МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ КІМ ҚОРҒАЙДЫ?

МЕМЛЕКЕТТІК  ТІЛДІ  КІМ  ҚОРҒАЙДЫ?
ашық дереккөзі
393

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтпаева
еліміздегі қылмыстық ахуал жайында брифинг өткізді. Брифингте Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу комитетінің негізгі қызметі жөнінде
айта келе, қылмыстық істер мен заң бұзушылықтың өткен жылдардан артып
кетпегендігін жеткізді. 

Айтпаеваның айтуынша, елі­міз­дегі
қылмыстың 70 пайызын ұрлық және бұзақылыққа қатысты орта дәрежедегі
қылмыстар құрайды екен. Ал кісі өлтіру, қарақшылық сияқты аса ауыр және
ауыр қылмыстарды жасыру қиын болғандықтан, олардың саны өскен жоқ,
керісінше жылдан жылға төмендеп келеді. Биылғы жылы кісі өлтіру – 22,6
пайыз, қарақшылық – 49 пайыз, ал тонау – 27,9 пайызға төмендеген.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың да саны 14 пайызға кеміпті.
Мұндай қылмыстар қатары еліміздің барлық өңірлерінде азайған.

Ал
әкімшілік құқық бұзушы­лық­тардың саны өткен жылдарға қарағанда 2,2
пайызға төмендеген. 2014 жылдың 1 жартыжылдығындағы тіркелген әкімшілік
құқық бұзушылық көрсеткіші 1 млн. 307 мыңнан асады. Сонымен қатар,
қоғамдық қауіпсіздікке және халықтың денсаулығына қауіп төндіретін
әкімшілік құқық бұзушылық саны 42 пайызға, жеке адамға және отбасылық
қатынастар саласында 35 пайызға, қоршаған ортаны қорғау, табиғи
ресурстарды пайдалану саласында 30 пайызға және жеке бас құқығына 28
пайызға азайды. Ал сауда және қаржы саласына қатысты қылмыстар саны
өткен жылдарға қарағанда көбейген. Бұл саладағы заңға қайшы әрекеттер 80
пайызға дейін артқан.

Қылмыстық істердің азаюы Пре­зи­дент
Әкімшілігі мен ҚР Бас про­кура­турасының, өзге де құқық қорғау
органдарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Брифингте елі­мізде тіркелген
маңызды деген құқық­бұзушылықтар мен қыл­мыстар, заң талаптарының
орын­дал­мауы талқыға түсті. Алайда елі­мізде бекітілген «Тіл туралы»
заң жобасындағы талаптардың бұзылуы жөнінде ешнәрсе айтылмады. Бұл заң
жобасына қатысты құқық­бұ­зу­шылықтар тіркелмеді деуге сену қиын. Әлде
бұл тақырып ҚР Бас прокуратурасы үшін маңызы жоқ болды ма екен? 

Қазақ
тілінің өзінің мемлекеттік мәр­тебесіне сай қолданылмауы бүгінгі күннің
өзекті тақы­рып­тарының біріне айналғалы да қанша уақыт болды. Осыдан
17 жыл бұрын, яғни 1997 жылдың 11 шіл­десінде қабылданған «Тіл туралы»
заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ
тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық
қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң
шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп анық
жазылған. Алайда, заңда көрсетілген талаптардың орындалып жатқаны
шамалы. Бұған елімізде бекітілген заң талаптарын орындауды қадағалау
жұмыстары дұрыс жүргізілмейтіндігі ықпал етеді. 

Заңдар мен
ережелер әзірленіп-ақ жатыр. Бірақ, сол талаптарды орындайтындардың,
ережеге бағына­тын­­дардың саны аз. Керісінше, мемлекеттік тілдің
салмағын түсінбей­тін­дердің қатары көбеюде. 

«Тіл туралы»
заңның талаптары қазір жиі бұзылады. «Мемлекеттік органдарда қызмет
істейтін тұлғалар қазақ тілін білуге міндетті» деген ережені қанша
айтқанымызбен, ескертуге құлақ асар жан табылмай тұр. Мемлекеттік
мекемелерде қызмет істеп отырып, қазақ тілін мүлдем білмейтін қаншама
қызметкер бар. Қандай ұлт өкілі болмасын, мемлекеттік мекеме қызметкері
келушілердің қазақ тілінде қойған сауалына мемлекеттік тілде жауап
беруге міндетті. Бұл талапты орындамай жүргендердің саны тым көп. Бұл
заң бұзушылыққа жатпай ма сонда? Мұндай заңға қайшы фактілерді құқықтық
статистика және арнайы есепке алу комитеті неге тіркемейді? Әлде,
мемлекеттің тілдің мәртебесі өз маңыздылығынан айрылып қалған ба? 

Қазақ
тілінің тұғырынан түсіп қалмауы үшін бекітілген арнайы заң талаптары
кімдер үшін жасалған? Заңның орындалуын қадағалап, зерделейтін
органдардың міндетіне мемлекеттік тілді қорғау кірмейтін болғаны ма? 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары