«ӘЙЕЛ МАХАББАТЫ» – КОРЕЯДА

«ӘЙЕЛ МАХАББАТЫ» – КОРЕЯДА

«ӘЙЕЛ МАХАББАТЫ» – КОРЕЯДА
ашық дереккөзі
259

Қазақстандағы Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының әртістері Оңтүстік Кореяның Кунсан қаласында өткен 32-ші Халықаралық театр фестиваліне қатысып қайтты. Аталмыш театр Халықаралық театр фестиваліне 12-рет қатысқан еді және ұжымды Оңтүстік Корея Республикасының театр қайраткерлері одағы арнайы мақтау қағазымен марапаттады.

Қазақстандық корей театры фестивальде «Әйел махаббаты» атты қойылымды ұсынып, қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев және оның жары Зылиха ана жайындағы қойылым фестивальде аса жоғары бағаланды. «Әйел махаббаты» тек көрермендердің ғана емес, кореялық режиссерлер мен театр сыншыларының да оң бағасын алды. Қойылымда 1938 жылы жазықсыз оққа ұшқан Мағжан ақынның шынайы өмірі көрсетіледі. Аталған мистикалық драма алғаш рет осыдан бір жыл бұрын Мемлекеттік корей театрында сахналанған еді. Қойылымның режиссері – Елена Ким және Анна Цой. Қойылымды сахнаға алып шыққан режиссерлердің бірі Анна Цой спектакль арқылы қазақ әйелінің сүйген жарына деген адал махаббаты мен тартқан тауқыметі жайлы көрерменге жеткізуді көздегендерін айтады. Бұл қойылымда тек Мағжан мен Зылиханың тағдыры ғана емес, қазақ халқы тарихының бір бөлігі көрсетіледі. Халықаралық театр фестивалінде жоғары бағаға ие болған «Әйел махаббаты» пьесасының авторы да назардан тыс қалмады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, журналист, драматург Жұмагүл Солтиеваға фестивальдің ұйымдастырушылары арнайы алғыс айтты. Осы орайда біз Жұмагүл Солтиеваны әңгімеге тартқан едік. 


«Япурай» әнінің арқасында «Әйел махаббаты» дүниеге келді


– Мен ұзақ жылдар бойы газетте жұмыс істеген адаммын. Алғашында аудандық, облыстық басылымдарда мақалаларым шығып жүретін. 1-курс­та оқып жүргенімде «Лениншіл жасқа» әңгімем шықты. Ол кезде «Лениншіл жас» қол жетпейтін басылым секілді көрінетін. Кейін осы «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Қазақстан әйелдері», «Түркістан» сынды белді басылымдарда қызмет еттім. «Егемен Қазақстанда» қызмет етіп жүріп, 4-5 кітабымды шығардым. Еңбектерім жоғары бағаланды. Ол кезде драматургияның қиын жанр екендігін іштей түсінетінмін. Драмалық шығармада әр сөзіңнің түсінігі болуы керек. Көп сөзділіктен қашу керек. Сондықтан, біраз уақыт пьеса жазуға бойлай алмай жүрдім. Мәдениет министрлігі ұйымдастырған Республикалық драматургиялық байқауға шығармаларымды лақап атпен ұсынып, кейін олар жүлдеге ие болғанда пьеса жазу қолымнан келетін шаруа екендігін түсіндім. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында «Сағым қуғандар», Павлодар театрында «Дариға дәурен», Арқалық театрында «Жынды көбелектер» атты пьесаларым сахналанды. 

Ал корей театрында сахналанған «Әйел махаббаты» пьесасының дүниеге келуіне «Япурай» әні себепкер болды. Мен «Япурай» әнін сүйсініп айтатынмын. Шерхан Мұртаза ағамыз: «Япурайды» сенен артық түсініп айтатын жан көрмедім. Білесің бе, бұл ән Мағжанның әні» деген еді бірде. Содан кейін Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін сүйсініп, түсініп, ерекше махаббатпен оқитын болдым. Ақынның өлеңдері оның өмірі, тауқыметті жолы туралы ізденуіме сеп болды. Осылайша Мағжан ақынның тағдырын зерттей бастадым. Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха анамыздың адалдығы, жанкешті тірлігі мені қатты толғандырды. Мұрағатты ақтарып, деректер іздеп жүргенімде мынадай мағлұматтарды көзім шалды. Зылиха лагерьде жатқан күйеуін іздеп 11 рет барған. Лагерьге жеткенше барлық қиындықты басынан өткеріп, әрең жеткен. Жол бойы балтырын бұта жыртып, тілім-тілім боп кеткен екен. Мағжан сонда әйелінің екі тізесін құшақтап, «Мен үшін көрмегенің қалмады-ау», – деп көзіне жас алыпты. Мәскеуге де барып, сол жерде тірнектеп күнін көріп жүріп, Максим Горькийдің әйелімен танысқан. Сол кісі арқылы Максим Горькийден күйеуі үшін араша түсуін сұраған. Ақыры Максим Горький арқылы Мағжан ақынды бостандыққа шығарып алады. Бірақ кейін оны қайтадан ату жазасына кеседі. 1936 жылы жаңа жыл қарсаңында ақын қайтадан ұсталған түнгі орын алған оқиғаны осы пьесаға өзек еттім. Бұл пьесаны Мағжан Жұмабаев пен оның әйелі туралы еңбек деп қабылдауға болмайды. Бұл шығарма – бүкіл Алаш арыстарының үйіндегі жеңгелеріме қойылған ескерткіш. Олардың күйеуі үшін көрмеген қорлығы, тартпаған азабы жоқ. Бар қиындықты жарларымен бірге көрді. Көзінен қанды жасын ағызып жүріп, балаларын тәрбиеледі. Сонда олар еш жасымады, қиындыққа қарсы тұра білді, сүйген жарларына деген адалдықтарын көрсете білді. Міне, нағыз қазақ әйелінің бейнесі осындай. Шығармада барша қазақ әйелдерінің образы бейнеленеді. Мұны корей театрының әртістері тамаша сахналап шықты. Бірде Корей театрының директоры Любовь Августовнамен кездесіп қалдым. Сол кезде әңгіме барысында пьеса жазатыным жайында айтылып, ол шығармаларымның бірін сұрады. Мен шығармаларымның орысша аудармасы жоқ екендігін алға тартып, бас тарттым. Ол кісі орысша аударманы өзі жасататынын айтты. Сонда осы «Әйел махаббатын» берген едім. Ол бұл шығарманың корей театрында сахналанатынын жеткізді. Кейінірек қойылымның премьерасына шақырды. Бардым, көрдім. Жастардың басшылығымен дайындалған. Қойылымнан жаңаша көзқарасты байқадым. Режиссер пластика, қимыл-қозғалыс арқылы көп дүниені бере білген. Театрдың еңбегі көңілімнен шықты. Соңында қойылым Халықаралық фестивальге барып, Оңтүстік Корея сахнасында қойылды. Кореялықтардың көңілінен шыққан спектакль елімізге жүлдемен оралды. «Әйел махаббаты» қойылымын Оңтүстік Корея халқы көзіне жас алып отырып тамашалады. Кәрістер де қазақтар секілді тайғақ жолды жүріп өтті. Олардың бұл қойылымды жылы қабылдауына бұл да ықпал еткен болар. Корей театрында сахналанған бұл қойылым қазақ театрларында әлі сахналанған емес. Мен әуелден-ақ ешкімге өз жұмысымды ұсынып көрген емеспін. Жуырда қазақтың белгілі бір актрисасы осы шығармамды көріп, Зылиханың рөлін ойнағысы келетіндігін айтты. Шығармамды біздің театрға беруімді сұранды. Бірақ мен әуелден-ақ өз шығармаларымды ешкімге ұсынып көрген емеспін. Мен шығармаларды өзім үшін жазатынмын. 


Менің шығармаларымда зұлымдық жазаланады


– Мен саннан гөрі сапаға мән беремін. Сондықтан шығармаларымның сапалы дүние болғаны мен үшін өте маңызды. Қаламым әлі де қолымнан түскен жоқ. Бүгінге дейін біраз туындылар жаздым, әлі де жаза беремін. Соңғы уақыттарда пьеса жазуға бет бұрып жатырмын. Қазір бір шығармамды жазып бітірдім. Бұл шығарманың тақырыбы – ескі тақырып. Менің журналистикадағы, әдебиеттегі негізгі тақырыбым – адамгершілік, имандылық. Қазір жазылып жүрген көп дүниелерде зұлымдық жазаланбайды. Ал менің пьесаларымда зұлымдық деген қара күш жазаланады. Мен әзірге бұл туындымның нақты атауын да тапқан жоқпын. Біраз ой елегінен өткізіп, шығарманың соңғы нүктесін қойып отырмын. Бұдан бөлек «Жанды қуыршақтар» деп аталатын драматургиялық шығармамды аяқтадым. Ол шығарманы біздің театрлар саханалауға аса құлықты бола қоймас деп ойлаймын. Себебі, бұл шығармада халықты басқарып жүрген әкімдердің тіршілігі баяндалады. Ешкімнің тағдырына толғанбайтын, өз пайдасы үшін ешнәрседен тайынбайтын, дүние күйіп кетсе де ешкімге көмектесуге ұмтылмайтын, ел, ұлт деген түсініктен ада адамдар туралы әңгіме болады. Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен, қазір жұмсақ орындықта отырғандар арасында тек өзінің қалтасын ғана ойлайтын, халықтың тағдырына алаңдамайтын жаны жадау адамдар да жоқ емес. Бұл шығармаға өзім сатиралық комедия деп айдар тағып қойдым. 

Әсел Әнуарбек

Серіктес жаңалықтары