МЫҢ БҰРАЛЫП БИЛЕГЕН

МЫҢ БҰРАЛЫП БИЛЕГЕН

МЫҢ БҰРАЛЫП БИЛЕГЕН
ашық дереккөзі
767
Бүгінгі егеменді елімізде жүзден аса ұлт өкілдері мекен етеді. Қазақ елі түрлі ұлттар мен ұлыстар үшін өз Отанындай болып кеткенін күнделікті өмірдің өзі-ақ көрсетіп отыр. Мемлекет құраушы қазақ халқы өз жерінде тұрып жатқан өзге ұлттарға қашанда қамқорлықпен қарап, қиын-қыстау кезеңдерде көмек көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Жүздеген жылдар сыннан сүрінбей өткен халықтар достығы бүгін де лайықты жалғасын табуда. Соған орай өзге ұлт өкілдері де еліміздің жанжақты дамуына өз үлестерін қосып келе жатқанын да айта кетуіміз керек. Ол үшін барлық жағдайлар жасалған. Соның жарқын бір мысалы – Қазақстан Халықтары ассамблеясы дер едік. Түрлі ұлт өкілдерін топтастырған бұл ұйым қазір әлем назарын өзіне аударып қана қоймай, біздің бұл бағыттағы тәжірибемізге өзге де елдер үлкен қызығушылық танытуда. Осы ұйым арқылы түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері халық депутаттарын ұсынып, мемлекет басқару ісіне де араласуда. Халықтар достығығының қалып­тасуына тек қана саяси жағдай ғана әсер етпейтіні белгілі. Достыққа дәнекер өзге де өзекті мәселелер мен жағдайлардың болуы шарт. Соның бірегейі – тіл мен дін, мәдениет пен өнер дер едік. Елімізді мекен еткен байырғы ұлттардың бірі – ұйғырлар. Алдында айтқанымыздай діні бір, тілі ұқсас, мақсаты ортақ болғандықтан ұйғыр ұлтының елімізде өсіп-өркендеуіне кең жол ашылып отыр. Қазір Қазақстанда ұйғыр тіліндегі мектептер мен Алматы қаласында Ұйғыр музыка театры жемісті жұмыс істеуде. Айта кетейік, бұл әлем бойынша жалғыз іргелі ұйғыр ұлттық театры болып табылады. Оны толығымен мемлекет өз тарапынан қаржыландырып, ұлыстың мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға зор ықпалын тигізіп келеді. Аталмыш театрда республикаға есімі белгілі көптеген өнер майталмандары тәрбиеленіп, өсіп жетілді және қалың көрермендері үшін аянбай еңбек етті. Көпұлтты өнеріміздің өркендеуіне өз үлестерін қоса білді. Әлемге аты әйгілі данышпан­дар­дың соңына қалдырған бір нақылы бар, ол – «өнерде ұлт болмайды, өнер адамзатқа ортақ асыл қазына» деген ұлағаты мол ұйғарым. Оған ешкім күмән келтіре де алмас. Қай халықтың өнері болмасын жалпы адамзатқа ортақ рухани қазынаны толықтыра түсетінін өмірдің өзі әлдеқашан дәлелдеген. Өзіндік өрнегі мен бай тарихы бар ұйғыр мәдениеті мен өнері басқа ұлттардың да қызығушылығына ие болып отыр десек артық айтқандық емес. Өйткені әрбір ұлттың өнерінде өзгелерде қайталанбас ерекшеліктері болары заңды құбылыс. Ол туралы осы саланы зерттеушілер де зерделеп, ғылыми еңбектерде де жазылып жүр. Айтайын дегеніміз, ұйғыр халқының да салт-дәстүрі мен жалпы тұрмысында бидің алар орны ерекше. Өзіміздің қазақ халқы сияқты ұйғырлар да әсем дене қимылы мен сол арқылы айтар ойына ерекше мән береді. Бұл ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жеткен байырғы өнер түрін лайықты жалғастырушылары бүгін де баршылық екені қуантады. Солардың бірі – Ұйғыр музыка театрының бишісі Назугум Құрбанова дер едік. Өзінің жастығына қарамастан би өнерін жетік меңгеріп, көрермендерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Назугум Құрбанова 1990 жылы Алматы қаласында өнер адам­да­рының жан ұясында дүниеге келген. Әкесі Шәкіржан ұйғыр театрында музыкашы, анасы Ділдар – биші әрі жастарды тәрбиелеп жатқан ұстаз. Назугумның жастайынан өнер ортасында өсіп, ата-анасынан өнерге деген құштарлықты бойына сіңіргені бірден байқалады. Ол 5 жасынан би атты сиқырлы әлемге алғашқы қадамын жасап, сахнаға шыққан екен. Қаршадайынан «Уссул ғунчилири» «Сада» ансамбльдерінің құрамында өнер көрсеткен. Мектептегі 9-сыныптан соң театр колледжіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдаған. Өз еңбек жолын Ұйғыр музыка театрынан бастап, осында жұмыс істей жүріп, қазақтың мемлекеттік Қыздар университетінің музыка факультетінің хореография бөлімін бітірген. «Біз ұлымыз Құрбан мен қызымыз Назугумды өнер жолына түсуге ешқашан қыштаған емеспіз. Өйткені өнер жолының қаншалықты ауыр екенін біз жақсы білеміз, көптеген қиындықтарды өз басымыздан өткергендіктен балаларымыздың басқа жолды таңдағанын қош көрген едік. Әйтсе де олар өз еріктерімен бізге ізбасар болуды қалады. Ұлым Баян Есентаеваның ансамблінде музыкашы, күйеу баламыз да өзіміздің театрда әнші. Келініміз қазақ қызы, қазір екі кішкентайлары бар, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Балаларымыздың біздің жолымызды таңдауы бір жағынан заңдылық та болар, олар көзін ашқаннан өнер адамдарының ортасында тәрбиеленіп келеді», – дейді Шәкіржан әке. Би – құдіретті өнер. Тал шыбықтай мың бұралған дене сұлулығы мен тән сымбаттылығы тәнті етіп, көзді арбауы өз алдына, әр қимылдың көп нәрсені аңғартып, терең мағына беретіні де бар емес пе! Ал, бір топ бишінің әр қимылы өзара үйлесім тауып, үндесіп жатуы үлкен шеберлік емес деп қалай айта аламыз? Бидің бар құдіреті де осында жатқандай, терең ойлы өлеңмен, әсерлі әнмен емес, үнсіз, тек қимылмен ғана жүректерге жол табуы да содан болар. Ұйғыр музыкалық театрында қазірдің өзінде 24 биші еңбек етуі ұжымның би өнеріне үлкен құрметпен қарайтындарының айғағы болса керек. Театр аясында өнер көрсетіп жүрген осы «Рухсара» би ансамблінің үлкен ұжым табысына қосар үлесі мол, өйткені көрермен қауым оларды қашан да зор қошаметпен қабылдайды. Ансамбль репертуары да бай, жиі орындалып жүрген билер қатарында қазақ, өзбек, испан, сыған, ирландия, үнді және өзге де көптеген ұлттар билері бар. Соған қарағанда биді сахнаға әзірлеуші Э. Сәйдуллаева, Д. Пәхирдинова Р. Құдайбердиева Г. Саитовалар әлемдік өнер үлгілеріне көп көңіл бөлетіні байқалады. Ал, бишілер тобы негізінен ұйғыр ұлттық билерін орындайды. Рас, бүгінгі жаһандану мен жаңару би өнеріне де өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Оның әсерін қазір кез келген ұлттық өнердің барлық түрі сезінуде. Сондықтан ұжым қазіргі заманға лайық, ұйғыр би ырғағына жаңа элементтер мен жаңа леп енгізуді де үнемі есте ұстайды. Би өнерінің әліппесімен тым ерте танысқан Назугум қазір нағыз шығармашылық шыңына жетіп, көрермендерінің көзайымына айналды. Ол өзінің жеке билерімен бірге би ансамблінің орындауында басты партияларды жиі атқарады. «Шырайлым», «Қашқар қызы», «Дап», «Нәй», «Тоз», «Бұхара» сияқты тағы бірқатар билерде жетекші рөлдерді атқарады. Назугум сонымен бірге сахнаға би қойылымдарын шығаруды да қолға ала бастады. Соның бір дәлелі, «Дап» биінде жетекші биші ғана болып қоймай оны сахналауды да өз мойнына алды. Бұл бишінің тәжірибе жинақтап, енді өзінің де өзгелерге айтар ойы бар екенін көрсетеді. Несі бар, өзі де ұстаздықты мақсат еткен Назугумның бұл саладағы алған білімі, қол жеткізген шеберлігі мен тәжірибесі енді жетіліп келе жатқан жас бишілерге ауадай қажет екені рас. Байырғы би өнері осылай ғана жалғасын таппақшы, осылай ғана қалың көрерменін сахнаға телміртіп, мың бұралған бишілердің сиқырлы әлеміне тәнті ете бермек.

Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ.

Серіктес жаңалықтары