Күлдірейін демейсің...

Күлдірейін демейсің...

Күлдірейін демейсің...
ашық дереккөзі
320

ПІШТІРУ

Мен қазақтың маңдайына біткен бірден-бір төл жануары жылқымын. Олай дейтінім, қазекең ұлан-ғайыр даласында өріп жүрген жан-жануар ішінен бізді таңдап қолға үйреткеніне бақандай бес мың жылдың жүзі болыпты. Біз қазекеңнің мінсе көлігі, сауса сусыны, жесе тамағы болыппыз. Яғни тағдыр-талайымыз біте қайнасып, бірімізсіз біріміздің күніміз жоқ қалыпқа жеткенбіз. 

Бізді басымыздан бақайшығымызға дейін бағамдап, желдей желдіртіп құрмет тұтып, біздер жөнінде небір өлең-дастандар тудырып қадір-қасиетімізді асқақтатқанына ризамыз. 

Енді міне, заман өзгеріп, техниканың дәуірі дүрілдегелі бері біздер қағажу қалып қапалана бастағалы да біраз болған. 

Қыжыл қойыртпақталып іштен тынып тыпыршып жүр едім, құдай оңдап елімізге әлемнің түкпір-түкпіріндегі жан-жануар өкілдері жиналып, алқалы басқосу өткізе қалмасы бар ма.

Бұйырып алқалы топ алдында сөз сөйлеу мәртебесіне ие болдым.

Не керек, шектеулі уақытта шерменде шерімді ағыл-тегіл ағыттым… Сондағым, айғырлығыма басып кісінеп алып айтқанымның тоқетері мынау болды: 

 –Ағайындар, осы отырғандардың біразың бір замандарда осы өлкені мекен еткендеріңді естеріңе салайын. Қиын-қыстау заман туып, табиғат осы өлкеде алай-дүлей болғанда әркім бас сауғалап, тым-тырақай қаша жөнелгендеріңді білеміз. Бір-екеуін айтсам, мәселен жан-жануардың алыбы Пілдің өзі үрім-бұтағын үйіріп бір-ақ түнде Үндістаннан бір-ақ шықты… Әшейінде ақырып-бақырып айбар шегер Арыстан тұқымының қайда барып бас сауғалағанын білеміз… Азуы алты қарыс Аюеке сіздің сонау солтүстікке суша сіңіп сүңгіп кеткеніңізді қалай ұмытамыз… Ойпырай, құрт-құмырсқа, жер бауырлап жылжыған жәндік атаулы оңтүстікке опырыла көшкендегі көрініс әлі күнге көз алдымда… Түйе жарықтық та маң-маң басып, қиыр шетке қырқа асып кете барды-ау… 

Қайсыбірін айтайын, осы отырған­да­рың­ның көбіңнің бір кездердегі жұртың осы елді мекен болған… Оған топан су қаптағандағы Нұқ пайғамбардың кемесі куә…

Енді міне, еліміз тәуелсіздік алып, Алла-тағала бұйыртқан байлығымызды меңгеріп асып-таси бастағанда: «Қазақстанның асты-үсті толған байлық, құт-берекелі елді мекен» деп неше түрлі айла-шарғыны ойластырып келіп қалған екенсіздер…»­ деп, жылқы емеспін бе, құлағымды қайшылап, оң тұяғыммен жер тарпи нағыз «кісіней» сөйлеуге бет бұрып: «Осы елдің етене жануары біздің де қадір-қасиетіміз қалмады. Мәселен, қазы-қартаны – еврейлер, қымызды – немістер, ең аяғы көкпарды көрші ел заңды түрде иеленіп алды…» деп төтесінен тартып едім, жиналыстың тізгінін ұстап отырған өзіміздің билік өкілдері: «уақытыңыз бітті» деп шорт кесіп, оған келіп отырғандар қол соға қосарланып трибунадан ит қосып қуып түсірді…

Не істейін, түскен бойда сыртқа шығып бар даусыммен кісіней шыңғырып, жер тарпи алдыңғы аяғымды көкке көтере бұлқынып, барып бар екпініммен шаба жөнеліппін…

Қанша шапқаным белгісіз, аяқ талып, тізем дірілдеп омақаса құлаппын.

Ертесінде ес жисам, бір топ «арнайы» өкіл келіп аяғымды матап байлап арт тұсымды «шұқылап» жатқан… Сөйтсем, пәтшаһарлар «айғырлық» уақыты бітті деп піштіріп тастапты…

ТЕРМЕ ТЕЗЕК, КЕЛЕР КЕЗЕК


Шешем марқұм мен кенжесі болған соң қолымда тұрып, екі немересін көріп барып бақилыққа аттанған болатын. 

Қарап жүрмей, бала кездегі еркелігім мен тентектігім бар, орда бұзар отызға келсем де ақылдан сәл-пәл ауытқып, бірде бір қулық ойлап тауып, сонымды жүзеге асыра қойдым. 

Ондағым – шешемнің қабірінің басына «сөйлегіш» аппарат апарып орнатып, онымды іске қосып сөйлетіп, бір-екі рет сынақтан өткізіп барып көңілім жайланды. Ондағы айтылар «аталы сөздерді» құрап берген оқығаны көп Қилыбай құрдасқа, шешемнің даусын келтіріп сөйлеп берген әртіс Сәнімгүл жеңгеме ризамын… 

Шешінген судан тайынбас деп, ретін келтіріп келіншегім Бозымды алып бейіт басына барып, шешеме тағзым етіп тізерлей отырып бет сипаған сәтте іш қалтамдағы «пультті» басып үлгердім… 

Шешемнің: «Келгендеріңе дән ризамын, – деген қоңыр үні саңқ ете қалғанда, тізерлеп отырған басым оқыс шыққан дауыстан оң жамбасыма құлаған болып, алақтап жан-жағыма қарап: «Пәсмілла! Пәсмілла!» деуге мұршам болды… 

Бозым да бозарған қалпы қазықтай қатып қалыпты. «Шешем» де сәл кідір жасап барып сөйлеп берсін… «Кейінгі кездергі ырың-жырыңдарыңды біліп тынышым кетті. Келін шырақ, үйдің ырысы да, ұрысы да бір өзіңнің қолыңда. Баламыз кенжеміз болған соң еркелетіп өсірдік. Қолын қақпадық, айтқанын орындадық. Оныкі бұрыс болса да істегенін дұрыс дедік… Қазіргі қиғаш кетіп жүргені, өзің білетін өзгеше қылықтарына біз кінәліміз. «Алтын басты әйелден бақа басты еркек артық» деп бекер айтылмаған. Еріңді тыңдасаң, бірлі-жарым еркелігіне түсіністікпен қарасаң, дегеніңе жетесің… Сеземін, серілігі бар… Пәлекет тұқымынан қалған тұрлаусыз тірлік. Арғы аталары аты шулы серілер болған. Айлап жоғалып, әнін айтып, жырын жырлап оралатын болған. Әкесі де әпербақанның маңайында болып, күн жоғалып, түн түнемей, әйтеуір жыны басылғанда оралатын. Бағыма қарай, бұйырған баланы туып «Батыр Ана» атанып бағым ашылды. Көп өтпей әкесі де тәубасына келіп үйдің шамшырағы, тірегі де діңгегі бола білді. 

Айтпақшы, ішіп жүрген ішірткісі уақытша нәрсе. Көп өтпей қояды, қыдырысы да сонымен бірге сап тиылады. Айтпағым – шыдап бақ, баланы құрығанда енеңнің тапқанының жартысына жеткіз. Сонда жыны тиылады, сабасына келіп саналы тірлігін ілгері оздырады. 

Келін шырақ, бүгін өзіңе шүйліге ақылман болғанымды айып етпе. Балама да өзі оңаша келгенінде айтарым бар. Әзірше осы».

…Бейіт басынан үн-түнсіз есеңгіреп қайттық. Өз басым келіншегімнің «Бұл қалай?!» демей, жақ ашпағанына тәуба дедім. 

Содан біраз жыл бел асырып, бере қалған бес баланың тұңғышы мектеп бітірген мезгілде былтыр қайтыс болған енемнің бейіт басында тізерлеп отырып: 

– Айналайын, күйеу балам! – деген енемнің саңқ еткен даусын естіп оң жамбасыма құлап, отырған қалпымда сөзге құлақ түрдім. – Күйеу дұшпан деген рас-ау! Жерлегелі ат ізін салғаның осы! Алдымен айтарым, отызыңда орда бұзбақ түгіл, қырқыңда қырқа аспадың. Серілігіңді сиретсең де әлі тыймадың! Арағыңды ата сақалың аузыңа түскенше іше бермекпісің! Бес бірдей бүлдіршіндеріңнен ұялсаң етті. Төңірегіңе қара! Қатарларыңның тірлігіне қарап неге ғана тыраштанбайсың! Саған шыдап баққан қызымның төзіміне құлдық. Баяғы, балаларын әкесіз етпейін деген пиғылмен жүр де байқұс! Шыдамның да шегі болады! Бүйте берсең бір күні аяғың аспаннан келеді. Әлі де айтарым: сап тиыл! Есерлігіңді доғар! Бірден өзіңді өзің қолға алып тірлігіңді түзесең, бәрі де кеш емес. Оған білімің де, білгірлігің де жетеді! Келесі келгеніңде риза болып оң батамды берейін, балам, – деді. 

… Ал керек болса! Бірдеңке деуге бет те, сөз де жоқ, тым-тырыс үйге қайттық. «Терме тезек, келер кезек» деген осы… 


ҚҰЗҒЫН ҒҰМЫР ҚҰПИЯСЫ


Жүз он жасқа келген қарияға:

– Ақсақал, осынша ғұмыр кешуіңіздің құпиясын айтпас па екенсіз? – деп қолқа салған болып едік, әлі де ширақ, бірден:

– Шайпау шешелеріңнің арқасы… – деп, онысын түсінбей ақтарылған бізге:

– Басынан бастайын, – деп алды да, ағыл-тегіл ақтарыла жөнелді. – Туылғанда егіз болдық. Менен екі минөт ерте дүниеге келген ағам үйдің тұңғышы болып есептелді де, ол ерке, серке болып… Негізі – менің басыма әңгіртаяқ ойнатумен есейді. Отырсам опақ, тұрсам сопақ… есейіп етек жапқанша соның қолбаласы болдым… Зыр жүгіртетін, тыным таптырмайтын. «Барып кел, алып келден» бастап, кешке жатар орынға тұмсық тірей құлайтынмын… Осыма қарай ширығып, шымыр болып өстім. Мұны бір деп қоялық. 

Әке-шешеміз тұңғышы болғандықтан ағамды жиған-тергенін беріп, мектеп бітіре сала, жоғарғы оқу орнына тықты да жіберді. 

Мен болсам мүләйімсіп әскерге кете бардым. Е, ондағы екі жыл әлі есімде…

Борышымды өтеп келіп ауылдың қара жұмысына таңылдым.

Есейіп ер жеткен соң үйлену парыз… Туылғаннан жолым болмаған маған, алғашқы шешелерің шайпау болып шықты. Шайпаулығы – некенің ертесінде-ақ көгеріп-сазарып талмасы ұстап тұрмай үш күн жатты. Сөйтсек, оның арақ-шарап, әсіресе темекіге деген аллергиясы бар болып шықты… Әке-көке деп, ертесінде-ақ әлі құныға қоймаған темекімді тепкілеп көміп, арағымды әріге жібердім. 

Әркезде оқуын бітіріп бастық болып жүрген ағама, оған еркіндік беріп ерлеген жеңгеме риза болып қоямын. 

Қайтейін, көнеді екенсің, темекіні тас­тап, арақты татып алмай ғұмырым өтті емес пе…

Бастық болу қиынның қиыны екен, ағам бақырып-шақырамын деп жүріп, ақыры жүрек талмасы ұстап зейнеткерлікке жетпей мүгедек болып мүләйімсігені бар… 

Өз басым, өмірімнің отыз жылында таза ауа, тау-шатқал, өзен-көл маңында маңыраған мал баққаныма тәуба деймін. 

Зейнеткерлікке бір мезгілде шығып, ағам бір мекемеге күзетші болып орналасып, ертелі-кеш бір орында тапжылмай отыратын болды.

