КӘРІМ МӘСІМОВТІҢ 100 КҮНІ

КӘРІМ МӘСІМОВТІҢ 100 КҮНІ

КӘРІМ МӘСІМОВТІҢ  100 КҮНІ
ашық дереккөзі
153

Осы аптада Кәрім Мәсімовтің Премьер-министр креслосына отырғанына 100 күн толады.Сарапшылардың пайымдауынша, екінші премьерлік мерзім біріншісіне қарағанда біршама өзгерек. Соңғы кезде Үкімет төңірегінде айтылып жүрген атышулы отставкалар мен тағайындаулар орын ала ма? Мәсімовтің алдағы саясаты қандай болмақ? Президент жүктеген міндеттер орындала ма?

НӘТИЖЕЛІ МЕНЕДЖЕР ТУРАЛЫ МИФ


Кәрім Мәсімов дегенде, неге екені белгісіз «нәтижелі менеджер» тұлға елестейді. Жалпы мұндай образ біртіндеп қалыптастырылды. Елімізге ақылы мен ойы, қабілеті жоғары және ісі нәтижелі саясаткер керек болды. Мәсімов соның тамаша үлгісі. Жалпы, мемлекет басшысы Кәрім Қажымқанұлы баяғыда-ақ «дағдарысқа қарсы нәтижелі қызмет еткен қай­раткер» ретінде бағаланып үлгерді. 2007-2009 жылдары қиын дағдарыстан Қазақстанды құтқарып, экономикаға жаңа серпін берді-мыс. Содан бері премьердің төңірегінде осындай миф қалыптасты. Президенттің «мәңгілік көмекшісі» (иә, Мәсімов өзін осылай атайды) еліміздегі Үкімет басында ең ұзақ отырған Премьер-министр, тамаша менеджер, тәжірибелі басқарушы ретінде тарихта қалатын түрі бар.

«ЖАБЫҚ» ҮКІМЕТ


Саясаткердің өз орнына қайта оралатынын, тіпті, ең білгір деген сарапшылар да болжай алған жоқ. Бір жағынан, қайта тағайындау мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәсімовке деген сенім деңгейінің жоғары екенін білдірсе, екінші жағынан мемлекеттік аппаратта кадр тапшылығы бар екенін сездірді. Ал Серік Ахметовтің қалай дегенде де отставкаға кететіні, мемлекет басшысының үкіметті қатал сынап, тіпті «жазалайтынын» айтқанда белгілі болған. Тіпті, сол тұста үкіметшіл БАҚ-та «Үкімет қайда қарап отыр?» деп министрлер кабинетіне сын мен сауалдарды қарша жаудырып еді. Ал осы жылдың 2 сәуірінде Кәрім Мәсімов үкімет төрағасы етіп тағайындалғанда кейбіреулер мұны сәуір айындағы қалжыңға балаған болатын. Бірақ сәуірдегі оқиғалар еш қалжыңсыз орын алған еді. Кәрім Мәсімов келгеннен кейін министрлер кабинеті айтарлықтай өзгерген жоқ. Өзгергені – үкіметтің БАҚ пен қоғамнан оқшаулануы. Журналистер үкімет отырыстарына қатыстырылмай, тікелей эфир таратылу тоқтады. Бұндай жабық саясат «қыруар шараларды тез арада шешу қажеттілігімен, уақыт тапшылығымен» түсіндірілді. Жақсы, солай делік. Алайда, оқшаулану Мәсімов кабинетінің қызметін бағалауда біршама қиындық туғызады. Әсіресе қабылданып жатқан маңызды шешімдерге қатысты күңгірт жайлар тым көп. Бір анығы, бұнда үлкен гәп бар секілді. 


СӘТСІЗДІК ЫҚТИМАЛДЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ


Сонымен жаңа төрағаның басшылығымен үкімет үш айдан астам уақытта не істеді?

Тағайындалудан кейінгі бір аптадан соң бюджет заңнамасын жетілдіру туралы заң жобасы дайындалып, мәжіліске таныстырылды.  14 сәуір күні кезекті отырыста «Әлеуметтік-экономикалық даму жол картасы» қабылданды. 2012 жылы айтқанындай, Мәсімов үкіметтің ең алдымен макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыс істейтініне тағы назар аудартты. Сонымен бірге, шағын және орта бизнес, агроөнеркәсіп, көлік пен логис­тика инфрақұрылымы, қаржылық жүйе мен банк секторын дамыту міндеттері қойылды. 

Маңызды құжаттардың бірі – 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бекітілді. Бір қызығы, мемлекеттік бағдарлама кең талқылауға түспей, бір ауыздан мақұлданды. Бұған дейінгі бағдарламалар төңірегінде үлкен  үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, соңында еш нәтиже бермеген болатын. Бұл сәтсіздіктің бір ұшы Мәсімовке де тиіп отыр. Себебі, алдыңғы бағдарлама дәл оның премьерлік қызметінде жүзеге асырылған еді. Сондықтан, жүзеге асырылмаған индустрияландыру бағдарламасын қайта қалпына келтіру секілді ең ауыр кезең Серік Ахметовке жүктелгенін ұмытпаған жөн. Серік Ахметов өзін жарнамалаумен айналысқан жоқ, таза жұмыс істеді. Ал енді Кәрім Қажымқанұлы қайтадан екі ойлы күйде жұмысқа кірісті. «2015-2019» бағдарламасының қоғам талқылауынан өтпеуінің бас­ты себебі де осыдан. Өйткені аталмыш жобаның да сәтсіздікке ұшырау ықтималдылығы жоғары. Тіпті, үкімет өз сайтына бұл бағдарламаны жариялаған жоқ. О баста, Мәсімовтің жабық саясатты жүргізуінің бас­ты себептерінің бірі осы болуы әбден мүмкін. Беделінен айрылған үкіметтің енді қателесуге қақысы жоқ.

Келесі жылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұлттық стандарттар жүйесін жасамақ. Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі Тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Алматы қаржы орталығының жаңа тұжырымдамасын жасау мәселесі көтерілді. Ол осы жылдың 1 желтоқсанына дейін дайындалуы тиіс. Президент бұл бағытта Алматыны Ұлы Жібек жолының қаржылық орталығына айналдыру тапсырмасын беріп қойған еді. Сондықтан, қазіргі үкімет Алматыдағы өлі күйіндегі қор биржасын тірілтуі тиіс. Осыған орай, 22 мамырда Астаналық экономикалық форумда  Мәсімов шетелдік инвестицияны тарту маңыздылығын айтты. Ал кейінірек инвестициялық климатты жақсарту туралы заң жобасын мақұлдады.

Сәуір айының соңында жеке­шелендірудің екінші толқыны бас­талатыны жарияланды. Мемлекет иелігіндегі нысандар 30 пайызға азая­тыны айтылды. Оның қатарында «Қазақфильм» киностудиясы, Респуб­лика сарайы, Неке сарайы, «Қайрат» футбол клубы және тағысын тағылар. Шындығын айтқанда, ұлттық маңызы бар нысандардың жекеменшікке қайта өтуі қоғамның наразылығын тудырмақ. Атышулы науқанның соңы қалай бітетіні енді белгісіз.

  

ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ


Мәсімов жаңа премьер ретінде көпшіліктің алдында Мәскеудегі Кеден одағы елдері үкімет төрағаларының кездесуінде көрінді. Ол өзіне тапсырылған міндетті ойдағыдай орындап шықты деуге де болады. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шарттан барлық саяси мәселелер алынып тасталынды. Дипломат ретіндегі миссиясы сәтті аяқталды. Келесі қызықты миссиялардың бірі, тіпті бірегейі деп те атаса болады, бұл –  Украинаның жаңадан сайланған президенті Петр Порошенконың ұлықтау рәсіміне қатысуы. Кәрім Мәсімов Астананың Киевпен арадағы жағдайды үзебейтінін, Мәскеудің қас-қабағына қарамайтынын нық көрсетіп кетті. Жалпы, Мәсімов дипломатиялық қабілетін байқатты. Сарапшылар, оны Қазақстандағы ішкі талас-тартыста барлық күштермен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалған тұлға ретінде бағалайды. Ал халықаралық деңгейде К.Мәсімов Ресеймен де, Қытай және АҚШ-пен тең дәрежедегі байланыс­та. Сондықтан, ол көпшілік үшін компромисті тұлға болып есептелінеді.  

«ОБЛЫСТАРДЫ АРАЛАЙМЫН»


Ендігі таңда премьер жазғы демалыстар науқанында облыстарды аралауды көздеп отыр. «Биылғы жазда мен 2012 жылдағы секілді барлық облыстарды аралағым келеді. Онда жергілікті жерлерде орын алып отырған нақты мәселелерге назар аударғанды жөн санаймын. Осы облыстық сапарларымда сіздердің тараптарыңыздан сындарлы ұсыныстар жасалса, оны өңірлерде талқылау дұрыс болатын еді деп санаймын», – деген еді. Үкімет төрағасының осы сапарында индустрияландырудың жемістері мен жеңілістері, кемшіліктері айтылатыны күмәнсіз. 

ЖАҢА МИНИСТРЛЕР КЕЛУІ МҮМКІН

Алайда, бүгінде Мәсімов кабинеті экономикалық ғажайып жасай қояды деуге сену қиын. Себебі, бұған дейінгі үкіметтің ешқайсысы мінсіз қызметпен мақтана алмайды. Мәсімов ең алдымен үкіметтің абыройы мен беделін қайтаруға тырысып бағуда. Алайда, мемлекеттік құрылымдағы мәселелерді шешумен айналысу қоғамға жұмбақ күйде жүргізілуде. Мәсімовтің басты миссиясы да осы. Үкімет, өкінішке қарай, мемлекеттік бағдарламаны жеме-жемге келгенде жергілікті атқарушы билік органдарының атқаратынын естен шығарған секілді. Көп жағдайда сәтсіздіктер дәл осы құрылымдардағы менеджменттің әлісіздігінен, сыбайлас жем­қор­лықтың болуынан туындайды. Ал мемлекеттік құрылымдарда реформа жүргізбей айтарлықтай нәтижеге жету мүмкін емес. Экономист мамандардың пікірінше, даму бағдарламаларының қабылдануы бәсекелестік пен өндірістің дамуына әкелмейді. Индустрияландыру бағдарламасын мемлекеттің толығымен жүзеге асыруы, реттеуі мен қадағалауы, жобаларды отандық компаниялардың атқаруы шын мәніндегі бәсекелестік пен қызмет сапасының төмендеуіне әкеледі. Әсіресе, халықаралық нарыққа шыққанда. Сондықтан мұның бәрі социалистік экономиканы жандандыруға ұқсайды. Экономиканы мемлекеттік реттеу түбінде оның дамуының тежелуіне әкеледі. 

Осыған қарағанда, Кәрім Мәсімов күзге қарай министрлер кабинетіне едәуір өзгерістер әкелуі мүмкін. Соңғы уақытта айтылып жүрген атышулы отставкалар мен тағайындаулардың болуы ғажап емес. Үкіметке жаңа тұлғалардың қосылуы да ықтимал. Себебі, жоғарыда айтып өткендей экономикалық өсімнен гөрі, үкімет имиджін көтеру басты міндетке қойылған. Бұған Кәрім Қажымқанұлына 1,5 жыл ғана уақыт берілді. Осы уақыттан кейін ол қызметімен қайта қоштасатыны мәлім (егер ғажайып орын алмаса). Себебі, 2016 жылы президент сайлауы келе жатыр. 

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары