«ДАНАЛЫҚ ДӘЙЕГІН» ТАҒЫЛЫМ ЕТКЕН ЕДІ

«ДАНАЛЫҚ ДӘЙЕГІН» ТАҒЫЛЫМ ЕТКЕН ЕДІ

«ДАНАЛЫҚ ДӘЙЕГІН»  ТАҒЫЛЫМ ЕТКЕН ЕДІ
ашық дереккөзі
307

Ұлықман Асылға Смағұл Елубай: «Қазақ сіздей кітап сүйсе, қарқынды халық болар еді», – деп қолтаңба жазыпты. «Мектеп» баспасында бас редакторлық қызмет атқарған ол кісінің кітап сүймеуге хақы да жоқ еді. Саналы ғұмырын жас ұрпаққа арналған кітаптарды өңдеп-жөндеумен өткізіпті. «Даналық дәйегі» сияқты тағылымды кітаптар жазумен, аударумен айналысты. Жақында «Өнер» баспасы өлеңдер жинағын жарыққа шығарды. Жақсы-жайсаңдарды жоқтап қойған да сауап іс. Топырағы торқа болсын дейміз. 

ҚОСТАНАЙ

Қостанай, астықты өлкем, байтақ жерім, 

Өзіңе жолым түсіп, қайта келдім.

Сезім жоқ өткендегі алабұртқан, 

Өзге өлең, өзге жырды айта келдім.

Басқалар жолдастар да қасымдағы, 

Көңілімнің сарғыш тартқан жасыл бағы. 

Жаңғырып көзіме ыстық көріністер, 

Саумал ауа, сағым түз шақырады.

Өлеңнен мұңдасым жоқ өзге менде, 

Айқын бір мақсатым жоқ көздеген де. 

Таныс та бейтаныстай көрінеді, 

Төңірек əлде түгел өзгерген бе?!

Жастықтан кетті ме алыс аралық тым, 

Жатыр ма бар тамырмен таралып мұң. 

Əлде ауыр, əрі жым-жырт таңсəрідей 

Келе ме атып таңы даналықтың.

Міне, енді қолда билет, қайтып барам,

«Қош бол, – деп, – көріскенше!» – айтып барам. 

Өзіңе бауыр басып қалғанменен,

Алматым тұр ғой күтіп – қайтіп қалам.

Табынтты бір сұлуың жаудыраған, 

Көңілі де көркем жанның ауды маған. 

Қия алмай қынжылсам да өзіңді мен,

«Тез қайт!» деп шақырып тұр таулы далам.

Жазғыра көрме сен ол үшін мені, 

(Білмеймін өңім бе əлде бұл түсім бе еді).

 Əйнектен əне ұшқындап тұр қос жанар

Жұлдыздай сұрша бұлттың ішіндегі.

 * * *

Жыл сайын жарып бүлдіршін шешек, 

Сарғайтып күзде төгеді миндаль. 

Астына жердің үлгерді төсеп, 

Қаншама жанды сусыған жылдар.

Керек пе сонша өлгендерді аяу! 

Шаншымайды одан жүрегім. 

Аяңдар мені – өйткені таяу 

Алдымда күтіп тұр өлім.

 * * *

Қауызын гүлдей жарып ашылмаған, 

Сырым бар тереңіне жасырған жан. 

Кейде көңіл есіріп, болады мəз,

Кейде алыстап қор қылар асыл арман.

Алыстайды арамыз, жуықтайды, 

Алма-кезек жығысып үміт-қайғы.

Сол жарастық, дүмбілез сол сезіктен, 

Кейде ойым тұмандап түк ұқпайды.

Баяғы қызық, баяғы дүрмекпенен, 

Тұрмас па еді өмірім гүлдеп менің. 

Өзің өртке жібердің айналдырып, 

Өшірем деп отымды үрлеп менің.

Кесір тағдыр кер оғын кезенгенмен, 

Тірі тұрып өзіңнен безем бе мен. 

Көбелектей көк дауыл өртке айдаған, 

Кетерімді күл болып сезем бе мен.

 * * *

Арнасын тастап, айрылып өзен ағады, 

Қосарсың қайтіп мелшиген екі жағаны.

Бір үйдің көркі – қос ару жылап қоштасып, 

Əндетіп жүріп екі үйдің шамын жағады.

Келмейді қолдан келісу кейде – не етеді, 

Айрылып жақын жандар да жат боп кетеді. 

Қанталап көзі қарасып бірде тұрады, 

Анттасқандар да жазбасқа жұбын кешегі.

Өтеді күндер, соқпайды қайта қайрылып, 

Батады күн де, басады түнде айды бұлт.

Сыздайды сүйген жүректер ұзақ түндерде, 

Өксиді үнсіз үмітін үзіп, қайғырып.

Адастым асыл арманнан тағы дегізбе,

Көз жазып қалсам, аяулым, өзің мені ізде. 

Қос қанатындай егізбіз, жаным, біліп қой, 

Қалықтап ұшқан шағаланың өмір-теңізде.

Серіктес жаңалықтары