Маңдайының соры бес елі баяғы мен сол мекемеге аула сыпырушы болып орналасып, ертелі-кеш тепең-тепең титықтап-ақ бітемін… Есептеп кеп жіберсем, күніне он шақырым жол жүріп, кәкір-шүкірді жинап жүріп екі-үш вагон жүк түсіретін күш-қуатым кетіп қиралаңдап-ақ қалады екенмін. 

Не керек, менен екі минөт ерте келген ағам біраз жылдан соң сол күзетшілігінде кірген-шыққанмен кергілесемін деп аяқ асты жүрегі ұстап бақилыққа аттанды. 

Шайпау шешелеріңе қайта оралайын. Арағымды алғызбаған, темекімді тартқызбаған шешелеріңе ризамын. Жетпістің жетеуіне келгенімде жарықтық көріпкел екен, маған: «Әлі біраз ғұмыр кешесің, бір айтқанымды тыңда» деп, өзінің күйеуге шықпаған кенже сіңлісін маған қосып бақилыққа аттанып кете барды. 

Содан «бір қызымнан бір қызым сорақы» демекші, шешелеріңнің қосып кеткен сіңлісі нағыз «сүр» болып шықты.

Отырсам опақ, тұрсам сопақ, үйде күн-түн айғай-шу… өз үйімнен безіп, ас ішер мезгіл мен жатар орныма жайғасқаным болмаса, ылғи дала безіп, қысы-жазы тау-тасты аралап тағы болып күндерім өтті… Е, шырақтарым, тоқ етері «жүзден асып жығылтқан» қос шешелеріңе алғысым шексіз, – деп кідіргенінде: 

 – Ақсақал, ғылымның айтуы бойынша жүз он бір жаста адам қайта жасарып, шаш пен тіс қайта шығады екен, – деп сәуегейлік танытып едік:

 – Айтқандарың келсін, менің жасымды сендерге берсін. Ол үшін тасжүрек бауыр, тепең-тепең тірлік бұйырып, шайпау келіндер маңдайларыңа жазылсын, – деп бата қайырды.

ҚҰЛДЫҚ ПСИХОЛОГИЯ

Жекеменшік мал фермері Пықып бұдан гөрі оқып-тоқығаны бар, көзі ашық ағасы Ақалақ ауылға әкім болып бекігенде:

– Көке, әкім болдыңыз, әкімдігіңіз мемлекеттік қызметке жатады, бұған дейінгі «бұрқыратып» келген сын-мініңізге абай болыңыз, – деп қалып еді, ағасы алара қарап:

– Құлдық психологиядан арылар күнің болар ма екен сенің! Құлдық құлдырау ана қарамағыңдағы малшыларыңа ғана жарасады, – деп алып, айда кеп лепірме «лекциясын» оқысын…

Ауыл жұрты да ағасының осы бір сыншыл-міншіл қызба мінезін бағалап, ауданға келген жаңа әкім ел-жұртты жинап ауылды басқаратын адамды өздеріне жүктегенде, бір ауыздан осы Ақалақты ұсынып бекіттіріп алғаны бар. 

Көп өтпей ағасы ауданда өткен алқалы жиылыста сөзін кіл сынап-мінеуге бағыштап:

– Құлдық психологиядан арылмай адам болмаймыз! Мәңкиіп, бастық атаулының қисынсыз іс-әрекетіне «ләпай тақсыр!» деп бас шұлғып мәңгіріп жүре берсек күніміз қараң, болашағымыз бұлыңғыр!.. – деп көсілгенінде бұл жер шұқып жексен болып, артын күтпей, бірге барған ағасынан бұрын ауылға келіп алғаны бар. 

Не істесін, өз қолын өзі кесе ме… Айтқан бағытынан қайтпайтын қырсық мінезі бала кезінен бар. Айтып көрсін… қайтарымы ағыл-тегіл болатынын біледі. Мұндайда «бүкірді мола ғана түзейді» деуші ме еді.

Ауданда қарап жатпапты, онда да «көзі қарақтылар» жетіп артылады, алты айлық қорытынды бойынша бұлардың ауылын сын тезіне салып, Ақалақ ағасына сөгіс арқалатып жіберіпті…

Ағасы да айылын жимай, кезекті облыстық басқосуда килігіп сөз алып мінберден айда кеп көсіліпті деп естіді… Онысын тәуелсіз телеарна іліп алып, «ілгері» оздырыпты.

Облыс бұнысына «оқырана» қарап, екі ай өтпей ағасының «ой-шұңқырын» қазбалап… не керек, қай-қайда да бар кемшіліктің тізбесін тізіп, облыс өкімімен ағасына «қатаң сөгісті» бұйыртты.

Ағасы да қарап қалмай, оппозициялық басылым бұның «Құлдық психология құрдымға құлатады» атты көлдей мақаласын жариялап, айды аспаннан бірақ шығарғанын қайтесің…

Күштінің арты диірмен тартады… Бірақ күнде «Ауыл әкімі Ақалақ Асабас қызметінен босатылсын» деген бұйрық бұрқ етіп, ағасы «атынан» аударылып түсіп, баяғы қызметсіз таз қалпына түсе қалды.

 Бауыр – бауыр ет… Мал фермер Пықып үйлі-жанды Ақалақ ағасын бірақ күнде тау асырып малы жайлаған жайлаудан бірақ шығарды… Сондағы қора-қопсыға қарайды, кезектесіп қой бағады… естуінше ағасы сондағы екі-үш қойшының басы қосылғанда ағыл-тегіл «Құлдық психология» туралы лекциясын анда-санда тау-тасты жаңғырта оқып қояды екен…

БАТА

Алғыс

Мектепті ілініп-салынып бітірсең де, жоғары оқу орнына жолдама берер тест сынағынан жолың болып, ең жоғарғы балды еншілеуіңе тілектеспін.

Ол оқуды да ылдым-жылдым аяқтасаң да, біте сала айлығы ең жоғары кәсіпорыннан қызмет бұйырсын.

Қолтығыңнан демер, көңілің құлаған қызметтің құлағынан ұстатар көкелерің көп болсын.

Қайда жүрсең де айың оңынан туып, көлденең табысың көпіршік атып, айына демей-ақ қояйын, алты айда астыңдағы арғымағыңды ауыстырып тұру әдетіңе айналсын.

Көп өтпей жинаған қаражатың, біліп істеген қылмыс атаулыңның алдын орап, аузын аңқитуға жетіп артылсын.

Келін жылына кемі екі мезгіл жыл құсындай шетел асып шалқып-тасысын.

Балаңның барлықтан басы айналсын. Шетел асып оқу бітіріп, келінді де бар жерден түсіріп ас та төк той жасап ел-жұртың таңырқап-тамсансын.

Соңғы айтарым, сексеннің сеңгіріне шығып тоқсанға тақағанша зейнетақының не екенін білмей ғұмыр кешулеріңе тілектеспін.

Қарғыс

Мектептегі алған білімің асып-тасыса да, әріге жолдама берер тест сынағынан сүрініп, әке-шешеңнің бар жиған-тергенін беріп жатып мұғалімдік мамандық алып мысың басылсын.

Жоғары білімің болса да қызметің бастауыш сынып оқытудан аспай, миың мипалау болсын.

Қайда жүрсең де қалтырап-дірілдеп, тапқаның күн көрістен артылмай, ел қатарлы баспаналы болсам деген арманың әдірем қалсын.

Өстіп жүріп отызға келгеніңді бірақ біліп, жетім баланың үйлену тойы болып өтіп, арыққа жыртық жолығып, қырқа асар қырқыңда да пәтер жалдап шықпа жаным шықпамен күнің өтсін.

Келіннің қыңқылымен кредит алып, келісім-шарттың соңғы түйін сөзіне мән бермей қара басып… он жыл соның тұтқыны болып сорың қайнасын.

Ең сорақысы, бала емес пәле болып, оларға «бүйтіп бағып-қағарларың бар неменеге өмірге әкелдіңдер!» дегізіп, олардан көрген құқайдан төбе шаштарың тік тұрсын.

Сөздің соңы, итшілеп зейнет жасы бұйырсын. Қалған ғұмырда мардымсыз зейнетақыны қанағат тұтып, қалтырап-қалжырап күн мен түн өтсін.

Берік САДЫР

АСТАНА

Серіктес жаңалықтары