Aқ Олимпиада Aлматыға бұйыра ма?

Aқ Олимпиада Aлматыға бұйыра ма?

Aқ Олимпиада Aлматыға бұйыра ма?
ашық дереккөзі
220

Алматы қаласы – 2022 жылғы ХХІV қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер. Бұл жөнінде Швейцарияның Лозанна қаласында орналасқан Халықаралық Олимпиада комитетінің штаб-пәтеріндегі отырыста ресми түрде хабарланды. Әлемдік спорт додаларын елімізде өткізу – Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін арттырудың бірден-бір жолы. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының үміткерлігі туралы «2022 жылғы ХХІV қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндігіміз бар. Азиа­да ойындарын елімізде өткіздік. Егер 2022 жылғы Олимпиаданы өткізуге мүмкіндік алар болсақ, бізге көп спорттық кешендер салудың қажеттілігі жоқ. Спорттық нысандардың көпшілігі дайын. Сонымен қатар 2017 жылы Универсиада өткізуге дайындық үстіндеміз. Мұның барлығы біздің 2022 жылы қысқы Олимпиаданың қазақ же­рінде өтетініне деген сеніміміз бен ынтамызды арттыруда» деген еді 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада кезінде. 

Алматы қаласы қысқы Олим­пиада ойындарын өткізу құқығы үшін осымен үшінші рет бақ сынап жатыр. Ең алғаш 80-жылдары 1994 жылғы Олимпиаданы өткізуге өз кандидатурасын ұсынған еді. Бірақ ол жылы Алматының бағы жанбады. Қысқы Олимпиада Норвегияның Лиллехаммер қаласында өтті. Бұдан кейін 2014 жылғы қысқы спорттық ойындарды өткізу үшін байқауға қатысып, бақ сынаған. 2014 жылғы ойындарды өткізу Сочи қаласына бұйырып кетті. Үшіншісі – 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізу үшін берілген өтініш. Өтініш берген үміткерлер арасында Қазақстанмен қатар Босния, Чили, Канада, Франция, Испания және Швеция мемлекеттері де болды. 2006 жылы 22 маусымда Лозанна қаласындағы іріктеуде Алматы бірнеше үміткер қалалар арасынан төртінші орынға тұрақтаған. Сөйтіп, үміткерліктен айрылған болатын. Мұның басты себептерінің бірі – қаланың спорттық базасының әлсіздігі деген еді. Алайда, мұндай кемшіліктер өткен шақта қалды. 

Одан кейін Алматы қаласы 7-ші Азиада ойындарын жоғары дең­гейде өткізді. Бұл спорттық шара халық­аралық деңгейдегі маңызы бар ірі оқиғаға айналды. Азиада ойындары Қазақстанның Астана мен Алматы қалаларында өткен болатын. Ақ Азиадаға дайындық барысында республикалық маңызы бар қос қалада жаңа спорттық кешендер бой көтерді. Алматы қаласында К-125, К-95 халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені салынып, Қазақстанның жаңа кешені Халықаралық шаңғы спорты қауымдастығы өткізетін жылдық сауалнаманың нәтижесі бойынша 2010 жылдың ең үздік трамплині атанған еді. Сонымен бірге, Алматыдағы тау биігінде орналасқан «Медеу» спорттық кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы және Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы қайта жасақталды. Шаңғы жарысын, шаңғыға лайықталған биатлонды өткізу үшін Алматы облысында Шаңғы-биатлон стадионы іргесін қалады. 

Алда 2017 жылы Бүкіләлемдік қысқы универсиаданы өткізуге әзір­лік жасап жатыр. 2017 жылы Универ­сиадаға қатысу үшін Алматыға әлемнің 50 елінен 5 мыңға жуық адам келмек. Универсиада – қысқы спорттық шаралардың арасында Олимпиада ойындарынан кейін тұрған маңызды шара. Сондықтан да, Алматыда өтетін Универсиадаға дайындық деңгейі, оны сәтті ұйымдастыру қаламыздың 2022 жылғы қысқы Олимпиаданы өткізуге деген ұмтылысына бір қадам болса да жақындата түсетіні белгілі. Қазақстан шаңғымен тұғырдан секіру, коньки тебу сынды спорт түрлерінен, биатлоннан Азия чемпионатын және шайбалы хоккейден әлемдік жасөспірімдер чемпионатын өткізу арқылы біршама тәжірибе жинақтады. Еліміз 2017 жылы өтетін дүниежүзілік универсиаданы жоғары деңгейде, мінсіз ұйымдастыратын болса, Қазақстан үшін үлкен жетістік болмақ. 

«Алматы үшін Олимпиада – маңызды. Біздің міндет Алматы қа­ласын дамыту. Ал қысқы Олимпиада ойын­дарын өткізу қаламыздың дамуы үшін үлкен серпіліс болар еді. Халық та осы олимпиаданың маңызын түсінуі қажет. Біздің жеңіске мүмкіндігіміз мол», – депті Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. 

2022 жылғы қысқы Олимпиа­да ойын­дарын өткізуге Алматы қала­сы­мен қатар Норвегияның Осло, Қытайдың Пекин қалалары да үміт­кер. Ослода 1952 жылғы қысқы олим­пиада өткен. Сонымен қатар, бұл қала 2000 және 2002 жылы биат­лоннан әлем біріншілігін, 2011 жылы шаңғы спортынан әлем чемпионатын өткізген. Осло қаласы 2016 жылғы әлем чемпионатын ұйымдастыру құқығын да жеңіп алған. Ал екінші үміткер қала – Қытайдың Пекин қаласы. Пекин қаласы 2008 жылы жазғы олимпиада ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болған еді. Аспан асты елінің бас қаласы қысқы спорттан әлем чемпионатын ұйымдастыруда да тәжірибелі. Бейжіңде керлингтен ерлер арасындағы әлем біріншілігі, 2005 жылы шорт-тректен әлем чемпионаты өткізілді. 

Аталған 3 қаланың қайсысында қысқы Олимпиада ойындары өтетіні 2015 жылдың 31 шілдесінде белгілі болады. Халықаралық Олимпиада комитеті Алматы қаласын олим­пиа­да өткізуге 62 пайызғаға дайын деген қорытынды шығарған. Шешім шықпай жатып-ақ, үш қаланың мүмкіндіктері туралы түрлі пікірлер айтылуда. Десек те, бұл мәселенің шешімін тек Халықаралық олимпиада комитеті шешеді. 2015 жылдың қаңтар айынан бастап Халықаралық олимпиада комитетінің мүшелері қалалардың олимпиада ойындарын өткізуге мүмкіндіктерін бағалау үшін үміткер қалаларға аттанады. Комиссияның шешімі бойынша Олимпиада ойынының астанасы ата­латын қала Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтетін Халықаралық олимпиада комис­сия­сының 127-сессиясында анық­та­лады.

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары