ШЫРАҒЫҢ ЖАНЫП ТҰРСЫН!

ШЫРАҒЫҢ ЖАНЫП ТҰРСЫН!

ШЫРАҒЫҢ ЖАНЫП ТҰРСЫН!
ашық дереккөзі
5018

«Болсын ылғи есіңде,

Шамды үрлеп өшірме!»

(Мұзафар Әлімбаев)

 

Халқымыздың ежелден қалыптасқан күн­делікті тұрмыс-тіршілігінде қолда­ны­лып келе жатқан көптеген әдет-ғұрып­та­рымыздың, салт-дәстүрлеріміздің және наным-сенімдеріміздің әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні өте зор. Осындай өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұ­рыптардың бірі – «шырақ» ұғымына қа­тысты айтылатындығын айрықша атап ке­туге болады. «Шырақ» сөзі – халқымыздың наным-сенімі бойынша әрі қасиетті, әрі киелі ұғым мағынасында қолданылады. Өйткені «шырақ» деген сөз – «жарық», «нұр», «сәуле», «үміт оты» деген сөздермен мағыналас мазмұнда айтылатыны көпшілікке мәлім. Тіпті өзіміздің етжүрегіміз елжіреп, ерекше еркелететін ұл-қыз­дарымызға «шырағым», «жарығым» деген сөздерді де жиі қолданатынымыз да белгілі. Қазақ тілінде тікелей шыраққа қатысты тыйым сөздер, аңыз-әңгімелер, қанатты ой­лар, даналық нақылдар, теңеу сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мы­салы, «Шырағың өшпесін», «шырағың жанып тұрсын», «қыз – қырық шырақты», «шаңы­рақ­тың шырақшысы», «қауіпті төндіргенше, шырақты сөндірме», «көзің шырақтай ашылсын», «шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін», «шырағың өшпесін, бақытың көшпесін», «шырағы бар» (артында қалған ұрпағы бар), «шырағы жанды» (ұрпағы жалғасып, өсіп өнді), «шырағын сөндірмеді» (жақсылыққа жолықты, үмітін үзбеді), «шырақ көрмеді» (жақсылық көрмеді, көзі ашылмады), «шырағы сөнді» (үміті үзілді, өмірден озды), «Жақсыдан жаман туса, шам-шырағының өшкені», «шам-шырақтай жайнамай, ер деп атақ алмайсың» (Дулат Бабатайұлы), «…таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ» (Абай), «шам отындай лапылдап жанғандай» (Мұхтар Әуезов) және т.б. Өмірден озған адамның рухы үшін жеті, не қырық күнге дейін шырақ жағып қою сенім-нанымы да кездеседі. Ертеде елге аты белгілі бір данагөй би өзінің өмірден өтер алдында жиған бар қазына-мүлкін ұлдарына қалдыру үшін үш ұлын шақырып алып, «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырғандарыңа бар жиған қазына «мүлкімді қалдырамын» деген екен. Сонда тұңғыш ұлы қап-қап сабан әкеліп, үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы үйдің ішін құстың мамығымен толтырыпты. Ал, кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып, шырақтың жарығымен үйдің ішін толтырған екен. Сонда дана би кенже ұлының тапқырлығына тәнті болып, өзінің жиған қазына-мүлкін соған қалдырған екен. Халқымыздың ерте кездерде қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне қатысты салт-дәстүрлердің білгірі, көрнекті этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының құнды деректерінің бірін ақын Қасымхан Бегмановпен болған сұхбатынан кездестіруге болады: «… бұрынғы кездері қазақ отбасында майшам болатын. Ұйқыға кетер кезде майшамның отын үрлеп өшірткізбейтін. Білігін басып сөндіретін. Бұл да әдептілік. Әрі отты өшіру жақсы ырым емес. Өз отыңды өзің өшіргенмен бірдей боласың. «Отың өшпесін», «шырағың сөнбесін» деген тәлкілерді халқымыз бекер айтпаған» (Қ.Бегманов. Халқы мықтының, салты мықты: (этнографиялық сұхбат). Алматы: «Өлке», 2010). Осы құнды кітапта Жағда Бабалықұлының жаңа түскен келіндердің жанып тұрған шырақты үрлеп өшіруі дұрыс еместігіне қынжылыс білдіргені де жазылған. Бұдан біз шыраққа қатысы бар тәрбиелік мәні зор әдептілік қасиетті аңғаруымызға болады. Шырақты үрлеп өшірмейтіндігін, керісінше отты үрлеп жағатындығын ажырата білуіміз шарт. Халқымыз «шырақ» және «от» деген сөздерді бір-біріне балама ұғымдар ретінде де жиі қолданатынын байқауға болады. Бұл сөздер жарық және сәуле беріп жарылқаушы деген мағына береді. Осындай ғасырлар бойы қалыптасқан аса құнды ұлттық рухани әдет-ғұрыптарымыздың тағылымына мән бермей, кейде салғырт қарауымыз сирек те болса өмірде кездесіп жатады. Мысалы, үйлену тойларында әкелінетін торттың айналасында жанып тұрған шырақтарды жас жұбайлардың үрлеп өшіріп жатқандығын байқаймыз. Өмірден көргені мен көңілге түйгені бар жасы үлкендердің бұл ырымның дұрыс еместігін ескертуі қажет-ақ. Шырақты үрлеп өшіру өзге ұлттардан жұққан жағымсыз әдет екендігіне көпшіліктің көңіл бөлмейтіні өкінішті! Осы жылдың наурыз айында «Астана» телеарнасынан еліміздің солтүстік өңірінде тұратын бір кейуананың 114 жасқа келгендігі туралы хабарды көріп қуанып қалдық. Сол кейуананың мерейтойына арнап әкелінген торттың айналасында жанып тұрған шырақтарды баласы (мүмкін немересі болар) үрлеп өшіруін өтінді, кейуана шырақтарды үрлеп өшіргенін көргенде, көңіліміз құлазып қалды. Кейуананың шырақты үрлеп өшіруге болмайтынын білмеуі өкінішті-ақ! Бұл көрініс тікелей осы мақаланы жазуымызға түрткі болды. «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда, қарымтасы қайтпаса» деген даналық нақыл ойға оралып, шырақ жайлы халқымыздың тағылымдық мәні бар наным-сенімдерін кейінгі жастарға үлгі етіп айта жүруіміз үлкендердің парызы деп білеміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауының бірінде «Ең алдымен, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар – болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» – деген ескертпе сөздерінің ішіндегі «шаңырақ шырақшылары» деген ұғымда қыз баланың қоғамдағы алатын орнының қаншалықты маңызды екендігі атап айтылған. «Қыз – қырық шырақты» деген нақылдың да мәні де зор. Сондықтан да, қыз баланың шырағы жануы ұлттың ұлт болып сақталуының басты айғағы екендігін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз.

Рысбай Сәтімбеков,

Қазақ мемлекеттік қыздар 

педагогикалық университетінің профессоры

Серіктес жаңалықтары