АҚЫСЫ – АРЗАН, САПАСЫ ЖОҒАРЫ

АҚЫСЫ – АРЗАН, САПАСЫ ЖОҒАРЫ

АҚЫСЫ – АРЗАН,  САПАСЫ ЖОҒАРЫ
ашық дереккөзі
271

 Үлкен
өмірге қадам басуға әзірленген жас талапкерлердің барлығы қазір жоғары
оқу орындарын жағалап жүрген уақыт. Кез келген университетке бас сұғар
болсаңыз, қарақұрым халықты көресіз. Барлығы да жоғары білімді азамат
болуға ұмтылған жастар. Дәл қазіргі уақытта жүрек түкпірлерінде
«мемлекеттік білім грантын жеңіп алсам» деген үміт сәулесі бар жас
түлектер құжаттарын тапсырып, білім гранты үшін өтетін конкурстың
нәтижесін күтіп жүр. Ол күннің де ауылы алыс емес. Білім грантына ие
болғандар өздері қалаған жоғары оқу орнында тегін білім алады. Мұндай
қуанышқа қол жеткізе алмаған талапкерлер құжаттарын ақылы бөлімге
дайындайды. Ал бүгінгі күні балаларын ақылы бөлімде оқыту үшін
ата-ананың қалтасы қалың болуы қажет. Мемлекеттік білім беру
гранттарының санын арттыру туралы мәселе жыл сайын көтерілгенімен, еш
өзгеріс байқалар емес. Есесіне, оқу ақысын қымбаттатудан Қазақстан
алдыға жан салмай келеді. Қазіргі аспандап тұрған оқу ақысын жұрттың
барлығының бірдей қалтасы көтере бермейді. Ал ата-анасының қалтасына
қарап қиналған бала жүрегі қалаған жоғары оқу орнында өзі таңдаған
мамандық бойынша білім ала алмайды десек те қателеспейміз.


650.000 теңге тапсаңыз…


Еліміздегі
жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшы білім ордасы әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетіндегі ақылы оқу бөлімінің жылдық бағасы орта
есеппен 650000 теңгені құрайды. Ең жоғарғы оқу ақысы заң, экономика және
халықаралық қатынастар факультетіне тиесілі. Бұл мамандықтардың иегері
атану үшін қалтаңыздан жыл сайын 700000 теңге шығарасыз. Қазақ ұлттық
университетіндегі ең төменгі оқу құны – 620000 теңге. Осындай бағаға
ақылы білім беретін Алматы қаласындағы университеттердің қатарында
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, ҚБТУ,
Халықаралық бизнес академиясы сынды үздік оқу орындары да бар. Мұндай
бағамен төрт жылда баланың тек оқу ақысы үшін 2480000 теңге қаражат
жұмсауға тура келеді. Бұл дегеніңіз – үлкен көлемдегі қаражат.
Сондықтан, қарапайым қазақ балалары көптеген жоғары оқу орындарының
табалдырығын да аттай алмай сағы сынады. Егер мемлекеттік білім
грантының иегері атанбаса, мұндай сомада ақы төлеп оқу олар үшін өте
қиын. Бұл бағаның жыл сайын қымбаттап отыратындығы тағы бар. 2010 жылдан
бастап жоғары оқу орындарында оқу ақысы әр жыл сайын 100000 теңгеге
артып келеді. Әзірге оқу ақысының қымбаттауына тоқтау болмай тұр. 

Қарапайым
қазақтың орташа айлық жалақысы көбіне 60-70 мың теңге. Ұлттық
университеттерде оқитын баласының бір жылдық оқу ақысын төлеу үшін 8-9
ай ішпей-жемей өмір сүруіне тура келеді. Оқу ақысымен қатар студенттің
өзге шығындарын есепке алар болсақ, жағдай тіпті қиындай түседі.
Күнделікті ас-ауқаты, киім-кешегі, жүріс-тұрысы, тұрғылықты жері сынды
қосымша шығындардың өзі орта есеппен алғанда 50000 теңгеге жуықтайды.
Оқуға түскен студенттерге тегін жатақхана да оңайлықпен бұйырмайды.
Жатақхана жыры – бөлек әңгіме. Қосымша шығындардың өзі бір жылда 450000,
ал төрт жылда 1.800.000 теңгені құрайды. Сонда төрт жылда шығатын
барлық шығын 4.280.000 теңгеге сай келмек. 

Ал, мемлекеттік
білім грантына ие болған студенттер үшін берілетін шәкіртақы ақылы
бөлімнің тек бір жарым жылдық құнын ғана өтейді екен. Мұны да есептеп
көрелік. Студенттер үшін ай сайын үкімет есебінен 17000 теңге көлемінде
шәкіртақы төленеді. Білім грантына ие болған студенттер үшін ғана,
әрине. Демек, бір студентке бір жылда 204000 теңге бөлінеді. Ол соманың
төрт жылдағы көрсеткіші 816000 теңге. Төрт жыл ішінде бір студент
үкіметтен 816000 теңге алса, үкімет ақылы бөлімде оқитын бір студенттен
төрт жылда 2,5 миллионға жуық теңге алады. 

Ата-аналардың
барлығы да балаларының сауатты, білімді болғанын қалайды. Сондықтан,
қолындағы барын берсе де, баласын оқытуға тырысады. 5 миллионға жуық
қаржы жұмсалған төрт жылдық білім жастар үшін азық болса жақсы ғой.
Ата-ананың сонша еңбекпен тапқан қаражаты балаға сапалы білім бере ала
ма? Миллиондаған қаржы құйып оқытқан бала ертеңгі күні ата-анасының
үмітін ақтай ма? Міне, бұл – үлкен мәселе.


