«МӘҢГІЛІК ЕЛ» РУХЫ БИІК ҰЛТ БОЛУ
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» РУХЫ БИІК ҰЛТ БОЛУ
«Бір ел іштей өздерін өзі өзгертіп түземейінше, Алла ондай елді өзгертпейді», – дейді Құран Кәрімде. Бүгінгі бауырлас ұлттар Украина мен Ресейдің өзара қасарысқан қарсылық соңы қарапайым халықтың иммунитетін әлсіретіп, рухын түсірді. Олардың бұл жағдайда «мәнгілік ел» болуы екі ұдайлы сұраққа қалды…
Қазақ… Тәубә, аманбыз! Бірақ кешегі Қаз дауысты Қазбектің тыныш жатқан, басынан сөз асырмаған елі, бұл күнде үнсіздік аралында жүргендейміз. Ұлттық Рух әлсіреген. Бүгінгі билік тұтқасын ұстағандардың кейбірі мәңгілік ел болуды олар минөттік жағдайын ғана ойлайтын сияқты. Оларға бүгінгі қазақ елінің «Мәңгілік ел» болу идеясы – жеті ұрпағының дәулетті өмірі, байлықтың үзілмеуі. Бірақ ұлттың ұйытқысы ел зиялылары мен ел басшылары. Бүгінгі байтақ еліміздің ұланғайыр атырабы мен тұнған байлығын қалдырған бабалар аманаты да – «Мәңгілік ел» идеясы. Иә, біздің қазақ елі егеменді ел болғалы бері талай белестерден асып, сан биіктерге қол жеткізді. Әйтсе де, қазіргі таңда еліміздің жарқын болашағының алдында бөгет пен қауіп тұр. Ол ұлттың әлсіреген рухы мен иммунитеті, ана тіл тағдыры, халықтың үнсіздік феномені. Алла жарылқаса, ол бөгет пен қатерден де асып өтерміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұлт руханиятының көпіріне жарқын идея тастады. Ол «Қазақ елі» немесе «Мәңгілік ел».
Міне, еліміздің тәуелсіздік алғанына 23 жыл уақыт толып отыр. Жиырма үш жыл аз ғана уақыт емес, алаш арыстары орда бұзар отыз жасына жетпей қаншама құнды еңбектер мен ұлт руханиятының мұрасын жасады. Бірақ, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жетістігі олардың жасаған еңбектерінің титтей ғана бөлшегі. Осының бәрін айту «Мәңгілік елдің» азат ойлы азаматының парызы. Қазақстан азғана уақытта ғасырға татитын жетістікке жетіп, еліміз дамудың сара жолына түсіп, ТМД елдер арасында экономикалық, саяси даму жағынан көшбасшы елдер қатарында келе жатыр. Тіпті Түркі тектес мемлекеттер арасында да біздің бедел дәрежеміз бір саты ілгері. Бірақ қоғамымыздың әлеуметтік саласы мен ұлттың жеткен жетістігімен бүгінгі күні әлемдік сахнаға көтерілу мүмкін емес. Сондықтан «Мәңгілік ел» құру үшін қазақ елі ойлануы керек.
Біздің халқымыз «Мәңгілік ел» болу жолында бабалар аманатын ешқашан ұмытпауы тиіс. Бірақ биліктегі марғасқаларымыздың үндері жарқын шығып, ұлттық идеялары айқын болса, шынында «Мәңгілік ел» орнатуға болар еді. Орыстың жазушысы Достоевскийдің «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деген нақыл сөзі еріксіз ойға оралады осындайда. Ал ұлттық идея – ұлттың шынайы сенімін немесе болашаққа ұмтылысын, оның жетістіктерін адамдардың санасында бейнелейтін ұғым. Мәңгілік Ел – мемлекеттің құдіреттілігінің, күштілігінің белгісі. «Еліміз мәңгі, тәуелсіз күшті мемлекет» деген ұран халықтың асқақ рухын оятуы керек. Жаһандану заманында күшті ел ғана жұтылып кетпей, өз елдігін сақтап қалады. Сондықтан «Мәңгілік ел» идеясы жолында ұлттық берік идеология қалыптастырып, ол мәселені тез арада шешуге жағдай жасау керек.
P.S. …Ұйықтап жатқан Азамат әлі оянар емес… Кенет тәтті ұйқыда, түс көріп жатқан бозбаланы Сашка досы айғайлап оятты. Түсінде: «Елбасы жаңа жарлыққа қол қойып жатыр екен. «Қазақ тілінде сөйлеп, жаза алмайтын шенеунік биліктен қысқартылады(…) Солтүстік, шығыс, орталық аймақтарымыз 100 пайыз қазақылануды қолға алмаса, сол өңірлердің әкім-қаралары бірден жұмысынан айырылады(…) Мемлекеттің байлығын ұрлап, жеті ұрпағына байлық қалдыруды аңсаған жемқорлар бірден қатаң жазаға кесіледі(…) Шетел инвесторларының компаниясында 90 пайыз қазақ жұмысшылары жұмыс атқару керек. Оны орындамаған инвесторлар жұмысын тоқтатсын(…) «Мәңгілік ел» – Қазақ елі мемлекетінің халқының атынан осы жарлыққа қол қойдым…»,– деп түсін Азамат досына айтты. Ертеңінде Сашка досы Ресейге көшіп кетіпті… Не үшін кеткені белгісіз. Бәлкім ол – (.?.)
Алтынбек Құмырзақұлы, журналист