ҚАСТЕЕВІН ҚАСТЕРЛЕГЕН ХАЛЫҚ

ҚАСТЕЕВІН ҚАСТЕРЛЕГЕН ХАЛЫҚ

ҚАСТЕЕВІН ҚАСТЕРЛЕГЕН ХАЛЫҚ
ашық дереккөзі
1346
Қазақ кескіндеме өнері дегенде, ең алдымен Әбілхан Қастеев есімізге түсері анық. Ол, әрине, орынды. Тума талантымен-ақ қазақта бұрын бола қоймаған таңсық өнердің негізін қалап, оның әрі қарай дамып, жетілуіне үлкен әсер еткен біртуар суретшінің еңбегі – қай жағынан болсын, бағалауға, көкке көтере дәріптеуге тұрарлық еңбек. О баста Алматы қаласына кеп, сурет өнерінің қыр-сырын алғаш суретші Н.Хлудовтан үйреніп, кейін Мәскеуде И.И. Бродскийдің көркемсурет студиясында шеберлігін ұштаған Қастеев бойындағы дарынын тынымсыз еңбектену, талмай іздену арқылы одан әрі жетілдіріп, уақыт өте келе тұлғалы қылқалам шебері дәрежесіне көтерілді. Оның «Тігін үстінде», «Мектепке», «Көгілдір көйлекті қыз» атты алғашқы еңбектерінен бастап, «Түрксіб», «Амангелді сарбаздары», «Қалыңдық», «Колхоз тойы» атты атақты суреттеріне дейін халқына кең танылып, елінің құрметіне бөленді. 1959-1956 жылдарда Қазақстан Суретшілер Одағын басқарып, екі мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Әбілхан Қастеев қазақтың тұңғыш суретшілерінің бірі ретінде ғана емес, осы салада тындырған еңбектерімен де қазақ өнер тарихындағы биік тұлға. Оның «Қыз Жібек», «Қыз ұзату», «Қос құрбы», «Келін түсіру», «Киіз үйдің ішкі көрінісі» атты суреттері қазақ халқының тұрмыс-салты мен әдет-ғұрыптарынан мол мағлұмат беретін құнды өнер туындылары болса, «А.Құнанбаев», «Ж.Жабаев», «Ш.Уәлиханов», «А.Иманов», «Ғ.Мұратбаев», «К.Әзірбаев» атты портреттерінде қазақ ұлтының атын әлемге танытқан даңқты перзенттерін бейнелеп, кейінгі ұрпақ үшін өлшеусіз зор еңбек етті. Өмір сүрген кезі аталған кісілерге жақын, солар туралы естігендерін зердесіне тоқып өсіп, кейін қиялындағы жарқын образдарды өз өнерімен тірілткен Әбілхан Қастеев шығармашылығы қазақ өнер тарихының алтынмен жазылар беттері десек, артық айтқандық бола қоймас. Халқын шексіз сүйген дарынды перзентін халқы да ұмыта қойған жоқ, оның атына қойылған көше, мектеп аттары соның айғағы. 2004 жылы Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп, оның суреттерімен бүкіл әлем танысуға мүмкіндік алды. Ал, биылғы жылдың басында (2014 жыл, 17 қаңтарда) Алматы қаласында Әбілхан Қастеевтің Мұражай-үйі ашылды. Суретшінің 110 жылдығына арналған бұл мәдени шара жалғасын тауып, шілденің 10-ы күні қылқалам шеберінің кіндік қаны тамған Панфилов аудан орталығы Жаркент қаласында «Өмірі – өнеге» атты Ә. Қастеев шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Сол конференция тұсында Әбілхан Қастеевпен қатар қазақтың тағы бір дарынды суретшісі Орал Таңсықбаевтың да аты аталып, тағы бір тұлғалы суретшіміздің шығармашылық тағдыры жайында әңгіме қозғалды. Бұл, әрине, еншісі бөлінбеген қазақтың ұлт ретіндегі тұтастығының көрінісі еді. Әбілхан Қастеевтің өзі дос тұтып, өнерін жоғары бағалаған, тіпті бір кездері даңқты жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзі бас болып Өзбекстаннан Қазақстанға шақырылып, алайда, шығармашылықпен айналысуға жағдайы болмағандығынан келген жағына қайта көшуге мәжбүр болған кескіндеме өнерінің шебері, соңынан КСРО халық суретшісі (1963) атағына, КСРО Көркемсурет академиясының толық мүшесі (1958) дәрежесіне қол жеткізген ұлтымыздың тағы бір дарынды перзенті Орал Таңсықбаев болатын. Қастеевпен түйдей құрдас, 1904 жылы қаңтардың 14-інде Ташкент қаласында дүниеге келген О.Таңсықбаев сол қаладағы шарап зауытында жұмыс істеп жүріп, зауыттың клубында оның суреттері алғаш рет көрмеге қойылады да, «Түркістан правдасы» газетінде суреткер-жұмысшы туралы мақала жарияланады. Суретшілік өнерді енді игере бастаған жастың импрессионистік әдісті меңгергендігін оның шығармаларынан танып-білгендер Оралдың дарынына таң қалады. Мәскеудің кескіндеме, сомдау және сәулеттеу училищесінің үлкен күміс медаліне қол жеткізген Н.Розановтан сабақ алған Оралды ұстазы мақтаныш ететін. 1928 жылы Орал Таңсықбаев алғаш рет Мәскеуге сапарға шығып, батыс еуропа кескіндеме өнері шеберлерінің туындыларымен танысады. 1929 жылы Орыстың атақты суретшісі И.Репиннің шәкірт И.Горющкин-Сорокопудов және Н.Петров сабақ беретін Пенза көркемсурет училищесін бітірді. Оның салған суреттері қай заманды бейнелесе де ешқандай саясатқа бағынбайтын еді. Қазақстанда – Әбілхан Қастеев, Өзбекстанда – Орал Таңсықбаев, Түркіменстанда – Башим Нұралы осындай өзіндік шығармашылық бітімімен дәстүр қалыптастырғандар. Әбілхан Қастеев қазақтың салт-дәстүрін бейнелеп, ұлы тұлғалардың портреттерін жасау арқылы ұлт даралығын танытса, Орал Таңсықбаев – табиғат жыршысы, пейзаждың хас шебері болды. Сондықтан да замандастары оны «тау мен дала жыршысы» деп атады. 1949 жылы атажұрты Қазақстанға келген О.Таңсықбаев «Сарқырама», «Алматыдағы кешқұрым», «Алматы қысы» атты картиналарын жасады. Бұндағы суретшінің қолтаңбасы бұрынғыдан өзгеше – әлдебір күту, аңсау басқа бір көңіл күйге ауысу әсерін береді. Өмірінің соңғы жылдарында И.В. Савицкий атындағы Қарақалпақстан мемлекеттік көркем-өнер мұражайының директоры боп қызмет жасаған Орал Таңсықбаев 1974 жылы, сәуірдің 18-і күні Нөкіс қаласында дүние салды. Қазіргі күнде өзі басқарған сол мұражайда Орал Таңсықбаев шығармаларының көп мөлшері – 37 суреті сақталған. Бұдан басқа да көптеген мемлекеттердің мұражайларында О.Таңсықбаев суреттері орын алған. Соңғы кезде, бір кезде өзі атын шығарған Өзбекстанда Орал Таңсықбаевтың атына қойылған көше, метро стансасы, мектептердің аты өзгертіліп, бауырлас мемлекеттің дарабоз суретшіге деген көзқарасы өзгере бастады. Сондықтан, Қастеевін қастерлеген халық, Таңсықбаевын таныта алса, ол – ұлтымыздың ұлылығы ғана болмақ.

Ахмет Жұмағалиұлы

Серіктес жаңалықтары