ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАРШЫ ТАҚТА ЖАТ ЕМЕС

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ШАРШЫ ТАҚТА ЖАТ ЕМЕС

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ  ШАРШЫ ТАҚТА  ЖАТ ЕМЕС
ашық дереккөзі
371

Алматы қаласында шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясында «Еліміздегі ең үздік саяси-қоғамдық» журнал атанған «Ақиқат» журналының жүлдесі үшін журналистер арасында осымен екінші рет шахмат турнирі өтті. Айта кету керек, биылғы шахмат турнирі «Қазақ газеттері» ЖШС-нің 15 жылдығына орай өткізілді. 

,Бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қаламгерлер мен журналистер қатысқан шараны «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин құттықтау сөзімен ашты: 

– Биылғы шахмат турнирі еліміздің мақтанышы, шахматтан әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясында өтіп отыр. «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 15 жылдығы, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау аясында ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің ардагер журналистері, аға буын өкілдері мен жас қаламгерлер қатысуда. Шахмат бұл ақылдылардың, интеллектуалдардың ойыны. Халқымыздың дарынды қызы Жансая Әбдімәліктің талантын кеңінен насихаттау арқылы біз «Қазақ газеттері» ЖШС-ға қарасты басылымдарды жаздырып, оқитын ауыл, аудандардағы жастарды спорттың осы бір түріне, сондай-ақ өзге де түрлеріне тартуға ерекше көңіл бөліп отырмыз, – дей келе шараның бас демеушісі Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президентінің білім беру қоры, қордың атқарушы директоры Еркін Исраиловке, сондай-ақ шараның өткізілуіне қолдау көрсеткен Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясының президенті Данияр Әшіровке алғысын жеткізді. Қатысушыларға жеңіс пен сәттілік тіледі. 

Өз кезегінде Шахмат академиясының президенті, Жансаяның әкесі Данияр­ Әшіров «Қазақ газеттері» ЖШС-ін 15 жылдық мерекесімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. 

Отызға жуық журналистер қатысқан шахмат турниріне Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясының бапкері, республикалық дәрежедегі төреші Олжас Меңғали төрелік етті. Ойынның ережесі олимпиадалық жүйеге сай өткізілді. 

Сайыс «Негізгі жарыс» және «Кәсіби жарыс» деп аталған екі бағыт бойынша өтіп, әрбір қатысушыға ойын барысында 10 минут уақыттан берілді. Бұл сайыскерлерден ұтымды жүрістер жасап, нәтижелі ойын көрсетуін талап еткені сөзсіз. Өйткені тез ойланып, жеңіске бастайтын жүрістер жедел жасалып отырмаса, сайыскердің ойын уақыты аяқталып, жеңіліп те қалуы мүмкін. «Негізгі жарыс» бойынша іріктелген ойыншылар бірінші айналым шарты бойынша тек жалғыз реттен ойнады. Жеңгендері келесі кезеңге өтіп отырды. Ал «Кәсіби жарыс» бойынша іріктелген 6 журналистің әрқайсысы бір-бірімен кездесіп, ойын барысында бақтарын сынады. Тәжібай Шонаев, Жұмат Әнесұлы, Бағдәулет Кәкімұлы, Тұрсын Елеусізұлы, Асқар Беков, Нұрлан Құмар арасындағы кездесулер қызықты да тартысты өтті. Бұл топта ең жоғары ұпай жинаған Нұрлан Құмар және Асқар Беков финалдық ойында жолығып, Асқар Бековтың мерейі үстем болды. 

«Негізгі жарыс» бойынша жұп құраған ойыншылар: Аманхан Әлімұлы, Тілек Әбдірахимов, Бейбіт Нәлібаев, Ғазизбек Тәшімбай, Амангелді Шопан, Орынбек Өтесінов, Әбдірашит Бәкірұлы, Вадим Масин, Амангелді Жолманов, Зейнел Жекейұлы, Аян Нысаналин, Мамадияр Жақып, Абзал Мәдиев, Мұратбек Әубәкіров, Жарас Сәрсек, Дәуіржан Төлебаев жарыстың келесі кезеңіне өту үшін барын салды. Бұл топтан Тілек Әбідрахимов, Амангелді Жолманов, Мұратбек Әубәкіров, Амангелді Шопан финалдық кезеңге өтіп, өзара мықтыны анықтады. 

Турнир барысында әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Жансая Әбдімәлік шеберлік ойындарын өткізді. Қатысушылар талантты да дарынды Жансаяның ойын өрнегіне тәнті болды. 

«Ақиқат» журналының жүлдесі үшін өткізілген журналистер арасындағы екінші шахмат турнирінің нәтижесі келесідей болды: 

«Негізгі жарыс» бойынша 1-орынға – Тілек Әбдірахимов («Тенгри» журналы), 2-орынға – Амангелді Жолманов (РТРК «Қазақстан»), 3-орынға – Мұратбек Әубәкіров (ардагер журналист), 4-орынға – Амангелді Шопан (Экономика газеті) лайық деп танылды. 

«Кәсіби жарыс бойынша» 1-орын Асқар Беков («Айқын» газеті), 2-орын Нұрлан Құмар («Ана тілі» газеті), 3-орын Бағдәулет Кәкімұлына (Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ақпарат орталығы) бұйырды. Ардагер журналистер Мамадияр Жақып, Ғазизбек Тәшімбай, Аян Нысаналин «Ынтыландыру» сыйлықтарымен марапатталды. «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы Бейбіт Нәлібаев «Ең жас қатысушы» аталымы бойынша Аманхан Әлімұлының қолтаңбасы қойылған жыр кітабына ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ноутбук, ұялы телефон, сертификат және т.б.бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерді «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин салтанатты түрде марапаттады. Жансая Әбдімәліктің Шахмат академиясына Әйтеке би мемориалдық кешенінің суретін сыйға тартты. 

«Ақиқат» журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы сөз алып, қатысушыларға өз ризашылығын білдірді. Ардагер журналистер Мамадияр Жақып, Ғазизбек Тәшімбай қатысушылар атынан екінші шахмат турнирін ұйымдастырушыларға зор алғыстарын жеткізді. 

Д. Жұмажанұлы

Серіктес жаңалықтары