Қасиетті айдағы тегін қызмет

Қасиетті айдағы тегін қызмет

Қасиетті айдағы тегін қызмет
ашық дереккөзі
217

Қоғамдық көлік десе, жұрттың есіне Алматы қаласындағы иін тірескен автобустар мен сығылысқан жолаушылар келеді. Одан қала берді, кондукторлардың да дөрекі даусы мен бейпіл сөздері сарт ете қалатыны бар. Қала әкімдігі қоғамдық көлік мәдениетін қолға аламыз деп жүргеніне біраз уақыт. Ал басқа облыс орталықтары Рамазан айында қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесін шешіп жатқанда, әзірге бұл бізде арманға айналатын түрі бар. 

Жыл сайын Діни басқарма Ораза кезінде бағаны өсірмей, халықтың қалтасына сай қызмет көрсету сапасын ұсынуға үндеу жасайды. Мұны бірі қаперіне алса, енді бірі өз пайдасын ойлап әлек. Себебі, дәл осы кезде азық-түлік бағасы да байқатпастан өсіп отырады. Әсіресе, жеке монополияларға бәрібір. 

Ал Аллаға құлшылық жасап, ниет білдіретін қасиетті айда бір сәт халықтың игілігі үшін игі бастамаға мұрындық болғанға не жетсін?! Орталық мешіттің ұйымдастыруымен, Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің қатарынан жетінші тәулік жолаушыларға тегін қызмет көрсетуінің өзі көпге үлгі болатын жайт емес пе?! Әр күні әр бағыттағы бір-бір көлік сауап алу үшін тегін тасуға жолға шығады. Тіпті, жолаушылар діттеген жеріне жеткенге дейін кондуктордың орнын басқан дін өкілінен Дін-ислам тақырыбындағы са­уалдарына байыпты түрде жауап алады. Отыз күн Оразаның кез келген күні өзін мазалаған мәселені төтесінен қойып, егжей-тегжейлі білуге мүмкіндігі бар. Қайырымдылық шарасына демеушілікті жергілікті кәсіпкерлер жасаған. Ал қызмет шығынын жолаушылар тасымалдаушылардың өздері мен дін өкілдері мойындарына алыпты. Рамазан айының соңына дейін жалғасатын сауапты іске жергілікті халық дән риза. 

«Қасиетті айда жолақыны  тегін етіп, халыққа жақсылық жасаған жергілікті билік пен дін өкілдеріне алғысымыз шексіз. Мәселен, күнделікті жұмыс барысымен 50 теңге төлесең, әрі-бері әжептәуір ақшаң кетеді. Бұл бір үлкен сауапты істі басқа да облыс, қала әкімдіктері қолға алса екен», –  дейді қала тұрғыны Қалбибі апа.  

Оңтүстік Қазақстан облысы бас имамының орынбасары Талғат Дәрібаев: «Қазіргі таңда Сайрам, Арыс, тағы басқа да аудандар азаматтарды Шымкентке дейінгі немесе өз араларында тегін тасуды қарастырып отыр. Сондай-ақ, алдағы уақытта біз Қадыр түні және Ораза айт күндері тегін жүретін автобустарды көбейтсек дейміз. Мұндағы мақсатымыз – имандылықты насихаттау», – дегенді айтады. 

Расында да, Ораза айында әрбір адам сауапты дүние жасауға ұмтылуы керек. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жәрдемге мұқтаж жетім-жесірге көмек беру де сауапқа толы болмақ, Ал әлгіндей бүкіл халық үшін қоғамдық көлікте тегін жүру бастамасын қолға алғандардың түзу ниеті үлгі аларлық нәрсе. Егер мұны басқа ірі қалалардағы жолаушы тасымалдаушы мекемелер іліп әкетсе, құба-құп болар еді. Әзірге Астана, Алматы сынды қалалар тым-тырыс. Игі бастаманы кім қолдап кетер екен, а?!  

Динара Мыңжасарқызы 

Серіктес жаңалықтары