4 команда жартылай финалда

4 команда жартылай финалда

4 команда жартылай финалда
ашық дереккөзі
240

 Фуболдан әлем чемпионатынының ширек финалы да аяқталды. Ширек финалда жеңіске жеткен 4 команда алда жартылай финалда кездеседі. Нағыз тартысты бәсекелер де осы командалар арасындағы ойындарда көрініс таппақ. Жартылай финалға Германия, Бразилия, Аргентина, Нидерланды құрамалары жолдама алды.

Ширек финалдың алғашқы ойыны Германия мен Франция құрамасы арасында өтті. Қос құрама арасындағы кездесудің 13-минутында ашылған есеп ойын соңына дейін сақталды. Алғашқы таймда  Матс Хуммельстің  қарсыластар қақпасына тепкен добы Германияға жартылай финал жолдамасын алып берген жалғыз гол болды. Екінші таймда есеп теңестіруге тырысқан Франция құрамасы есепті еш өзгерте алмады. Ұйымдастырылған шабуылдар сәтсіз болды. Енді немістер жартылай финалда ақтық кезеңнің жолдамасы үшін бақ сынасады.

Бразилия мен Колумбия құрамасының кездесуінен кейін жартылай финалдағы Германияның қарсыласы анықталды. Ол – Бразилия құрамасы. Алаң иелері Колумбия құрамасын 2:1 есебімен жеңді. Ойынның 7-минутында есеп ашқан Бразилия құрамасы екінші голды 69-минутта салды. Қос голдың авторы – Тиаго Силва мен Давид Луис. Колумбиялықтар 80-минутта алғашқы қарымта голдарын (пенальтиден) қарсыластар қақпасына енгізді. Ойын барысында шабуылдар көптеп жасалғанымен ойын нәтижесі 2:1 есебін көрсетті.

Аргентина мен Бельгия арасындағы кездесу ширек финалдағы үшінші ойын болды. Мессидің барша жанкүйерлерін алаңдатқан ойын 1:0 есебімен аяқталды. Жартылай финалдың жолдамасы Месси бастаған Аргентина құрамасының қолында.  Қос құрама арасындағы ойын аса тартысты бола қоймады. Ойынның 8-минутында есеп ашқан Аргентина құрамасы мықты қорғаныста болды. Матчтың соңына қарай жасалған Бельгия футболшыларының шабуылдары сәтсәз аяқталды. Осылайша Аргентина құрамасы жартылай финалға жолдама алды.

Ширек финалдағы соңғы ойын Нидерланды мен Коста-Рика құрамалары арасында өтті. Бұл ойында қақпаға қарай түрлі шабуылдар ұйымдастырылғанымен есеп ашылмады. Ойын соңына дейін таблодағы есеп өзгеріссіз болды. Матчтың соңында белгіленген пенальтиде ғана Нидерланды құрамасы алға шықты. Пенальтиден кейін есеп 4:3 болды. Жартылай финалға жолдама алған Нидерланды құрамасы енді Аргентинамен кездеседі.

Сонымен жартылай финалда алаңға шығатын 4 команда белгілі болды. Футболдан әлем чемпионатының аяқталуына аз уақыт қалды. Жартылай финалда жеңіске жеткен қос команда ақтық кезеңге жолдама алады.

Серіктес жаңалықтары