Білім гранты аз, талапкерлер көп


Жыл
сайын талапкерлер үшін белгілі бір мөлшерде мемлекеттік білім гранттары
бөлінеді. Ол гранттарды жеңіп алуға үміткерлердің саны тым көп.
Мәселен, биылғы жылы 133 мың оқушы мектеп бітірсе, оның 87 мыңнан астамы
ҰБТ тапсырды. Бұл сынақтан сүрінгендердің саны 20 мыңнан асып жығылады.
Демек, биылғы жылы мемлекеттік білім гранты үшін 67 мыңға жуық түлек
таласқа түсе алады. 2014-2015 оқу жылына 67 мың оқушы үшін бөлінген
білім грантының жалпы саны 34115, яғни, талапкерлердің тең жартысының
ақылы бөлімде оқуларына тура келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің
деректері бойынша, мемлекеттік гранттың 12 мыңы – техникалық ғылым және
технологиялық мамандықтарға, 5 мыңнан астамы – педагогикалық
мамандықтарға, 2650 орын ауыл шаруашылық және ветеринарлық салалар үшін
бөлінген. 

Мемлекеттік гранттан қағылған оқушылардың
кейбірі ақылы бөлімде оқудан бас тартады. Себебі, қолдың қысқалығы.
Аспандап тұрған оқу ақысын төлей алмайтын жанұялар амалсыз балаларын
қатарынан қалдырады. Келесі жылы кешенді тестілеуге қатысып, қайта
бағымды сынап көремін деп үміттенген түлектердің жолы болып кетеріне
ешкім де кепілдік бере алмайды. Жұмыс істеп, оқу үшін төлейтін қаржысын
жинақтап, келесі жылы құжаттарын қолына алған жас жеткіншек оқу ақысының
қымбаттағандығынан тағы да кері шегінеді. Ал, оқу бағасының әлі де
тұрақтанар түрі көрінбейді. 

Жоғары оқу орнында білім ала
алмаған жастар екі қолға бір күрек іздеп, жалдамалы жұмыстарға жүгінеді.
Мұндай қадамға баратындардың көпшілігі – ауыл балалары. Осылайша, ауыл
жастары жұмыссыздар қатарын көптеп толықтырады. 


Бағасы сапасына сай келе ме?


Бүгінде
елімізде жүзден астам жоғары оқу орны бар. Жоғары оқу орындарында
сапалы білім беру – бүгінгі күннің талабы. Бұл талапқа оқу орындарының
барлығы сай деп айту қиын. Алайда, оқу ақысының мұншама қымбаттауына
қарағанда сапалы білім алу үшін жоғары оқу орындарында барлық жағдай
жасалған ба? Жоғары оқу орындарының ұстаздары бәрі де студенттердің
білім алуға, оқуға деген ынтасына, ізденімпаздығына байланысты дегенді
алға тартады. Біздің елімізде білім алып, сауатты маман иесі атану үшін
емес, дип­лом алу үшін оқитын студенттер аз емес. Ата-анасының
қалтасынан миллиондаған шығын шығарып оқыған студенттер қолына дип­лом
алғаннан кейін білікті маман болып шықса, игі. Бірақ, сонша қаржының
желге ұшатыны жиі кездесетін жағдай екені тағы ақиқат. Сонда, ауылдағы
ата-ананың баласы үшін құрбан қылған қорадағы төрт түлігі мен
миллиондаған қаржының игілігін кім көреді? 

Саны көп,
сапасы жоқ жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы мәселенің
көтерілгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. ҚР Білім және ғылым министрі
болып тұрған кезінде Бақытжан Жұмағұлов: «Талап күшейеді. Жоғары оқу
орындары санының жөнсіз өсуі білім берудің сапасына кері әсерін
тигізеді. Келешекте Қазақстанда 50 шақты ғана жоғары оқу орны қалады»
деген болатын. Жұмағұловтың бұл сөзі сол күйінде қалып кеткен тәрізді.
Өйткені, Қазақстанда ЖОО-лар әлі көп, ал Жұмағұлов жоқ сияқты…
БАҚ-тарда әйтеуір көрінбейді.

Бағасы қымбат, білім сапасы
төмен білім ордасында оқығанша, қазақ балалары шетелде мейлінше арзан
бағаға оқуды дұрыс санайтын күнге жетті. Мәселен, Германия, Финляндия,
Франция сынды елдерде жоғары оқу орындарының көпшілігінде білім алу
тегін. Егер білім деңгейі жетсе, мұндай мүмкіндікті шетелдік студенттер
де пайдалана алады. Ал, Швейцарияда жылдық оқу құны орта есеппен 2600
долларды құраса, Чехияда бір жылдық оқу ақысы 1500 долларға тең.
Қазақстандық студенттердің көпшілігі көршілес Қытай елінде оқиды. Аспан
асты еліндегі жоғары білім алудың бір жылдық құны 2000 доллардан
аспайды. Жастардың мұндай таңдау жасауына бірнеше себеп бар. Біріншіден,
шетелде білім алып келді деген аты бар. Екіншіден, Қазақстандағы оқу
құнынан әлдеқайда аз шығынданады. Үшіншіден, шетелде білім беру жүйесі
өте жақсы ұйымдастырылған. Мәселен, Қытайда студент атану үшін міндетті
түрде қытай тілін меңгеру қажет. Оқуға қабылдану үшін қосымша емтихандар
да тапсырылады. Швейцариядағы оқуға қабылдау талабы өте күшті. «Білім
сапасы жоғары, оқу ақысы арзан» білім беру жүйесі Қазақстанға қажет емес
пе? Әзірге қажет емес сияқты… 


Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары