ӨНЕР ТІЛІ – ХАЛЫҚ ТІЛІ
ӨНЕР ТІЛІ – ХАЛЫҚ ТІЛІ
Қазақ өнерінің тарихында бір ғана әнімен ел есінде қалған сазгер не болмаса сол бір ғана әнді орындап, тыңдарман есінде мәңгі қалатын өнерпаздар болады. Бұл – сирек те болса қайталанатын ғажайып құбылыс. Екі мыңыншы жылдардың басында осындай бір ән әлемінде жаңашыл бағытымен, астарлы әсем ырғағымен келген қазақтың қарапайым қараторы қызы әлі күнге ел жадында.
ОЛ – Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогика университеті «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы.
ОЛ – республикалық «Жаңа ғасырға жаңа ән» байқауының лауреаты.
ОЛ – 2002 жылғы халықаралық «Азия дауысы» фестивалі аясында өткен «Қазақ әні» байқауы бойынша Елбасы тағайындаған «Алтын домбыра» жүлдесінің иегері.
ОЛ – Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткізілген «Елім менің» патриоттық әндер байқауының жеңімпазы.
Иә, бүгінгі газет оқырмандарымен табысқалы отырған қазақ қыздарының ішінен шыққан тамаша сазгер Гүлнұр Өмірбаева осындай жан.
– «Түркістан» газеті менің шығармашылығымның басында тұрған газет десем болады. Оны өзіңіз де ұмытпаған боларсыз, – деп Гүлнұр Шәкенқызы қуана қарсы алды.
– Әрине, халқымыздың маңдайына сыймай кеткен бозбала спортшы Бекзат жайлы жазылған әніңе сәт сапар тілеп, тыңдарманға қарай жол ашқан «Түркістан» газеті еді. Ол жайлы әңгіме үстінде толық тоқталармыз. Негізгі әңгімені бүгінгі тіршіліктен бастасақ дейміз, өзің басқарып отырған факультет жайынан сөз қозғасақ?
– Біздің Қыздар педагогика университетінде негізінен әр түрлі пән мамандығы бойынша мұғалімдер даярланады. Биылғы күзде өзінің 70 жылдығын тойлағалы отырған бұл оқу орнының бір ерекшелігі де сол – еліміздегі тек қана қыз балалар басы топтасқан бірден бір жоғары оқу орны. Сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхамед мырзаның бір жиындағы мына сөзі есімде қалып қойыпты: «Қазақтың рухани төл өнері өзінің бүгінгі биігіне, қазіргі өресіне бір күнде жете салған жоқ. Талай асу-қиялардан, талай бел-белестерден өтті. Бірнеше жүздеген жылдар бойы сан қилы тарихи оқиғалардың сәулесін бойына сіңіріп, өткен күн, озған дәурен, қадым заманның куәсі болды. Осылайша қазіргі күні бүгінгі буын, яғни біз бен сіздің еншімізге тиіп отыр» дей келе, рухани құндылықтар, ол бабалар аманаты екенін, сол аманатқа қанағат тұтпай ары қарай дамыту қажет екенін, қиянат жасамау ұлы мақсатымыз екенін шегелеп айтқан-ды.
Сол айтпақшы, біздің университет те осынау жетпіс жыл ішінде халықтық педагогика, халықтық құндылықтарға деген жастарымыздың ықылас-ниеттеріне дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, біліммен қатар тәлім-тәрбиені де назардан тыс қалдырып көрмеген. Бұл ретте, университетіміздің бүгінгі басшысы Динара Жүсіпәліқызының еңбегін тағы бір еске сала кеткен артық болмас еді. Ұлтымыздың иісі аңқыған ұлы дүниелерін ұрпақ санасына сіңіруге, ұлттық салт-дәстүр мәдениетімен терең танысып, білуге бар күш-жігерін салып келе жатқан басшы, әсіресе ауылдан келген талантты қыздарымыздың алаңсыз білім алуына, олардың болашағына алаңдайды. Сондықтан да жылда ректордың арнайы гранты бөлініп, тегін оқумен қамтылады. Студенттеріміз жатақханамен, сонымен қатар үш мезгіл тегін ас-сумен қамтамасыз етілген. Бұл басқа ЖОО қарағанда айтарлықтай ерекшелігіміз. Ал білім беру деңгейі бекітілген стандартқа сай, яғни бәрімен бірдей.
– Өзің де осы оқу орнының түлегісің, өнер факультетін басқарасың. Шығармашылықпен айналысуға уақыт қалай табасың?
– Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов атындағы ауданның Көкдөнен ауылынан он жылдықты бітіріп, осы жоғары оқу орнына түскенімде, бір жылдары өзім оқыған факультетке жетекшілік жасаймын деген ой түсіме де кірмеген шығар. Бірақ, көзімді тырнап ашқаннан бесік жырын, бөбектер жырына құлағымыз қанық. Әкем Шәкен мен анам Келіскүл де бала тәрбиесіне аса мұқият қарап, олардың өнерлі болып өскенін қалаған тәрізді. Өздері де өнерден құр алақан емес еді. Балалар шығармашылығына баса көңіл бөліп, қадағалап отыратын-ды. Сондықтан болар, ес біле бастағаннан Кеңес Дүйсекеевтің «Жау, жау, жаңбыр» атты ырғағы да, сазы да әдемі әнін домбыраға салып, орындап үйрендім. Содан Мақпал Жүнісова орындайтын «Дариға, домбырамды берші маған» әніне көштім. Осылай-осылай өнерге деген сүйіспеншілік жетелеп, арман қуып Алматыға келдім.
2000 жылы Өнер және педагогика факультетін бітіріп, аспирантураға қабылдандым. Университеттегі «Томирис» ансамблінде әнші болып жүргенімде ұстазым Галина Қарамолдаева «Қазақ қыздарының болмысын ашатын, мінез-құлқын бейнелейтін әдемі бір ән жазсаңшы, сенің қолыңнан келеді» дегенді айтты. Ойланып қалдым. Ұзақ толғандым. Ән жазу, әрине, оңай емес екенін жаныммен түйсінемін. Бірақ ұстазым айтпақшы, қолымнан да келетін сияқты. Қазақ қыздары жайлы аңыз-ертегілерді іздеп, көз алдыма елестетіп, қиялдағы әсем де сұлу, керім де кербез, ақылды да ерке қазақ қыздарының бейнесін ойлай-ойлай, образға еніп кеткен сияқтымын. Ақын Сайлаубай Тойлыбаевтың сөзіне жазылған «Қыздар, қыздар» әні осылай өмірге келді.
Әлі күнге дейін халық жадында, орындаушысын тапқан ән еді бұл. Одан кейін өздеріңіз тұсауын кескен, жолашар жасаған «Бекзат» әні. Осы ән үшін Елбасы тағайындаған «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алдым. Республикалық ән байқауында бірінші орын иеленді. Оны халық артисі Роза Қуанышқызы Рымбаева орындап жүргені де көңілге демеу, мақтаныш сезімім де жоқ емес.
Бүгінде жиырмаға жуық әндерім бар. Әлі де ойда жүрген, санамды онға бөліп жүрген тақырыптар баршылық. Ән жазсам деймін. Оны уақыт көрсетер.
– Факультеттің студенттер қабылдауда нендей ерекшеліктері бар?
– Өнер және мәдениет факультетінің күндізгі және сырттай оқитын бөлімдерінде «Музыкалық білім», «Хореография», «Мәдени тынығу жұмысы», «Дәстүрлі музыка өнері», «Кәсіптік білім», «Бейнелеу өнері», «Кітапхана және библиография» мамандықтары бойынша кәсіби мамандар даярланады. Өнер саласындағы мамандықтар бойынша құжаттар 1 шілдеге дейін қабылданады да, 1-7 шілде аралығында шығармашылық емтихан жүргізіледі. Сондықтан да, өнерге құштарлығы бар дарынды-қабілетті балалар ертерек қамданғаны дұрыс. Әсіресе, ауыл балалары көбіне кешігіп қалып жатады. Басқа факультеттерге қарағанда біздің ерекшелігіміз де осы. «Ел іші өнер кеніші» демекші, ал ауылда небір талантты, ән-күйге елігіп өскен балалар жетерлік.
Сондай-ақ, біздің факультетте 2009 жылдан бері «Музыкалық білім» мамандығы бойынша магистрлер дайындала бастады. Сонымен қатар, «Ұлар» фольклорлық-этнографиялық, «Айгүл» вокалды-аспаптар және «Томирис» ән-би ансамблі, «Өнер жастан» опера студиясы, «Жан сарайы» театры өнерлі жастарды шығармашылыққа баулып, машықтануына жол салып келеді. Кез келген студент осы өнер ұжымының қай-қайсысына да мүше болуға мүмкіндігі бар, сөйтіп терең біліммен қатар өзінің жеке шығармашылығын да қатар алып жүре алады. Ал «Қыздар университеті» газеті де студент-жастардың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік ашып отыр. Бізде жалпы білім беретін педагогтар дайындалатын болғандықтан, оның ішінде тіл мамандары болғандықтан, әрине, ақындық қабілетімен көзге түсіп жүргендері де баршылық. Сондықтан да, балаларымыз халықтық педагогикамен қатар, өнерлі болып өссін десеңіз, біздің университет әманда есігі ашық.
– Әңгімеңе рахмет! Қазақ қыздарының тәрбие ошағына айналған Қазақтың Қыздар педагогикалық университетінің ұжымының істеріне сәттілік тілейміз.
Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