Жүз жылдық құқай

Жүз жылдық құқай

Жүз жылдық  құқай
ашық дереккөзі
276

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Шәрбану Құмарованың «Ғасыр нұры» кітабына «Ғасыр нұры» романымен бірге соңғы жылдарда жазылған бірнеше хикаяттары мен әңгімелері енген. «Ғасыр нұры» романына ХХ ғасырдың басынан бастап 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықтағы ел өміріндегі өзекті мәселелер негіз болған. Бірнеше хикаяттардан тұратын оқиғалар легі адам тағдыры, замана лебімен бірге суреттеліп, жеке-жеке оқиғаларға арқау болған адамдар тағдыры жинала келіп, өткен ғасырдың әр кезеңіндегі тарихи оқиғалардан хабар береді. 

Роман ХХ ғасырдың сексенінші жылдарындағы Үкітай мен Шынаргүл арасындағы оқиғадан басталады. Жазушы адамдармен бірге құмырсқалар өмірін параллель суреттейді. Ондағы мақсат – Құмырсқа аталып кеткен қыздың өмірінде құмырсқаларға қандай ұқсастығы барлығы ғана емес, адамдар мен құмырсқалар тіршілігіндегі айырмашылықтарға назар аудару арқылы оқырманға ой салу. «Таза, қауымдастыққа үйір тіршілік иелерінің» жәндіктер ішіндегі ең еңбекқоры екендігін баршамыз білетініміз жасырын емес, ал Ата құмырсқа мен Ана құмырсқаның ұрпақ өрбітудегі міндеттері, Ана құмырсқаға тамақ тасу, оны күзету тәрізді олардың өмір тіршілігінен адамдардың үйренері көп екені ащы болса да шындық. Жазушы осындай мақсатпен адамдар мен құмырсқалар өмірін қатар суреттеген тәрізді. Елден келген бір қойдың еті таусылған күні Үкітай Шынаргүлді бөлмеден шығарып жібереді. Барар жер, басар тауы жоқ қыз қолына чемоданын ұстап шыға береді. Міне, адамдардың тіршілігі. Ал құмырсқалар бірі үшін бәрі жанталасып еңбек етуде. Сонда жәндіктер құрлы болмағанымыз ба?

Бала батырдың мал бағып жүргеніне лирикалық шегініс жасалады. Қалмақпен соғыс кезінде қолға түскен тұтқын бала қазақ арасында жүріп Саймасай батырдың жылқысын бағады. Жылқы баға жүріп төңіректегі ауылдардың біресе қойын айдап әкетіп, біресе шеткі үйлердің туырлығын тіліп, тыныштық бермегендіктен Бала батыр атанып кетеді. Қалың малын төлейтін малы жоқ, алып қашып кетейін десе барар жері жоқ болғандықтан Бала батыр ауылды сырттан ғана торып жүріп, көзі Елшібектің қызы Айнұрға түседі. Әкесі қажылыққа кеткенде жеңгесі Салиха екеуі «сабан арасында тебен көрінетіндей жап-жарық түнде серуенге шыққан Айнұрды қапыда Бала батыр бас салады. Тоқтыдай өңгеріп, аузын айқайлауға келтіртпей бөркімен басып, бөрідей сүйрей жөнеледі». Айдың-күннің аманында қарындасының масқара болып қалғаны үшін Омарғазы бар өшін Салихадан алады. 

Жазушы Елшібек – Сұлуқас, Мінуар – Шынаргүл, Нұрқасым – Биғаным линиялары арқылы махаббат мәселесін қатар алып отырған. Романның негізгі кейіпкері – Шынаргүл болғандықтан, оның төңірегіндегі адамдарға қатысты шытырман оқиғалар жинала келіп, романның негізгі мазмұнын құрайды. Жеке-жеке хикаяттардың басын бір жерге қосып тұрған да Шынаргүл. 

Жазушы Мінуар өмірі арқылы өнер мен өнер иелерінің жолы ауыр екенін нанымды бейнелеген. Белгілі әртістің бала-шағасы ауылда, өзі пәтер жалдап тұрып жатқаны – ХХ ғасыр ғана емес, бүгінгі тәуелсіздік тұсында да шешімін таппай жатқан өзекті мәселенің бірі. Қанша талант болса да Мінуар өз қоғамында көптің көргенін көріп, көппен бірге өмір сүріп жатқан жан. Көп оны өнер иелерінің, соның ішінде актерлардың жиынтық бейнесі ретінде қабылдауға болады. Алғаш көргенде «Осы ақарлы-шақарлы басыммен он екіде бір гүлі ашылмаған қыз балаға қиянат жасасам, Аллам кешіре қоймас-ты» деп ойлаған Мінуардың мектепті жаңа ғана бітірген Шынаргүлге деген сезімі қалайша үлкен махаббатқа ұласуын жазушы олардың шынайы сүйіспеншіліктері арқылы бейнелеген.

