Абдылдажан Ақматалиев, академик: Ұлттың келешегі – ұлттық тілде

Абдылдажан Ақматалиев, академик: Ұлттың келешегі – ұлттық тілде

Абдылдажан Ақматалиев, академик: Ұлттың келешегі –  ұлттық тілде
ашық дереккөзі
365

Академик, айтматовтанушы Абдылдажан Ақматалиевтың «Қырғыз тілі «Манас» және Айтматов» атты жаңа кітабы заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналған. Кітап Ш.Айтматовтың 85 жылдығына арналып, Қырғыз Республикасының Үкіметіне қарасты Қырғыз мемлекеттік заңгерлік академиясының жәрдемімен орыс және қырғыз тілдерінде 2013 жылы 434 бет болып басылып шыққан. Абдылдажан Ақматалиевтың аталмыш кітабындағы бір сұхбатын түріктанушы Мақсұтхан Жақыптың қазақшалауында жариялауды жөн көрдік.

– Абдылдажан ағай, жақында Қазақ­стан және Оңтүстік Кореяға барып келіп­сіз, алдымен қазақ бауырлас­тарымызда қандай жаңалықтар бар екен, әуелгі әңгімені осы жақтан бастасақ деймін.

– Көптен бері денсаулығыма байланыс­ты қазақ ағайындарға бара алмай жүрген едім, мүмкіндік болып, Оңтүстік Кореяға бара жатқанда сәті түсті. Дереу қазақ баспасөздерімен танысып шықтым. Бұл менің тұрақты әдетім. Қырғыз мәдениеті, әдебиеті жайында қандай мағлұматтарды шығарды екен деп ақтарып шығамын. Бұл жолы «Түркістан» газетінен тарих ғылымының кандидаты Нұрлан Есеновтің «Елін сүйген Сүйменқұл» (28 наурыз, 2013 жыл) мақаласын қызыға оқып шықтым. Әлемдік киноға зор еңбек сіңірген Сүйменқұл ағамыздың шығармашылық портретін әр қырынан кеңірек ашып беріпті. Жас буын үшін керекті мақала екен. Біздің жастарға да Сүйменқұл Чокморов сияқты ұлы адамдарымыз туралы осындай мақалалар жазылмағанына арланып та, намыстанып та қалдым. Шыңғыс ағайдың маған «Айтылып тұрмаса кемеңгерлер де ұмытылып қалады» деп айтқаны бекер емес екен. Ал академик Шерияздан Елеу­кенов «Шетел әдебиеті» деген кітапта «Қырғыз әдебиеті» деген көлемді мақала жазып, біздің әдебиетімізде әлі бағасын ала қоймаған Талип Ибраимов, Тұрысбек Мадылбек, Айдарбек Сардарбек сияқты қаламгерлерімізге жақсы баға беріпті. Бұл екі мақаланы қырғыз баспасөздері аударып жарияласа құба-құп болар еді.

– Шыңғыс Айтматовты «Адамзаттың Айтматовы» деп бағалаған қазақ оқырмандары заңғар жазушымыздың шығармашылығын жаппай оқып жатса керек…

– Қазақ туғандар Шыңғыс ағайды Абай, Мұхтар Әуезовтен кем көрмейді. Оның әңгіме, повесть, романдары қазақ, орыс тілдерінде қайта-қайта басылып жатады. «Атамұра» деген үлкен кітап дүкенінен көріп қуанып қалдым, оқырмандар сатып алып жатыр. Қазақтың ойшыл ақыны Олжас Сүлейменовтің мақалалар жинағында да Шыңғыс ағайды еске алуы орын алыпты. «Манас» эпосымен бірге әлемдік кітапхананың кітап сөресінен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын көру мақтаныш деп жазыпты. Бір кезде, Шыңғыс ағай 50 жасқа толғанда «Лениншіл жас» газетіне Олжас былай деп жазған: «Келе жатыр жаңа Шыңғыстар Шығыстан, өте күшті, қара сөздің патшасы».

Олжас Сүлейменовті қатты қадірлеймін. 1979 жылы бірінші рет көргем, кейін 1999 жылы екеуміз Шыңғыс ағайдың 70 жылдығы Парижде, ЮНЕСКО-да аталып өткенде жолығысып, белгілі айтматовтанушы, менің жетекшім Георгий Гачевпен бірге суретке түскен едік. Шыңғыс ағайдың әдебиет, мәдениет, тіл, қоғам жайында айтқан қанатты сөздері сияқты Олжастікін де шығарыпты.

– Қазақ тілін латын әрпіне көшіру мәселесін қоғам көптен бері көтеріп жүрген еді, бұл мәселенің қазіргі жағдайы қандай екен, таныса алдыңыз ба?

– 1992 жылдан бері бізде де, қазақтарда да, өзбектерде де латын әліпбиіне өту мәселесі көтеріліп, өзбектердің өткеніне бірнеше жыл болды. Қазақ ағайындар міне-міне деп даярланып жатыр. Дариға Назарбаеваның латын алфавитіне өту жөніндегі пікірі еріксіз ойлантады. «Егер де­ оқымыстыларға талқылауға қалдырсақ, елу жылға шейін таласып-тартысып отыра береді, сондықтан оқымыстыларды бір бөлмеге кіргізіп, нан, шаймен қамтамасыз етіп қойсақ, бір аптада әліпбиді жасайды», – депті. Қазір 26, 28, 31 таңбадан тұратын үш вариант жасалып, талқылануда екен. Бірақ, мен қазақ достарыма өзімнің жеке ойларымды айттым, «сіздер бірінші қазақ тіліне біржолата толық өтіп алып, онан кейін өтсеңдер жақсы болады» деп. Өйткені мемлекеттік тілге толық өтпей жатып, латын әліпбиіне дереу өту бірнеше қиыншылықтарды да тудыруы мүмкін. Енді бұл өздерінің мәселесі. Бірақ, мені қуантқаны қазақ баспасөздерінде «Қырғыз Республикасының Президенті Алмасбек Атамбаев, Премьер-министрі Жантөре Сатыбалдиев, Жоғарғы Кеңес төрағасы Асылбек Жээнбеков мемлекеттік тілде жиындарды өткізеді, іс қағаздарын қырғыз тілінде жүргізеді» деген ақпараттар көп екен. «Қырғыздар латынға қашан көшеді?»,  деп сұрасады қазақ зиялылары, мен болсам: «Мемлекеттік тілге біржолата өтіп алайықшы», – деп жауап берем.

Шындығында, тіл мәселесі өте жауапты, өте қиын мәселе. Біздің кемшілігіміз тілді саясаттандырып жібергеніміз емес пе? Саясат пен тіл екі басқа болуы керек, саясатты араластырмау керек. Тіл арқылы саяси ұпай жинаудың керегі жоқ. «Кейінгі жастар мемлекеттік тілді білмей қалды» деп көп айтамыз. Ал кейінгі буынға өзіміз үлгі бола алдық па?! Бола аламыз ба?! Ең бірінші, ұлттық интеллигенция ұлттық тілде сөйлегенде ғана ұлт сақтала алады ғой. Тілі жоқ ұлт ұлт емес. Ұлттың келешегі мемлекеттік тілде, кейінгі интелли­ген­ция­ның өкілдерінде.

– Қазақ туғандар өз балаларына Манастың, Шыңғыс Айтматовтың, біз болсақ Абайдың, Мұхтар Әуезовтің есімдерін қойып жатқанымыз жақсы жоралғы емес пе?!

– Әлбетте, жақсы. Бірақ, атты қою да, ауыстыру да терең ойланып жасалатын тірлік екен деп қалдым. Өйткені Манастың аты азамат соғысының батыры Василий Иванович Чапаевпен алмастырылыпты. Наталья Селиванованың «Василий Иванович меняет… название» деген («Ваш дом», Казахстанский журнал, №4 (48) мақаласын оқып, біраз қапаланып, пұшайман болдым. Онда былай жазылыпты: «В 90-е годы улица им. Чапаева была переименована в им. Манаса. Остается только удивляться, почему названиях улиц народный герой не выжил, а его комиссар Фурманов выжил». Қарама-қайшылық болмауы керек. Манас біздің туымыз. Манас­ты айтып мақтанамыз. Ономастикалық өзгер­тулерге өте жауапкершілікпен қарау қажет. Бұдан екі-үш жыл бұрын «Жер-су аттарын саясат емес, ономастика ілімі шешеді. («Жаңа ағым», 15 сәуір, 2011 ж.), «Ономастика – үлкен идеология («Қыргыз Туусу», 1 желтоқсан, 2010 ж.) деген мақалаларды жазған едім. Формалды немқұрайдылықтан, саясаттан­ды­рыл­ғандықтан менің қарапайым, күрделі емес пікірлерім Ақ үйдің бір қабатында қамалып қалған еді, осыны ескертіп кеттім.

– Содан Оңтүстік Кореяның Прези­ден­тінің арнайы шақыруымен Қазақ­стан­нан аттанып кеттіңіз …

– Ия. 2012 жылдың 8 желтоқсанында Оңтүстік Корея Президентінің Жарлығымен Азия мемлекеттерінің мәдени қалашық орталығын құру бойынша Президенттік Ұйымдастыру Комитетінің шетелдік бес өкілінің бірі ретінде тағайындалған едім. Азия континентінде 60-тан астам мемлекет бар емес пе, соның ішінен Қырғызстан, Австралия, Жапония, Қытай және Камбоджадан таңдалып алыныпты. Барлығы мәдени, ғылыми адамдар, белгілі іскерлер, бірі композитор, бірі сәулетші… 1-15 cәуірде Президенттік Ұйымдастыру Комитетінің жиналысы болды. Салтанатты түрде Президент жарлығының бір нұсқасын тапсырды. Онда корей тілінде: «Абдылдажан Ахматалиев Азия мемлекеттерінің мәдени қалашығын құру бойынша Президенттік Ұйымдастыру Комитетінің мүшесі болып тағайындалсын» – деп жазылыпты. Президенттік Ұйымдастыру Комитетінің мүшелерін Мәдени, спорт және туризм министрі, Кванджу қаласының әкімі, депутаттар қабылдады. Біз мәдени қалашыққа барып, салынып жатқан ғимараттармен таныстық, есептерін тыңдадық, жаңа жобаларын бекіттік, ойларымызды ортаға салдық. Азия мәдени қалашық орталығы 2015 жылы ашылмақшы. Бізде «Манас әлемі» осындай негізде құрылса, нұр үстіне нұр болар еді.

Мәдени қалашық орталығының мақсаты – Азия өлкелерінің мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтау, ақтау, қорғау, дамыту және таныту. Ол үшін барлық мемлекеттер де бейтарап қалмау керек. Айта кететін нәрсе, Оңтүстік Кореяның мемлекеті қаражатты өзінің бюджетінен бөледі. Олар мәдениетке, жаратылысқа өте мән беріп, қаражатты көп бөледі екен. Мақсатты құрылымды сақтау бойынша да парктер салынып жатыр. Ал біз болсақ парктерді тып-типыл етіп жатырмыз. Оңтүстік Кореядан үйренетін көп нәрселер бар екен.

– Сіз Оңтүстік Кореяның тағы бір «Шешендік өнер» деген Комитетіне де мүше болыпсыз.

– Ия. Бұл Комитет бес өлкеден – Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және Тәжікстаннан тұрады. Оның негізгі мақсаты – халықтық эпос, аңыз, миф, ертегі және ауызекі жеткізудің негізінде бүгінгі күннің талабына лайық әр түрлі жанрларда шығармаларды жазып, конкурсқа қатысу. Мен бес төрешінің бірімін. Менің белсенді қолдауыммен Бексұлтан Жакиев, Жалил Соданбек, Бақтыбек Мақсұтов, Жаныш Құлманбетов конкурста жеңіп шығып, бәйгелерге ие болды. Биыл да конкурс болады. Қырғыз қаламгерлері, режиссерлары, сценарийстері, драматургтері белсенді қатысса деп үндеу тастадым. Жоба бойынша мұнда сыйлық алған, жарыққа шыққан шығармалар қабылданбайды.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Эрнис Балбақов

«Фабула», 12 сәуір, 2013 жыл.

Қазақшалаған Мақсұтхан Аманжанұлы

Серіктес жаңалықтары