Жарылқап Қалыбай соты: Сараптама қорытындысы қайта жасалатын болды

Жарылқап Қалыбай соты: Сараптама қорытындысы қайта жасалатын болды

Жарылқап Қалыбай соты: Сараптама қорытындысы қайта жасалатын болды
ашық дереккөзі
209

Журналист Жарылқап Қалыбайдың
үстінен қозғалған әкімшілік іске қатысты сот отырысы жалғасуда. Бастапқыда
судьяға сенімсіздік танытқан Жарылқап Қалыбай бүгін сараптама қорытындысын
жасаған маманға сенімсіздік танытты. Судья оның өтінішін қанағаттандырды.

d797fb1e9bad94cf91143be1f3b714d9.jpg

Бүгін Алматыдағы Әкімшілік сотта журналист Жарылқап
Қалыбайдың үстінен ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 344-бап, 2-тармағы
бойынша қозғалған әкімшілік істі қарау үшін сот отырысы өтті. Алматы қаласы
Алмалы аудандық ішкі істер басқармасы тарапынан тағайындалған сарапшы өзі
жасаған сараптамалық қорытындыда «Аңыз Адам» журналының Гитлерге арналған
санында біресе «экстремизмді ақтау белгілері бар» десе, біресе «экстремизмді
ақтау белгілері болуы мүмкін» деген дүдамал ой айтыпты. Өткен аптадағы сот
отырысында Жарылқап Қалыбайдың адвокаттары Өтеген Ықсанов пен Шынқуат Байжанов судья
Дастан Алыбайдан: «Сауатсыз жасалған сараптама азаматтың тағдырына кері әсерін
тигізуі мүмкін. Сондықтан сараптаманы жасаған Назгүл Айтжанқызы Мұқанова сот
отырысына қатысып, біздің сұрақтарымызға жуап берсін», – деген өтініш айтқан
болатын. Алайда, адвокаттардың бұл өтінішіне прокуратура өкілі Мақсат Рсалин
үзілді-кесілді қарсылық танытты. Алғашқыда «сараптама жасаған екі сарапшыны
бірі – Равилов кезекті еңбек демалысында жүр. Ал Мұқанова мемлекеттік «Болашақ»
бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарына білім алуға кетті» деген. Бірақ
адвокаттардың Равиловқа қатысты сұрағы туындамағандықтан, тек Мұқанованы ғана
сотқа шақыртуды ұсынды. Рсалин оған да қарсы болды. Ұзақ уақыт тартысқаннан
кейін судья сарапшы Назгүл Мұқанованы сот отырысына шақыруға шешім қабылдаған.
Бірақ бүгінгі отырысқа да Мұқанова келмеді.  

250e57f60b860a38afcbadf2ee51ddc8.jpg

Сот отырысының соңында судья Дастан Алыбай сараптама
қорытындысын қайта жасатуға шешім қабылдады. Оған себеп, Жарылқап Қалыбай да,
оның адвокаттары да прокурордың сарапшыны сот залына келтіруге қарсы болған
әрекетіне наразы болып, судьядан қайта сараптама жасауға өтініш білдіруі.
Отырыс барысында адвокат Шынқуат Байжанов: «Сот отырысына сарапшы Мұқанованы
әкелдіруге прокурордың өзі мүдделі болуы тиіс еді. Судьяға «Сіз шақырту
жіберсеңіз де, сотқа келмеді. Мұқановаға заң бойынша тиісті шараны қабылдаңыз»
деп талап етуі тиіс болатын. Өкінішке қарай, ол керісінше, қарсылық танытты.
Бұл біздің көңілімізге күдік ұялатады», – деді. Өткен сот отырысында да қарсы болған
прокурор Мақсат Рсалинге қарсылық ретінде, ол судьяға: «Менің 20 жылдық
тәжірибемде кездесетін жайт, кейде сарапшының орнына басқа біреулер қол қойып
жібереді немесе сарапшы бастапқыда жаңылып қорытындыға қол қойып, кейін өз
ұстанымынан айнып шығады. Түсінбейтінім, прокуратура өкілі Мұқанованы шақыртуға
қарсы? Мүмкін оның орнына басқа біреулер қол қойған шығар? Бәлкім Мұқанованың
сараптама қорытындысын жасауға қақы жоқ шығар?», – деген. Осыдан кейін судья
Дастан Алыбай: «Назгүл Мұқанованы келесі сот отырысына шақырып көрейік», –
деді. «Шақырып көрді», бірақ сарапшы соттың шақыруын құлағына қыстырған жоқ.
Яғни, келмеді. Сол себепті, судья қайталама сараптама қорытындысын жасатуға
шешім қабылдады.  

c7d9d59c4d2f4f7b91385842508e60f5.jpg

Алғашқы сот отырысында «Әділ сөз» Халықаралық сөз
бостандығын қорғау ұйымы жанындағы Ақпараттық даулы құжаттар бойынша
лингвистикалық сараптама жасайтын Рахиля Қарымсақова ханым өзі жасаған
сараптамалық қорытындыдағы «экстремизмді ақтаудың белгілері жоқ» деген
ұстанымын судья мен сотқа қатысушыларға егжей-тегжейлі түсінідіріп берген еді.
Сол кезде ләм-мим жақ ашпаған прокурор Мақсат Рсалин екінші сот отырысында 40
жылдық еңбек өтілі бар Рахиля Қарымсақованың кәсіби біліктілігіне күмән
келтірген болатын. Сол отырыста Қарымсақова ханым жоқ болғандықтан, бүгін
арнайы келіп, өзінің Қазақстандағы сот өкілдерімен, судьялармен қоян-қолтық
жұмыс істегенін, кезінде прокурорларға қылмыстық тақырыптарға орай лекция
оқығанын дәлелдейтін дәйектер келтірді. «Әділ сөз» ұйымының өкілі Ғалия
Хакимқызы Әженова ханым да ұйым мен оның атқаратын шаруалары туралы бізге
әңгімелеп берді.

be883267f61d0de7af4c339e41ba22c7.jpg

Бүгінгі сот отырысына Жарылқап Қалыбайды қоғамдық
қорғаушы ретінде қатысқан азамат – Жеңіс Лекеров елімізді азаматтық қоғамға
айналдыру үшін азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуын қамтамасыз ету
керектігін айтты. «Жарылқап Қалыбайды екі айда 3 рет сотқа беретіндей, жау
шапты ма? Неге сонша қудалайды?! Азаматтар түгел араша түсуі тиіс еді. Өкінішке
қарай, қоғам белсенді емес», – деп мәлімдеген ол Қазақстанды демократиялық
қоғамға айналдыру жолында қолынан келгенше үлес қосатынын жеткізді.


Серіктес жаңалықтары