БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАТАЛОВ

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАТАЛОВ

БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БАТАЛОВ
ашық дереккөзі
330

 1992 жылдың 23 ақпанында арнайы вагонда этаппен әкеліне жатқан аса қауіпті қылмыскерлер Қызылорда облысының Шиелі стансасы алдындағы разъезде өздерін күзетіп келе жатқан 5 сарбазды ұрып жығып, қаруларын тартып алды. Бес адамнан тұратын қашқындар (біреуі сол жерден қашып кеткен) жақын жердегі үлкен жолға шығып, Қызылорда – Сарыағаш бағытымен кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын басып алып, 5 еркек, 7 әйел және 1 баланы кепілге алған соң, құтқаруға әрекеттенген жергілікті полицияның әрекетінен түк шықпады. «Уазикке» мінген 3-4 полиция қызметкері автостансаға кеп, автобустағы қылмыскерлердің берілуін талап етті, ал олар оқ атып, бір полиция лейтенанты қаза тапты. Кепілдегі адамдарды қырып алу қаупі төнді, қарақшылар ақша және арнайы ұшақ талап етті. Республикадағы күштік құрылымдар басшыларының бәрі және «Альфа» арнаулы бөлімі оқиға орнына жетіп, жедел құтқару штабы құрылды. Оған басшылық еткен Аманғали Баталов қылмыскерлерді құрықтаудың аса қауіпті екенін ескеріп, қарақшыларды мергендер оғымен жоюдан бас тартты. Олай еткен жағдайда жазықсыз адамдарға оқ тиюі мүмкін екенін сезген ол ― отандастарын бұрын іс жүзінде қолданылмаған әдіспен құтқаруға бел байлады. 

Оқиғаның өрбуін бүге-шігесіне шұқшия қарап, терең талдаған топ басшысы ― шабуылды автобус жүрісі сәл бәсеңдейтін жерде бастау керек деп шешті. Бұған автобус әуежайға кіріп, ұшаққа жақындайтын жер таңдап алынды. Одан тысқары штурмды көзге түспей жасау міндеті тұрды, өйткені қарақшылар «штурм болған жағдайда, кепілдіктегі адамдарды ойланбастан атып тастайтынын» ескерткен. Қарақшылармен келісімге кеп, олардың талабы бойынша берілетін ұшақ автобустағыларға анық көрінетін жерге қойылды. Бұл жайында кейін Баталов: «Автобустағы қылмыскерлер ұшақты көріп, оған жақындаған кезде орындарынан тұрып дайындала бастайтыны анық, Сондықтан біз сол сәтте тез қимылдап, олардың көзін жоюды дәл сол кезде бастауға дайындалдық» деген еді. Психологиялық жақтан өзін ақтаған бұл ойда қапы жоқ еді. Ұшаққа жақындағанда бар арманы соған жету боп келе жатқан қылмыскерлер орындарынан өре тұрғанда, олардың назарын бұруы тиіс дауысы ащы, жарығы күшті граната жарылды да, автобусқа су шашатын машина соғылып, «зэктер» еденге құлап түсті. Осы бір қас-қағым сәтте автобусқа басып кірген «спецназ» көзді ашып-жұмғанша қарақшыларды толығымен құртып үлгірді. Бар болғаны 3-ақ секундта! 

Аса сәтті аяқталған операциядан соң Аманғали Баталовтың бұл еңбегін Президент Нұрсұлтан Назарбаев лайықты бағалап, оны сол кездегі мемлекетіміздің ең биік наг­радасы «Құрмет грамотасымен» марапаттады. 

Аманғалидың өте жақсы нәтижеге жеткізген әдісін соңынан ресейліктер мен америкалықтар қолданып, қарулы қылмыскерлердің көзін жоюдың Баталов ойлап тапқан әдісі әлемдік тәжірибеде кең қолданысқа еніп кетті.

Талай қысылтаяң сәтте өте дұрыс шешім қабылдап, ең бір қатерлі жағдайдың өзінде намысына сызат түсірмей, ақылдың алғырлығы мен ойдың ұшқырлығын бір арнада тоғыстыра білу арқылы үлкен табысқа жеткен Аманғали Баталов кім? Бізге анығы: Аманғали Ғаббасұлы Баталов 1956 жыл дүниеге келген. Инс­титутты бітірген соң Мәскеудегі КСРО қауіпсіздік комитеті Бірінші бас басқармасына қарасты арнаулы бөлімге жіберіледі. Одан соң Ю.В. Андропов атындағы Қызылтулы Мәскеу арнаулы мамандар дайындау институтында оқып, «кәсіби диверсант, партизандық соғыс маманы» боп шығады. 1981 жылдан бас­тап КСРО МҚК-нің «Альфа» тобында қызмет істейді. 1986-1990 жылдар аралығында Қазақстан КП ОК бірінші хатшылары Д.А. Қонаев, Г.В. Колбин, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жеке күзетшісі болды. 1990 жылы орталығы Алматы қаласында орналасып, қамту аймағы ― Орта Азия, Қазақстан, Алтай өлкесі және Тува АССР-ы болған «Альфа» арнаулы бөлімі бастығының орынбасары болды. 1992-1997 жылдарда Қазақстан ҰҚК «Арыстан» арнаулы бөлімі бастығының орынбасары; 1997-2003 жылдары Қазақстан ІІМ-нің «Сұңқар» арнаулы жасағы командирінің орынбасары қызметін атқарды. 2003 жылы денсаулығына байланысты зейнетке шықты.

1999 жылы Астана қаласының арнаулы тергеу изоляторында отырған, өлім жазасына кесілген 17 қылмыскер үш түрме бақылаушысын кепілге алып, біреуін сол бойда өлтіріп, мәйітін аулаға тастады. Өздері іштен бекініп ап, түрмені іштен қатаң бақылауға алған оларды қолға түсіріп, кепілдегілерді құтқару аса қиын іс болатын. Оның үстіне дәл сол кезде Астанаға бүкіл ТМД Ішкі істер министрлерінің жиналысы болғалы жатқан. Алайда, Аманғали Баталов бастаған «Сұңқар» арнаулы жасақшылары мемлекет алдында да, «әлдеқалай болады» деп іштей сын көзбен қарап отырған «министр қонақтар» алдында да өз абыройларына қылау түсірмей, бұл сыннан да сүрінбей өтті. 70 секунд ішінде кепілге алынғандар құтқарылып, қатаң жазаға кесілген қылмыскерлердің қолына кісен салынды. Осы бір минуттан сәл ғана артық уақыт ― шулы жарықты гранатаны жарып, терезенің темір торын бұзып ішке кіруге; лаңкестерді тұтқындап, кепілдегілерді босатуға жеткілікті болды.

Алғаш рет 35 жасында «Альфа» сапында жүргенде Петропавл қаласындағы ұйымдасқан қылмыстық топты тұтқындауға қатысып, өз ісін оқ шығындамай тындырған Баталов ― соңынан сондай 300 операцияға қатысып, соның бірде бірінде бетіне бетперде кимеген қайсар жігіт.

 Ол өзге елде де жүзеге асырылған операцияларға арнайы шақырылып, оның озық тәжірибесі мен сергек ақылына жүгінген кездер де аз емес. Соның бірі, Мәскеудің өтінішімен, қару-жарақ саудасымен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топты қолға түсіруге жәрдемдесу болатын. Баталов ол операцияның да ойдағыдай іске асуына мол үлес қосып, абыройға ие болды.

 1997 жылы Ішкі істер министрлігі аса қауіпті қылмыскерлер және ұйымдасқан қылмыстық топтармен күресу үшін «Сұңқар» атты арнайы жасақ әскерін құруды қолға алып, оған басшылық етуге Аманғали Баталовты шақырған болатын. Тәжірибелі командир, білікті басшы «Сұңқар» арнайы жасағын құрып, жаттықтырып қана қоймай шын мәнінде шыңдап шығарды. 

 2000 жылы ол Президенттің жеке күзетіне қайта келді. Ол келгесін Президенттің жеке күзетінде «отқа жанбайтын, суға батпайтын» нағыз шыңдалған жігіттерден арнаулы жасақ құру ісін міндет етіп қойып, оны абыроймен орындады. Сөйтіп, оның басшылығымен «арнайы жасақ ішіндегі арнайы жасақ» өмірге келді. Тәртібі қатаң, сынағы қатал басшының қолынан шыққан бұл жасақ жауынгерлері халықаралық «Телохранитель» сайысында үнемі алдыңғы орыннан көрінумен келеді.

Өмір болған соң күтпеген жерден не түрлі оқиғалар жүз беріп, еркіңнен тыс араласуыңа тура келетін жағдайлардың болатыны бар. Ана бір жылдары «Арыстанның» кейбір адамдары тарапынан өрескел қате кетіп, ол қоғамның талқысына түскен шақта, кезінде жігерлі іс-қимылдарымен жұрт көзіне түсіп, зор құрметке ие болған арнайы жасаққа да әр түрлі, орынды орынсыз сындар айтыла бастағаны бар. Біреулер «Арыстан» жасағына дайындығы нашар адамдар алынып кеткен, кілтипан сонда» десе, екінші біреулер: «ол жасаққа тамыр-таныстықпен өтеді» деп бықсытты. Ал тағы бір желауыздар: «Арыстандағылар» тек жаттығумен уақыт өткізеді, белгілі бір іспен айналыспайды» деп те соқты. Осының бәрі, әрине, «Арыс­тан» жасағының құрылуынан бастап, жоғары деңгейге жетуіне дейінгі аралықта талай тер төккен Аманғали Баталовқа оңай тимесі анық. Бірақ, ол ондай адамдардың «жаптым жаласына» басын ауыртқан жоқ, ретті жерінде дәлелді сөз, орынды уәжімен жұрт көзін шындыққа жеткізіп отырды. 

«…Жақында, – дейді, Баталов, баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде. – Біздің офицеріміздің бірі есірткі өндірушілердің арасына кіріп, табысты жұмыс істеді. Қылмыскерлер оны кепілге ұстады, алайда ол бойындағы жылдар бойы жетілдірген қабілеті арқасында қиын жағдайдан аман құтылып, әскери тапсырманы ойдағыдай орындап шықты.

…Өткенде құрметті бір азамат қоңырау соғып: өзінің бір туысын жұмысқа алуға өтініш жасады. Ал мен ол кісіге «күні ертең мен оның туысына емес, әскери тапсырманың орындалуына жауапты болатынымды» айттым. Себебі, оның маған ысырып салғалы отырған туысына ұзамай көптеген адамдардың өмірі тәуелді болатыны анық. Егер шынымен қабілеті жоғары болса сөзсіз алар едім ғой, олай болмаған жағдайда артық жүктің кімге керегі бар? Ал, әлгі кісінің туысына «өзіңнің түріңді айнадан көрдің бе?» деп сұрадым. Ол өзінің шынында да өсіп-жетілмегенін түсінгендей болды. 

…Біздің басты ерекшелігіміз ― өзгелердің өмірі үшін өз өмірімізді қатерге тігіп, тәуекелге бара білуіміз. Арнайы жасақшылар – ерекше адамдар және олармен қарым-қатынас та ерекше болуы тиіс. Сондықтан, «арыстандықтарды» көп жаттығу жасайды деп кінәлаудың қажеті жоқ. Өте шалт қимылдауды игеріп, қас пен көздің арасында көздеген нәрсеге қол жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Бұл ертең жауынгерге адамдарды құтқару және өзін де аман сақтау үшін ең керек қасиет». 

Бұл сөздерді ол текке айтып отырған жоқ, қаншама жылдық толысқан тәжірибе мен мықты білік иесі жас мемлекетіміздің қауіпсіздік саласының нағыз өз атына сай болуы үшін төгілген өлшеусіз тер мен кешкен бейнеттің қаншалықты биік нәтиже бергенін анық білсе керек. 2007 жылы ТМД елдері бо­йынша арнаулы қызмет сарбаздары арасында өткен жарыста Баталов бастаған Қазақстандық арнаулы қызмет сарбаздары бірінші орынды алуы тегін емес. Оның алғырлығы мен біліктілігіне Ресей қауіпсіздік қызметінің генерал-майоры Геннадий Николаевич Зайцев”Альфа” – моя судьба» атты кітабында өте жақсы баға беріп өтеді. (Бұл кісі – КСРО қауіпсіздік комитетінің «А» («Альфа») тобына 1977-1988 жылдары және оның Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің құрамына өткен 1992-1995 жылдары командир болған. КСРО МҚК-нің 7-басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған, Кеңес Одағының Батыры).

Полковник Аманғали Ғаббасұлы Баталов – Отанға шексіз берілген­діктің үлгісін көрсете алған өнегелі ғұмыр иесі. Ол ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған. ҚР Президенті Күзеті қызметінің құрметті қызметкері, ҚР ҰҚК құрметті қызметкері, Қазақстан Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері. Бұның бәрі Отан алдындағы перзенттік борышын адал атқарған азаматқа деген тәуелсіз мемлекетінің өз дәрежесіндегі сый-құрметі. Демек, шындықпен өрнектелуі тиіс мемлекет тарихының әр беті ерлікке толы оқиғалармен жазыла қоймаса да, сол тарихтың әр бетінен отанға шын берілген жолбарыс жүрек, қыран көз Аманғали Баталовтай айбынды азаматтардың да­уыстары естіліп, бейнелері жарқырап көрініп тұрары хақ.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Серіктес жаңалықтары