ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚАТЕЛІК КӨП

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНДА ҚАТЕЛІК КӨП

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНДА  ҚАТЕЛІК КӨП
ашық дереккөзі
212

Осыдан
біраз уақыт бұрын «Нұр Ақтөбе» ықшамауданы тұрғындары қатты
мазасызданды. Кешкі тоғыздан кейін басталған жауын адамдарды әбден
әбігерге салды: бірінші қабат пен жертөле су астында қалды. Тұрғын үй
кешені мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, жарты жыл бұрын ғана
пайдалануға берілген. Төтенше жағдайдың себебін мамандар шатырдағы су
ағызатын құбырдың жарылуымен түсіндірді. Қазіргі таңда арнайы комиссия
құрылып, шығындар есептелуде. Жалпы «Нұр-Ақтөбе» кешені 250 мың адамға
қарастырылған. Құрылыс 2012 жылы басталып, 1224 пәтер пайдалануға
берілген. Ендігі кезекте 972 пәтер тапсырылмақ.

Бір
қызығы, мемлекет басшысы ықшамаудан жобасымен танысу кезінде кешеннің
архитектуралық, техникалық ерекшеліктері үлкен жауапкершілікпен
орындалауы тиіс деп қадап айтқан. «Сіздерге осындай ауқымдағы тұрғын үй
салу мүмкіндігі туып отыр. Сондықтан бұл жұмысқа үлкен жауапкершілікпен
қарау керек. Сәулеттік ерекшеліктер мен жоғары стандарттарды есепке алу
қажет», – деген еді Елбасы. 

Ақтөбеде орын алған жағдай
Қазақ­стандағы мемлекеттік бағдар­ла­мамен салынатын тұрғын үйлердің
қалай салынып, тапсырылатынын айқын көрсеткен сияқты. Мұндай сапасыз
құрылыс үлгісі еліміздің әр ауданы мен қаласында кездесуі мүмкін.
Шенділердің «батасын» алып, алақол құрылысшылардың қолынан салынған
көптеген үйлер бүгінгі таңда халықтың мұңына айналды. Баспанаға қол
жеткізу «бақыты» адамды бір әуреге салса (ондаған жылдар бойы кезекте),
ал пайдалануға берілгеннен кейінгі сәті одан әрі әуре сарсаңға түсіріп
келеді. Сапасыз құрылыс, арзанқол құрылыс материалдары, жалдамалы
жұмысшылар, тәуелді комиссия – мемлекеттік бағдарламамен салынатын
баспаналардың бүгінгі бейнесі осындай дерлік.


«БЕСОБА» БЫЛЫҒЫ


Баспана
құрылысында қорда­лан­ған мәселелердің ушығып бара жатқанын
Қарағандыдағы «Бесоба» кешені айқындап берген. Атап өту керек, осыдан
екі жыл бұрын сәуір айында «Бесоба» бесқабатты үй кешені тұрғындардың
көз алдында жермен жексен болды. Алғаш пайдалануға берілген кезден кейін
әрленген қабырғалар құлап, жарық пайда бола бастады. Кейін үй бір жаққа
қарай қисайды. 7 см-ден астам ауытқудан соң, кешен құлап, адамдардың
бар заттары қирандының астында қалды. Жүзден астам адам уақытша тұрғын
орындарына жайғастырылды. Анықталғандай, кешенді салу кезінде ешқандай
техникалық-экологиялық талаптар сақталмай, өрескел бұзылып салынған.
Тәуелсіз зерттеуден соң «Бесобаның» іргетассыз салынғаны белгілі болды.
Аталмыш факті бойынша жобалаушы, құрылыс компаниясы мен рұқсат берген
шенеуніктерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Төтенше жағдай
департаментінің есебінше, құрылысшылардың қателігінен жарты миллиардтан
астам теңге шығын келген. Оның 300 млн.-нан астамын тұрғындар шеккен. Ал
сапасыз үйге қатысы бар төрт бірдей экс-шенеунік айыпты болып
табылғанымен, оларға амнистия жарияланып, жазадан құтылып кетті. Бүгінгі
таңда бұрынғы қирандының үстінен 1,5 млрд. теңгеге жаңа үй кешені 2
жылда салынып бітуі тиіс. Алайда, «Бесобадан» кейін адамдар жаңа нысанға
да күмәнмен қарап отырғаны жасырын емес. 

 Биыл тағы
да сол Қарағандыда «Бесобаға» жақын маңдағы үй кешендерінің тұрғындары
«баспанамыз «Бесобаның» тағдырын қайталауы мүмкін» деп шу көтерді.
Айтуларынша, төрт жыл бұрын «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша
салынған кешенде уақыт өте келе қабырғалар құлап, ғимарат қисая
бастаған. Пәтер иелерінің шағымынан кейін, әкімдік арнайы бағалау
сараптамасын өткізіп, үйдің құламайтынына сендірді. Бірақ әрлеу мен
өңдеу жұмыстары талапқа сай емес, сапасыз жасалғанын мойындаған.
Өкінішке қарай, қазіргі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан
бірқатар үйлер осы қателіктерді қайталап отыр. Мамандардың айтуынша,
кәсібилік пен қоғамдық бақылаудың жоқтығы осындай жағдайларға әкелуде.


САН БАР ДА – САПА ЖОҚ


Құрылыс
кезінде ең көп кездесетін қателік – үнемшілдік саясаты. Қаржы мен
материалдарды үнемдеу о баста бекітілген жобаны мың құбылтып, адам
танымас­тай кейіпке әкелетіні белгілі. Үнемділік бірінші орынға шыққанда
сапа мәселесі мүлдем естен шығады. Мәселен, Павлодарда көпқабатты
үйлердің бірі энергия үнемдеу технологияларымен салынуы тиіс болатын.
Алайда жобаны бекітпестен бұрын, көрпесіне қарай көсілуі тиіс болған
атқамінерлер мемлекеттік бағдарлама бойынша әрбір шаршы метрге тек 80
мың теңге қарстырылғанын жоба құрылысы басталғанда естеріне түседі. Ал
енді осының кесірінен павлодарлықтар осы қыста жылусыз қалмақ. Одан
бөлек ыстық су жүйесі тартылмаған, лифт мүлдем істемейді. 

Үнемдеудің
салдары құрылыс материалдарына да әсер етеді. Жоба бюджетіне сәйкес
келу үшін сапасы күмәнді техникалық жабдықтар мен материалдар алынады.
Артынан үйдің қабырғалары жарылып, құбырлар атқылап, шатырлар тесіліп,
бояулар өшіп жатады. Ал осының бәрінен қарапайым тұрғындар зардап
шегеді.

Шынтуайтында, мұның бәрінің алдын-алуға болады.
Тек саяси ерік-жігер керек. Мемлекет нысанды тек салынып біткен соң
ғана тексеретіні жағдайды ушықтырып отыр. Ал Еуропада жобалау сәтінен
бастап, құрылыс соңына дейін салынудың әрбір қадамын бақылап, тексеріп
отыратын арнайы тәуелсіз комиссиялар бар. Бұл құрылыс сапасын
жоғарылатуға мүмкіндік береді. Бізде партиялық бақылау құрылғанымен,
құрылыстың барлық кезеңдерінде билік партиясы тиісті бақылау жасай
алмайтыны аян.

Жемқорлық бұл саланы да айналып өткен
жоқ. Сапасыз құрылысқа осы саладағы парақорлықтың жоғары деңгейі де
әсерін тигізуде. Мәселен, осы жылдың басында Ақмола облыстық қаржы
полициясы өкілдері 2011-12 жылдары «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша
Степногорск қаласында 36 пәтерлі үйді салу кезінде 54 млн. теңге
жымқырғаны үшін құрылыс компаниясының басшысына қылмыстық іс қозғады.
Онымен бірге, қылмысты ойдағыдай іске асыруға көмек берген қалалық
құрылыс басқармасы бастығының қызметін атқарушы лауазымын асыра
пайдалану бабы бойынша жауапқа тартылды. Сонымен бірге, Алматы облысы
Талғар қаласындағы жеті жыл бұрын салынған үйде 2012 жылы төбедегі шатыр
тесіліп, терезелерден суық ұрып, су құбырында жарық пайда болып,
жертөлені су басып қалған еді. Батареядағы жылу да әлсіз. Алайда 200
адам тұратын тұрғын үй үшін жауап беретін адам жоқ. Себебі қала билігі
сыбайлас жемқорлық қылмыстарына байланысты бірнеше мәрте ауысқан.
Сондықтан тұрғын үй үшін жауапкершілікті өз мойнына алатын лауазым иесі
жоқ.

Құрылыс саласындағы сарап­шылардың пікірінше,
бекітілген стан­дарттар мен регламенттерге қарамастан Қазақстанда тұрғын
үйлер кешенін бірыңғай стандартпен салмайды. Әр компания өз білгенінше
салады. Оны бақылайтын тағы да ешкім жоқ. 

КӘСІБИ МАМАН ЖЕТІСПЕЙДІ

Үкіметтің
жоспарына сай, жыл сайын Қазақстанда 6 млн. шаршы метр тұрғын үй
салынып отыруы тиіс. Шетелдік мамандардың пікірінше бас­пана мәселесін
шешу үшін еліміз жыл сайын 16 млн. шаршы метр салып отыруы керек екен
дейді. Алайда, бұған біздегі құрылыс комбинаттарының қуаты жетпейді.
Қазақстанда осындай 23 комбинат бар. Тағы бір атап өтетін жайт,
Қазақстан арзан үй салу технологиясына өту қажеттілігі. Себебі, біз
сапасы сын көтермейтін, өте қымбат үйлер салудамыз. Сондықтан жыл санап
баспанамыз қолжетімсіз болып барады. Мұнымен бірге, сапалы баспанаға қол
жеткізу үшін құрылыс компанияларын сүзгіден өткізіп отыру керек.
Қазіргі таңда елімізде құрылыс компанияларының саны 50 мыңнан асып
жығылады. Бірақ жоғары оқу орындары жиырма жылда осыншама компанияда
қызмет атқаратын маман шығаруы мүмкін емес. Одан кейін, көптеген құрылыс
компанияларына арзанқол жалдамалы шетелдік келімсектердің тартылатыны
да жасырын емес. Ал бұл құрылыс секторы кәсіби деңгейі күмәнді
адамдармен толғанынан хабар береді. Бұл тағы да құрылыс сапасын
төмендетеді. 

Лицензия беруде заңнаманы үкі­мет
қаталдатқанымен, кез келген компания бүгінде ірі құрылыс­тар­мен
айналысуда. Лицензия беру алдында ұйымның бұған дейін салған
нысандарының қазіргі жағдайы туралы сараптаманы көрсетіп отыруын талап
ету керек секілді. Жапонияның тәжірибесіне сүйенсек, онда үйлердің
70%-ын ірі компаниялар тұрғызады. Қалған үлес орта және кіші
компанияларда. Бір жағынан беделі мен үлкен тәжірибесі, сапа кепілдігі
бар компаниялар халық сеніміділігін тудыратыны рас.

Сонымен
бірге, соңғы уақыт­та мем­лекеттік маңызы бар ны­сан­дардағы тендер
мәселесі де қызу пікірталас тудырып келеді. Әсіресе, тендерге
қатысушылардың құны 1 млрд. теңге тұратын кешенді 800 млн.-ға, не 900
млн.-ға салып беру уәдесі шынымен де үлкен күмән тудырады. Компания
шынымен 100 млн. теңге шығындануға дайын ба? 

Мәселенің
тағы бір шешімі – бұл жобалаушы және оны салатын мамандардың жобаға жай
ғана кезекті нысан ретінде емес, келешекте адамдар тұрып, өмір сүретін,
қауіпсіз және берік қамал ретінде қарауы. Өкінішке қарай, бүгінде
құрылыста сапа мен қауіпсіздіктен гөрі коммерциялық мақсатты басым
көздейді. Сондықтан да құрылыстың толығымен қоғамдық бақылауда болуы
маңызды. Таптаурын болғанымен, Еуропада дәл осы қоғамдық бақылау құрылыс
алаңындағы ашықтық пен айқындылықты, сапалы салынуын қамтамасыз етіп
отыр. Қазақстанға жетіспейтіні де осы.

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары