Украинаның 38 азаматына, 11 компаниясына Австралияға кіруге тыйым салынды. Еуропалық санкциялар легіне Лихтенштейн, Молдова, Голландия, Норвегия, Албания, Черногория, Швеция, Исландия, Эстония да қосылды. 

АҚШ билігі де тартынып қалмады. Барак Обама Ресейдің лауазымды тұлғаларының банк есепшоттарын пайдалануға шектеу қойғаны мәлім және жоғары технологиялы тауарларды сату азайтылды. «Роснефть», «Новатэк» газ компаниясы, Ішкіэкономбанк, Газпромбанкке қатысты, қорғаныс-өндіріс кешені корпорацияларына қарсы санкциялар күшейтілді. 30 шілдеде тағы 8 адамға қатысты санкция жарияланып, қаржы құрылымдары мен «Добролет» әуекомпаниясына ұшуға тыйым салды. Алайда, Обама бұл шараларды «жаңа қырғиқабақ соғыс» деп есептеуге болмайтынын айтады. Ол «Ресей украиналықтардың таңдауына қарсы шығып, бұл елді Ресей вассалына айналдыруға ұмтылудан гөрі, тату көрші болып, сауда қатынастарын реттеу арқылы ықпал ете алатындарын тезірек түсінсе, біз де Украинаның шығысындағы дағдарысты бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндік алар едік», – деді. «Қара тізімде» Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серіктері – Аркадий Ротенберг, Юрий Ковальчук пен Николай Шамалов бар. Ресей президенті аппараты басшысының бірінші орынбасары Алексей Громов, өзін-өзі жариялаған «Донецк халық республикасы» «Жоғарғы кеңесі» төрағасы Борис Литвинов, өзін-өзі жариялаған «Луганск халық республикасының» «баспасөз хатшысы» Оксана Чигрина, Қырым республикасының ішкі істер министрі Сергей Абисов, Украинаның шығысындағы сепаратистермен байланысы бар Константин Малофеев және сепаратистер жетекшісі Александр Бородай енгізілген. Тіпті күлкілі жағдайлар да орын алды. Мысалы, Нью-Йоркте мексикалық тағам желісі дүкендеріне Владимир Путиннің кіруіне мүлдем болмайды. Себебі, олар «тиран үшін тағам даярламайды».

Сенатор Джон Маккейн әзілмен пікір білдіргені бар. «Өкінішке орай, енді мен Сібірдегі көктемгі демалысымды өткізе алмайтын болдым. «Газпромдағы» акцияларым құлдырады. Ал Мәскеудегі құпия есепшотым жабылды. Бұған қарамастан, мен Украинаның, Қырымның бостандығын, егемендігі мен территориялық тұтастығын қолдауды ешқашан тоқтатпаймын», – деген еді. 


САНКЦИЯЛАР ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕ МЕ?


Беларусь президенті Александр Лукашенко санкцияларды «ақымақтық және ықпалы жоқ бос сөз» деп бағалады. Өйткені Белоруссия 20 жыл бойы Батыстың санкцияларына қарамай өмір сүріп келеді. «Санкциялар керісінше Еуропаға теріс әсер береді» деп Путинді жұбатты. Ол да санкциялардың бумеранг секілді АҚШ-пен Еуропаға кері айналып соғатынына сенімді. Алайда ықпал ету шаралары экономикаға әсер ете бастады. Жақында жапон банктері Ресей нарығындағы үлестерін азайтты. Бұл әрекетті басқа да шетелдік банктер қолға алды. Инвесторлар 2014 жылдың 1 тоқсанында 700 млрд. долларды сыртқа шығарып үлгерген. Бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда анағұрлым жоғары болып саналады. Халықаралық валюта қорының есебі «Ресейде экономикалық өсім жоқтығы мен рецессияның» басталғанын байқатады. Оның үстіне Украина дағдарысы басталғалы Ресей экономикасындағы капитал да азайған. Әйтсе де, Ресейдің ауқымды энергоресурстарының барын ескеру қажет. Еуропамен сауда қатынастары төмендегенімен, Ресей нарығы Оңтүстік Америка, Орталық-Шығыс Азияға қарай кеңеймек. Бірақ, сарапшылар экономикалық қысымдар ары қарай жалғаса беретін болса, рубльдің құнсыздану мүмкіндігі жоғары екенін ескертеді. Ресей билігі бұл жағдайда, ұлттық валютаны тұрақты күйде мейлінше көп сақтап тұруға тырысады. Еуропа кеңістігінің тарылуына байланысты жақын арада әуекомпаниялар, туроператорлар, банктер, кәсіпорындар қаржылық қиындыққа ұшырамақ. Бұл өзгерістер жыл соңына қарай анық білінеді дейді сарапшылар. Екінші жағынан, санкциялардан ЕО-ның өзі жапа шегуі де ықтимал. Одан бөлек, Ресей капиталдарының Лондондағы қор биржасынан кетуі, ондағы құнды қағаздар секторын әлсіретуі мүмкін. Бірақ, еуропалық саясаткерлер бұған басқаша баға беруде. «Ресейге қарсы санкциялар ЕО-ға залалын тигізбей әрекет етеді» делінген мәлімдемелерінде. 

Өкінішке қарай, Ресейдегі жағдай Қазақстанға да ықпал етуі мүмкін. Ең алдымен, Қазақстанның «агрессормен» қоян-қолтық қатынаста екенін білетін инвесторлар елімізге инвестиция саларда он ойланып, шешім қабылдайтыны белгілі. Осының салдарынан несие алу құны да қымбаттай түседі. Ал Ресейде девальвация орын алып жатса, оның біздің қаржылық секторға да әсері тиері сөзсіз. Сонымен қоса, санкциялар салдарынан ресейлік тауар мен қызмет түрлерінің Қазақстан нарығында көбеюі ықтимал. 


РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫН ЖОҒАЛТАДЫ


Батыс басылымдары Путиннің санкция­лар­ға, Украинадағы жағдайға қатысты сұмдық қару дайындап жатқанын жазуда. Сонымен Путиннің кезекті қадамдары қандай болуы мүмкін? Әлбетте, оның Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдауды тоқтатпайтыны белгілі. Егер олармен байланысты үзсе, беделін мүлдем жоғалтады. Айтпақшы, Украина билігі В.Жириновский, Г.Зюганов, С.Мироновқа қарсы сепаратистерді қаржыландырғаны үшін қылмыстық іс қозғады. 

Ресейдің газ құбырын жабу туралы қорқытуы да әзірге миф. Шүмекті жабу Ресейдің бюджетіне ауыр тиеді. Қазірдің өзінде капитал азайған тұста, Кремль газ тасымалдауды шорт кесе алмайды. Соңғы уақытта Батыста Путиннің Украинаға әскер кіргізетінін айтуда. Біріншіден, ресейліктердің өзі әскерилердің араласуын құптап отырған жоқ. Екіншіден, Украина – Грузия емес, жағдай мүлдем басқаша. Үшіншіден, бұл – Путиннің өміріндегі ең үлкен және ең соңғы геоқателігі болады. Ол бұны жақсы түсініп отыр. Сондықтан алдағы уақытта Украинаға қарсы әрекеттерін баяғы қалыпта жалғастыра бермек. Бірақ, оның шығыстағы майданда жеңіліске ұшырайтынына толық негіз бар. Ресейліктер қоршап тұрған Славянск қаласы алынды. Қазірдің өзінде Луганск пен Донецкідегі ресейлік жауынгерлер отандарына қарай қашуда. Жалпы, өз-өздерін республика етіп жариялаған екі облыстың Путинге қажеті де жоқ. Сондықтан, соңғы нүктені Украина қояды. Барлық дерлік жағдайларды таразыға салсақ, шығыстағы соғыс әлі де бірнеше айға созылуы мүмкін. Украина билігі аймақтарын түгендеген соң, ЕО мен АҚШ санкцияларының «нәтижелілігін» мәлімдеп, біртіндеп ықпал ету шараларын тоқтатады. Ары қарай Путиннің бұған дейінгі әрекеттері мен Қырым мәселесі Ресей үшін халықаралық сахнадағы беделінен айрылуға әкеліп соғады. G8-ден қуылған Ресей енді әлемдік оқиғалар мен жағдайларға айтарлықтай ықпал ете алмайды. АҚШ пен ЕО-ға керегі де осы. Әрине, сценарий басқаша өрбуі мүмкін. Бірақ, украиндықтардың жеңісі, біздіңше, даусыз. Ал ең өкініштісі, бостандық пен егемендік үшін төгілген бейбіт азаматтардың қаны.

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары