АЙМАҚ ТЫНЫСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК

АЙМАҚ ТЫНЫСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК

АЙМАҚ ТЫНЫСЫ КЕҢЕЙЕ ТҮСПЕК
ашық дереккөзі
182

Алматы облысында бірінші жартыжылдықтағы аграрлық сектордың жалпы өнімі 102,7 миллиард теңгені құрап отыр. Ал өнеркәсіпте 277 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жуырда Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мәлім болды. 

Облыста 20 өндірістік нысан іске қосылып, өндірістегі 8 нысан кеңейтілген. Бұл қосымша 941 жұмыс орнының ашылуына ықпал етті. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы индустриалды-инновациялы бағдарлама аясында іске қосылған сүт зауыты мен Үй құрылысы комбинаты жұмысын дөңгелетіп әкетті. «JLC» ЖШС жылына 21,8 мың тонна сүт өнімдерін шығарады. Жоба құны – 808 миллион теңге, зауытта 92 адам жұмыс істейді. Өткен жылдың қыркүйек айында бұрынғы қалалық сүт зауытының орнында іске қосылған кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жұмыс істейді. Сүт тағамдарының 50-ден астам түрін дайындайтын зауыт жыл сайын тауар көлемін арттыра түсуде. Өндіріс автоматты режимде жүзеге асырылады, бұл халықаралық стандарттарда көзделген санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтап, өнімді өңдеуге мүмкіндік береді. Төмен өндірістік шығыстар өнімге неғұрлым қолжетімді баға белгілеуге жол ашады. Бұл импортталатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырса керек. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 38,2 миллион теңгенің тауарын дайындаған.

Ал Үй құрылысы комбинаты «Темірбетон» ЖШС орнынан құрылған болатын. Бұл кәсіпорын құрылысы жүріп жатқан үйлердің негізгі қаңқасын жылдам тұрғызуға арналған ригель, колонналар, желдеткіш блок сияқты негізгі құрылыс конструкцияларын жасайды. Жылдық жобалық қуаты – 15 мың текше метр. Кәсіпорын бірінші жарты жылда 30 пайыздық жобалық қуатына ауысты. Сөйтіп, соңғы алты ай ішінде 35 миллион теңгенің өнімін өндірді. Қос нысанның тыныс-тіршілігімен және жұмысшылардың жағдайымен облыс басшысы арнайы танысып, бұл кәсіпорындардың облыс экономикасындағы маңыздылығын атап өтті. «Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мемлекет қолдауын көрген кәсіпорындар тұрғындарды сапалы өнімдермен қамтамасыз етуге тиіс. Үй құрылысы комбинатының өнімдерін облыста жүргізіліп жатқан барлық құрылыс жұмыстарында пайдалануымыз қажет», – деді А.Мұсаханов. Өндірген өнімді экспортқа шығарудан бұрын, жергілікті тұтынушылар қажеттілігін қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан ішкі қажеттіліктерді артығымен орындайтын зауыт екінші жартыжылдықта бұдан көп тауар өндіреміз деп отыр. Компанияның барлық қызмет түрлері лицензияланған. Өнім сапа саласындағы халықаралық талаптарға сәйкес келеді.

Облыстың Индустрияландыру бағдарла­ма­сына қосқан үлесінің бірі «Қорғас-Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағы. Бұл жоба телекөпір барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың рұқсатымен басталған экономи­калық маңызды нысандардың бірі. Осы шарада құрлықтық порт логистикалық орталығының құрылысы басталып, алғашқы іргетасы қаланғаны белгілі. Құрғақ порт Жаркент өңіріндегі «Алтынкөл» халықаралық темір жол бекеті мен Нұркент қалашығының аралығында бой көтермек. Жалпы аумағы – 700 гектардан астам. Онда Қытайдан әкелінетін және шетелге жіберілетін жүкті тиеп, түсіретін логистикалық орталық, индустриалдық аймақ және порт жұмыс жасайды. Жалпы құрылыс жұмыстарына 227 миллиард теңге жұмсалса, оның 150 миллиард теңгесі жеке инвесторлар ессебінен қарастырылған. Кешенді айлаққа бүгінгі күннің өзінде 200-ден астам техника, 500-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Аймақ құрылысына 20-дан астам отандық компаниялар тартылуда.

Еркін экономикалық аумақта еңбек ететін адамдар үшін Нұркент қалашығының іргесінен 460 гектар жер жеке тұрғын үй салу үшін бөлінген. «Қорғас» еркін экономикалық аймағы құрылысын бірнеше кезеңдерге бөліп, толық аяқтау жұмысын Үкімет 2035 жылға дейін белгілеп отыр.

Өңірдің тіршілігі тастай, жыл өткен сайын инфрақұрылым дамып, алыс аудандар мен ауылдардың жолы кеңейтілуде. Ал стратегиялық маңызы бар «Алматы-Талдықорған» автожолының 10 шақы­ры­мын­да жуырда қозғалыс жандана түспек. Бүгінге дейін аталмыш тасжолға көлемі 3,5 миллион текше метр топырақ, ал 10 шақырымына асфальт-бетоннан, 29 шақырымына цемент-бетоннан жамылғының төменгі қабаты төселді. Осынау жаңа технологиямен салынған тасжол тегіс, әрі сапалы. 

Алматы-Талдықорған автожолының жалпы ұзақтығы 245 шақырым. Қазіргі уақытта жұмыстар жолдың өн бойында жүргізілуде. Құрылысқа 9 мердігер компания тартылған. Жыл аяғына дейін 10 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Автожол бойындағы жұмыстармен ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Мереке Пішембаев арнайы танысқан болатын. Вице-министр мердігерлік ұйымдар басшыларына жұмыс қарқынын арттыру, сонымен бірге учаскенің өн бойында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Ал қайта салу жұмыстары аяқталғаннан кейін, 2016 жылы «Алматы-Талдықорған» жолы төрт жолақ етіліп кеңейтіледі де, бірінші техникалық санатқа жатқызылатын болады. Бұл Қазақстанның шығыс аймақтары мен шекараға жөңкілетін тауар мен адам тасымалын жеңілдетпек. 

Сел зардаптарын жоюға – 337 миллион

Алматы облысы Талғар ауданында сел болғаны баршаға мәлім. Айтпай келетін апаттан ешкім зардап шеккен жоқ. Десе де, жылда осы уақытта сел қаупі туындайтыны баршаға аян. Селді бұру, қажетті техниканы тарту, арнайы шлюздар салу арқылы селдің алдын алуға болады. Осы жолы сел зардаптарын жоюға 337 миллион теңге бөлінбекші. Жалпы төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою шараларына 544 миллион теңге, бірнеше ауруханалардың толықтай жөнделіп бітуіне және медициналық құралдар сатып алуға 500 миллион теңге бөлінбекші. «Жыл сайын өңірлік бюджет өсіп келеді, соған сәйкес экономиканың түрлі салаларына бөлінетін қаржының да мөлшері артып отыр. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын арттыру үшін жасалып жатыр», – дейді облыс әкімі Аңсар Мұсаханов.

«Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» ММ-нің облыстағы су шаруашылығын дамыту жөніндегі жұмысы туралы облыс әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбековтің пайымдауынша, өңірдегі су қорын тиімді пайдалану, суармалы жердің өнімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың жетістіктері мен кемшіліктерін талқыға салу керек. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан, қала әкімдеріне жергілікті жерде иесіз қалған суару жүйелерін аудандық қоммуналдық меншікке алу шараларын жылдамдатуды тапсырды. Су ресурстарының тапшылығы ауыл шаруашылығы дақылдарын суарудың заманауи тәсілдерін қолдануды талап ететіндіктен, интенсивті технология қолданысын кеңейту міндеттелді. Сол сияқты ауылдық су пайдаланушылар тұтынушы кооперативтер санын ұлғайтуды және олардың теңгеріміндегі суару жүйелері мен гидротехникалық құрылғыларға техникалық қызмет көрсетуді, осы тектеc көптеген міндеттерді жүктеді.

Қазір күздік бидайдың пісіп, орақты күтіп тұрған тұсы. Талғар ауданындағы Панфилов селолық округіне қарасты «АирШир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3,5 мың гектарға жуық егістік алқап бар. Оның 2 мың гектарына дәнді дақылдар егілген. Алғашқы астықты ору жұмыстарының басталғанына бір апта. Нәтижесінде 500 гектар алқап орылып, алтын дән қамбаға құйылып жатыр. Науқандық жұмысқа немістің «Медион-310» маркалы 4 комбайны және жиналған өнімді ысырапсыз тасымалдауға бірнеше техника тартылған. «Биылғы жаздың құрғақшылығы мен су қорының жеткіліксіздігі жемшөптің берік қорын жасауға көлеңкесін түсіріп-ақ тұр. Өнімнің өсу қарқыны баяу болғандықтан түсім жылдағыдан төмен. Әзірге әр гектарға шаққанда 15-16 центнерден өнім алынуда. Бұл, әрине, аса көңіл көншітпейді», – дейді серіктестік агрономы Рустам Алдабергенов.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары