Қазақстандық патриотизм қалыптасты ма?

Қазақстандық патриотизм қалыптасты ма?

Қазақстандық патриотизм  қалыптасты ма?
ашық дереккөзі
724

Украинада орын алған жағдайлардан кейін (әлі де жалғасып жатқан), Қырымның Ресейге екіжүзділікпен қосылу оқиғаларынан соң саяси-экономикалық тұрақтылық, ықпалдастық, халық рухы мен еркі мәселелерінің маңыздылығы арта түсті. Осылардың ішіндегі халық рухы мен патриотизм мәселесі бұрынғыдан да маңыздырақ бола түсті. Себебі бұларсыз ешқандай тұрақтылық та болмайды, қалыптаспайды және күйремейді. Айтпағымыз, әсіресе Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін қазақстандықтардың Отан алдындағы адалдығы мен сүйіспеншілігі беки түсуі керек. Қазіргі ғаламдық тұрақсыздық процестеріне Қазақстан дайын болып, ішкі-сыртқы күштерге төтеп бере алатындай иммунитет қалыптастыру шарт. Оның бірден бір көзі азаматтардың патриотизмін дамыту.

Бүгінгі таңда «қазақстандық патриотизм» деген ұғымның өзі қалыптаспады. Патриотизмді әркім әр түрлі түсінуі пікір мен істің әрқилығын тудырып отыр. Бірі Отанды сүю, ата-анаңды құрметтеуді патриоттыққа жатқызса, екіншісі ел игілігіне нақты жұмыс істегендерді ғана патриот қатарына жатқызады. Және бір қызығы, біз патриоттығымызды біреуге міндет түрде дәлелдегіміз келеді де тұрады. Әнұранды айтып біреуден артықшылығымызды көрсеткіміз келеді. Баз біреулер «тек қазақша ғана ән тыңдаймын» деп өзге жұртқа нағыз қазақылығын мойындатып жүр. Тіпті билікте осы тәсілмен жақсы ұпай жинап келе жатқан атқамінерлер де бар. Өкінішке қарай, бұл жағымсыз тренд жастарға да жетті. Мәселен, мектепте отанға деген сүйіспеншілігіміз бен құрметіміз көбінше комиссия алдында барынша көрсетіледі. Ал қалған күндері отаншылдықты ешкім есіне алмайды да. Мұндай көзбояушылық қалыптасқан елде ұлттық рухтың оянуы екіталай. 

Ұлтты сүюде халық жауларын пайдалану да сәнге айналды. Мұның саяси технология екені де рас. Алайда, фашистік Германияның үлгісі үлкен сабақ бұл жағдайда. Гитлер өз тұсында неміс ұлтының басты жауы ретінде еврейлерді белгіледі. Оларды өлтіріп, аямай сабағандар нағыз ұлтшылдар деп танылды. Бұл саясаттың соңы қалай болғаны тарихтан белгілі. Немесе Ресейдегі әсіре ұлтшылдардың тура осылай Кавказ сценарийін жүргізуі де сабақ. «Кавказды қаржыландыруды тоқтатайық», «Ресей орыстар үшін» атты ұрандар ұлттық рухты емес, жек көру, қатыгездік пен өшпенділікті насихаттайды. Өткен жылы Мәскеу сыртындағы Бирюлева ауданында болған қақтығыстар да өшпенділік пен төзімсіздіктің салдарынан орын алды. Осы тұста да Қазақстанда да әлдебір топтардың өзге ұлттарды қазаққа жау етіп көрсеткісі келетін жағдайлар кездескен. Алайда, мұндай жек көру принципінде патриотизм қалыптастыру қателік екенін міне, уақыт пен тарих дәлелдеп отыр. Нәсіліне, діні мен саяси көзқарасы бойынша бөліп-жару тағы да бар. Бірақ, жанындағыларды бауырым деп, отандас деп санайтын адам ғана өз отанын сүйе алады. Ең өкініштісі мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар патриот емес деген жалған теория бар. Ал мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың тіл үйренуіне жағдай жасап, көмек көрсеттің бе? деген заңды сауал туындайды. Бір ғана мысал, өзіміз шетелге баратын болсақ, ондағы адамдар сол елдің тілі мен дәстүрін үйретуге барынша тырысады… 


ӘСКЕРИ БИЛЕТ МАҢЫЗДЫ


Әскерге бару. Күні бүгінге дейін патриотизмнің өлшемі осымен өлшеніп келеді. Әскери қызметтің дәрежесі түскеннен бері азаматтық борышты өтеуден қашу орын алды. Қазір болашақ мансабы үшін армияға бару үшін пара беру жағдайларын бақылап келеміз. Екі жағдайда да отан, мемлекет, ұлт деген ұғымдар жас сарбаздар санасында мүлдем жоқ. Ең алдымен адам онда әскери билет алып, жұмысқа тұрып кету үшін емес, ертеңгі күні мемлекетін қорғау үшін, рухын көтеруге бара жатқанын тіптен сезінбейді. Сондықтан әскерге бармау бізде ешқандай ұят емес, керісінше үйеленгенде той жасамау нағыз масқара! 


ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ӨКПЕСІ ҚАРА ҚАЗАНДАЙ


2009 жылы «Нұрлы көш» бағдарламасын бастап, шет елдерден қазақтар көшіп келе бастағанда ұлттық рух оянған кез жетті деп бір марқайып қалғанымыз есімізде. Көп ұзамай өз қандастарымыз жаппай өкпелей бастады. Бүкіл әлемде шет елден келген азаматтарын отандастар, қандастар десе, біз оралман дедік. Бір қарағанда ұятты, кемсітетін сөз емес секілді. Бірақ өзің басқа елден көшіп келгендер үшін одан асқан ауыр сөз жоқ екенін ойламаппыз. Қазақстан азаматтығын алуды қол жетпес қазына еттік. Тіпті, өткен жылы біраз қандасымыз Моңғолияға қайта көшіп кетіп, сол елдің азаматтығын бір-ақ күнде алғаны белгілі. Сөйтіп, өз қолымызбен өз қазақтарымызды қайта сыртқа қайтардық. Қазақстан азаматтығының құнын түсіріп алдық. Осыдан соң өз қазағына қамқор емес қазақ, қалайша Қазақстанды ойласын? 


Күштеп патриот  жасаймыз ба?..


Бұған дейін патриотизмді дамыту саласындағы жұмыстардың тиімсіздігінен кейін, мемлекет басшысы өз жолдауында «жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастыру қажеттілігін айтты. Бір қызығы, бұны президент айтпаса, ешкімнің қолға алуға құлқы жоқ. Оның қаншалықты пайдалы, әрі тиімді боларын шенділердің адалдығы мен жұмысының нәтижелігі көрсете жатар. Өкініштісі, 23 жыл бойы жұмсалған миллиондаған қаржылар бос кетті. Ал енді қазір қайтадан туды көкке көтеріп, ұлттық рух мәселесі айтылуда. Мәселен, өткен аптада Астана қаласында «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының I форумы өтті. 400-ден астам делегат келіп, тағы да жалынды сөздермен аяқталды. Алайда ешкім мәселені түбірлі шешу жолдарын айтпады. «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», – деген еді Н.Назарбаев. Осы тұста, 23 жыл бойы мақтанатындай не істедік деген сауал туындайды. Қазіргі патриотизм деңгейіне қарап, мақтаныш сезімін тудыратын жағдай жасалмаған болар. Тіпті, тарихтағы құндылықтарымыздың қадіріне жетпедік. Ұлы данышпандар айтқандай, адамдар болашағы бар, оның дамуы мен өсуі үшін мүмкіндіктер бар мемлекетке ғана сенім артып, оны құрметтей алады, адал болады. Шынымен де, сенімділік бар жағдайда халық қозғала бастайды. Ал бүгінгі уақытта елімізде көптеген азаматтар өздерінің қажеттіліктерін сезінбейді. Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, мақтанамыз. Осы тұста меніңше, Израиль бүкіл мемлекеттерге патриотизмді дамыту бойынша тамаша үлгі бола алады. Мысалы, онда әскерге бару нағыз қасиетті борыш. Тіпті денсаулығы жоқ адамдар да азаматтық міндеттерін атқаруға тырысады. Біздегідей, әскерден жалтару жоқ. Ал азаматтық алу мүлдем өзгеше үлкен мейрам. Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, Израиль азаматтығын алған сәтте кез келген адамға еріктілер мемлекеттік гимнді айтып, одан әрі рухтандыра түседі екен. 

Диас Бейсенбек

Серіктес жаңалықтары