Елшібек бәйбішесі Бижігіт бейпіл ауыз болған соң, Нысанбектің қызы Сұлуқасты шешесінің келісімімен терезеден алып қашады. Елшібек содан кейін саудагер Ораздың қорасын қыл құйрыққа толтыра жүріп, қызы Ажаркүлді көңілі құлап алады. Алғаш келін болып түскенде: «Отырмаймын шымылдық ішіне, тұншығып барамын, шығарыңыздар!» – деп екі жағында отырған қыздарды итере сап, атып шығады. «Аға, кешір, қасымдағы екі қыздың исі жаман екен… моншаға түспей ме. Тамақ бермеді, өздері жеп жатыр, жеп жатыр. Тым құрыса, шәй берсе қайтеді. Шөлдеп өлдім, сұрауға ұялдым», – дейтін Ажаркүлдің шымылдықтан атып шығуы нанымсыздау. Беті ашылмай жатып шәй сұрауға ұялған Ажаркүлдің шымылдықтан атып шығуы көңілге күмән туғызса, «екі қыздың исі жаман екен» дегеніне де сену неғайбыл. Жас келіннің қасында бойжеткен қыздардың отыратынын ескеретін болсақ, жаздыгүні сол қыздардың қолаңса сасып жүруін не дерсің? Итің ұры десе намыстанатын қазақтың бой жеткен қыздарын жазушының қолаңса сасытып қоюы қалай? Селода тұрып, орыс шеберлері салған моншаға түсіп жүрген Ажаркүлдің Елшібекке өтініш жасап монша салдыртуы шындыққа сай келгенмен, оған дейін қазақтар жуынбай жүрген деген ойдан аулақ болғанымыз жөн шығар. 

Алғаш келгенде осылай мұрнын шүйіре келген Ажаркүлдің бала көтермей, күйеуін Сұлуқастан қызғанамын деп жүріп жарымжан болып қалуы мың асқанға бір тосқанның бар екенін еске салғандай. 

Қазан төңкерісінен кейін жаңа өкіметті орнатамыз деп ала шапқынға ұшырағандардың би-болыстар мен байларға, қажыларға, олардың әулетіне қырғидай тигені тарихтан мәлім. Елшібек қажының отбасы да осындай ойранды басынан өткеруі шынайы бейнеленген. Баласы Омарғазы айдап кеткен жылқысын қайтарып алып Қытай асса, соны қуып келгендердің Бижігіт бәйбішені атып кетуі, Елшібектің үдере көшуі, артынан жеткен баласы Тоқсейіттен бәйбішесі оққа ұшқанын естігенде жүрегі тоқтап қалуы – бәрі де сол бір содырлы жылдардың жанды картинасы. Нұрила мен Кенжеболатты алдын ала оқысын, білім алсын деген ниетпен Алматыдағы Биғанымға жібергені абырой болар ма. Бәйбішесінің Елшібектің айтқанына ермей: «– Сүйегімді сықырлатып саған ерер хал менде жоқ, кәрі адамға олар не қылсын. Өзің нақсүйеріңмен қаша бергін…», – деп көшпей қалуының бір жағында қызғаныш атты қызыл иттің тұрғаны жасырын емес. Бірақ осының артынша өзі оққа ұшып, мезгілсіз ажал құшатынын Бижігіт бәйбіше қайдан білсін? Елшібек баласы Омарғазының Қытай асқанын естіп: « – Аман болсын, қайтейік, – дегенде сақалын жуған тамшылар омырауын жапты». Міне, бір күнде ойраны шыққан әулеттің құмалақша шашылып бір-бірінен көз жазып қалуының басты сыры осында еді. 

Елшібектің үлкен ұлы Жансейіттің немере-шөберелері Жалағашты, Айсолтаннан туған Досымбековтер Кегенді мекен етіп жатқанда Салиха олардан осылайша көз жазып қалады. Бір-бірінен көз жазып қалған әулеттің бірін-бірі табуына бірден-бір себепкер – Шынаргүл мен Мінуар болса, айғақ – бір кезде Нұрқасым түсірген Елшібек, Сұлуқас, Биғанымдардың суреті еді.

Романда кездесетін тарихи тұлғаның бірі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев. Д.Қонаевқа қатысты деректер негізінде озат шопан, Еңбек Ері Жүніс Досымбековтің естелігімен еске алынады. 1970-1974 жылдары Республикалық ауылшаруашылық слетіне еңбек озаттары қатысқанын жарыссөзге шығып, сөз сөйлеген озат шопан Жүніс Досымбеков, атақты комбайыншы Наталья Геллерт, шиелілік шопан Жұмабек Әлиев және басқа озат сауыншы, малшы, егіншілердің қатысуынан көруге болады. Осындай тарихи тұлғаның бірі – Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы – Бәйкен Әшімов. 

1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың сөзін сөйлеймін деп Мінуардың өзі де түрмеге түседі. Жазушы бұл жолғы нәубеттің 1937 жылғыдан кем соқпағанын жеткізе суреттеген. Қаржаудың қазған орына түскен Мінуар ол жерден «Саржаз» жындыханасына алып бара жатқан жерде қашып құтылады. Тоқмурзин Дайырдың қолшоқпары болған Қаржау осы сәтті пайдаланып Мінуардан кегін қайтарып әлек. Әнші Жайнаны құрығына ілген Тоқмурзин оны қолы жетпей жүрген Қаржауға ысыра қояды. Сол-сол екен Қаржау Тоқмурзиннің театрдағы жансызы болып шыға келеді. 

Жазушы Желтоқсан оқиғасына қатысты біраз шындықты Мінуардың басынан кешкендері арқылы бейнелеген. Жастардың жазықсыз сотталуы, Мәскеуден келген Соломенцовтің «іскерлігі», ес-түссіз соққыға жығу, икемге келмегенін жындыханаға салып, ақыл-есінен айыру тәрізді сұмдықтардың барлығы да өмірде болғанын Мінуар басынан өткен оқиғалар растайды. Қол-аяғы үсіп қалған оны тоқсаннан асқан Салиха кемпірдің балалары тауып алады. Қайынсіңлісі Айнұрды Айсолтанға өз қолымен қосқан Салиха кемпір Мінуарға бар тарихты айтып береді. 

Романда көзге түсетін негізгі мәселенің бірі – достық. Оны Мінуар мен Мәтиештің арасындағы достықтан көреміз. Алғашында Шынаргүл арқылы танысқан екі жігіттің арасындағы сыйластық үлкен достыққа ұласады. Олардың достығы хат-хабарсыз кеткен Шынаргүлді іздеу үстінде (Есік, Күрті аудандарынан), 1986 жылғы оқиға барысында шыңдала түседі. Осы тұста Мәтиеш Жүніс қарияның қасынан табыла біледі. 

Романның тілі жеңіл. Қаншама шытырман оқиғалар кезек-кезек шығып отырғанмен оқушыны жалықтырмайды. Себебі, сол шытырман оқиғалардың барлығы да негізгі кейіпкерлер төңірегінде өрбіп отырады. Құпияға толы оқиғалардың шешуі мен шешіміне романның соңында Салиха кемпірге кездескен соң ғана қанығамыз. Оқырманын ынтықтырып отыру – жазушының шеберлігі болса керек. 

«Мың жылдық сағыныш» хикаятында қолда бардың қадірін түсінбеген Айнагүл, Бекбосынның тапқанына марқайған Нұриша, ауылдан келген момақан қыз Моншақтың өмірі, Ферузаның күнделігі, Ақтеңге мен Сырғаның әңгімелері арқылы қырық шырақты қыз-келіншектердің мастықпен, жастықпен ойланбай басқан қадамдарынан бірі тағдыр тәлкегіне ұшыраса, бірі ерте есейіп, ес тоқтататын кезігеміз. «Замана зары» атты хикаятына өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның эрозиясы негіз болған. Қаңсыған Арал, сазарған сар дала, жан түршіктірер Семей мен «Капяр» палигондарынан зардап шегіп жатқан қандастарымыздың өмірден мезгілсіз өтіп жатқанына жауап іздеген авторлық ұстаным «Қазақтың жері мен малы – Жаны. Онсыз қазаққа тірлік жоқ» дегенге саяды. «Құйқалы қара жердің астын-үстіне шығара тіршілік-тамырын қырқа, жер аптабын қуыра, онсыз да шақтаулы ғұмырды қысқарта, адамдарды айықпас ауру-дерттің тәжірибесіне айналдырғанда шығар ұшпағымыз – ақырзаман болар» деген автор «табиғат да адам баласына қастасады» деген тұжырым жасайды. «Жол ортада» деген хикаятқа жол ортасына келгенде айрылысқан отбасылар оқиғасы негіз болған. Қазір қызыл билеттен айрылам, қызметтен қуылам деп қорықпайтындар ойларына келгенін істейтін заман болды. Сондықтан жастарға ақыл айтар қазыналы қариялар азайып, пайғамбар жасынан асқан шайтан әжелер мен шайтан аталар көбеюде. Бұл да ақыр заманның белгісі болмаса етті. 

Жоғарыда сөз болған шығармалар Шәрбану апамыздың кешегі тарихқа жан бітірумен бірге бүгінгі замандастар бейнесін жасауымен ерекшеленеді. Бір ғасырдың көтерер жүгін Елшібек қажы әулеті арқылы нанымды суреттеген жазушы ХХ ғасырдың жанды картинасын жасады. Елшібек қажының үш буын ұрпағы тартып жатқан қайғылы қасіреттер, сол отбасының ғана емес, қазақ халқының қара әріппен жазылған қаралы беттері екені жасырын емес. Роман басында қанмен орнатылған Кеңес өкіметі 1986 жылы жазықсыз жастардың қанын судай ағызып барып, өзінен-өзі құрдымға кеткеніне куә боламыз. Сондықтан «Ғасыр нұры» – ХХ ғасырдың аумалы-төкпелі оқиғаларынан толыққанды хабар берер роман. Жазушы сонымен бірге өзіміз көріп, естіп жүрген заман шындығын көркем шындыққа айналдыруда жетістікке жетті. Бұл – жазушының емес, қазіргі қазақ прозасының табысы. Ендеше проза жанрының қоржыны толыққанымен құттықтаймыз. 

Гүлжаһан ОРДА, 

филология ғалымдарының 

кандидаты

Серіктес жаңалықтары